Шоқанды қайта еске ала отырып...
Шоқан Уәлиханов шын мәнінде, өзін көзі тірісінде-ақ өзгелерге ғұлама ғалым, талантты публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ ретінде мойындатып кеткен ұлы тұлға
Ол басқасын былай қойып, бір ғана Қашғарияға барған сапарынан жазған аса құнды ғылыми еңбектерімен бүкіл Ресей, одан қала берді Еуропаның зиялы қауымын таңқалдырып тамсандырды. Қазақтың дарынды жас ғалымы Шоқанмен кезінде атақты орыс революционер-демократтары мен ақын-жазушылары С.Ф. Дуров, Ф.М. Достоевский, А.Н. Майков, Я.П. Полонский, шығыстанушы ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Н. Потанин, А.Н. Бекетов, Е.П. Ковалевский, А.А.Татаринов, тағы басқа пікірлес, дос болуы, тіпті керек десеңіз оларға тигізген ықпалы соның айқын дәлелі. Академик Н.И. Веселовскийдің 1904 жылы Императорлық Орыс Географиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына алғысөзінде жазғанындай, ол небәрі отыз жылдай өмір сүргенімен, шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, мәңгілік өшпес із тастап кетті.
Жалпы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі жайында оның патшалық Ресей тұсындағы замандас достары, атап айтқанда, орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Достоевский және көрнекті шығыстанушы ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Н. Потанин, Н. Ядринцев, И. Березин, Г. Грумм-Гржимайло тағы басқалар өз хаттары мен естеліктерінде аз деректер жазып қалдырмағаны белгілі. Сондай-ақ кешегі кеңестік кезеңде де әйгілі ғалымның ғылыми мұрасын зерттеуде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан тәрізді ұлтымыздың біртуар тұлғалары да өлшеусіз еңбек сіңірді. Ал енді қазіргідей тәуелсіздікке қол жеткен уақытта Шоқантану саласы толысып дамыды дегенмен, ғұлама ғалымның сан қырлы таланты толықтай ашылды дегенді айта алмайсың. Мұның өзі Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметіне қатысты «ақтаңдақтардың» әлі де барын меңзейді.
Шоқан туралы әңгіме қозғала қалған кезде, әдетте оның Ф.М. Достоевскиймен арадағы үлкен достығы алдымен ауызға ілінері сөзсіз. Мұны айғақтайтын дереккөздердің бірі – барон А.Е. Врангельдің «1854-56 жж. Сібірдегі Ф.М. Достоевский туралы естеліктер» Воспоминания о Ф.М. Достоевском в Сибири в 1854-56 гг.» атты еңбегі. Бұл жылдары ол Семей облысы прокурорлық қызметін атқарған, Ф.М. Достоевскиймен өте жақсы дос болған. Аталмыш еңбегінде барон А.Е. Врангель: «Соңғы кезде бізге келіп-кетіп жүрген аз ғана адамдардың ішінен Ф. М. Достоевскиймен көрісу үшін өте сүйкімді жас қырғыз офицері, Омбы кадет корпусында тәрбиеленген Мұхаммед Ханафия Уәлихановтың жолай соғып кеткені есімде... Ол Ф. М. Достоевскиймен Омбыда, Ивановтардың үйінде танысып, оны өте жақсы көрді.
