Қазақ шенеуніктігінің қалыптасуы
21.11.2016 3016
ХІХ ғасырда патша өкіметі қазақ балаларын оқытып шенеуніктердің жаңа категориясын қалыптастырды, ондағы мақсат не, қазақ шенеуніктерінің алғашқы қарлығаштары кімдер? Осы жөнінде деректер мен дәйектер

ХІХ ғасырда Патшалық Ресейдің жүргізген реформалары Қазақстанды империя құрамына біріктіруге және бұл реформа қазақтардың өмір сүруіндегі барлық салаларды қамтыды. Әкімшілік, соттық тағы басқа жүйелердің енгізілуі көшпелі қоғамдық тұрмысты, әлеуметтік-саяси өмірге өзгертудегі күрделі үдерістердің басы болды. Барлық әлеуметтік институттар Ресей әкімшілік назарына ілікті.

Ресей басқармасы үшін маңызды лауазымды орындарға қазақ элитасын тарту – қазақ қауымын өздеріне иландырып және қазақ жеріне бақылау орнатқысы келетіні көрсетті.

Сонымен қатар Ресей билігінің саясаты – көшпенділердің әлеуметтік құрылымын жойып, далалық императорлық биліктің сенімді басшылары ретінде қазақ шенеуніктерінің пайда болуына бағытталды.

Шенеуніктер даярлау саясаты қалай жүзеге асырылды?

Қазақ шенеуніктері үшін өз биліктері мен беделдерін сақтап қалу маңызды болды. Осыған орай қазақ элитасының өкілдері Ресей империясының шенеуніктер тізімін толықтыру үдерісінде ерекше рөл атқарды. Ресей билігі жаңа лауазымға ие болған сұлтандар, билер, ауызбасыларды Ресей саясатын қолдап, халыққа соны насихаттау ісімен айналысатын болады деп шешті. Оның алғашқы нәтижелері 1784 жылы Орынборда шекаралық сот пайда болып, оның құрамына орыс офицерлерімен қатар, алты қазақ ауылбасы және бір сұлтан енеді.

1799 жылы мәслихатшы штатына қазақ халқынан алғаш рет адам алған Орынбор шекаралық комиссиясы құрылады. Жергілікті билік өз саясаттарын жүзеге асыруда өз мәслихатшыларының «қажетті қызметін», «комиссия тапсырыстарын» ерекше білгірлікпен, шынайы орындайтынын атап өтеді. Орынбор әкімшілігінің пікірінше бұл қызметтері үшін қазақ мәслихатшылары мемлекет назарына алынады және марапатталуға лайықты болады. Жергілікті әкімшілік шенеуніктеріне қойылған тәрізді, қазақ мәслихатшыларының қызметі мен жетістіктері туралы формулярлық тізім құрылады. Бұл мемлекеттік басқарудағы барлық деңгейдегі қызметкерлерді біртұтас жүйеге алу және Ресей империясы қызметтерін қазақтармен толықтыру үдерісінің басталғанын нұсқайтын түбегейлі жаңа қағида болды.

Орынбор әкімшілік комиссиясының алғашқы мәслихатшыларының бірі Тәуке Айшуақов болды, бұл қызметті 18 жыл (1800-1818 жж.) атқарды. Осы қызметте әртүрлі белсенді еңбектері үшін 1810 жылы сарай кеңесшісі шенін алды. Сөйтіп, қазақ даласында ХІХ ғасырдың тәуір лауазым мен маңыздылық жолында империялық Ресейдің басқарушылық жүйесінде шектеулі шоғырланған қазақ элитасы өкілдерін алдыңғы орынға шығарды.

Ресей империясындағы үлгі аларлықтай қызметкерлер татарлар еді, олар мемлекеттік қызметке XVIII ғасырдың І жартысында қабылданды, ал қазақтар тек 100 жылдан кейін ХІХ ғасырдың екінші жартысында араласты. Татарлар Орынбор, Орскіде жергілікті әкімшіліктерде тілмаш қызметін қызметін атқарды. Оның үстіне олар орыс билігінің өкілдері ретінде қазақ жеріне бірнеше рет келіп, жанжалды жағдайларды шешіп, бұйрықтар берді, қазақ халқын басқарудың, басқа үлгісімен, т.т. жағдайлармен таныстырды.

