Бұдан бір ғасыр уақыт бұрын «елдің саяси билігі өз қолында болуы керек» деп кесім айтқан «Сарыарқа» сол жолдан бір сәтке де тайған жоқ. Ақырына дейін осы тақырыпты ту етіп көтерумен болды.
Алдыңғы мақаламызда аңдатып өткеніміздей «Сарыарқа» газеті таза саяси басылым болды. Алғашқы саны жарыққа шыққан күннен бастап саяси хабарлармен саяси үндеулерді халыққа жеткізуге асықты. Бұлай болуы да заңды еді. Себебі саяси мәселелер ширыға түсті. Халел Ғаббасов айтпақшы «Бостандық күнінен бері саясат ауасы жаман құбылып, өзгеруде болды. Кешегі бүгін жоқ. Бүгінгі ертең болмасқа айланды. Сол өзгерістің ыңғайына қарап, мемлекет арбасы да теңселіп, өмір жүзінде неше түрлі шимай салды....». Айтқандай-ақ ол кезеңде қалың бұқараның саяси сауаты жоғары денгейде емес болатын. «Сарыарқа» бұқараны саяси сауатқа жеткізуді басты нысанасы ретінде қабылдап, ақпарат айдынындағы саясат мәселесіне ғана желкен тартты.
1917 жылы № 2 санында жарияланған «Семейдегі екі обласной комитеттер жайынан» мақаласында: «27 февральда бостандық күні туып, патшалық заманның туы құлады. Мемлекет билігі жалпы жұрттың қолына келді. Бірақ билік қолға келгенімен, мемлекет жұмысын жалпы жұрт бір жерде жиылып отырып істеп отырмақ емес. Бұл міндетті іске асырып атқаратын жұрттың сенім көрсетіп, ортасынан сайлап жіберген - өкіл депутаттары. Осы күнгі әр жерде көбейіп жатқан комитеттер сол жұрт билігінің сәуле суреті. 7 мартта обласной қазақ комитеті ашылды. Қазақ комитетінің көздеген мақсұты әмір жүргізіп, билік құру міндетін атқару емес еді; газетпен бірлесіп қазақтың саяси жұмысына ғана кірісу еді. Мысалы, жаңа тәртіпке жұртты түсіндіру; ел арасына тыныштық орнату; учредительное собраниеге қамдану; қазақ пен орыс арасын жайластыру; билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу һәм сол сияқты қазаққа тиісті мәселелерге кірісу», – деп баға береді .
Өздері атап отырғандай «Сарыарқаның» мақсаты тек «қазақтың саяси жұмысына ғана кірісу». Олар осыны ғана алтын тұғырлы меже етіп, осыны ғана күрескерліктің негізігі жалауы етті. Сонымен қатар «Сарыарқа» түрлі саяси тақырыптардың да сайыс алаңына айналды. Соның бірі – саяси сауатсыздықпен күрес мәселесі.
«Сарыарқа» сол кездегі өзгерістер алыңына жанын сала кірісіп, ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға қатынасты. Қарашаны саяси ағарту «Сарыарқаның» барлық мақалаларының жүгіне айналды. Дәл осылай деп, кесіп-пішіп кесім айтсақ қателесе қоймаспыз. Енді ел санасына ерекше әсер еткен, ең маңызды деген саяси мақалалар тізбегіне үңіліп көрелік.
«Сарыарқаның» басты саяси бағыты төмендегі дүниелер хақында болды. «Қазақ комитетінің көздеген мақсұты әмір жүргізіп, билік құру міндетін атқару емес еді; қазақтың саяси жұмысына ғана кірісу еді. Мысалы, жаңа тәртіпке жұртты түсіндіру; ел арасына тыныштық орнату; учредительное собраниеге қамдану; қазақ пен орыс арасын жайластыру; билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу һәм сол сияқты қазаққа тиісті мәселелерге кірісу» болды.