Ол өкіметтің құпия тапсырмасымен сауда керуеніне ілесіп, Ташкент пен Қоқанға бара жатты... Уәлиханов тәрбиелі, ақылды және оқыған адам ретінде көрінді. Маған ол қатты ұнады және Достоевский де оны көргеніне қуанышты еді. Кейін мен оны Петербургте және Парижде кездестірдім...», – деп жазады. Бұл арада айтпағымыз, оның осы алғашқы кездесуден кейін Шоқанды Петербург пен Парижде жолықтырдым деуіне байланысты болып отыр. Егерде барон Врангель Шоқанды алғаш 1855 жылы Батыс Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордпен бірге және оның арнайы тапсырмасымен жеке барған Жетісу, Қоқан сапарларының бірінде көрген болса, ал енді соңғы екі кездесуі әзірге «жұмбақ» қалып отыр. Сол себепті, оның сырын төмендегідей деректермен ашып көрейік. Жалпы өмірде бәрі де болуы мүмкін ғой. Олай болса, мұндай «мүмкін оқиғаны» біз де жоққа шығармайық. Сонымен, барон Врангельдің Шоқанмен екінші рет жүздесуі, шамамен алғанда 1859 жылдың күзінде болса керек. Себебі, Ф.М. Достоевский 1859 жылдың 31 қазанында Тверьден А.Е. Врангельге жазған хатының соңында: «...Уәлиханов өте сүйкімді, өте тамаша адам. Шамасы, қазір ол Петерборда болса керек? Мен сізге ол туралы жаздым ғой деймін? Ол - Географиялық қоғамның мүшесі. Уақытыңыз болса, Уәлиханов жайлы сұрастырып, біліңіз. Мен оны өте жақсы көремін және оның хал-жайын білуге өте құштармын», – дейді.
Демек, барон А.Е. Врангельдің екінші рет Шоқанмен Петербургте кездесуі тікелей Достоевскийдің өтінішімен байланысты болуы әбден мүмкін. 1860 жылдан бастап Врангель мен Достоевскийдің арасында төрт жылдай байланыс болмаған, яғни бір-біріне деген достық сағыныш хаттары жазылмаған. Сірә, арадағы бұл ұзақ үзіліс Врангельдің еуропа елдеріндегі дипломатиялық қызметіне қатысты болса керек. Ол туралы төменде тоқталатын боламыз.
1859-1861 жылдар Шоқан Уәлихановтың ғылымдағы ең табысты жылдары болып саналады. Ол уақытта Шоқан Петрбургтегі Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаментінде қызмет етеді. Қашғария сапарынан жинап қайтқан ғылыми есеп берулері, материалдары оның мәртебесін биікке көтерді. Императорлық Географиялық Орыс қоғамының толық мүшесі ретінде ғылыми құнды баяндамалар жасады.
Соның нәтижесінде кейін «О состоянии Алтышара, или шести восточных городов Китайской провинции Нан Лу (Малой Бухарии) (1858-1859)», «Очерков о Джунгарии» тәрізді материалдары жарық көрді. Орыс армиясы Бас штабының тапсырысы бойынша Орта Азия мен Шығыс Түркістан карталарын дайындады. Өз кезегінде жиырма екі жасар Шоқанның ажалға басын тіге жүріп, Қашғарда қаза болған неміс ғалымы Адольф Шлагинтвейттің «құпия өлімі» туралы әкелген мәліметтері өркениетті Европа елдерін еріксіз тәнті етті. Жалпы ғалымның ғылыми маңызы зор бұл еңбектері 1862 жылы Берлинде неміс, 1865 жылы Лондонда ағылшын, ал 1878-79 жылдары француз тілдерінде (Земля и люди. Всеобщая география. Книга чтвертая. Том 6 и 7) басылып шығарылды. Бұл уақытта Ф.М. Достоевский де Петербургке отбасымен көшіп келіп, жас досы Шоқанның ғылымдағы табыстарын бірге бөліскен болатын.
Бүгінде шоқантанушылар ғұлама ғалымның Парижде болуы туралы «Шоқан Уәлиханов өз материалдарын француз Географиялық қоғамы басылымында жариялау мақсатында қысқа мерзімге барып қайтуы мүмкін» және «Шоқан Уәлиханов патшалық Ресейдегі самодержавиелік билікке қарсы оппозициялық «Колокол» және «Полярная звезда» газеттерін басып шығарушы Герценмен немесе Огаревпен кездесуге баруы мүмкін» деген екі түрлі пікір білдіреді. Мысалы, ғұлама ғалым өмірін зерттеуші көкшетаулық профессор Қадыржан Әбуев «Неизведанный мир Чокана» атты мақаласында Шоқанның Парижге баруымен байланысты 1861 жылдан «Колокол» газетінде патшалық Ресейдің отарлық езгісіндегі қазақтар туралы материалдар жариялана бастағанын тілге тиек етеді.
