Кейкі батыр: тағдыры, тарихы, тағылымы
30.01.2017 2079
National Digital History порталы ел тарихында маңызды оқиға – атақты батыр, қолбасшы, мерген Кейкі батырдың бассүйегінің қайтарылуына орай «Кейкі батыр: тағдыры, тарихы, тағылымы» жаңа жобасын ұсынады

«Керемет Кейкі деген батыр өткен,

Қазақтың ондай жан жоқ баласында»

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген.

Кейкі батыр Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Ол Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Құлан Қыпшақтан → Қырымқожа → Бұғыс, Пышығай, Пұсырманқұл, Құдайқұл туады. Кейкі Бұғыстан тарайды: Бұғыстан → Сарыстық → Есберлі →  Көбей → Көшкінші → Алшынбай → Жиембет → Медет → Төреш → Торайғыр → Көкінбай → Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі (Нұрмағанбет), Шұбар (Нұрмұхамбет) бесеуі туады. Кейкінің ұлы аталары Төрештің Торайғыры мен Жәукенің Сәбденбегі – Кенесары көтерілісіне қатысқан жаужүрек батырлар. Бұдан батырлық ата тегінен бері үзілмей келе жатқаны, арғы тамырынан бері ерлік пен өрлік үзілмеген текті әулеттен шыққаны аңдалады.

Кейкінің азан шақырылып қойған шын есімі – Нұрмағамбет. Оның Кейкі атануының сыры – жасынан аң-құс аулап, кісіге онша жоламай, біртүрлі кейкиіп жапан далада жалғыз жүргендігінен.

Кейкі балуан денелі, түсі суық, ашуланғанда екі көзі от болып жанып кететін, бірбеткей, қайсар, Арқа, Торғай даласын жатқа білген, күн райын алдын ала дәл болжаған адам болған деп сипаттайды көзін көрген қариялар. Сонымен қатар қолына Құран ұстап, намаз оқыған, ғайбат сөз айтпаған, теріс қылық жасамаған, әдептілігімен ауылдастарының ерекше сый-құрметіне бөленген. Ел тарихында Кейкінің құралайды көзге атқан деп сипаттайтын ғажайып қолмергендігі ақиқаттан шығып, аңызға айналып кетті. Оның қамшыгерлікпен де аты шыққан. Қашқанда да, қуғанда да қамшыдан адам құтқармаған. Дала ойындарында не түрлі сайыстарға қатысып, қыр елін қызықтарымен қуантып, таң-тамаша қалдырған өнерпаз. Кейкі батыр көне замандардан мұра болып келе жатқан қазақтың халық термесі мен халық жыр-дастандарын беріле тыңдаған, өзі де домбыра тарту өнерінен құр алақан қалмаған. Ел арасында «Кейкінің салауаты» деген жыр да сақталған.

Кейкі жас шағында Жыланшық болысының алпауыты Рахмет Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Өз төңірегінде оның жылқышы аты да дүркіреп тұрыпты. Ол кезде қазақтың басты байлығы – жылқысымен өлшенетін. Ал Рахметтің жер қайысқан көп жылқысы болған. Осыншама  қылқұйрықтыны ит-құсқа жем қылмай, бағып-қағу үшін бақ-дәулет иесіне қырдың айла-амалдарына жетік, барымташылық өнеріне жақсы білетін әрі жүректі жігіт қажет болған. Кейкі жас кезінде Рахметтің жылқысын бағып, талай рет түн жорытып келген барымташылармен  де белдесті, талай рет қарымта қайтаруға да қатысып шыңдалып өсті.

«Күн туса ел басына екіталай,

Кейкі мен Аманкелді – сүйенері»

Халық арасында «Аманкелді көз мерген, Кейкі қол мерген еді» деген сөз айтылады. Мұның сыры – Аманкелді сардар қай нысананы да көздеп атқан және көздегенін ешқашан мүлт жібермеген болса, Кейкі кез-келген нысананы атпен шауып та жаяу жүгіріп келе жатып та шапшаң атып түсіре беретін нағыз мергеннің өзі болған. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалық, қандай қимыл үстінде де екі қолы мылтықты нысанаға дәл ұсынатын.

Кейкі – Аманкелдімен бірге өсіп, біте қайнасып, жан серігіне айналған жан. Оның ел арасына тарап кеткен «Амангелді қай жақ болса, сол жақтамын» деген сөзі оның сертке адал, уәдеге берік адам екенін және бас сардармен айнымас достығын айғақтаса керек. Тұрмыс мехнатын ерте тартқан екі батыр да әділдік жолында күресуді бала жастан мақсат тұтқан. Кейін 1916 жылы Торғайда ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда Кейкі Аманкелдіні іздеп барып, Әбдіғапар ханның әскерінде мергендер тобын басқарған.