Семейдегі облосной қазақ комитетінің жоғарыда жазылғандай басты мақсаты, қазақ пен орыстың арасын жалғастырып жақындастыру еді. Себебі, олай болмағанда, қазақтың азық-түлік секілді қажетті сыбағадан құр қалатыны айдан анық еді. Бұл түптің - түбі қазақтың аш қалуы мен ұлт араздығына бастайтын кесел. Соған орай он жетінші майда екі комитеттің арасын жақындастыру үшін, жұмыскерлер иен солдаттар кеңесінің адамдары сондай- ақ, екі комитеттің мүшелері жиылып алқақотан бас қосқан екен.
Оқи отырыңыз: ХХ ғасыр басындағы "Сарыарқа" газеті
«Сарыарқа» бұл саяси кездесуді қалайша жазып, қалайша сараптады, соған бір сәт назар аударып көрелік.
«Қазақ ісінің көбі Қазақ Комитетіне аунағаннан кейін исполнительный комитет міз бақпайды. Азық-түлік, бұл-кездеме жұмысын басқаратын продовольственный комитетпен де арамыз сондай болды. Бұл комитетте бізден өкілдер алмады. Осы екі Комитеттің қазақ халқына тұтынған жолы жаңа заманның рухына, ыңғайына қарсы болса да, облыстағы сегіз жүз мың қазақ тиісті саяси сыбағасынан құр қалса да, біздің жұрт көнтерілігін қылып, бұл турада наразылығын әсте сыртқа білдірмеді. Себебі жаңа тәртіптің негізі жөнді тамырланып, нығаймай жатқанда «битке өкпелеп, тоныңды отқа салма» дегендей бүйректен сирақ шығарғысы келмеді. Осы күймен Семейде болған қазақтың обласной жалпы сиезіне жеттік. Сиез комитетін жаңадан сайлап, мойынына бұрынғы атқарып тұрған саяси жұмыстардың үстіне билік-әмір жүргізетін міндетін артты һәм мұнан былай земский ақшаларын өз Комитетінің атына салуға қаулы қылды. Бірақ өйтсе де екі Комитетті (Обласной орыс комитеті мен Обласной қазақ комитетінің) арасын қалай жалғастырып, қалай жақындастырудың ерігін сиез Қазақ комитетінің өзіне берді. Мәжіліс һауасы аса жаман болды. Жоғарыдағы өсек сөздер мінбеге шыққан шешендердің қай-қайсысының болсын ауызында болды. Олқулы-толқулы нелер қызыл кеңірдек сөздер сөйленді. Сонымен Қазақ комитетінің алдында екі ғана жол қалды: бірі – орыстармен қол ұстасып, күш біріктіріп учредительное собраниеге шейін бірге жүре тұру; екіншісі – орыспен араны ашып, талас-тартыста Құдайдың не салғанын бетімізбен көру. Біз салмақтап келіп, алдыңғы жолға түстік. Себебі, сиездің қаулысы да бірігу жағын қуаттаған еді. Бірігуге дәлел болған тағы бір жұмыс мынау: сиезде автономия мәселесі қозғалғанда сиез автономияның керектігін тілек қана қылып, түпкі шешуін берісі жалпы қазақтың сиезіне қалдырғанда, ары болса учредительное собраниеге қалдырған. Еш уақыт автономияны зорлықпен, қолмен орнатпақшы емес-ті. Қазақ комитеті өз бетімен билік- әмір жүргізсе автономияны қолмен орнату деген осы болмақ.
Автономия деп бір тайпа жұрттың өз алдына заң шығарып, ішкі жұмысын өзі билеп, сыртқы билікті мемлекетке беріп, бағынып отыруды айтады. Екінші, сол сиезде екі Комитеттің арасын берекелестіру Комитеттің еркіне берілген; қол ұстасып, жұмыс қылуын қажет көрген.
Міне, осы себептермен жаңадан төрт бұрышты пұшпақ сайлаумен Обласной комитет жасалғанша уақытша Қазақ комитеті барлық 20 кісі члендерімен Обласной исполнительный комитетке член болып кірді. Бізден 5 кісі Комитеттің президиумына қосылды: Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов-председательдің серіктері; Биахмет Сәрсенов-секретарь; Райымжан Мәрсеков һәм Ахметжан Қозыбағаров (члендер).