Демек, ғұлама ғалым Шоқанның өміріндегі осындай елеулі оқиғаларға байланысты 1860-64 жылдары аралығында барон А.Е. Врангель оны үшінші рет Францияда көруі әбден мүмкін. Бұл жылдары, ол шетелдерде, алдымен Молдавия мен Валахияда (1862-1863), одан кейін Данияда (1863-1866), Данцигте (1879-1897), Саксония мен Брауншвейгте (1897-1898) әртүрлі дәрежедегі дипломатиялық қызметтер атқарған болатын. Айтпақшы, А.Е. Врангель өзінің досы Ф.М. Достоевскийге 1864 жылдың 10 (22) қарашасында Данияның астанасы Копенгагеннен жазған хатында: «Менің мейірімді досым Федор Михайлович, сіз менен төрт жылға созылған үзілістен кейін осы хатты алып отырғаныңызға таңданған боларсыз. Біздің бұрынғы жақын достығымызды жиі еске алатынмын, жиі сізге жазуға талпынатынмын, бірақ мұны кейінге қалдырып отырдым және ұят болғаны соншалықты, үш жыл өтіп кетіпті! Түркиядан (қызмет еткен жерімнен) Берлинге дейін ұмытылмас досымды бір құшақтайын деген үмітпен үш рет сапар шектім, бірақ үш ретте те күтпеген жағдайларға байланысты мақсатыма жете алмадым. Сол кездегі қайғылы жағдайдағы ұзақ әңгімелерімізді жиі есіме аламын. Олардың барлығы мен үшін құнды. Ал Сіз үшін? Сіздің қазіргі кездегі жағдайыңыз бен сезімдеріңіз туралы ештеңе білместен осы ожар сұрағымнан қорқамын. Мені жақында Бухаресттен осы жерге ауыстырды, мен жалықтырғыш, бірақ оқыған даниялықтардың арасына келгеніме ризамын, сондай-ақ мен атамекенімен жақындадым, үш күнде Питерге жетіп келе аламын. Келесі жазда әйелім және балаларыммен сонда бармақпын.
Иә, мен үйленген соң мен қатты өзгердім, мен бұрынғыдай әлемді мақсатсыз шарлап жүрген жеңілтек емеспін, - біраз ақыл тоқтаттым және бұрынғыдай армандарымның соңынан қумаймын. Менің әйелім өте мейірімді, үлгілі отанасы, сіз онымен жазда танысарсыз; біздің қуанышымызға өсіп жатыр деп үміттеніп отырған екі баламның суреттерін қоса салып отырмын. Менің қызметім алға басып келеді, басшылық ұнайды, қаржы жеткілікті – бір сөзбен айтқанда, мен ризамын; бір өкініштісі, ешбір доссыз, туыстарсыз жат жерде жалғызсырайтыным, өзінің барлық кемшіліктірімен отаным бәрібір маған ыстық.
Өзіңіз және туыстарыңыз туралы жазуыңызды сұраймын. Сізден жауапты қалай тағатсыздана күтіп отырғанымды білмейсіз ғой. Михаил Михаиловичтің қазасы туралы мен газеттен оқыдым, отбасының қасіретін айтпағанда, біздің әдеби қоғам және одан бетер Сіз көп нәрседен айырылдыңыз ғой, өйткені ол Сіздің сенімді досыңыз және ағаңыз ғой. Шығыста менің көп жұмысым боды, тіпті өзіміздің әдебиетімізден қол үзіп қалдым, енді жағдай басқа, уақыт жеткілікті және мен барлығын асқан құмарлықпен оқуға ниеттеніп отырмын. Сіздің соңғы шығармаларыңызды, әсіресе «Записки из Мертвого дома» шығармаңызды жіберуді сұраймын. Уәлиханов қайда? – маған оның мекен-жайы беріңізші: передайте поклон Полонский мен Майковқа менің ілтіпиатымды білдіріңіз және міндетті түрде өзініңіздің портретіңіз бен мекен-жайыңызды жіберіңіз. Маған мына мекен-жай бойынша жазыңыз...», – деп жазады.
