Қазақтың «Қара майоры»
12.02.2019 2105
«Қара майордың» батальоны тек жоғары тұрған әскери басшыларды ғана таңғалдырмай, бүкіл алқапқа, аймаққа аты аңыз болып тарады

Қазақ тарихы – әлем өркениеті қалыптасуының, дамуының мың­жылдықтар бойы жалғасып келе жатқан аса күрделі салаларының бірегейі. Ежелгі сақ, ғұн патшалықтары, түркі қаға­наттары, Алтын Орда, Моғолстан, Қазақ хандығы дәуірлеріндегі халықтың елдік мұраттары жолында қаһармандық, азаматтық-қайраткерлік, еңбексүйгіштік қызметтерімен ұлттық және жалпы­адамзатық абырой биіктігіне көтерілген тұлғалар тағылымы ғасырлар бойы жалғасып, қазіргі заманымызға ұласты.

Халық тағдыры сынға түскен қанды майдан шайқастарындағы ерліктерімен дараланған тұлғалардың батырлық-қаһармандық дастан­дардағы көркемдік-эстетикалық тағылымы әлем әдебиетінің жаңа буын қаһарман ұрпақ қалыпта­суының тарихи-танымдық, тәрбиелік негізі. Бұл – соғыс оқиғалары негізінде халық тарихындағы жауынгерлік-қаһар­мандық, қолбасшылық қасиет­терімен ұрпақтардың жадында мәңгі сақталған батырлар есімдерінің көркем шындықпен бейнелену көрсеткіштері.

Бұл орайда, Қазақ хандығы (ХV-ХIX ғасырлар) дәуірінің, одан кейінгі қазақ тарихындағы қолбасшы батырларды және одан кейінгі ұлт-азаттық көтері­лістерінің, Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырларымызды ұрпақ­қа үлгі етіп келеміз.

1979-1989 жылдары Ауғанстанда болған қанды шайқастар кезеңінде «Панджшер патшасы», «Қара майор» атануымен мәлім болған Борис (Бақыт) Керімбаев және ол басқарған «Мұсылман батальоны», «Қапшағай батальоны» атанған арнайы жасақталған әскери отрядтағы ержүрек жауынгерлер есімдерін де қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс.

Ауғанстандағы соғыс кезінде ерен ерлігімен ерекшеленіп, есімі ерекше аталған, қазір отставкадағы полковник Борис Керімбаев Қазақ елі тарихындағы даңқты қаһарман батырлардың бүгінгі ұрпағы десе де болғандай. Ол Ауғанстанда және Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 80-90-жылдары 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақ­станның жауынгерлік-қаһармандық даңқын әлемге танытқан. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдулин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың және т.б. ондаған қаһармандардың есімдерін қайта жаң­ғырта ұрпақ санасын серпілтті.

Ержүрек батылдығымен, өлім қатерінен сескенбей намыс қуатымен шайқасатын, қолбас­шылық-командирлік талантымен, қабі­летімен қарауындағы батальон жауын­герлерінің өздерінен әлденеше есе көп дұшпан әскерлеріне қарсы шайқасуын шеберлікпен ұйымдастыра білген, нәти­жесінде жауды қирата жеңіп, бірнешеуі қаза тапқан, бірақ негізгі жауынгер батальонын аман сақтаған Борис Төкенұлы – нағыз батыр-қолбасшы тұғырында болып танылған тұлға.

Борис Керімбаев 1948 жылдың 12 қаң­тарында қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылындағы мұғалімдер отбасында туған. Батыр қолбасшының ғұмырнамасында – ХХ ғасырдың 70-90-жылдары арасындағы өмір кезең­деріндегі әскери-жауынгерлік қызметтері жүйелене аталады. Әскери қызметі басталуында 1970 жылы Таш­кенттегі В.Ленин атындағы жоғары жалпы жа­уын­герлік командалық училищені бітірген.

Кеңес әскерлерінің мотоат­қыштар взводының, 1973 жылы сол бөлігіндегі барлау ротасының, одан кейін орта­азиялық әскери округтегі барлау рота­сының командирі болғаны жауын­герлерді басқару тәжірибесінің алғашқы негізін салды. Әскери жасақтарды басқару ісіне мамандану жолында өзі қызмет ететін бөлімнің штаб бастығы, мотоатқыштар батальонының командирі (1977 жыл), КСРО-ның Қарулы Күштері 10-бас­қармасы Бас штабының Эфио­пиядағы жаяу әскер бригадасының кеңесшісі (1980 жыл), арнаулы отряд командирі (1981 жыл) болып тағайын­далды.