Жергілікті әкімшіліктің шенеуніктері ақсүйектерге тән білім алған алғашқы қазақ шоғыры болды. Осыған орай қазақ шенеуніктерінің алғашқы буынын зерттеуге арналған ізденістер маңызды болып отыр. Орынбор ведомствасының алғашқы қазақ шенеуніктері ағайынды Әлмұхамед, Тілеумұхамед Сейдалиндер, Сейітжан Жантөрин, Бейбіт Дауылбаев, Мұхамедқали Тәукин еді.

Неплюев кадет корпусы►  

Қазақ шенеуніктерін қалыптастырудағы Ресей өкілдерінің келесі қадамы татар және орыс тілдерін білетін басқармашы даярлау болды. Ашылып жатқан оқу орындарында оқушылардың лингвистикалық дайындығына әсіресе шығыс тілдерін (араб, татар, парсы) және орыстың әдеби тілін білуіне назар аударуы бекер емес. Болашақ шенеуніктердің оқу бағдарламасына татар тілін енгізуі ХІХ ғасырдың ортасына дейін маңызды болып қала берді. Ресей билігінің пікірінше оқу орнын тәмамдап шыққан жас қазақ татарша білмесе ол тұрмыста да, қызметте де пайдасы болмады. Оның үстіне ХІХ ғ. 40 жылдарындағы араб графикасындағы татар тілі қазақ даласындағы іс-қағаздарды жүргізудегі ресми тіл болды.

Қазақ балалары түлеп ұшқан – Неплюев әскери мектебі

Қазақ даласында орысша білім алуға алғаш үгіттеген Бөкей ордасының ханы Жәңгір хан еді. Ол орысша білім алудың жақтаушысы бола отырып, қазақ балаларының Неплюев оқу орнында білім алуына себепкер болды. Сондықтан ХІХ ғасырдың 20-30-ыншы жылдарында алғашқы оқушылар Бөкей ордасынан шықты.

Неплюев әскери мектебі 1825 жылы 2 қаңтарда ашылып өз тарихында атауын бірнеше рет өзгертті. Неплюев әскери мектебі (1825-1844), Неплюев кадет корпусы (1844-1868), Жаяу әскер училищесі (1868-1869), Неплюев әскери гимназиясы (1870-1882) болып өзгертілді. Басшылықта Г.Ф. Генс (1825-1832), К.Д. Ахпоров (1832-1833), И.М. Макров (1833-1848), М.С. Шилов (1848-1862), П.Л. Энгельке (1862-1865), П.В. Домерщиков (1865-1876), Ф.М. Самцветов және басқалары директорлық қызмет атқарды. Сонымен қатар 1832 жылы 6 желтоқсанда Неплюев әскери мектебінің қыздарды тәрбиелейтін бөлімі құрылды. Бірақ, ғылыми айналымда жүрген деректер бұл оқу орнында қазақ қыздары бомағанын көрсетеді. Бұл оқу орны 1918 жылға дейін жемісті жұмыс істейді.

Орыс шенеуніктері білімді қазақ жастарының түрлі қызметке араласуына ерекше назар аударды. Оқуын жақсы бітірген, қарапайым отбасынан шыққан балаларға – офицерлік шен, төмен нәтижелі түлектерге – қатардағы офицер шенін, жоғарғы көрсеткіші бар сұлтанның балаларына – жүзбасы шенін, кері нәтиже көрсеткендерге офицер шенін берді.

►1860 жылы патша қабылдауында болған қазақ шенеуніктері

Қазақ халқы балаларының Ресей оқу орындарында білім алуын толық қолдамады. Себебі, «Кадет корпус» дегенді екінің бірі біле бермеді. Орыстар қазақ балаларын шоқындырып, кейін әскерге беру мақсатында оқытып жатыр деген әңгіме көп таралды. Бұл әңгімеге халық сенді және балаларын орыстардың шырмауына ерікті түрде бергілері келмеді. Бұл туралы 1855 жылдың түлегі Тілеу Сейдалин былай деп жазды:«...корпустың табалдырығын аттап бастағаннан ол туралы далада айтылған әңгімелердің соншалықты жөнсіздігіне көзім жетті».