Арада біршама жыл өтсе де, А.Е. Врангельдің «Где Валиханов? – дайте мне его адрес», – деп жазуы тегін емес секілді. Сондай-ақ А.Е. Врангельдің естелігінде Достоевский екеуінің Семейдің әкелі-балалы бай көпестері Тінібай мен Меңдібай Кәукеновтердің үйінде жиі қонақ болатыны жайлы әңгімеленеді.
Тiнiбай Кәукенов, ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысында қазақ арасында алғаш саудамен айналысып, 2-шi гильдi көпес атағын алған, Семей көпестері қоғамына мүшелікке қабылданып, мещанин атанған қазақ. Тінібай туралы бұдан бұрын арнайы мақала жарық көргендіктен, оның тек ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановпен арадағы болған «мүмкін таныстығына» ғана тоқталып өтейін. Бұл «алғашқы таныстық» Шоқанның 1855 жылғы Жетісу, Қоқан немесе 1858 жылдың жазындағы Қашғарияға сапарларының бірінде болуы әбден мүмкін. Сонда Шоқан Уәлиханов Семейде екі рет болған деуге нақты негіз бар сияқты.
Жалпы Тінібай есімін Шоқанның Қашғария сапары кезіндегі күнделiк дәптерiнен жиі кездестiреміз. Сол жолғы сапарында ол Семейде бірнеше мұсылман мешіттері, Ыстықкөлде қырғыз әйелдері және т.б. суреттерін салған. Бұл суреттер ғалымның 5 томдық толық шығармалар жинағына енген. Мұны айтып отырған себебім, барон А.Е. Врангель өз естелігінде: «Біздің достарымыз Меңдібай мен Теңібай (мен олардың суреттерін сақтап қойдым), әсіресе олардың жас әйелдері бізді құшақ жая қарсы алды. Бізді жаңа дайындалған қымызбен, қатты қой сырымен, қой етінен жасалған палаумен және жас құлынның ысытылған етінен жасалған колбасамен тамақтандырды», – дейді.
Әзірге зерттеуші ғалымдар тарапынан «Достоевский немесе Врангель сурет салған» дегенді естімеген едік. Демек, Шоқанның Тінібаймен арадағы алғашқы таныстығы Врангель мен Достоевский арқылы болуы және оның әкелі-балалы Семей көпестерінің суретін салуы әбден мүмкін. Мысалы, А.Е. Врангельдің Тінібай мен Меңдібай туралы «мен олардыцң суреттерін сақтап қойдым» деуіне қарағанда, «бұл портретті шынында салған Шоқан болса, онда оның басқадай суреттері де барон Врангельдің жеке архивінде сақталып қалмады ма екен» деген ойға жетелейді.
Сурет демекші, Шоқан мен Ф.М. Достоевскийдің Семейде түскен фотосы туралы да шоқантанушы ғалымдар тарапынан тағы екіұдай пікір айтылады. Оның бірінде – бұл фотоға Шоқан Уәлиханов «1858 жылдың жазында Қашғарға аттанар алдында түсті» десе, ал келесіде – «1859 жылдың жазында Қашғарға барған сапарынан келгеннен кейін түсті» дейді. Мысалы, өлкетанушы В.Н. Проскурин «Краеведческие очерки» мақаласында көне фотоның тарихына тоқталып, семейлік фотограф Н. Лейбиннің кім екені және оның фотоательесі туралы түсініктер береді. Және де Шоқан мен Достоевскийдің бұл суреті 1859 жылдың мамыр айының ортасында түсірілген дейді. Ұлы Абайдың да бізге мәлім қазіргі суреттері, міне, осы Лейбиндер отбасының фотоательесінде түсірілген.