Облыс билігі-әмірі енді осы Комитеттің қолында болмақ. Қазақтың өздері сайлаған комитет бұзған жоқ, ел арасының саяси жұмысына қатысатын комитет күйінде қалды. Бірақ әмірге ие емес. Председателі бұрынғыша Райымжан Мәрсеков. Қазақ комитеті орысқа қосылғаннан осалданған жоқ, қайта бұрынғыдан күшейді. Бір жағынан орыс ұйымын, бір жағынан өз ұйымын тіркеу қылып, Қазақ комитеті береке туының астында өз жұмысын өзі басқарып, дегеніне келтіріп отыр. Екі комитет қатар шапса, мұның арты-аяқтан қағысу, арбасу еді, етектен тартысу, алысу еді. Кім біледі, сондай күйде тұрсақ, өз арамыздан да орысқа құйрығын бұлғақтататындар шықпаса еді, қайтер еді.
Мінеки, азаматтар! Басында бізді орыс ағайындарымыз есепке алмап еді, 800 мың қазаққа екі орын бермей, көбі сырты жылтыраса да, іші қара болғандай болып еді. Біз намыстандық та, қара да көрсеттік. Зарланғанда тимеген екі орын ақыры 20 орын болды. Ендігі жұмыс бірлікте.
Ойларыңызда болсын, қазақтың іргелі жанға бататын сөздерінің көбі алдымыздағы учредительное собраниеде ғана шешілмек. Қазақ өз бетімен ірі жұмыс шеше алмайды. Себебі учредительное собраниеде болатын 100 кісінің жетпісі мұжықтар болуы мүмкін. Біз не мақсұт көздесек те мұжықпен жақындасып, солардың көмегімен іс қылмақпыз. Сондықтан саяси жүзіндегі әдіс-тәсілді әсте естен шығармауы керек. Орыспен қоныстас болғаннан бері біздің жұрттың ұлы дүбір жарысқа кез болғаны осы шығар. Іске сәт, азаматтар! Аттарыңыз бәйгелі болсын» дейді.
Біз бұл мақаланың мәтінін толық беріп отырғандағы мақсатымыз өрмекші сілекейіндей нәзік саяси әдіс-әсілдерді «сарыарқалықтардың» терең меңгергендігін көреміз. Сірә, жұртты саяси ағарту дегеніміздің сапалы үлгісі осы болса керек. Сиез нәтижесі немен аяқталды, нендей шешімдерге келді төмендегі мақала соның жаубы болып саналады.
«Енді сиездің дауы таралған соң, жоғарыдағы сөзді жетім қылмай, мәжілісті басқарып билейтін адамдар сайланса екен деп Мәрсеков жамағаттың құзырына тапсырды. Халық бірауыздан председательдікке Жақып Ақбаевты, оған серіктікке Халел Ғаббасовты, Райымжан Мәрсековты, Мұқыш Поштаевты һәм Биахмет Сәрсеновты сайлады. Секретарлыққа Әлімхан Ермековты, Ыдырыс Оразалинды, Мұстақым Малдыбаевты һәм Шәріп Ақпановты сайлады. Мұнан соң Семейдегі Қазақ комитетінің сиезге жасаған жобасы қойылды. Ол жоба мынау:
1. Обласной Қазақ Комитетінің істеген жұмысы;
2. Жаңа тәртіпті нығайту, комитеттер ашу;
3. Сот мәселесі;
4. Мемлекет негізін құру жиылысы (учредительное собрание) турасында һәм Семей облысынан сонда баратын кісілерді белгілеу;
5. Автономия (халықтың өз билігі өзінде болу) жайынан;
6. Дін мәселесі;
7. Оқу һәм баспасөз;
8. Ел арасының поштасын реттеу;
9. Жер мәселесі;
10. Жаңа тәртіпке қолайсыз болған мекемелерді жоғалту һәм халыққа зиянды қызмет иелерін түсіру;
11. Облыс, гүбірне, үйездердің шекараларын өзгертіп, жаңа облыс бөлектеп шығару хақында;
12. Қазақтың ақшалары туралы;
13. Соғыс һәм жұмысшы хақында;
14. 1917 жыл 25 июнь жарлығынан шыққан бүліншілік, сонан болған шығын мен зиян турасында;
15. Жалпы қазақ сиезін жию һәм басқа сиездерге өкілдер жіберу туралы;
16. Дәрігерлік жайы;
17.Игілік қауымы (кооператив), уақ қарыз серіктігі (кредитное товарищество) һәм басқа керекті ұйымдар тарату турасында;
18. Шаруашылық жайы;
19. Әйел мәселесі;
20. Қазақ арасындағы дау-жанжал. Мәжіліс адамдары сиездің бұл жобасын бекітті».
