Қолдау көрсеткен билік әлі күнге дейін өзінің дұшпаны санайтын «Азат» қозғалысының мүшелері ғана болды
Құпиясы терең жатпаса да, куәгерлері тірі жүрсе де осы күнге дейін сыры ашылмай келе жатқан бір оқиға бар. Ол – бұдан 23 жыл бұрын болған «Тамыз бүлігі» кезіндегі Назарбаев билігінің төңірегіндегі жайттар, олардың сол кездегі мінез, тәртіптері.
Жыл сайын «Тамыз бүлігі» күндері билік басылымдары осы оқиға жайлы аузын ашпайды, үндемейді. Не себеп? Не сыр бар? Біле білсе, тәуелсіздіктің туының желбіреуін жақындатқан осы оқиға емес пе? Қазіргі билікте отрығандар мен байлыққа ие болғандардың, басқарушылардың бүгінгі жарқын күнге жетуін жақындатқан «Тамыз бүлігі» емес пе?
Сол күндері Президент Назарбаев қандай күй кешті? Оның жанында кімдер болды, оны кімдер қолдады? Компартияның сенімді өкілдері – 19 облыс пен Алматы қаласының бірінші хатшылары бүлік кезінде өздерін қалай көрсетті? Назарбаевпен бірге болды ма, әлде Мәскеуден нұсқау алып отырды ма? Әлі күнге дейін бұл жөнінде Назарбаев еш жерде ашып айтқан емес. Бұл сұрақтардың жауабы үлкен құпия емес. Оның айтылмау себебі – бұл құпияларды ашу бүгінгі биліктегілер үшін тиімді емес, бүлікті қолдағандар көп ұзамай Қазақстанның тәуелсіздігі үшін «күрескендер» болып өзгеріп шыға келді. Қазір олар «елге еңбегі сіңген ардагерлер», «мемлекет қайраткерлері».
Біздің білетініміз – облыстың бірінші хатшылары түгелдей «Бүлік комитетін» қолдады, қолдап Мәскеуге жеделхаттар жіберді. Назарбаевқа келетін болсақ, «әліптің артын бағып», қай жағы жеңеді, сол жағына ауатын бағытты ұстады. Кравчук, Ақаев сияқты бірінші күннен бүлікке қарсы екенін білдіре алмады.
Ал Қазақстанның коммунистері ше? Олар өз жетекшісі Назарбаевтың қасынан табыла алды ма? Биліктің өзі туғызған «Единство», «Лад» сияқтылары ше? Ешқайсысы Назарбаевқа қолдау көрсете алмады, теріс айналып кетті деуге болады. Қолдау көрсеткен билік әлі күнге дейін өзінің дұшпаны санайтын «Азат» қозғалысының мүшелері ғана болды. Бұл жөнінде Батырхан Дәрімбет өзінің «Азат» қозғалысы» кітабында былай дейді:
«...Біз Мәскеуде басталған бүлікті сол күні таңертең шетел радиоларынан білдік. «Азаттың» Үйлестіру Кеңесі шұғыл түрде сағат 11-00-ге шақырылды. Осы шағын кеңесте М. Есенәлиевке Президентпен кездесіп, болып жатқан уақиғалар туралы ақылдасу тапсырылды. Егер қажет болса, «Азат» мүшелері Президентті қорғауға дайын екенін білдіріңіз дедік. Михаил Иванович сол күні түстен кейін Президентпен кездесіп, біздің сәлемімізді жеткізді. Алматы қалалық, басқа облыстық бөлімшелерге шұғыл хабар берілді. Егемендікті қорғау үшін «Азат» мүшелері барлық жерде сақадай-сай тұруға тиіс болды.
«Азат» газетінің редакциясы бұл кезде газеттің шұғыл нөмірін шығарып жатқан болатынбыз. Мәскеуде, Ресейдің басқа да жерлерінде болып жатқан оқиғаларды біз «Азаттық» радиосынан тікелей тыңдап отырдық. 19-20 тамыз күдері газетті дайындап, бастырып, жарыққа шығардық. «Бүлікшілер» деген айдармен шыққан бұл газет 20 тамыз күні кешкі сағат 8-де түгелдей дайын болды. 21 күні таңертең саудаға түсті. Орынбасарым Жұмаш Кенебай екеуміз бір тәулік бойы баспаханадан шыққан жоқпыз.
...Осы бүлік алдында 14 тамыздан бастап бір топ «Азат» мүшесі (Жасарал Қуанышәлі, Орал Сәулебай, Қазыбек Омаров, Серік Есімбеков) дайындалып жатқан Одақтық шартқа Қазақстанның қол қоймауын талап етіп аштық жариялады».