Сол сияқты Шоқан өмірінің соңғы жылдары мен өліміне қатысты жауабын күткен жұмбақ жайлар да жетерлік... Сондай сұрақтардың бірі – Шоқан мен Батыс Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордтың арасындағы саяси тұрғыдағы қарым-қатынасы. Әрине, біз ең алдымен жас ғалымға деген губернатордың «әкелік қамқорлығы» керемет болды деп жатамыз. Ал көбінде Шоқанның отаршылдық езгіге қатысты саяси көзқарасын ескере бермейміз. Қазақ даласын бытшыт қылып бөлшектеген (1854 жылы Семей облысы – әкімшілік орталығы Томск қаласы, 1868 жылы Ақмола облысы – әкімшілік орталығы Омбы қаласы етіп құрған және т.б.) әкімшілік-территориялық реформаларды жүргізу, дәл осы Батыс Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордтың тікелей қолымен жүзеге асырылды. Ол қазақтарға отарлықтың қамытын күштеп кигізу саясатының нағыз идеологы болды. Алатау округіне Сібір казак әскерін он бес мыңдай тұрғынымен қоса әкеп орналастырып, Алмалық қаласының атауын Верный, ал Аякөзді Сергиополь деп өзгертті. Ресейлік зерттеуші С.М. Андреев «Источники формирования Сибирского линейного казачества в дореформенный период» атты еңбегінде: «Политика, начатая Князь П.Д. Горчаков бастаған саясат оны 1851 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметінде ауыстырған Гасфорд жалғастырды: 1854 жылы Іле Алатауы өңірін әскери-шаруашылық отарлау жоспарын әзірледі.
Гасфорд оларды Ресейге бекіту үшін «...қатардағы казактардың ғана емес, егін шаруашылығы, тау-кен жұмыстары және басқа өнеркәсіпті игеру үшін орыс халқының да санын арттыру керек» деген сенімде болды. Сондықтан ол бұл өңірде орыс, әсіресе казак халқымен толтыруды ұсынды. Жаңа мекендерді Алматы, Лепсі және Қарабұлақ өзендерінде құру көзделді, ол жерлерде шеп бойындағы казактардан басқа, Еуропалық Ресейден 500 шаруа отбасылары көшірілуі тиіс болды.
1855 жылдың аяғында Г.Х. Гасфордқа Іле Алатауына көшу ниеті туралы 444 сібір шаруалары мәлімдеді: Турин округінен - 8, Түменнен - 57, Есілден - 12, Ялуторовскіден - 178, Қорғаннан - 4, Тарскіден - 12, Омбыдан -118, Каинскіден - 12, Би өлкесінен - 43. Осы жыл ішінде қоныс аударушылар шеп стансаларында жиналды, ал 1856 жылдың көктемінде 50-100 адамнан тұратын бірнеше партиямен жаңа қоныстану жерлеріне жіберілді. 1858 жылдың жазында екі жылдық жеңілдіктен кейін қоныс аударушыларды қызметке қабылдау басталды, Алматы, Жоғары-Лепсі, Үржар, Сарқанд стансаларында және Іле өзені бойындағы мекендерінде 455 бұрынғы шаруа отбасылары және тұрақты армияның әскерлерінің 29 отбасы өмір сүріп жатты. Бұл қоныс аудару сібір шеп казактарының санын 3,5 мыңнан астам адамға ұлғайтты.
1856 ж. қараша айында Г.Х. Гасфорд әскери министрге Жетісу және Іле алатауы өңірлерінде орыс халқының санын арттыру қажеттілігі туралы хат жіберді. Құлжа мен Ташкенттен келетін сауда жолдарын бақылауға мүмкіндік беретін Іле және Көксу өзендерінде жаңа қоныстар салу үшін Сібір шаруаларынан 300 «аңшы» отбасыларын шақыруды және оларды казактарға жазуды ұсынды. Әлеуетті казактардың басқа 100 отбасыларын ол Іле Алатауын Ертіс жебімен қосатын жолдардың бойында орналастыруды жоспарлады. Жаңа қоныстанушылар алдыңғылар секілді жеңілдіктер мен жәрдемақылар алуы тиіс еді. 1857 жылы 12 наурыз күні Сібір комитеті Батыс Сібір генерал-губернаторының бұл ұсынысын «пайдалы және қажет» деп тапты және оны мақұлдады. 1857 жылы 25 наурыз күні комитеттің шешімін ІІ Александр бекітті», - деген деректер береді.
