Жазушы Асқар Сүлейменов «Өтірік ұзақ айтылса шындыққа айналып кетеді» деген екен. Кешегі кеңестің кезеңде көп көзқарастың басқалай болғандығы да рас қой енді. Әрине, сол кездегі идеология үшін небір шындықтар әдейі бұрмаланып өзгертілді емес пе. Сондай сөздің бірін орыс ұлтының аса танымал азаматы, әскери ұшқыш А.И.Покрышкин айтыпты. «Соғыс – адамдарды азайтып, батырларды көбейтеді» деп жазған екен. Бүгінде бұл пікірмен келісе қою қиын болар. Бірақ, бір ғана дүниеге ешқандай талас тумауы тиіс. Ол не десеңіз, осы екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ халқының жан тәнімен кірісіп үлкен ерлік көрсеткені.
Бұрынғы КСРО-ның Бас хатшысы Л.Брежнев өзінің тың игеру туралы еңбегінде «...Қазақтар қарапайым ғана халық. Сөйте тұра тым ержүрек болып келеді. Олардың батыр жұрт екеніне Ұлы Отан соғысы кезінде толыққанды көзім жетті» деген екен. Екінші дүниежүзілік соғыс өз атауында тұрғандай жұмыр жердің біраз территориясын шарпығаны мәлім. Осы қан майданға қатысып батыр атағына ие болғандар ішінде шет жерде туып-өскен қаракөз қандастарымыз да бар.
Мысалы, бүгінде Ресей құрамындағы Таулы Алтай Республикасының Усть-Кан ауданы, Черный Ануй ауылдық әкімшілігіне қарасты елді мекенде шамамен үш жүзге жуық отбасы тұрады. Қазақ топырағынан шет орналасқан бұл қандастарымыздың тілі бүгінде толығымен жойылып, дені шоқынып кеткен. Бірақ өздерінің түп төркіні қазақ екендіктерін өте жақсы біледі. Әрине, бұлардың шежіресі де тым тереңде жатыр. Ескі дерек көздеріне үңілсек, олар шамамен бұл топыраққа екі жүз жылдың алдында келіп орналасқан екен. Енді қалайша келді деген сұраққа үңілсек осы адамдардың дені Патшалық Ресей жуандарынан жәбір көріп, жаппай итжеккенге айдалып, содан қашып шыққан қазақтар көрінеді. Олар сөйтіп осы жерге келіп баспалап өмір сүрген.
Тарихта кірмені кім кекілінен сыйпап аялап еді. Келген қазақтарды жергілікті жұрт жаппай өз жұмыстарына жеккен. Бәрімізге мәлім, таулы Алтай ерекше табиғатымен әлемге әйгілі ғой. Биік таулар мен сыңсыған қарағай ішін мекендеген байырғы жұрт әуелі келген қазақтарға жер беріп, жылқы бақтырған. Осы мекеннің сол кездегі байырғы атауы Тұраты деп аталған екен. Аз ғана уақыт ішінде қазақтардың бірлесіп баптаған қымызы сол төңіректегілердің бәрінің бірден тілін үйіріпті. Бұл дерек таулы Алтайдың тарихын зерттеген тарихшылар мен саяхатшылардың еңбегінде көптеп ұшырасады. Сөйтіп уақыт өтіп заман ауысады. Үлкендердің көзі кеткен соң кейінгі ұрпақ өз тілі мен дінінен алшақтай бастапты.
Тарихи деректерге үңілсек, екінші дүниежүзілік соғысы басталғанда осы аядай ғана ауылда жиырма беске жуық қазақ отбасы болған екен. «Аз ғана ауыл екенсіңдер» ғой деп қазақты кім аясын, ілікке жарамды деген жігіттердің дені жаппай соғысқа алынған екен. Ең қызығы, осы титтей-ақ Тұраты ауылынан төрт бірдей «Кеңес Одағының Батыры» шыққан көрінеді. Біз сол Тұратыдан шыққан төрт батырдың екеуінің ғана мәліметі қолымызда болғандықтан, осы қос батыр төңірегінде ғана жазуды ниет етіп отырмыз. Әрине, білдей «Кеңес Одағының Батыры» деген атаққа ие болғандықтан, бұл қос қазақ азамат та жергілікті жұрт тарапынан ерекше құрметке ие. Атап айтсақ, қазіргі Черный Ануй аулының орталығында осы екі батырға арнап үлкен ескерткіш қойылған. Бірінің есімі ауылдың орта мектебіне берілсе, екіншісінің атында үлкен даңғыл бар. Бүгінде бұлардың өз туыстары мен ұрпақтары осы елді мекенде өмір сүріп жатқан жайлары бар.
Енді сол жандарға жеке-жеке тоқталып, сөз өрбітіп көрсек. Әуелгі сөз әлхамы Қыдыран Туғанбаев турасында.
Туғанбаев Қадыран 1924 жылы дүниеге келген. 1942 жылы небары он сегіз жасында ғана соғысқа аттанады. Ең әуелі барлаушы қызметін атқарған ол кейін келе Совет армиясының 333-ші дивизиясына, одан кейін 1116-ші атқыштар полкында жауынгерлік сапқа ауысады. Бірде үлкен ұрыстың шарықтау шегінде совет армиясы Днепрге келіп тіреледі ғой. Ал, неміс әскері болса өзеннің арғанатында мұздай қаруланып даяр тұрған болатын. Күшті қорғаныс шебін орнатып үлгерген неміс шеріктері Совет әскеріне қарама-қарсы соққы беруге кіріседі.