20 тамыз күні «Азаттың» Үйлестіру Кеңесі «Азат» қозғалысының елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты мәлімдеме жариялап, онда «...ат төбеліндей шағын ғана топ шын мәнінде әскери төңкеріс жасады», «...Азат» қозғалысы Қазақстан заңдарына сүйене отырып жұмыс істейтінін, ел басына төтеннен төніп отырған ауыр жағдайда барша прогресшіл күштердің республика Президенті ұстанған бағытты қолдайтынын атап көрсетеді» деп мәлімдеді.
«Бірақ осы екі күнде кімнің кім екені белгілі болды» деп жазды Б. Дәрімбет жоғарыда аталған кітабында. — Президент бірінші күні бүлікшілерді қолдағандай болды, екінші күні аздап олардан бой тартқандай кейіп танытса, үшінші күні ғана бүлікшілерден бойын аулақ салды. Республикалық газеттер бүлікшілердің жарлықтарын басып, қазақ телевизиясы олардың өзін сөйлетіп таза масқара болды» (26-27 бет). «Оңтүстік Қазақстан облысының 1 хатшысы С. Терещенко М. Горбачевтің портретін далаға лақтырды, В. Храпунов ТЖМК-і қолдап сөз сөйледі».
Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысының мүшелері 20 тамыз күні облыс халқына мынадай қазақ-орыс тілдерінде үнпарақтар таратты:
Қызылордалықтар мен барлық облыс халқына
«Азат» азаматтық қозғалысының облыстық бөлімшесі, еліміз үшін осы бір тағдырлы кезеңде азаматтарды заңды сайланған халық өкіметі институттарын қолдап, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың төңірегіне топтасуға, республиканың Конституциясы мен мемлекеттің егемендігі туралы Декларациясына адалдық жасауға шақырады.
Еліміздің көптеген аймақтарында жаңа орталық өкіметке азаматтық бағынбаушылық басталып кетті. Біз оларды қолдаймыз, себебі заңды түрде сайланған ССРО Президенті өз қызметін орындауға қайтып келуі тиіс. Қандай да бір болмасын, кімнен болмасын Конституцияға қарсы қимылдар демократияның іргетасын шайқалтуға, адамның жеке хұқына нұқсан келтіруге, болжауға болмайтын жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Дәл қазіргі сөтте, диктатура мен реакцияның шабуыл қатері, демократиялық процестердің тұқыртылып, ұлттық сана-сезімнің жаңа балауса жапырақтары тұншықтырылу қаупі басталды. Сондықтан да, біз шұғыл түрде ССРО халық депутаттарының кезектен тыс съезін, Қазақстан парламентінің төтенше сессиясын шақырып 19 тамызда болған оқиғаға әділ баға берілуін талап етеміз.
Диктатураға жол жоқ!
Заңды сайланған үкіметті қолдаймыз!
Қызылорда облыстық «Азат» қозғалысы
ОБРАЩЕНИЕ
ко всем кзылординцам и жителям области
Кзыл-Ординское областное отделение ГДК «Азат» в этот переломный для страны момент призывает сограждан поддержать законно избранные институты народовластия, сплотиться вокруг президента Казахстана Н. А. Назарбаева, сохранять верность онституции республики и Декларации о государственном суверенитете Казахской ССР.
В ряде регионов страны начались акты гражданского неповиновения новой центральной власти. Мы выражаем поддержку их участникам. Законно избранный Президент СССР должен вернуться к исполнению своих обязанностей. Всякие антиконституционные действия, от кого бы они не исходили, ведут к подрыву демократии, ущемлению прав личности, чреваты непредсказуемыми последствиями.
В эти минуты, когда нависла угроза наступления диктатуры и реакции, свертывания демократических процессов, заглушения ростков национального самосознания, мы требуем незамедлительного созыва внеочередного Съезда народных депутатов СССР, чрезвычайной сессии парламента Казахстана, с тем, чтобы они дали правовую оценку событий 19 августа.
Нет – диктатуре!
ДА – законно избранной власти!
Кзыл-Ординское областное отделение ГДК «Азат»
Бұл үнпарақтарды және «Азаттың» 9 папкадан тұратын іс-қағаздарын 1995 жылы облыстық мұрағат мекемесі мен мұражайына тапсырдым.
«Тамыз бүлігінің» сабақтарын ұмытқандар, оны ұмыттырғысы келетіндер елді басқарып отыр. Қасындағы көрші елдерде бүлік ұйымдастырғыш мемлекет қайтадан сол әдетіне бастады. Соны біліп отырсақ та, сол көршімен одақ болып отырмыз.
Сағат Жүсіп, саясаткер