Бұл жылдары Шоқан Батыс Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордтың адьюданты қызметінде болып, оны Жетісу (Іле) өлкесіне барған сапарында алып жүргені белгілі. Алайда осыдан соң олардың жолы бірте-бірте екіге айырылды. Ол, ол ма, Г.Х. Гасфорд патшалық Ресейдің жоғары заң шығарушы органы Сенаттың қарауына қазақтарды шоқындыру туралы заң жобасын дайындатып, әлденеше рет бекітуге ұсынған адам. Барон А.Е. Врангельдің естелігінде: «Оның тағы бір әлсіз тұсы болатын – барлық мүмкін болатын жобаларды жасаудың үлкен құмары еді. Мысалға, ол «Қазақтарға арналған жаңа дінді» жазып шықты. Қазақтар, мұсылман болғанымен, дінге аса берілмеген еді. Сондықтан Гасфорд олардың арасына «провославтық» секілді жаңа дін таратуды ойластырды, бірақ бұл жоба Петерборда сәтсіздікке ұшырағанда қатты ашуланды, бірақ көп ұзамай, жаңасын жасауға кірісті», – дейді.
Өз кезегінде отаршылдық езгі Шоқанның саяси көзқарасына әсер етпей қалмады. Мысалы, оған 1864 жылы полковник Черняевтің Пішпек пен Әулиеата қамалдарын жаулап алу кезінде жасаған қанды қырғынынан кейін Шоқанның әскери қызметін үзілді-кесілді тастап кетуі нақты дәлел болады. Шоқан, ендігі өз рухани сұранысы мен жан қалауын тек ғылымнан ғана іздеп тапты.
Демек, Шоқанның Батыс Сібір губернаторы Г.Х. Гасфордпен арақатынасын үзуіне, ең алдымен оның саяси көзқарасы себеп болуы әбден мүмкін. Шоқанды кезінде Ф.М. Достоевскийдің ұлы тұлға ретінде ерекше қадірлеп, оған ақыл-кеңес айтып, қамқорлық танытып отырғанын білеміз. Мысалы, ол өз хаттарында: «Мейірбан досым менің, Сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич 103 табыс етті. Сіз мені жақсы көрем деп жазыпсыз. Ал мен Сізге қысылмай-ақ тура айтайын - мен Сізге ғашық болып қалдым. Мен еш уақытта да және ешкімге де, тіпті, туған бауырыма да, тап Сізге көңілім түскендей жақындықты сезген емеспін... Бұл жерде көп нәрсені айтуға болар еді, бірақ Сізді несіне мақтай берем! Сіз менің ақ ниетіме дәлелсіз-ақ сенетін шығарсыз, қымбатты Уәли хан, бұл туралы 10 кітап жазсаң да, ештеңе жаза алмайсың. Сезім мен құштарлық дегенді түсіндіруге болмайды... Сізбен күймеде тұрып қош айтысқанда, бәріміз күні бойы көңілсіз болдық. Сізді бүкіл жол бойы еске алдық», – дейді.
Түбі түркі жұртынан шыққан ұлы орыс жазушысы Ф.М. Достоевскийдің «Степь» деген сөзді бас әріппен айшықтап жазуы бекер болмаса керек. Ұлы Дала елінің жарқын келешегіне қарап, асқан көрегендікпен айтуы әбден мүмкін. Алаштың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовтың «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтату», сондай-ақ «Ұлы Дала елі – Қазақстан» жөніндегі идеяларды еске алсақ та жеткілікті.
Ұлы жазушының Шоқанға арнап «мен сені туған бауырымдай жақсы көремін, өз қатарының алды болып сен ғана өзгелерге Даланың ұлылығын ұғындыратын боласың» деп айтқан осы сөздерінің астарынан, жалпы ол арғы түркілік тегіне, соның ішінде Алтын Орда хандары тұқымынан тараған ата тегіне орай іш тартпады ма деген де ой бұғып жатады.