Кейкі батыр ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Торғай қаласына шабуыл, Құмкешу, Күйік, Батпаққара, Доғал соғыстарының бәріне де қатысқан. Академик Манаш Қозыбаев өзінің «Жауға шаптым ту байлап» атты кітабында: «Ақпанның 13-і күні  (1917 жылғы) Шолақсай  керуен жолын торыған Аманкелді, Өмен, Кейкі бастаған 2000 сарбаз Шошқалы қопада подполковник Кисловтың отрядын оқпен қарсы алды,  шабуылға шығып айқас салды. Дер кезінде  шегініп, әскердің ертеңгі жолын  болжап, түнделетіп төте жолмен Күйік қопасына  жеткен сарбаздар Тышқан тамының маңайында қаңтардың 14-і күні Кислов отрядын қайтадан қарсы алды. Еркіндікті аңсаған ерлердің беті қайтпай, қарулы қолға қайтадан шығуы таңғажайып емес пе? Күйік қопадағы бұл айқаста атақты Құлан қыпшақ Кейкі батыр ерен ерлік көрсетті. Жау тобына қырғидай тиіп, жазалаушылардың талайын жайратты», – деп жазады.

«Күрессіз өткізбеген бір күн текке,

Ұшырған кәпірлердің күлін көкке»

Әбдіғаппар мен Аманкелді қыс бойы сарбаздарын соғысқа дайындады: қатал әскер тәртібін енгізді, соғыс тәсілдерін үйретті. Әбдіғаппардың қарамағындағы сарбаздардың саны күннен-күнге өсті: алғашқыда небәрі 6000-дай сарбаз жиналды. Бұларға Аққұм болысынан Карбоз бастаған 1500 сарбаз келіп қосылуы керек. Оспан ханның 3000 сарбазын қоссақ, жалпы сарбаздар саны 10 мыңдай еді.

Сарбаздарды топтастыруда мылтықтары бар 200 сарбаздан 5 ерекше мергендер тобы құрылды (әрқайсысында 40 мергеннен болды), соның екі тобы винтовкамен қаруланған еді. Мыңбасылары жорыққа шыққанда жанында 40 мерген ертіп жүретін. Мергендерді соғыс ісіне Кейкі, Жағыпар жаттықтырды. Кейкі бұл кезде бүкіл Торғай еліне аты шыққан мерген, халық оны «қол мерген»деп атайтын. Денесінің шағын болғанына қарамастан, өзі де қарулы болған, мінезі шатақтау, аяушылықты білмеген.

1917 жыл, қаңтардың 5-і. А.Г. Сандецкийдің бас штабқа берген хабарында көтерілісшілердің алдағы жоспары мен олардың іс-әрекеттеріне деген сүйсіну басым:

«...Торғай маңында үлкен екі қарақшылар тобы бар: біріншісі... (бұл кезде тарап кеткен), екіншісі қаланың солтүстігінен 150 шақырымда Қараторғай болысында, Әбдіғаппар Жанбо­сынов хандыкі... Жанбосынов ханның көтерілісшілерінің бір тобы Шолақсай керуен жолын торуда, мақсаттары – керуендерді ба­сып алу.

Күздегі келісім бойынша, Қостанай жағынан келетін әскер жолы торуылданды. 16-ның соңы мен 17-нің басы өте суық болды. Қақаған аязда ауылдан 150 шақырым жортуылдап, боранды далаға патша әскерлерімен шайқасу жолын бөгеу ерлік емес пе!..»

Кейкі басқарған көтерілісшілердің бір тобы бас штабтың ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Амангелді мен Кейкі аз ғана (100-ге жуық) мергенімен қаңтардың 13-і күні Шолақсайға жетіп, онда Садуақас пен Досан жинаған Наурызымның 1500 жігітін қосып алып, Қостанай әскеріне қарсы шыққан.

Амангелді мен Өмен мергендер тобын үшке бөліп, осы тұстан өтеді-ау деген болжаммен қалың тоғайдың шетінде орналастырған: бір тобын Кейкі, екіншісін Өменнің өзі, үшіншісін Жағыпар басқаратын болды. Бәрі Кейкінің бастауын күтеді. Мылтықтың тең жартысы ғана винтовка. Орыс әскерлеріне күш көрсететін осылар болған.

1917 жылдың 16 ақпанында Торғай көтерілісшілерінің тобын жою үшін полковник Тургеневтің Орынборлық 13 атты казак полкі Батпаққараға бет түзеді. Жазалаушылардың қалың қолына көтерісшілер 20 ақпанда Құмкешуде, 23 ақпанда Доғал-Үрпек бойында шабуыл жасап, патша әскерін едәуір шығынға ұшыратты. Осы шайқаста Кейкі батырдың тапқырлығы, соғысу тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермей, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты.

(Жалғасы бар...)

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды әзірлеу барысында Әубәкір Қылышбайұлының, Серік Тұрғынбектің өлең-жырлары, тарихшы-зерттеушілер Марат Мырзағалидың, Мақсұтбек Сүлейменнің, Думан Рамазанның, Өмірбай Бекмағамбетов, Шөптібай Байбілдиннің зерттеу еңбектері пайдаланылды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)