Бауыржан Момышұлы: Өмір сүру философиясы
05.05.2020 2467
Қазақ тарихы қаншама сын-қатерді еңсерді. Қазір де сын сағаттар басымыздан өтуде. Мұндайда Бауыржан атамыз «сын - ерді шыңдайды, қорқақты қинайды» демеп пе еді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикада төтенше жағдай жариялау туралы қаулыға қол қойып, жұртшылыққа жариялағаны бәрімізге де мәлім. Мақсат – тұрғындар қаупсіздігін қамтамасыз ету. Батыр атамыз тарихи оқиға куәгерінің тілімен: «Бұйрық – алғыр басшының ой-арманы, мәжбүр етпей, мойын ұсынбас» деген пайым жасаған болатын. Жоғарыдағы пошта конвертімен әскери бөлімнен жіберілген хаттағы батырдың тасқа таңба басқандай қолтаңбасының өзі біз үшін үлгі-өнеге.

Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» елің үшін қиын-қыстау кезеңде қолыңа алғанда, оның мазмұны мүлдем басқаша өңге боялатындығын аңғару қиын емес. Дәл осы сындарлы сәттерде рух беретін, күш алатын, жол көрсететін кітаптардың бірі әрі бірегейі деп ойлаймын. Атамыздың бұл кітабын қазіргі күні «Өмір сүру психологиясы» тұрғысында қабылдасақ, оның қолжазбасы өзінің қызметін жалғастыра түсері ақиқат. Ендеше Бауыржан атамыздың халқына жазған аманатының замануи қоғамда өте өзекті әрі өмірлік мәніне көз жеткізуге талпыныс жасап көрелік.

ӨЛІМНЕН ҰЯТ КҮШТІ

Қорқыныш дегеніміз не? Қорықпайтын адам жер бетінде жоқ. Өлім қауіпін сезінген бірде-бір жан қорқынышсыз арпалысуға бармайды. Бірақ бұл қорықпаушылық деген сөз емес. Қорқынышты әрбір адам өмірде талай-талай басынан өткізеді. Қорқыныш бар, бірақ оны жеңуге болады. Қорқынышты жалпы мәжбүр ету жолымен жеңуге болады. Біріншісі – ішкі мәжбүр ету жолымен, екіншісі – қоғамдық ықпал ету жолымен. Батырға сырдың суы сирағынан келмейді, қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет. Тәуекелсіз – жеңіс жоқ. Жаудан қашып емес, қорғанып және шабуылға шығып құтыла аласың. Ұрыс дегеніміз ақыл мен ақылдың шайқасы. Бүгінгі әлем жұртшылығының індетпен шайқасы да тазалық, адамгершілік, парыз, ерлікті қажет етпей ме. Мұның барлығы ақыл-ойдың жемісі.

ЖАУЫНГЕР ДОС ТОҚТАРОВ

Жаумен сұрапыл аралас ұрыстарда қазақстандық гвардеецтер асқан ерліктің, қайтпас батырлықтың, геройлықтың, өзінің социалистік отанына берілгендіктің тамаша үлгілерін көрсете білді. Бұл айқастарда, әсресе  көзге түскен қазақ халқының адал ұлы, Лениногорскінің жұмысшысы аға лейтенант Соловьев жолдастың бөлімшесіндегі гвардеец Төлеген Тоқтаров болды. Тоқтаров ұрысқа қатысар алдында партияға кіруге арыз беріп, былай деді: «Мені большевиктер партиясының мүшелігіне алуыңызды өтінемін. Егер отан үшін ұрыста қаза тапсам, мені большевик деп санаңыздар. Шаруаның баласымын. Өзім жұмысшымын». Н-деревнясы жанында болған ұрыста Тоқтаров селоға бірінші болып кіріп, пулеметтен оқ жаудырып, 7-гитлершілді жойды, екеуін қолға түсірді. Б. деревнясында болған ұрыста немістер орналасқан үйге басып кіріп, 5 жауызды жойды.     Бұл жерге жау өздерінің жаңа күштерін төгіп, дамылсыз шабул жасап қалай да Б. деревнясын алуға тырысты. Бірақ, олардың жанталасқан барлық шабуылына гвардеецтер бетқаратпай тойтарыс берді. Біздің даңқты жауынгерлеріміздің күш-жігері, патриоттығы бұл ұрыстарда жеңіп шығуымызға жол ашты. Тоқтаров ұрыста үнемі алдыңғы сапта болып өзінің жауынгер достарын жігерлендіріп отыратын. Ол жауынгерлерді қауып-қатер, қысылшаң кездерде тайсалмай, батыл қыймалдауға шақыратын. Тоқтаров жолдас ұрысқа кірер алдында былай деген болатын:

«Өлімге жасқанбай тура қарасаң өлім де саған  шыдап тұра алмайды, сен жеңесің. Өмірді сүйеді екенсің, сол өмір үшін күресе де біл. Өмірді сүйген адам, өлімнен қорықпақ емес, сондықтан» да ұрысқа тайсалмай кіреді. Н – деревнясында болған ұрыста Төлеген жаудың тұтас взводының атакасын бір өзі тойтарды. Бір кезде оның патроны таусылды. Дәл осы кезде есіл ерге жау оғы тиді. Жауға зығырданы қайнаған герой жарасын елең қылмастан, қарсы алдында кезеніп тұрған офицерге тура ұмтылды. Автоматтың құндағымен фашистің басын мылжалап та үлгерді. Сол арада гвардеец Төлеген Тоқтаровтың өзі де қан майданда қаза тапты. Оның өлімі жөніндегі хабар ұрыс үстінде барлық бөлімдерге тез тарап, әрбір гвардеец өздерінің геройы, жауынгер досы үшін неміс оккупанттарынан аяусыз кек алуға ант етті.