Ф.М. Достоевскийдің ата тегі туралы орыс дереккөздерінде: «Әкесі жағынан, Достоевскийлар – Мәскеу князі Дмитрий Донский шоқындырған Аслан Челеби-мырзадан тарайтын Ртищевтер әулетінің бір бұтағы. Ртищевтер Серпуховскийдің және Боровский Иван Васильевичтің жақын ортасына кірді. Ол 1456 жылы Василий Темкинмен ұрысып қалып, Пинскіге кетіп қалады. Сол жерде Иван Васильевич Пинск князі атанады. Степан Ртищевке ол Калечино және Леповица ауылдарын береді. 1506 жылы Иван Васильевичтің ұлы Федор Данила Ртищевке Достоев ауылының жартысын сыйға тартады. Осы жерге байланысты «Достоевскийлар» пайда болады. Әкесі жағынан ата-бабалары 1577 жылдан бастап польшалық дворяндық елтаңба – Радванды пайдалану құқығына ие болады, елтаңбаның негізгі элементі Алтын Орда таңбасы болған», – деп жазылған.
Сондай-ақ бұған қосымша: «Ртищевтер әулиеті 1989 жылы Алтын Ордадан ұлы князь Дмитрий Донскойға келген Аслан-Челеби мырзадан басталады. Ол православиені қабылдап, Прокопий деген есім алады. Оның баласы Лев Прокопиевич, Ртищевтер әулетінің негізін қалаушы болып табылады» деген түсініктеме берілген.
Жалпы Ртищев әулетінің ныспысы туралы павлодарлық өлкетанушы Владимир Куприн «Звезды над озером Маралды» мақаласында: «Бұл отбасының алыс ата-бабалары қыпшақ жерінен Руське келіп, орнығуды сұрайды. Жаңа азаматтарға есімдер қыпшақ туысқандары мекен еткен өзен атауынан берілді.
Ертисчи, иртищеи – Ертіс жағалауынан келгендер. Иртищеевтер үлкен үй-жайды Белорусьтен алады, ол жақта бірнеше жүзжылдықтан кейін, XIX ғасырдың басында польшалық Достоевскийлардың ұрпағымен туысады. Бұл жөнінде Ертіске келген сайын Фёдор Михайлович есіне алып отыратын. Омбы түрмесінен («Өлі үй») шыққаннан кейін әскерге ауыстырылған ол ыңғайлы жағдай туындаған сайын өзінің түріктен шығу тарихын іздестіруге кірісетін», - деп жазады.
Бұған қоса оның Семейде саяси жер аударылып жүрген кезінде қолайлы бір сәтті пайдаланып арнайы Павлодар уезіндегі Маралды көлінің маңын жайлаған қазақ ауылдарына барғанын, ондағы ақсақалдардан өзінің ата тегінің шығу тарихын сұрастырып әңгімелескенін айтады. Сондай-ақ Ф.М. Достоевский Шыңғыстау мен Архатта да болды деген деректер бар... Ұлы жазушы Семейдегі өмір кезеңінде «Дядюшкин сон», «Село Степанчиково и его обитатели» (1859), одан кейінде осы каторгадағы азапты жылдары жайында «Записки из Мертвого дома» повестерін жазған еді.
Ал енді Ф.М. Достоевский шығармашылығын зерттеуші А.С. Долинин, И.И. Стрелкова, М.М. Сеитов тәрізді ғалымдар өз еңбектерінде «Подросток» романындағы Версилов образы прототипінің бірі ретінде Шоқан Уәлихановтың бейнесі алынған деп жазады.
Қасиетті Құранның хадистерінде сан қилы сұрақтың әрдайым алуан түрлі жауабы болады делінген. Себепсіз, таң атпайды, күн батпайды деген де бар. Қамшының сабындай мынау қысқа жалғанда бәрі де болуы әбден мүмкін.
М. Кенемолдин
Мақала «Mangi Еl» журналына жарияланған, 01-02, 2016. – 76-83 б.