Алғашқы шенеуніктердің қызметтері қандай болды?

Кадет корпусының түлектері Ресейдің Далалық әкімшілік басқару жүйесінде көбіне өз әкелерінің қоныстарында әртүрлі лауазымдарға жолдама алды. Мысалы, Неплюев кадет корпусының түлектеріне шен беру лауазымдары мынадай үлгіде болды: М.Г. Тәукин (1809-1894) – алғашқы бес қазақ түлектерінің бірі. Оқуын бітірген соң ол Орынбор мекемесінің батыс бөлігінде ұзақ жылдар бойы сұлтан-басқарушы болды, полковник болғаннан соң 30 жыл бойы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Оның қызметі полковник шенімен және қасиетті Владимирдің төртінші дәрежелі орденімен бағаланды. Сонымен қатар М.Г. Тәукин Қазандық ежелгі мұражайлармен қарым-қатынасын сақтап, ерікті экономикалық қоғаммен хат алысып тұрды және Орыстың географиялық қоғамымен қызметтес болды. Орыс шаруаларының өмірі мен әртүрлі ерекшеліктерін зерттеген орыс зерттеушілері тәрізді М.Г. Тәукин Ембі, Ойыл, Елек өзендерінің маңында көшіп жүрген қазақтардың тұрмысын зерттеп, қазақтың көшпелі қоғамының ерекшеліктерін суреттеп анықтады. 1861 жылы «Экономикалық жазбалар» журналында қазақ халқының тұрмысы, мал шаруашылығы және басқа да мәліметтер туралы еңбектері жарияланды. Орыс жерінде білім алған М.Г. Тәукин өзінің баласы Шәңгерейді де 1848 жылы кадет корпусына оқуға жіберді.

Мұхаммед-Салих Бабажанов (1832-1871) Ішкі Ордадан шыққан. Неплюев кадет корпусын бітірген соң аудармашы лауазымын иеленді, кейін Ішкі орданы басқарудағы Уақытша кеңестің кеңесші қызметін атқарды. Ол ғылыми ізденістермен айналысып Санкт-Петербургте 1825-1864 жылдары жарық көрген «Северная пчела» газетінде, 1853-1864 жылдары шыққан «Этнографический сборник» журналында, «Императорлық орыс географиялық қоғамы» жаңалықтарында, сондай-ақ Қазан университетінің Саратов, Астрахан губернияларының мерзімді баспаларында мақалалары жарияланды. 1861 жылдан бастап Мұхаммед-Салих Бабажанов Орыс географиялық қоғамында Шоқан Уәлихановпен бірге қызметтес болды. Этнография бөліміне сіңірген еңбегі мен қазақтардың тұрмысы жөніндегі мақалалары үшін 1863 жылы ОГҚ-ның күміс медалімен марапатталған алғашқы қазақ.

Сейітхан Жантөрин (1837-1891) әкесінің орысша білім алып оны жаңа мәдениетке қатыстыру ойын өзіне сіңіріп, орыс-қазақтың жақындасуындағы белсенді жолсерік болды. Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінде қызмет атқарды, қазақтар тарихы мен этнографиясын жетік меңгерген ол көптеген мәселелерде баға жетпес кеңесші болды. Қазақ халқының тұрмысын терең білетіндігін ескерген Ресейдің жылқы зауыты басқармасы Торғай облысындағы жылқы бағудың дамуы туралы анықтама құрастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 1883 жылы «Жылқы өмірі» журналында «Қазақтардың жылқы өсіру очерктері» басылып шықты. Сейітхан Жантөрин өмірінің соңғы жылдарын Уфа губерниясында жер иесі шаруашылығымен айналысып жүргендігін «Торғай» газетінде хабарлады.