«Сарыарқа» көтерген саяси тақырыптардың тағы бірі сот мәселесі. Жалпы сот жүйесінің қалыптасуы, мемлекеттің қалыптасуының басты кепілі. «Сарыарқаның» 28-нөмерінде Әлімхан Ермековтың «Жасасын, Алаш жасасын» атты мақаласында ол туралы былай деген: «Әр халық жер-суына, тұрмысына, шаруасына қарай әдет-ғұрпына лайықты закон шығарып, хәкімшілік атқару тиіс. Тұрмысын, әдет-ғұрпын тұрғын халықтың өзінен артық кім біледі?! Сондықтан қазақ жұртына арналған закон, ережені шығаратын қазақ халқының өз закон кеңесі (гос. думасы) болуға тиіс» деп үн қатты.
Бұл кезеңде бостандық ұғымын әркім өзінше түсініп, елде ұрлық, талау, төбелес секілді қалмыстар әрбір жерден шаң бере бастады. Сол үшін Семей облысында қазақ ортасына билік айтуға тез арада сот мекемесі ашылмақ болды. Бұл мекеме бүтін бір облыстағы ел ортасының дау-шарын, зорлық-зомбылық ісін тексеріп, үкім қылатын болып бекітіледі.
Ол сот ережесі қандай болып бекігендігі жайында газет өз оқырмандарына мынадай ақпар береді.
1. Семей облысына уақытша қазақтың билер (сот) мекемесі құрылды. Мекемеде үш кісі отырады: бірі - председатель, екеуі - ағза. Бұларды обласной Қазақ комитетімен келісіп, обласной Исполнительный комитет тағайындайды. Председатель заң ғылымын білетін оқығаннан, яки адвокаттыққа емтихан бергендерден болмақ. Бұлардың кандидаттары осы ретпен сайланады.
2. Уақытша қазақ сотының қарауына тиісті істер:
А) Қазақ арасындағы қылмысты жұмыстардың баршасы бұған кіреді. Түркістанский положениенің 141-ші бап, 7-8 пунктіндегі «а», «у»;
Б) Барша қазақ ортасындағы даулар, егерде орыс ұлықтарының куәландырған шарттары болса, ол уақытта орыс соттарына тиіс.
3. Бөгде жұрттардың қазақта дауы болса, я бөгде жұрттардың өзара дауы болса, тілесе қазақ сотына жүгінуге болады. Қазақ сотына жүгінгендер сол іс туралы орыс сотынан іздей алмайды.
4. Уақытша қазақ сотына тиіс ақы даулар екі жағы тілесе һәм тілегенін ауызша, яки жазып білдірсе, мировой сот, я окружной сотқа салынып тексерілуге болады.
5. Уақытша соттың айтқан билігі (хүкімі) бұзылмайды. Мұның үстінен арыз берілмейді. Сот билігін председатель кідірмей орнына келтіреді.
6. Жазалы істерін тексергенде сот мекемесі ығын-шығынды кескенінің үстіне үш жүз сомға дейін айып, бір жарым жылға дейін абақты кесуге шамасы келеді.
Қосымша: кесілген айып тұтқындар жататын орындар пайдасына беріледі.
1. Сот кескен айыпты төлеуге шамасы келмегендер айып орнына үш айға шейін абақтыға отырады.
2. Сот мекемесі істі жай кісілердің арызы бойынша, яки комитеттердің білдіруінше, болмаса өз қарауы бойынша тексеруге кіріседі.
