Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалып жатыр, деп жазды бүгін өзінің Facebook парақшасында Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали.
«Үкімет пен демеушілердің қолдауымен Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталып кетті. Кешенде Жошының ұрпақтарына, Ұлық Ұлыс, Алтынорда, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал және шағын асхана мен қонақ үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, Алаша хан, Жошы хан мазарларына реставрация жұмыстары басталып, апаратын арнайы жол құрылысы жүргізіледі. Құдай қаласа, күзде Кешеннің есігі ашылуы күтілуде»,-деп жазды Берік Әбдіғали.
Қысқаша айта кетер болсақ, 2019 жылдың 24 тамызында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы атап өткен еді.