Алтын адамның денесі әйел затына тиесілі
08.02.2014 1591
Батыс Қазақстан облысынан табылған Алтын адамның денесі әйел затына тиесілі. Теректі ауданының Тақсай кешенінен қазып алынған құнды жәдігер қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Алтын адамның бас киімі, мойны мен білегіне таққан әшекейлері, сондай-ақ айна-тарағы, көйлегін көмкеріп тұрған алтын құймаларына дейін бар, деп хабарлайды 24.kz.

 Археологиялық қазбалардың жан-жақты зерттеп-зерделеуді қажет ететіндігі түсінікті. Сол себепті жаңалықты жаһанға жар салып, жариялаудан бұрын оралдық тарихшылар шетелдік ғалымдармен бірлесіп, жәдігерді бір жыл бойы зерттеді. Алтын адамның түпнұсқасы Астанадағы ұлттық мұражай ғимаратының ашылу салтанатында көпшілік назарына ұсынылады. 

Мұрат Сыдықов, БҚО Тарих және археология орталығының директоры:

- Тарихшылардың болжауынша, құнды жәдігер біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырға, яғни ерте Сарматтар дәуіріне тиесілі. Тақсайдан табылған алтын әшекейлер оның өз заманында жоғары лауазымға немесе қоғамда үлкен абырой-беделге ие әйел адам болғанын айғақтайды.

Қырым Алтынбек, суретші, қалпына келтіруші:

- Бұл адамның табылғаны мәдениет үшін де, тарих үшін де маңызы өте зор. Айтар дүниесі де өте көп. Біз оны қалпына келтіргеннен кейін ғалымдар оларды зерттеп, әрі қарай жаңғыртамыз.