Подполковник      Б. Момышұы

Советтер Союзының Геройы  М. Ғабдуллин

«Сталин туы», 11 февраль 1943 жыл.

Осылайша, Төлеген  «Жас қазақ»-тың батырлық рухымен халық жадында мәңгі қалды.

Қар жамылған кең дала, қанға бөгіп,

Күркіреді сұр аспан өлім төгіп.

Жас қазақ

Мұрттай ұшты ура-лап.

Жанын қиып кете алмай, жас өмірден,

Асқақтаған арманға өрмелеген.

Жас қазақ

Жатты көзі от жайнап.

 

Қазақтар майдан армиясында. Үнемі алда. 1943 жыл.

Советтер Союзының Геройы Мәлік Ғабдуллин

Абай атындағы Алматы педагогика институтының аспиранты Мәлік Ғабдуллин біздің полкте қызметті қатардағы жауынгердің бірі болып бастады. Қызыләскерден батальонның военкомы және гвардия майорына дейін, талантты ержүрек қазақ халқының адал ұлы, ұлы отан соғысының гвардеецінің  тасқындап өсудегі жауынгерлік жолдары осындай. 1941 жылдың ноябрьі еді, политрук М. Ғабдуллин бастаған 12 автоматчик Москваға қарай келетін бір пунктте қорғауда тұрды. Оған немістердің 5 танкі, оларға ілесе 2 батальонға жуық жаяу әскері шабуыл жасады. Автоматчиктер танктерді сабырмен өткізіп жіберіп, жауға күшейте оқ жаудырды. Бұл арадан мұншама қарсылықты күтпеген фашистер өлгені және жараланғаны бар жүздеген адамдарынан айырылып, үрейлене қаша жөнелді. Немістер автоматчиктер орналасқан ойпатқа минометтер мен артиллериядан басымдата оқ жаудырды. Ғабуллин автоматчиктері мен жау тылына өтіп, онда абыржу туғызып, астан-кестенін шығарды да, өз бөліміне қайтты. Бөлім майданды кесіп өтіп, немістердің шегіну жолын кесіп тастап, талаушы фашист армиясының, армиялық топтарының  бірін қоршап алып жойып жіберуге бұйрық алды. Солтүстіктің қаһарлы қыс жағдайында, дұшпанның табанды қарсылықтарын қаусата отырып, жолсызбан ұзақ жорықтың қыйындықтарын жеңе отырып, гитлершілдердің адам және техника күштерін жоя отырып, бөліміміз неміс  оккупанттарынан 62 деревняны құтқарады.

С. деревнясы үшін болған ұрыста Ғабдуллин жолдас автоматчиктер взводымен жігерлене деревняға басып кіріп, мөлшерсіз шапшаңдықпен  гитлершілдерді үйде-үйлерінен шығармастан жойып жіберді. Ғабуллин жолдас өзінің бөлімшесі мен әсіресе Б. деревнясы үшін болған ұрыста үздік көзге көрінді, мұнда ол өз басының батырлығын және қысылшаң жағдайда ұрыстарға басшылық ету шеберлігін көрсетті. Бұл деревня дұшпанның маңызды қорғану торабы еді. Осыны алу үшін кескілескен ұрыстар айқасты. Біздің бөлімшелерімізді дұшпанның пулеметтері мен минометтерден бората жаудырған оқтары жерден бас көтертпей тұрған қысылтаяң кезеңде, Ғабдуллин жолдас аса үлкен емес автоматчиктер тобымен шеберлік жасап, бүйірден селоға кірді де фашистер арасында абыржу туғызып, бірнеше оқ ату ұяларын жойды. Осының арқасында біздің бөлімше бірден селоға кіріп, бірнеше жүздеген фашистерді өлтірді де, көп олжаларды қолға түсірді.

Ғабдуллин жолдас өзінің ержүректілігімен қызыләскерлерді рухтандыра және ерлендіре отырып өзі ғана 45-ке жуық гитлершілерді жойды. Батальонның есебінде өлтірілген жүздеген фрицтер, жойылған ондаған танктер, пулеметтер мен минометтер бар. Қазір Ғабдуллин жолдас бөлімнің агитаторы.  Оның сүйкімді, қуанышты және жалынды, жанды сөздері  әрбір жауынгерлер мен командирлердің жандарын тербетеді. Советтер Союзының Геройы Ғабдуллин мен рухтанған гвардеецтер, алға ұмтылуда.

Е. Форонков

Сталин туы, 5 февраль 1943 жыл.

Қалың оқ пен оттың арасында жүрген Бауыржан батыр: «Соғыс адамзат үшін жаңалық емес. Жауынгер ұрысқа өмір сүру үшін қатысады. Оның сыры: соғыс өнерін меңгеру арқылы оқпен әсер етіп, өз күшің аман сақтап қалуда» екенін ұғындырған еді. Кезінде осы пайымды тыңдаған жазушылар мен журналистер ғана емес, естіген әрбір адам селт етіп,  терең ойға шомылған. Рух күшті болса, ұрыс қауіпті емес. Өмір сүруге деген үміт оты жанып тұруы тиіс, сонда ғана әрбір пенде өмір сүргісі келеді.

Құндызай ЕРІМБЕТОВА,

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты.