Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналады
30.10.2014 3598
Жинақ халқымыздың мәдениетінде ерекше орын алатын әйгілі әнші-композитор, сал-серілер дәстүрін жалғастырушы Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының (1864–1919) туғанына 150 жыл толуына арналып отыр.

Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне Балуан Шолақтың артында қалған шығармашылық мұрасы — өлең-жырлары мен әндерінің мәтіндері — түрлі басылымдар беттерінен алынып, жинақталып берілген. 

Екінші бөлімге қазақтың жауырыны жерге тимеген атақты балуаны, халық композиторы туралы Сәбит Мұқанов, Кенен Әзірбаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович жазған естеліктер мен зерттеулер топтастырылған. 

Балуан жырлаған Ғалия сұлудың бейнесі

«Балуан Шолақ» кітабының авторы былай деп жазады: «Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған. Көзкөргендердің естеліктеріне сүйене отырып, нақты дәйектер келтіріп, оның Сарыарқа тумасы екенін әңгімелейді. Мәселен, жазушы Жайық Бектұров: «Балуан Шолақ өлгенде біз сегіз-тоғыздағы естияр баламыз. Ауыл арасы жақын. Шолақтың есімі де, ат үстіндегі тұлғалы елесі де біздің көзімізге, көкірегімізге ерте қонған» дейді. Оның жазуынша,  Балуан Шолақ Ақмола облысының Макин (бүгінгі Бұланды) ауданы аумағында туып-өскен. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеде Үйсін, Жағалбайлы, Жалайыр, Алшын, Естек ауылдары болған. Солардың ішіндегі Үйсін ауылы Елтай темір жол стансасы сыртындағы Тастыөзек деген шұрайлы қойнаудан орын тепкен. Балуан Шолақтың ата мекені – сол. 

Балуан Шолақтың аса атақты әндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды.

Шолақтың күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып жүргенін,  шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын, ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп  төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінінжұрт тамсана әңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тән спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби палуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. 

Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың  әндерін нәшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, ән шығарып, әуелете шырқады.  Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Халық Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығын ыстық ықыласпен қабыл алады. Сегіз қырлы, бір сырлы тарлан. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді».

Кітаптың кіріспесі ретінде Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы жайында, оның өмір сүрген уақыты мен шығармашылығы хақында танымды, мағлұматы неғұрлым мол мақала беріліп отыр. Оны жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев жазған. Кітапты құрастырған — Баспа және полиграфия ісінің қайраткері Балжан Хабдина.