Марко Поло және қазақ тарихы
21.11.2016 6097
Марко Поло еңбектерін қазақ тарихымен байланыстыра отырып, шетел қонақтары мен ғалымдары қазақ тарихы, қазақ этносының шыққан тегін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танып біледі

Түркі әлемінің өркенитеті мен мәдениеті қай уақытта болмасын батыс және орыс  ғалымдарының назарынан тыс қалмады. Батыс пен орыс ғалымдары түркілерді зерттеуге қатты құмартып қызықса да,  оларды тек көшіп жүрген халық деген тұжырымға келді. Еуропацентристік көзқарас бойынша, біздің халық – көшпенді (номадтық) тайпа, онда өркениет пен мәдениет болмаған деген тұжырымдар айтады.  Солай дей отыра, тіпті қазақ, түркі даласында болған батыстың Марко Поло, Вильгельм Рубруктарды бұл көшпелі дала да болған жоқ деп те айтып жүр. Бірақ тарих қашанда ақиқатты тану жолын іздейді. Сол жолда тарихи фактілер мен деректерге бас иеді.

Қазақтың атақты археологі Әлкей Марғұлан қазақты тек көшіп жүрген халық емес екенін дәлелдеп, бұл өркениетті зәулім қалалар, мәдени-архитектуралық ескерткіштер, кен-қазба орталықтары, көне ғимараттар мен сауда-саттық орталықтары болғанын дәлелдеді. Бұл деректері жинауда тарихшылар орта ғасырда қазақ даласында болған батыс тарихшыларының еңбегіне де сүйенді. Әлкей Марғұлан – қазақ халқының мәдениетін ежелгі заманнан бастап, орта ғасырға дейін жан-жақты зерттеген ғалым. Отыз жыл бойы басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясымен кең-байтақ қазақ даласын батыс шекарасынан бастап (Сарайшық қаласын зерттеген), солтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстан шекарасына дейін мыңдаған шақырымды кесіп өтті. Орталық Қазақстанда отандық ғылым үшін маңызды көне мәдениет пен өркениет ошағын ашты. Бұрынғы зерттеушілердің: «Қазақстан жері – ежелден көшпенділердің көш жолдары кесіп өткен, тіршіліксіз жатқан құба жон», – деген пікірлерінің теріс екендігін көрсетіп, жерімізде мәдениеттің көне замандардан бері болғанын дәлелдеді.

Ежелгі дәуірден бері қалыптасқан қазақ мәдениетінің баға жетпес рухани мұрасының жауһарлары біраз уақыт батыс ғалымдарының назарынан сырт қалып, оларды тек көшпелі халық ретінде бағалау басым болды. ХҮШ-ХІХ ғасырларда орыс және шетел тілдерінде қазақ халқының этностық ерекшелігі туралы мағлұматтар пайда болып, әр түрлі мақсаттар тұрғысынан зерделенді. Қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесі талай өркениетті халықтың өкілдерін қызықтыра бастады.

XII ғасырдың соңында қазақ елі туралы әйгілі итальяндық  жиһанкез Марко Поло жазды. Ол қазақ халқының ұлттық менталитетіне мынадай бағытта сипаттама береді: «Мен сізге айтайын, олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, шемиус (қымыз) деп атайды және өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар, садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиі қолданады. Өзгелерге қарағанда кезбе келеді, қажет болса айлық жолға ешбір азықсыз шыға береді, өзі бие сүтімен, аң етімен қоректенсе, аты жолдағы шөппен отығады. Қажет болса, қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар. Қиындық пен мұқтаждықта кімнен болса төзімді».

Марко Поло еңбектерін өз шығармаларына арқау еткен І.Есенберлин. Жазушының тарихи тақы­рыпқа арналған туындыларының ең құнды жері оның деректік негізінде жатыр. Автор сол жылдардағы тарих ғылымына белгілі және орыс, қазақ тілдерінде ғылыми айналымға түсірілген барлық жазба дерек мәліметтері мен қазақ халқының ау­ыз әдебиетінің материалдарын шебер пайдаланған. «Алмас қылыштың» бірінші бетінен бастап І.Есенберлин XIII ғасырдағы италиялық жиһангез Марко Полоның моңғол әскерінің құрылымы, соғысу өнері мен әскери тәртібі жөнінде жазған мәліметін өте ұтымды қолданады. Ро­манда ол туралы былайша баяндалады: «Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақорымда болған италиялық бір жиһангездің жазған кітабының әрбір әрпі бақандай болып көз алдына тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «… Шыңғыс хан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған, ал он онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген…». Осы деректі біз Марко Полоның кітабынан кездестіреміз.