Ағайынды Әлмұхаммед және Тілеумұхамед Сейдалиндер оқуды прапорщик шенімен бітіреді де, Орынбор шекара комиссиясында жұмыс жолын бастады. Орыс тарихшысы әрі шығыстанушысы В.В.Григорьев ағайынды Сейдалиндердің қызметіне жоғары баға берді. Олар ордашылардың ішінде жоғары қасиеттерімен және ақылымен ерекшеленді және қызметтеріне берілген тапсырмаларды адалдықпен, өз еңбектерімен орындады деп жазды. Ә. Сейдалин 1857 жылы күзде В.В. Григорьевпен бірге Орынбор даласының шығыс бөлігін аралауға қатысты. 1859 жылдың мамыр айынан тамыз айына дейін капитан Бутаковтың Арал флотилиясы экспедициясымен Кунград қаласына іс-сапарға шықты. 1860 жылы жоғарғы сарай депутациясына аудармашы ретінде танылады.1862 жылдан бастап облыстық басқарманың несие бөлімшесінің кеңесшісі болды. 1866 жылы Орынбор аймағындағы орданың сұлтан-басқарушы қызметін атқарып, атты әскер ротмистрі шенін алды. 1869 жылы Әділет министрлігінің бұйрығымен Торғай облысының уездік сот лауазымына ауыстырылады да, адал қызметі үшін Николай уезіндегі сот лауазымына ұсынылды. Бұл лауазымға тағайындалуы қазақтардың жер жөніндегі және басқа да қиыншылықтарын шешуде көмегі тиді. Сонымен қатар Ә.Сейдалин өз заманындағы атақты адамдармен де тығыз байланыста болды, олар А.Кун, П.И. Пашинин, Н. Маев, П. Лерх, Ш.И. Ибрагимов, В. Межов және басқалары болды. Ә. Сейдалиннің оқу-білім саласындағы еңбегін елемеске болмайды. Оның ықпалымен 1888 жылы Ы. Алтынсарин Ырғызда қыздарға арналған орыс-қазақ училищесін ашты.

1895 жылы Киев губерниясының Родомыслов округінде сот қызметін атқарады да, осы жылы қызметінен кетті. Адал қызметінің арқасында Қасиетті Владимирдің IV дәрежелі, Қасиетті Аннаның ІІІ дәрежелі, Қасиетті Станиславтың ІІІ дәрежелі ордендерімен марапатталды.

Ағасы Тілеумұхамед Сейдалин (1837-1901) қызметтер тізімінде Сейдалин 2 атымен танымал. 1861 жылы Т. Сейдалин Орынбор мекемесінің шығыс бөлігінде сұлтан-басқарушының көмекшісі болып тағайындалды. 1866 жылы Орынборда гимназия салуға ақшалай көмек беруге ордашыларды шақырды, кейін осы еңбегі үшін штабс-ротмистр шенін алды. 1866 жылы Даланы бақылау ісін жүзеге асырушы шенеунік қызметін атқарды да, 1867-1868 жылдары жаңа желіге қазақтарды орналастыру және Торғай облысының реформасын өткізудегі ұйымдастырылған комиссия мүшесіне енді. 1869 жылдан бастап Николаев уезі басшысының аға көмекшісі қызметін атқарды. Т. Сейдалиннің ғылыми ізденістері де ерекше. 1870 жылы Орыс геграфиялық қоғамының, Орынбор бөлімі жазбаларының бірінші басылымында «О развитии хлебопашества по бассейну реки Тургая» атты мақаласы жарық көрді. Сонымен қатар, қазақ өлеңдері мен ауызша халық шығармашылығы естеліктерінде де Т. Сейдалиннің қызығушылығы өзгеше болды, олардың кейбірін түзетіп 1874 жылы «Еуразия жаңалығы» журналына басып шығарды және 1875 жылы С. Жантөринмен – Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесіндегі жазбаларын жазды. Генерал-губернатор Л. Баллюзек Кіші орда және Орталық бөлім қазақтарын этнографиялық зерттеу жұмысындағы зор үлесі үшін штабс-ротмистр сұлтан Сейдалин 2-ге ризашылығын білдірді.