Тарихшы мамандар бұл соғысты неміс пен орыс армиясының ең бір шешуші шайқастарының бірі ретінде атайды.
Әскердің арғы бетке аман-есен өтіп, ұрыс салуын толыққанды қамтамасыз ету де осы 333-ші дивизияға жүктелген міндет болатын. Бұл оқиға осы соғыстың шын куәгері болған бір майдангердің хатында «Оқ аспанда жаңбырша сіркіреп тұрды. Арғы жағалауда орналасқан жау пулеметі кеңес әскеріне дамылсыз оқ бүркіп еш бастырмады» деп жазылған екен. Осы сәтте қапысын тауып жау пулеметіне тұтқиылдан лап қойып, қарсы жүгірген қазақ азаматы Қадыран бірнеше граната лақтырып қарулы жаудың бетін қайтарады. Осы жанкешті ерлігімен ерекше көзге түскен ол өзі де жау оғынан қатты жараланып госпитальге түседі. 1944 жылы 19 наурызда Қадыран Туғанбаевқа осы ерен еңбегі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ауыр жарақатынан еш айыға алмаған есіл ер бұл еңбегін көре алмай кетті. Жарлық шығардан үш ай бұрын дүниеден өтіп кеткен екен.
Енді екінші батырымыз туралы айтайық. Елеуісов Жәнібек те жоғарыда атап өткеніміздей Тұраты топырағының тумасы. 1925 жылы дүниеге келген ол 17 жасында майданға сұранып өтініш жазады. Бірақ оның өтінішін тек 1943 жылы ғана қабыл еткен әскери комиссариат ең әуелі Жәнібекті алты айлық мерзімнен тұратын мергендер дайындығына жібереді.
Жәнібек майдан даласында тұңғыш рет ата-анасына былай деп хат жазған екен: «Мен үшін еш қайғырмаңыздар. Қайта қуанғандарыңыз жөн шығар. Өйткені мен өз Отаным алдыңдағы борышымды өтеуге қызмет етіп жатырмын ғой. Мен жаудан еш қорықпаймын. Отанымды соңғы тамшы қаным қалғанша қорғаймын... », – деп жазған екен.
Осы дайындық барысында ерекше көзге түскен Жәнібекті әскери комиссия Воронеж майданының алтыншы гвардиялық дивизиясының 25-інші гвардиялық пулемет полкына командир қызметіне жібереді.
Сөйтіп Жәнібек Елеуісов пулемет полкына командир болып тағайындалады. Майданның алғашқы күні оның полкі жаудың қырыққа жуық жаяу әскерін өлтіріп, 95 неміс әскерін тұтқынға алады. Сол ұрыста Жәнібектің өзі біршама жау әскеріне үлкен соққы береді. Кезекті тағы бір ұрыста ол жаудың 5 әскерінің көзін жояды. Осы ұрыста өзінің аяғына да оқ тиіп ауыр жарақат алады. Белгіленген стратегиялық жоспар бойынша полктың Днепр мен Десна, сондай-ақ Припять өзендерінен сәтті өтуіне ерекше еңбек сіңіреді.
Бұл азамат та Қыдыран Туғанбаев тәрізді 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады.
Әйгілі алтыншы гвардиялық дивизияның командирі, генерал-майор Г.Иванов өзінің бір естелігінде «...Бір соғыс ахуалы менің ерекше есімде. Осы ұрыс кезінде Жәнібектің полкінен бірде-бір адам тірі қалған жоқ. Жалғыз қалған бір жауынгер бір пулеметтен екіншісіне қарай жүгіріп жүріп атысып, жау әскерін тұсап тұрды. Немістер ол жерде біреу емес, бірнеше адам бар деп ұққан тәрізді. Міне, бұл кім десеңіз қазақ баласы Жәнібек Елеуісов болатын» дейді. Осылайша көз тірісінде Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Жәнібек Елеуісов 1946 жылы майданнан еліне аман-есен оралды. Елге келген соң Тұратыдағы орта мектепте көп жыл директор қызметін атқарды. Сондай-ақ Алтай өлкелік Кеңесіне депутат болып сайланды.
Осындай жат жерде туған қазақ ұлтының азаматтары өте көп. Олар өзге республикадан қан майданға аттанып Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Осы тізімге өзбек топырағында туған Аблақұл Шәкіров пен Сабыр Рахымовты, Расул Есетов пен Іният Наурызбаевты сондай-ақ қарақалпақстандық Біліс (Плис) Нұрпейісовты да жатқызуға болады. Тарихшы мамандарымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған мұндай қазақ азаматтарының арнайы аты-жөндерінің өзгертіліп, өзге ұлттарға телініп кеткендерінің көп екендігін де алға тартады. Есім сойы өзгеріске түскен, осындай батырдың бірі Филипп Рубахо екендігі де айтылып қалады. Украиндық Филипп Яковлевич Рубахо бір қарағанда қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен есім болғанымен, батырдың төл құжатында оның ұлты қазақ екендігі тайға таңба басылғандай анық жазылған екен.