3. Егер айыпкердің істеген ісіне бір зор оқиға себеп болса, я жазасын жеңілдетуге, я кешуге себеп табылса, ол уақытта сот айыпкерді мынадай шартпен босата тұрмақ: егерде сол жылдың ішінде тағы бір іс туралы жазалы болып, кесім кесілсе, бұрынғы жазаны да қабат өтейді.
4. Кесілген жазаның алты бөлімінен бір бөлімін өтеген соң айыпкер өткен ісіне өкініп, тәубе қылса, бұдан былай таза жүруіне елі кепіл болса, сот мекемесі мұндай айыпкерді босатуға еркі бар.
5. Сот мекемесі хүкімін орындауға болыс комитетіне, яки үйез комитетіне тапсырады.
6. Екі жағы да сөзін сөйлейтін кісі кіргізуге ықтиярлы.
7. Даугерлердің айтқан дауы, куәгерлердің берген жауабы, сыншылардың сөзі – бәрі сот мекемесінің қағазына жазылып отыруға тиіс.
8. Сот мекемесі қай жағы сұраса да, сот билігінен копия беруге міндетті. Айыпкерлерге тегін беріледі, өзгелерден тиісті ақы алынады.
9. Сот мекемесіне берілетін арыз һәм басқа қағаздар марка, я басқа салықтан бос болады.
10. Егер де биліктен соң бұрын білінбеген, естілмеген дәлелді сөз табылып қалса, ол уақытта өз хүкімін жаңадан қарастыруға болады һәм болысной соттарға да қайта тексертуге әмірі келеді.
11. Даугердің дауы өтірік болса, жауапкердің сұрауы бойынша сотқа келу жолындағы шығынын сұраушыдан сот мекемесі өндіреді.
12. Істі тексергенде бейкүнә адамға өтірік жала жапқаны анықталса, сұраушыны жауапшы сотқа тартам десе, сот оған ерік береді һәм өтірік сұраушыға жаза кесіледі.
13. Ел ішіндегі соттар жасалған соң обласной сот оларға тиісті жұмыстарды тапсырады. Бірақ екі болыс арасындағы, яки екі атаның арасындағы құн, барымта даулар обласной сотқа тиіс. Екі даугер обласной сотқа жүгінуге келсе, сот мекемесі лайық көрсе, тексереді; лайық кермесе тиісті орынға жібереді .
Екі бөлімнен тұратын сот ережелерінде барлығы дүгел дерлік тәптіштеліп жазылған. Сот ережесі сол уақыттың тынысынан нақты хабар беріп тұр.
«Қазақтың өз билігі өзінде, Россияға бағынбай тұрған заманында айнымайтын алмастай әділ атақты билері болған. Олар оқымаған тоқыған, туысынан би болған. Олар айтқан билікке тынбаған жан болмаған. Орысқа бағынған соң бұрынғы билер қалып, дуанбасы, қазы, майор қойылған. Олардың дәуірі өтіп, жаңа закон шығып, қызметке таласатын жаңа дерт жұққан, бүктеме сайлау шыққан. Малды кісі би болды, милы кісі ей болды, билігі жақсы жөн болды. Партия, бүлік, ел жиыс, ертеңді-кеш итжығыс, тыным да, бітім де жоқ заман болды.
Құлдықтың қосағынан құтылған соң әр жұрт өз тізгінін өзі алып, ел болуға қам қылды. Жұрт ортасына тыныштық орнатып, момынды залымнан қорғамақ болды. Сол үмітпен Семей облысының қазақ комитеті обласной һәм үйезный қазақ соттарын ашты. Жаңа ашылған қазақ соты ақыретте иманға, тіршілікте ар-ұятқа тапсырылған сот. Семей облысының қазақ соты хүкім етуге, ұрлық, зорлық, залымдықты тиюға кірісті һәм Семейдің үйезный соты ашылды. Әр үйездің өзінде үйезный сот хәкім етеді. Бұл соттар таза қазақ жұмыстарын тексереді. Вексіл, нотариус куәландырған қағаздар орыс сотына тиісті. Қазақтың қандай үлкен жұмысы болса да, үйезный сот қарайды. Екі үйездың арасындағы жұмыс қай үйездың жерінде болса, сол үйездың соты тексереді. Үйез басы алаптық (районный) екі соты болмақ. Алаптық сотты үйезный земство ағзалары сыйламақ. Ол сайланғанша үйезный сот жұмыстарын атқара тұрмақ. Үйезный сотқа разы болмаған жұмыс үйезный соттардан асып келген жұмыстарға обласной сот жүріп, өз жерінде билік айтпақ. Бұрынғы окружный соттарша ауық-ауық барып тұрмақ. Семейдің обласной соты мен үйезный соты бұрынғы окружный сот мекемесінде орнады. Обласной сот мүшелері: председатель Мұқыш Поштаев, ағзалары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Иманбек Тарабайұлы, Смахан Нұрмұхеммедұлы Бөкейханов. Үйезный сот мүшелері: председатель Нияз Молдабаев. Ағзалары: Тұрағұл Ибраһимұлы Құнанбаев, Құрман Есенқұлұлы» .
Осы облыстық сот мүшелерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы сот тармақтарына өзіндік үн қосып мынадай толықтырулар жасаған. Бұл ұсынысын «Сарыарқаның» 39-нөмеріне «Семей облысына қараған барша қазақ ағайындарға ашық хат» деген тақырыппен бастырады: «Осы күнгі ұлық біздің қазақ сотын бекітті. Екінші – қазақ арасында қандай үлкен-кіші дау болса да қазақ соты қарамақ. Бұрын орыс солай тексерген, әзірде билік айтылмаған істің де қазақ соты қарайды. Сол себептен төменгі сөздерді біздің Семей облысындағы барша қазақ қатты ескеру керек.
1- Арыз берген қазақ өзінің, жауапкердің һәм куәлардың тұрған жерін қай болысқа қарайтынын анықтап жазу керек. Олай болмағанда шақыру қағаз қайда жіберетұғыны білінбей, арыз қараусыз қалдырылады.
2- Арызында мал-мүлік, ақы дауласа, бәрінің батасын сомалап, анықтап баға қойып жазу керек. Өйтпегенде ондай арыз да қаралмай, қалдырылады.
3- Бұрынғы орыс сотына жауап бергендей өтірік жала, жалған куәліктерді қалдыру керек. Неге десеңіз, қазақ соты орыс сотындай жалған куә, өтірік жаланы жазасыз қалдырмайды.
Өтірікке қатты жаза салады. Әнеугі март басындағы билікте өтірік куәлік айтқан бір жігіт осы күнде сот кесімімен абақтыда жатыр. «Енді қайтып өтірік айтпаймын, жаманшылық қылмаймын» деп жалынып, кеш деп берген арызын сот қабыл алмады».
Жоғарыда бір сөзімізде сот жүйесінің қалыптасуы дегеніміз мемлекеттің қалыптасуы деген едік. Сот жүйесі заңмен қалыптасады, ал заң ол мемлекеттің құрылымының басты сипаты. Саясат та, тұрмыста әділ законға қарауы керек. Өзгерістер алдың қазақтың тұрмысында әділ шариғат заңы болған, енді саясат сахнасына аттанған қазақ халқы басқалармен түсінікті тұрмыс ету үшін закон құру керек болды. Себебі, қазақ жерінде тек ғана қазақ халқы тіршілік етпеген, оған қоса көптеген жұртпен көршілес болған. «Адам баласы өзінің тұрмысын түзеуге ерікті.
Бір мемлекеттің ішінде неше алуан жұрт бар. Олар өзіне қолайлы тұрмысты өзі біліп жасамақ. Әмір патшаның қолында тұрғанда жұртқа бүл еркіндік болмады. Мемлекет құрлысы халыққа зиянды болса да, шыдады. Талай қысылтаяң жерде жұрттың еркі деген сөз патшаның ауызында болса да халықтан ерік сұрамады» дейді.