Арнаулы офицерлік теориялық білімін аталған командирлік-қолбас­шылық тәжірибемен ұштастырған Борис (Бақыт) Төкенұлы Ауғанстандағы қанды шайқастардағы өзі басқарған тарихқа «Қапшағай батальоны», «Мұсылман батальоны» атауларымен танымал болған қанды шайқастар оқиғаларымен айрықша даралана танылды.

Борис Төкенұлы 1980 жылы Қапшағай қаласында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған, 1981 жылдың 29 қазанынан 1983 жылдың 25 желтоқсанына дейін командирі болған осы 177-отряд «Мұ­сылман батальонын» басқарған кездегі қолбасшылық біліктілігімен жауын­герлерінің қаһармандық-жауынгерлік ерлігімен әлемдік соғыстар тарихындағы дара болмыс­тарымен бағаланды.

Ауғанстанның Меймене қаласының Фарьяб өңіріндегі Панджшер шатқалы үшін болған үлкен шайқас кезеңінің тарихи деректі шындығын сол соғыстың бел ортасында болған танымал ақын, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Қазақтың «Қара майоры» атты кітабында баяндаған: «…Кеңес әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Панджшерге шабуылды бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылды. Бұл ба­тальондардың 20-сы кеңестік болса, 16-сы Б.Кармал билейтін ауған өкіметінікі еді. Мұның сыртында шабуылға тек Кеңес тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысты. Бір аптаға созылған қиянкескі шайқаста екі жақ үлкен шығынға ұшырады. Өз шебін жеті күн бойы ұстаған Ахмед шах ақырында Панджшерді тастап шықты.

…Айрықша ерлік көрсетіп, көзге түс­кен, ұрыс қимылдарын жіті меңгерген «Қара майордың» батальонын Пандж­шерді ұстап тұруға қалдырады. …«Қара майордың» батальоны тек жоғары тұрған әскери басшыларды ғана таңғалдырмай, бүкіл алқапқа, аймаққа аты аңыз болып тарады. …Ахмед Шах Масудтың «Қара майордың» басына бір миллион доллар тігетіні де – осы кез. Тікпеске амалы жоқ, «Қара майордың» батальоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан тегеурінді соққы беріп, шығынға ұшыратып, сонан кейін орнын сипатып кетіп отырды. Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иеленіп алып, өліспей-беріспей тістеседі. Ахмед шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзады. Моджахедтерді бас кө­тертпей атқылап, оларды ұдайы шегінуге мәжбүр етумен болды» (Смағұл Б.Қазақ­тың «Қара майоры», Алматы «Атамұра» корпорациясы ЖШС-ның Полиграф-комбинаты, 2014.-160б.; 36-40-бб.).

Борис Төкенұлы өзінің «Қапшағай батальоны» атты құжатты-деректі пове­сінің тарауларында («Ерекше тапсырма», «Отрядтың құрылуы», «Ауғанға жол», «Меймене», «Дарзоб», «Панджшер», «Жауынгер достар», «Соңғы шайқастар») Ауғанстандағы соғыс кезіндегі аса күрделі шай­қастардағы жеңісті, жемісті қызмет оқиғаларын баяндаған.

Қазақ халқының көпғасырлық та­рихындағы туған жерінің, атамекенінің, байтақ Отанының және жер бетіндегі жалпыадамзаттың баянды бейбітшілігі, амандығы үшін жан алып жан беріскен қанды майдан шайқастарда танылған батыр тұлғалары мәңгілік ұлықталып келеді. Соғыс психологиясы – жауынгерлер мен оларды басқаратын майдан қолбас­шыларының, бөлімше, взвод, рота, батальон, полк, дивизия командирлерінің ержүректігі мен стратегиялық-такти­калық іс-әрекеттері тоғысуындағы күрделі болмыс. Бір-біріне қарама-қарсы шеп құрып, екі жақтың да жеңіске жетуіне қолдау жасайтын авиациялық бом­балауларының, артиллериялық атқы­лауларының, танктер шабуылдарының ортасында жүрген жаяу әскерлердің өлімді емес, өмірді ғана ойлап арпалысқан шайқастары – соғыстар кезіндегі траге­диялық болмыстың ақиқаты.

Әрине, теңіздердегі кемелерге мінген матрос­тармен қолбасшы қомандирлер (майдан адмиралдары, кеме капитандары, т.б.) де құрғақтағы шайқастарымен үндес күрделі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Ауған­стандағы соғыс шайқастарындағы Борис (Бақыт) Төкенұлы басқарған «Қапшағай батальонының» және басқа да әскери бөлімдердің соғысу әрекеттері адамзат тарихындағы бұрын-соңғы соғыс шай­қастары­нан мүлдем өзгеше болды.

Ауған­стандағы соғыс кезеңінде екі жақтың шеп құрған майдан атыра­бында көбінесе екі жақ та бірін-бірі бетпе-бет көре алмайтын. Үлкен таулардың биік жоталарына, қой­науларына, қалтарысты шатқалдарына, құмды төбелердің сайларына, жыра­ларына бекінген шайқаушы жақтар жасырына аңдысқан жағдайда соғысты. Кеңес әскерлері жерге, құдықтарға, бақша­ларға, жүзімдіктерге көмілген миналардың, бомбалары бар кездейсоқ заттардың (магнитофон, сіріңке қорабы, сағыз резинасы, т.б.), белгісіз жақтан келіп түсетін снарядтардың жарылула­рынан, кеңес әскерінше киініп алып араларына қосылған дұшпандардың ша­буылдарынан, т.б. тұтқиыл жағдайлардағы саналуан әдіс-тәсілді шайқастарда жеңіске жету қиындығын бастан кешірді.

Осы арада, Ауғанстандағы соғыста «Панджшер арыстаны» атанған Ахмед Шах Масудтың бір айдан кейін бұл өңірден бүкіл кеңес әскерін жоқ қыла­тынын Құран ұстап ант беруінен кейінгі қанды шайқас кезіндегі соғыс психоло­гиясы туралы Борис (Бақыт) Төкенұлы­ның «Қапшағай батальоны» кітабында барынша тәптіштеп баяндалған.

Майдан далаларындағы шайқастарда өзінің жеке ұйымдастырушылық бас­шылық-командирлік талантымен жауын­герлерін аман сақтай отырып, жеңістерге жету мұратын жүзеге асырған «Қара Майор» Борис Төкенұлы – әлем өрке­ниеті кеңістігіндегі атақты командирлер дәстүрімен үндес көрнекті әскери қол­басшы. Өзінің батальонындағы офи­церлердің, қатардағы жауынгерлердің Ауғанстанның географиялық ортасының күрделі жағдайындағы жеңісті ұрыс қимылдарын шебер ұйымдастырды. Ең бастысы, соғыс шайқастарының жеңісті нәтижелерін жүзеге асырудағы әскери стратегиялық-тактикалық заңдылық­тарды ұрыс сәттеріндегі тосын жағдай­лармен үйлестіре білу арқылы жауын­герлерінің аман-сау сапта болуын қам­тамасыз ете білді. Әрине, қапы кеткен сәттердегі жекелеген жауынгерлерінің қаза тапқандығы – оны үнемі күйзеліс құрсауына түсіретін, бірақ қайта серпіле ширығып, басқаларының қаза болмауын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұм­сады.

Осы орайда қазақ өркениетіндегі ұлттық және жалпыәлемдік дәстүрлер тоғысындағы әскери ғылымның негізін салушы, батыр-қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» атты іргелі еңбегіндегі тұжырымы да Борис (Бақыт) Төкенұлының коман­дирлік-қолбасшылық қызметін дәйектей түсетіні анық. Демек, Ауған­стандағы соғыс шайқастарында командирлік-қолбасшылық жемісті қызметі арқылы Борис Төкенұлы көпғасырлық қазақ өркениеті тарихындағы әскери коман­дирлік-қолбасшылық қызмет дәстүрінің үздіксіз жалғасып келе жатқан айбынды ұлағатын дәлелдеді.

Әлем өркениетінің ежелгі дәуірлеріндегі түркі батыр-қағандары Күлтегін, Тоныкөк, Білгенің, Ғұн империясы батыр-патшасы Аттиланың, Алтын Орда би-батырлары Орақ, Мамай, Едігенің, Қазақ хандығы батыр-хандарының, қолбасшы батырларының ерлік дәстүрі осындай тұлғалы батырларымызбен кейінгі толқын ұрпақтарға жалғасты. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы – ата-бабаларымыздың бұған дейінгі мыңжылдықтар ғасырларында қалып­тасқан құндылық дәстүрле­рінің жаңғыра жалғасу жолы.

Сондықтан ХХ ғасырдың 80-жылдары Ауғанстандағы қанды майдан шайқастардағы дарынды қолбас­шы-командир, батыр-жауынгер тұғырында танылған Борис Керімбаев қазіргі кезде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамасы қоғамға серпін беріп келе жатқан тұста, «Халық Қаһарманы» атағымен марапат­талса Тәуелсіз Қазақ елі ұрпақтарының азаматтық-отаншылдық рух ықпалымен тәрбиеленуіне әсер ететінін де толық сезінеміз. Ұлы дала елі ұрпақта­рының Мәңгілік ел дамуы бағдарындағы жаңа тарихында батыр ардагерлер ұлағаты ұлықтала бергей!

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

https://aikyn.kz