Сондай-ақ, атақты венециандық саяхатшы Марко Поло жазған “Әлемнің ғажайыптары» кітабын өзгертіп, бұрмалай бастады. Марко Полоның еңбектерін ғылыми зерттеу нәтижесі Шыңғыс ханның тегі моңғол болмағандығын айқын көрсетті. Тарих деректерін бұрмалаушылар саналы түрде Шыңғыс ханның тарихы жайындағы түпнұсқаларды әдейі пайдаланбады. Яғни, 1. Рашид-ад-Диннің «Деректер жинағы», 1305 жыл. 2. Ибн Әл-Әсирдің жылнамалары.

Марко Поло Ханбалықта (Бежін) 27 жыл өмір сүрді, хан әулетімен тығыз қарым-қатынас ұстанды. Қытайды аралауға көп уақытын жұмсады. Марко Полоның сол кезеңдегі Қытайда орын алған оқиғалар туралы деректері барша ғылыми әлемде шынайы және құнды мәліметтер ретінде қабылданады. Ханбалықта жүрген жылдарында көшпелілерге Еуропаның біраз дәстүрін таныстырса, ал көшпенділердің мәдениеті мен әдет-ғұрпына байланысты көп нәрсені Еуропаға алып барды. Марко Поло жолы қазақ даласынан да өтіп, қазақ тарихында өзіндік ізін қалдырды. Бүгінгі оңтүстік өңірлеріміздегі орта ғасыр қалалары туралы тарихи деректерді де венециялық саяхатшының еңбектерінен оқи аламыз. Сондықтан көшпелі өркениеті қалыптасқан, қалалық мәдениет жоғары деңгейге жеткен елдің қуатты әскері, мемлекеттік мәртебесі болғанын Марко Поло өз жазбаларында дәлелдеген. 

Бүгін таңда көптеген тарихшылар қауымын Шыңғысханның тегі мен оның құрған мемлекеті қандай екені қызықтырып келеді. Бұл сауал төңірегінде біздің тарихшылар мен зерттеуші ғалымдар да бар. Мәселен бірі Шыңғысханды қият, қоңырат десе енді бірі жалайыр руынан түркі тайпасынан дегенді айтып жүр. Енді бір тарихшылар  бүгінгі моңғол халқы Шыңғысханның ұрпағы дейді. 

Марко Поло еңбектерінде Шыңғысханның моңғол еместігі айтылады. Марко Полоның кітабының деректерінде моңғол халқының атауы бірде-бір рет кездеспейді. Сол кезде осындай халық өмір сүрген болса, онда Шыңғыс хан да моңғол болып шығары сөзсіз еді. Яғни Марко Полоның кітабында осындай халық атауының жоқтығы Шыңғыс ханның моңғолдарға еш қатысы жоқ және еш байланысы болмағандығын айғақтайды. Марко Полоның кітабында Шыңғыс хан мемлекетінің халқы татарлар деп аталған. Шыңғыс хан өзі құрған әскерді мыңқол деп атаған. Мың және қол – шынайы қазақ сөздері.

Тақырыпқа сәйкес, айтар ойымызды жинақтар болсақ, шетелдік оқымыстылардың қазақ тарихы, этносы жайындағы ой-пікірлері, көзқарастары өзінің көкейкестілігін жойған жоқ.  Марко Поло еңбектерін қазақ тарихымен байланыстыра отыра, шетел қонақтары мен ғалымдарының қазақ  қазақ этносының шыққан тегін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танып, біледі. Ең бастысы, қазақ этносы жөніндегі шетел зиялыларының еңбектері қазақ елінің өркениет көшіне тездетіп ілесуіне де септігін тигізетіндігі даусыз екені анық.

Алтынбек БЕКНҰР