Мұндай үлкен жауапкершіліктің Шәкәрімге жайдан-жай міндеттелмегені анық. Қазақ халқына әділетті сот ісінің жедел қалыптасуына жандарын салған «Сарыарқа» газеті сот жұмысында нендей өзгерістер, қандай шешімдер қабылданып жатқандығын оқырманға құлағдар етіп отырды. Соған дәлел ретінде төмендегі «Обласной қазақ сотының алғаш хүкімі» атты мақаладан қысқаша үзінді келтіре кетелік: «Қайыңдық болысына қараған 14 жастағы Жамал Өтепбергенқызын сол болыстағы бір ауылынай адамы Бейсеке Игенбайұлы 27-ші июньде еріксіз алып қашқаны турасында шиелініскен мәселе қарастырылған. Бейсекенің жасы 48- де, екі қатыны бар. Қыздың бұрынғы беріп отырған Қамзе Желдібайұлы кісі жинап келіп, Бейсекенің үйіне түсіп, келінімді алмай кетпеймін деп жатып алған.
Елінің басшы кісісі Тоқбай Бексейіт Қамзе жақтық болып, малға бітпеген соң, Бейсеке амалсыз қызды Қамзеге бермек болған. Қыздың өзінен, я ата-анасынан ризалық сұраған кісі болмаған. Қамзе тоғыз жігітпен Бейсекенің жолдасы Құрманғали Нүкейұлын басшылыққа қосып беріп, Семейде тығып қойған қызды алдырған. Содан соң, қыздың ағасы қазақ комитетіне арыз қылған соң, бір солдат қосып, комиссар жіберіп, Қамзенің қолындағы қызды алдырып жауап алған. Сүйтсе, бейшара қыз екеуіне де зорлықпен барғандығын айтты. Қыздың тілегі бойынша ата-анасының қолына тапсырды. Істерін уақытша құрылған обласной қазақ сотына түсірді. Обласной сот 13-ші июльде осы жұмысты қарады.
Хүкім мәжілісінде 100-ден аса кісі болды. Екі жағы 19 кісі куә салды. Іс тексерілгенде сөздің бәрі шынымен кетті. Жалғыз- ақ Бейсеке қыз маған риза еді деп бұралаңдады. Қыз екі жаққа да ризалығым жоқ, қайда барсам зорлықпен жүрдім деген сөзден танбады.
Куәлардың бәрін қатар тізілтіп қойып, ант алып, Құран сүйдірді. Куәлардың сөзі де бір ізден шықты. Жалған сөйлегені кім, іс зорлық екені расқа шығып, соттар кеңесіп, хүкім естіртілді: Бейсеке 12 ай, жолдасы Құрманғали 3 ай абақтыға отырсын; Қамзе 2 ай, тілін алған 9 жігіт бір-бір айдан алынсын. Жалғыз-ақ қыздың күйеуі Сейіт молда Желдібайұлы күйінді болған себепті әзір жаза өтемесін. Бірақ бір жылдың ішінде жамандық іс қылса, жаза тартсын деп жазалылардың бәрі сол жерден тура солдаттармен абақтыға жіберілді».
Бұл қазақ ішіндегі бірер мысал. Бұрын іс жүргізетін министрлер һәм олардың кеңесі болатын. Министрлер патшаның ауқымында жорып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдамайтын, думаны керек қылмайтын, законсыз жұмыс қылса да олар сотқа тартылмайтын. Енді министрлер халықтың өкілдеріне бағынатын болады һәм оларды өкілдер ғана сайлайды. Министрлер өкілдерге сенімді болса, әмір жүргізіп қызмет қылмақ. Ыңғайсыз, бұрыс істеген ісіне өкілдер алдында жауапты болып, законсыз жұмысқа присяжныйлардың сотына тартылатын болды.
Халық өкілдерінің жиылысын парламент деп атады. Осындай министрлерді парламент сайлап, парламент түсіріп отыратын мемлекет түрін Парламентарная Республика деді. Бұл турасында жалпы кеңесте төмендегідей қаулы жасалды:
1. Сайлау қысты күні болу қиын. Учредительное собрание күзден кешікпесін. Негізгі мәселелерді шешіп, халыққа татулық, тыныштық орнататын учредительное собрание болу керек.
2. Учредительное собраниеге Россияның барша жұртынан өкілдер барсын. Әр жүз мың кісіден кем болса бір кісі барсын.
