ҚР Ұлттық музейінде «Қазақ мәдениетіндегі ұлттық әшекейлер» көрмесі ашылды
27.11.2014 2244
«Дәстүрлерді сақтап, сабақтастыру халықтың рухани түлеуіне жол ашады», — деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай «Қазақ мәдениетіндегі ұлттық әшекейлер» атты көрменің ашылуында.

«Бұл көрменің қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы қарсаңында ашылуының зор мәні бар. Қазіргі қоғам үшін ата-бабамыздың дәстүрлерін жалғастырып, сақтай білудің маңызы үлкен.Өнердегі сабақтастық болуы тиіс, біздің жеріміз қашан да зергерлер өнерімен даңқы шыққан», — деп атап өтті ҚР Ұлттық музейінің директоры. 

«Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған шеберлерімізді қолдап отыру қажет. Біздің мақсатымыз — дәстүрлі өнерді кеңінен тарату. Зергерлік өнер атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. 

Дәстүрлердің сабақтастығы және оны сақтау халықтың рухани түлеуіне жол ашады», — деп санайды Д. Мыңбай.

Көрмеге Сержан Бәшіровтің, Бақтияр Артықбаевтың, Мұрат Дүйсеновтің, Дәулет Иманғалиевтің, «AMINA JEWELS KAZAKHSTAN» зергерлік бұйымдары қойылды. 

«Біздің орталық халқымыздың дәстүрлі өнерін сақтауға бастамашы болды. Елбасы айтқандай, «дәстүр мен мәдениет — ұлттық генетикалық коды». Осындай қолдауға жігерлене отырып, біз, міне, осындай жобаларды іске асырудамыз», — деді «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының директоры Шолпан Сыздықова. 

Көрме 25 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Дереккөз: ҚазАқпарат