«Астана» галереясында графика және мүсін залының тұсаукесері өтеді
27.01.2015 3383
28 қаңтарда «Астана» ұлттық сурет галереясында графика және мүсін залының тұсаукесері өтеді

Елорда тұрғындары мен қонақтары, өнер сүйер қауым ертең «Астана» ұлттық сурет галереясындағы бейнелеу өнерінің қайталанбас туындыларын көре алады. Графика және мүсін залының тұсаукесерінің басында ҚР еңбегі сіңген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік ететін «Астана-опера» театрының өнерпаздары музыкалық перфомансты тарту етеді. Өткен жылдың соңында галереяның «Кескіндеме» залының таныстыру рәсімі өткен болатын. Осы залда алғашқы кәсіби суретшілердің туындылары жинақталған. Сурет галереясының қойылымы шиыршық (спираль) түрінде орналасады. Осындай экспозиция ұрпақтан-ұрпаққа берілетін діл тәжірибесін көрсетеді. Осы дәстүрді жалғастырып, «Астана» галереясының экспозициясы кескіндеме залынан басталып, графика және мүсін өнері залына алып келеді.

Жаңа залдың экспозициясына Қазақстан кәсіби графиктерінің басылған дүниелері мен шеберлер қолынан шыққан түпнұсқадағы туындылар, республика мүсіншілерінің туындылары да қойылған. Қазақстанның өнер қайраткері Ходжиков Құлахметтің графикалық парақтары суреттер айқындылығымен көзге түседі. Евгений Сидоркиннің линогравюра, литография, офорттары экспозиция арасында және қазақ халқының өнерінде-де басты орнын алып жатыр. Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері — Мақұм Қисамединов, Исатай Исабаев, Хасен Абаев, Валентина Антощенко-Оленева, Михаил Антонюк, Константин Баранов, Николай Гаев, Николай Аштем, Шоқан Төлеш біртуар белгілі тұлғалардың еңбектері ұсынылады.

Олардың барлығы атақты суретшілер-иллюстраторлар, ал шығармалары мәңгілік атаққа ие болды. Қазақстан кітаби графиктердің есімдері халық есінде мәңгі болып қалады. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары өнерден «ұлттық пішін, партиялық мазмұнды» талап етті. Қазақстандық жас сурешілер бейнелеу өнері Кеңес Одағының идеологиясына сай келіп, әлемдік мәдениетпен-де үйлесімді дамуын қалады.

Мүсіндік туындылар қатарында алғашқы қазақстандық кәсіби мүсіншілер Х.Наурызбаев, А.Билык, Г. Гуммель, Е.Сергебаев, Е.Мергенов сынды атақты шеберлердің еңбектері ұсынылады. Жалпы бейнелеу өнері тарихына сәйкес экспозиция соцреализм, ҰОС жылдары, тың игеру сынды тақырыптарды қамтиды.

Тұсаукесер рәсімінің қонақтары: мемлекеттік органдар, бизнес-құрылымдар, дипломатиялық корпустың өкілдері, қоғам және мәдениет қайрткерлері, өнер және білім салаларындағы сарапшылар, республикандық БАҚ өкілдері, галерея серіктестері болмақ.