3. Сайлау көпке бірдей, теңдікпен сайлансын. Сайлау байға, кедейге, оқымыстыға, еркекке, әйелге, отырықшыға, көшпеліге ала-құласыз болсын. Учредительное собраниеге сайлану төтелік, хақилық жөнімен халықтың санына қарай сайлансын.
Мемлекет түрі: Россияның жері бытыранды, кең. Жұрты әр түрлі, көп. Халқы ғылым жүзінде ілгерінді-кейінді болғандықтан мемлекет түрі одақтасқан жалпы жұрттың патшасыз өзін-өзі билейтін түрі болсын (Федеративная Демократическая Республика).
Қазақтың өз тізгіні өзінде болу: әр жұрттың ғылым, өнер жүзінде ілгері басуға еркі бар. Ілгері басуға саяси істе өз билігі өзінде болу қажет. Мемлекеттің берік болуы халықтың есі кіріп ержетуінде; саяси тілектері бір жерден шығуында һәм жұрттың әділдікпен разы болуында. Сондықтан Россиядағы алғашқы болатын Учредительное собраниеде бүтін халыққа келген бостандық, теңдік, туысқандық нығайып, әр жұрт ғұрып-әдеті, тұрмысы, өнері, шаруасы, тарихы, жерінің басқалығына қарай өз тұрмысын өзі қолайлы қылып жасауға ерік берілсін. Қазақтың тұрмысына қарай басқа заң шығару керек. Соның үшін сиез, қазаққа автономия (өз тізгіні өзінде болу) берілуін қалап, түпкі шешуін жалпы қазақ сиезіне қалдырды.
Жергілікті істер халықтың өз қолында болу:
1. Семей облысында жер реті бойынша халық өзін-өзі билеу тәртібін кіргізу аса қажет. Себебі, халықты оятып, іске үйретіп, облыс билігіне кірістіріп, тұрмыс шарттарын білгізу керек.
2. Жаңа хүкімет жергілікті істер халықтың өз қолында болу тәртібін халыққа шығарғанша хәкімшілік һәм шаруа жұмысы уақытша комитеттердің қолында болсын. Ол комитеттер: обласной, үйезный, болысной һәм ауылнай.
3. Алым-салықты бөлу, керегіне жұмсау һәм тексеріп есеп алу комитеттер арқылы халықтың өз еркіне берілсін.
4. Осындай мемлекеттің толықсып тұрған кезінде халықты билейтін күшті ұйым керек. Соның үшін тұқымының, табының, нәсілінің, дінінің басқалығына қарамай халықтың санына қарай кісі кіретін, азды қорғайтын жалпы комитеттер ашу өте қажет.
5. Егер бір тұтқиыл себептермен екі комитет қатар жүруге болмаса, ол уақытта обласной қазақ комитеті бір облыстағы қазақтардың үлкен мекемесі болып, учредительное собраниеге шейін билігін сақтап қалмақ.
Жаңа хүкіметпен өз тұсынан қатынасып, бір облыстың қазағына хүкім жүргізуі мен шаруа жұмысы да қолында болмақ.
Обласной орыс комитетімен араны келістіріп, жақындастыру обласной қазақ комитетінің өз ықтиярында.
Уақытша комитеттер ашу: жаңа тәртіпті нығайту, ел ішінде тыныштық орнату, халыққа, әскерге азық-түлік қамдау һәм учредительное собраниеге даярлану мақсаттары бойынша уақытша ауылный, болысной һәм үйезный комитеттер ашылмақ. Бұл комитеттердің атқаратын жұмысы: Халыққа хәкімшілік жүргізіп жұмысын басқару. Жергілікті істерін халық өзі билегенше бұл комитеттер қызмет істеп тұру».
Бұл саяси мақалалар тізбегі «Сарыарқаның» өзге басылымдардан басты ерекшілігін айғақтайды. Себебі, «Сарыарқаның» бірде-бір саны саяси дүниесіз жарыққа шыққан емес.
Бұдан бір ғасыр уақыт бұрын «елдің саяси билігі өз қолында болуы керек» деп кесім айтқан «Сарыарқа» сол жолдан бір сәтке де тайған жоқ. Ақырына дейін осы тақырыпты ту етіп көтерумен болды.
Жалғасы бар...