«Хабар» Агенттігінің идеясымен түсірілген даңқты қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы тарихи телефильмнің бірінші бөлімінің алдын ала көрсетілімі өтті.
«Хабар» Агенттігінің идеясымен түсірілген даңқты қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы тарихи телефильмнің бірінші бөлімінің алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды inform.kz
Телетуынды ағымдағы желтоқсан айының 17-жұлдызынан бастап «Хабар» арнасынан көрсетіледі деп жоспарлануда. Аталмыш телефильм «Хабар» Агенттігі мен режиссер Ақан Сатаевтың Тәуелсіздік күніне тартқан сыйы болмақ. Күні кеше ғаламтор желісінде жарияланған телехикаяның ресми трейлерінің өзі мыңнан астам көрсетілім жинап үлгерген болатын.
Фильмнің бірінші маусымының сценарийін Тимур Жақсыбаев жазды. Оған Александр Бектің «Арпалыс» атты повесінің бірінші бөлімі негіз болған. Фильмде батальон командирі ретінде ұрысқа қосылған Бауыржан Момышұлының алғашқы шайқасы, оның майдандас достарының екіұдай көңіл-күйі, өзіне де, өзгеге де талапшыл командирдің жаужүрек мінезі туралы баяндалады. Басты рөл - М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Еркебұлан Дайыровқа бұйырды. Батырдың жары Жамалдың рөлін Әсел Сағатова, генерал Панфиловты Виктор Ашанин, лейтенант Қасеновті Саят Есембаев сомдады.
«Бұл кез-келгеннің басына қона бермейтін бақ қой, сол бақты бағалай білген абзал деп ойлаймын. Маған сенім артқан осы телефильмнің авторы - «Хабар» агенттігіне, Ақан ағаға рахмет айтқым келеді. Мен де осы кісілердің сенімдерін ақтап шығуға барынша тырыстым. Шынымды айтсам, осы жолы Баукеңнің шығармашылығына, мінезіне қатты ғашық болдым. Кімді ойнап жатқанымды білуім керек қой. Сондықтан, Баукеңді зерттеу барысында қазақта осындай азаматтың барына қуандым. Біз онымен мақтануымыз керек. Кейінгі біздің өскелең ұрпаққа үлкен тілегім, құлақтарына алтын сырға Бауыржанның кім екенін білсін, таныссын. Негізі, Баукеңнің бойындағы тұнып тұрған батырлық әр қазақтың жігітінің қанында бар. Сол жұрнақ бәрінде бар. Егер ол болмаса, осыншама ұлан-ғайыр жерді кезінде біздің жігіттер алып қалмас еді», - дейді басты рөлді сомдаушы актер Еркебұлан Дайыров.