Материалда белгілі түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Қытайдың Ордос жазығындағы түркі тайпаларының қоныс аударуы, олардың қытайланып кеткені туралы шынайы баяндайды
Шығыс Азияда Амур өзені бар. Сол Амурдың бер жағында Сяньби деген тау болған. Бұл таулы өлкені ерте кездерден түріктер мекен еткен. Бірақ жері суық, қатал ауа райы болған. Сібірге жақын аумақ. Сол сяньби тауын мекен еткен түріктер ауа райының қаталдығына орай, қазіргі Қытайдың Ішкі Моңғолия аумағындағы Ордос жазығына қарай қоныс аударған.
Ордос жазығы Ішкі Моңғолияның астанасы Хөх хөттан (Көк қала) 150 шақырым жерде орналасқан. Қытайлар ол жерді «ҚТ» қолтығы дейді. Сонда қыс болмайды. Жері жартасты ма деп ойлайтынмын. Бірақ жартасты емес. Үлкен-үлкен тау сияқты адыр-адыр құм таулар болады. Таза құм емес, топырақ сияқты таулар. Жерінде бұталар көп өскен. Жері шұрайлы, жылы болып келеді. Бүгінгі күні сол аймақ – орталық Қытайды көмірмен қамтамасыз етіп отырған негізгі экономикалық аудан.
Ордостың шұрайлы жеріне жоғарыда мен сөз етіп отырған Сяньби түріктері ерте ғасырларда көшіп келеді. Мемлекет құрады. Сол уақыттан қытайлармен соғысып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп отырады. Сол ғасырда Сяньби түріктерінің саны 10 мың болған. Олар көшпелі өмірді тастап, малдарын құртып, киіз үйлерін өртеп қытайланып, қытай дәстүріне еніп кетеді. Оған тікелей әсер еткен хандары болатын. Осылайша Сяньби түріктері жер еміп, қытайланады. Бұл б.з. 3-4 ғасырлары болатын. Сол уақытта 10 мың болған халқыңыз, бәлкім бүгін 100 млн болған шығар. Кім білсін.
Ендігі қызықты айтайын, сол түріктердің ішінде бұрын мен керей, найман, меркіт сияқты қазақ тайпаларының бар екенін білетінмін. Қоңыраттар, қияттар да бар. Енді, биыл сол елге барғанымда қаңлы мен үйсіннің бар екенін білдім. Біздер облыс орталықтарының аудандарын Сайрам, Сарыағаш немесе Аршалы аудандары деп атасақ. Ішкі моңғолдар кәдімгідей картасына моңғол әрпімен Керей ауданы, Найман ауданы, Қоңырат ауданы, Үйсін ауданы, Қаңлы ауданы деп жазып тастапты. Сосын мен таңырқап:
– Үй, сендерде қаңлы мен үйсіндер бар ма?
– Бар.
– Өй, өтірік айтасыңдар! Қалайша олар, болуға тиісті емес қой, – дедім.
Сосын мені, университеттің проректоры үйсіндерге ертіп барды. Барсам, кәдімгідей моңғол шапан киген қомпиған таза моңғол отыр. Мен моңғолша жақсы сөйлеймін ғой, мен моңғолша сөйлесем әлгілер таңғалып, таңырқайды.
– Сіз Қазақстаннан келдіңіз. Қалайша моңғолша жақсы сөйлейсіз? – дейді. Сосын мен айтам
– Біздің елдің тәртібі қатал. Егер сол елдің тілін білмесен шетелге шыға алмайсың, сол үшін мені моңғол тіліне дайындаған, – деп өздерін қатырдым. Өзімше мақтандым оларға. Қазақ та жүрген жерінде туған елінің туын көтеріп жүр демей ме. Әлгі үйсіндердің таңғалғаны рас.
– Не деген күшті дайындайды, сізде акцент жоқ.
Сосын ду-ду әңгімеге кірісіп кеттік. Олар арағын құйды. Етін асқан, ірімшік, құрт-майын әзірлеген. Дәстүрлері қазақтарға көп ұқсас екен. Сосын әңгіме барысында олардан сұрадым.
Сосын қаңлыға барсам, біз қаңлымыз дейді. Тіпті қаңлы дейтін қала да бар екен. Сонда мына екі халық бір-бірімен (түрік пен ішкі моңғол) керемет араласқан. Тарихшы Рашид-ад-Динде жазады: «мынандай, мынандай түрік тайпалары бар. Мынандай, мынандай моңғол тайпалары бар. Түріктер күшейгенде бұлардың барлығы түрік болып кеткен. Шыңғысхан заманында моңғолдар күшейіп, бұлар моңғолдың қол астына кірген» дейді. Енді бір ерекшелік, сол екі халық бір-бірімен Шыңғысхан заманында ешқандай аудармасыз сөйлесіп келген. Бірақ бүгінде қытайланып кеткен Сянби түріктері туралы әлі зерттеу жоқтың қасы.
Жазып алған: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)