Алматыда қазақ диаспорасына арналған халықаралық конференция өтеді
02.12.2014 1777
5 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Ғылым Ордасы» ғимаратында «Орталық Азияның қазақ диаспорасы: тарих – мәдениет – ескерткіштер» атты халықаралық ғылыми конференция өтеді.

Қазақ диаспорасының мәселелеріне арналған кезекті ғылыми форумның басты мақсаты жаңа этномәдени, этнографиялық, этносоциологиялық, ескерткіштанулық зерттеулердің нәтижелерін халыққа таныстыру болып табылады. Бұл зерттеулер ең алдымен соңғы жылдары ТЭИ Этнология бөлімінің жүргізген және Моңғолия, Қытай, РФ Алтай Республикасы өңірлеріндегі қазақ диаспорасы мәселесімен айналысатын бір топ ғалымдардың ізденістері. Халықаралық конференцияның маңызды мақсаты қазақ диаспорасының қазіргі кездегі этномәдени, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, Қазақстан Республикасының байланыстарының кеңеюі мәнмәтінінде Орталық Азия өңірінің этномәдени құндылықтарының сақталуының маңызды және өзекті мәселесін қамту болып табылады.

Орталық Азиядағы (кең мағынада) қазақ диаспорасы көптеген (3 млн. астам) шетелдік қазақтардың репрезентативті бөлігін құрайды. Бұл бөлікте қазақтың дәстүрлі этникалық мәдениетінің элементтері белгілі дәрежеде сақталған. Сонымен қатар қазақ диаспорасында қазіргі әлемге әлеуметтік-экономикалық жағынан бейімделуі мен интеграциясы негізінде этномәдени өзгерістер орын алып отыр. Өте жоғары дәрежеде бұл үрдістер Қытай және Моңғолия (Үлкен Алтай диаспорасына) қазақтарына қатысты, бұл шетелдегі қазақ этносының көрнекті және динамикалық даму үстіндегі бөлігі болып табылады. Олардың ортасында ежелден этнографиялық мәдениеттің көптеген элементтері жаңа әлеуметтік-экономикалық үрдістер ықпалында сақталып келеді.

Өңірдегі қазақ диаспорасын кешенді этномәдени зерттеу және қайталанбас мұраны халыққа таныстыру, қазіргі кездегі этноәлеуметтік және басқа да үрдістерді жан-жақты зерттеу Қазақстан және көрші елдердің этнолог, тарихшы, мәдениеттанушылары және басқа да мамандарының ғылыми және қолданбалы міндеті болып табылады. Қазіргі қазақ диаспорасының мәселелерін ұжымдық көпжоспарлы етіп талқылаудың жалпы мәдени, әлеуметтік-саяси маңызы өте зор. 

Өйткені диаспора мемлекетаралық екі жақты тиімді және жақсы көршілік қатынаста маңызды роль атқарады. Диаспораның тұрақты кәсіби этномониторингі геосаяси жағынан және Қазақстанның Орталық Азия елдерімен толыққанды қарым-қатынас жасауы үшін аса маңызды және уақыттың талабы саналады. Жоспарланған ғылыми форум қазақ диаспорасын зерттеуді тереңдетуде, келешек зерттеулердің әлеуетін анықтауда, халыққа таныстыруда және өзіндік тарихи-мәдени мұраны сақтауда еліміздің саясатын шетел қазақтары қауымдастықтарымен қатынасты тиімді жалғастыруда маңызды роль атқарады. Конференция шеңберінде пленарлық отырыстар, «Моңғолия қазақтары» атты Екінші симпозиумы, «Қазақ диаспорасының феномені: тарихы, жағдайы, келешегі. Қазақстан Республикасында оралмандардың әлеуметтік мәдени бейімделуінің мәселелері», «Орталық Азиядағы қазақ диаспорасының жаңа зерттеулер аясындағы дәстүрлі және ежелгі дәстүрдегі мәдениеті», «Қазақ диаспорасы кеңістігінде тарихи-мәдени ескерткіштер мен басқа да мұра түрлері» атты үш секция жұмысы, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиал басшыларымен «Шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс және ҚР Президентінің Жолдауын диаспора және оралмандар арасында түсіндіру бойынша тәжірибе алмасу» атты семинар өткізіледі.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Ғылым Ордасы» РМК-ның Ғылыми кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс Комитетінің қолдауымен өтетін халықаралық шараның ұйымдастырушылары болып табылады.

Конференцияның өтетін орны: Алматы, Ғылым Ордасы, Шевченко көшесі, 28, Ғылыми кітапхана, 3 қабат, мәжіліс залы.

Қатысушылар мен қонақтарды тіркеу: сағат 09.00-де. Байланыс телефондары: 8 (727) 261-67-19, 261-65-57 (этнология және антропология бөлімі).

Тақырып бойынша деректі фильмдер:

Ағайын – Санкт-Петербордағы қазақтар

Ағайын – Самарадағы қазақтар

Ағайын – Кельндегі қазақтар

Ағайын – Даниядағы қазақтар