Жалғасқан мүдде және орыс-қазақ мектептерінің ашылуы

Қазақ даласында жаңа әкімшілік-территориялық бірліктердің және оларға сай басқару аппараттарының пайда болуына байланысты білімді шенеуніктерге сұраныс өсті. Қазақ жастарына білім, тәрбие беруде 1850-1869 жылдары жұмыс жасаған Орынбор Шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектеп-интернаты ерекше рөл атқарды. Шекаралық комиссия Кіші жүздегі сұлтандар мен дистанциялық бастықтары жанында іс жүргізе алатын, сонымен қатар тек қазақтар ғана тағайындала алатын қызмет орындарында жұмыс істеуге қабілетті қызметкерлер даярлау үшін 1844 жылы 14 маусымда арнаулы ереже қабылдады. Дегенмен, түрлі себептермен мектеп 1850 жылы 22 тамызда ашылды. 7 жылдық мектеп 19 жыл жұмыс істеді. Бастапқы онда 20 шәкірт, 3 мұғалім сабақ берді. 1859 жылы 40 бала тәрбиеленіп шығып, мұғалімдердің саны 9-ға жетті.

1862 жылы мектептің оқу мерзімі 6 жыл болып қысқартылып, 1869 жылы мектеп жабылды. Орынбор қазақ мектебін 19 жыл ішінде 48 жас бітіріп шықты. Олардың кейбірі Шекаралық комиссияның өзіне жұмысқа қалдырылды. Бірқатары өз еліне барып, жергілікті басқару аппаратында еңбек етті. Кейбірі 1860 жылдары Қазақстанда жаңадан ашылған мектептерде сабақ берді. Мысалы, осы мектептің алғашқы түлегі Нұрым Мұңсызбаев Тройцкіде ашылған қазақ мектебінде дәріс берді.

1859 жылы Шекаралық комиссияның төрағасы В.В. Григорьев генерал-губернаторға 4-ші бекіністе мектеп ашу қажеттігін айтып, оның толық жобасын ұсынды. Генерал-губернатор 1862 жылы мектеп үйі салынып болуын күтпей-ақ, алғашқы екі бекіністе жеке үйлерде бала оқыта беру керектігін айтып, облыстық басқармаға ұсыныс жасады. Сөйтіп, облыс басшылары Орынбор бекінісіне (Торғай) – Ыбырай Алтынсаринді, Орал бекінісіне (Ырғыз) – Шахмұрат Құлыбековті оқытушылыққа бекітті. Екеуіне де басқарманың аударма қызметі қоса тапсырылды.

Бұл мектептерді ашудағы мақсаттардың бірі – Орынбор әкімшілігіне қажетті қызметкерлер дайындау еді. Сол себепті В.В. Григорьев қазақ мектебін болашақта дамыту туралы айта келіп, бұл мектепті орыс-қазақ мектебіне айналдыру қажеттігі туралы сөз қозғаған бірінші адам болды. Ол қазақ балаларының орыстармен етене араласуы ауызекі орыс тілін тез игеруге көмектесетінін айтты.

ХІХ ғасырдың 60-ыншы жылдары Қазақстан Ресей империясына қосылуы аяқталып, Далада Ресей үкіметінің саяси ұстанымы нығайғаннан кейін орыс билігінің адында жаңа міндеттер тұрды. Ол білім ошақтарында қазақ балаларын орыс тіліне оқытып, нәтижесінде Даладағы іс-қағазды орыс тілінде жүргізуді көздеді.

Сонымен қатар болыстық басқармаларда хатшы қызметіне орыс тілін білетін қазақтарды тарту үшін жергілікті әкімшілік оларды қызметтері үшін көмек көрсету жүйесін жасады. Медальдармен, мақтау қағаздарымен және құнды сыйлықтар секілді дүниелермен марапаттады.

Осылайша ХІХ ғасырдың І жартысында Ресей үкіметі жинақталып қазақ шенеуніктігінің қалыптасу процесін заңнамаларды ықшамдап белгілі бір жағдай жасады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)