Қасым ханның аманаты
24.01.2019 6563
Қазақтың ұлы ханы Қасым осылайша өлерінде де халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, ел билеу ісінде халыққа тек жақсылық жасау керек екендігін айтқан

Қазақ даласында билік құрған, ел басқарған әрбір хан өзіндік ерекшеліктермен тарихта аттарын қалдырады. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрса, Абылай хан үш жүзді біріктірген. Ал Қасым хан тарихта Қазақ хандығының гүлденуіне, халқының санының көбеюіне,  сапта тұрған әскердің рухтануына, хан атағының алысқа жайылуына және, ең бастысы, қазақтың тұңғыш конституциялық құжаты «Қасым ханның қасқа жолының» негізін қалаушы ретінде ұлт тарихында ерекше орны сақталады.

Қазақ хандығын құрғандардың бірі – Әз-Жәнібек ханның баласы, ұлы хандардың бірі Қасым хан 1445 жылы дүниеге келген.

Алғашында Бұрындықтың атты әскерін басқарып жүрген Қасым хан ел басқаруға қабілетсіз болып қалған Бұрындықтан кейін билікті өз қолына алады. Қасым хан билікке келгенде Қазақ хандығының өрлеу дәуірі басталады. Даңқты қолбасшы ретінде Қасым хан бірден тек ішкімен қатар, сыртқы саясаттын қолына алады. Ең алдымен ол Моғолстанның ханы Сұлтан Саид пен достық қарым қатынас орнатады. Мәскеу мемлекетінің кінәзі III Василийменде дипломатиялық қатынас орнатып, елмен жақсы байланыста болған. Оған қоса сол кездегі Қазақ хандығына қауіп төндіріп тұрған көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болды. Тарихта Қасым хан басқарған кезеңде қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, ал халық саны 1 млнға жеткен. 

Ұлт көсемі, Қасым ханның халықты біріктіру саясатын жалғастырушысы Әлихан Бөкейханның Қасым туралы:

«Қасым хан қазақ халқын біріктіру саясаты арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен өзінің қарауындағы халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Кең далаға атағы жайылды» деп жазады.

Негізі Қасым ханның ішкі-сыртқы саясаты туралы Мұхаммед Шайбани жөнінде мәліметтерінде аздап кездеседі. Кейбір сақталған деректерде Қасым хан мемлекеттің құрылымын нығайту саясатында біраз істер атқарған.

Қасым хан тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Мәслихат-сұлтандары мен ру басшыларының съезі өткен. Мәслихат жылына бір рет жиналып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын көтеру, көші қоны саясаты, жайылым жерлерді бөлісу, бітім жасау, сыртқы саясат сияқты мәселелер талқыланып, шешімдер шығарылған.

Мәслихатқа тек ерлер ғана қатыса алатын болған. Мемлекеттің бүкіл билігі хан қолында болды. Ханның заң шығаруға, қабылдауға, жарлық беруге толық құқығы болды. Сондай-ақ ханның тұсында атақты билер кеңесі мен кеңесші ұйымдар болды.

Осылай қазақ билеушісі жетпістің алтыншы жылына келіп, өмірінің соңғы сәттерін Сарайшықта Еділ мен Жайық арасында өткізді. Елінің толық мемлекет болып қалыптасуында үлкен үлес қосқан Қасым хан халқын қиыншылықтан алып шыға білді. Көптеген жылдар елді басқарған Қасым хан – Шайбанидің өлімін, Үлкен Орданың күйреуін, Мәскеудің төрелік дәрежеге көтерілуін, аты дүркіреген Темір мен Моғолстан имериясының бөлінуін, Осман империясының көтерілу сияқты біраз кезеңдерді басынан өткізіпті.

Жетпістен асқан қарт Қасым өмірінің соңғы сағаттарында 60-ты алқымдаған үлкен ұлы Мамашты шақырып алып:

«Мен қартайдым. Менің ең басты арманымның бірі – қазақ жерін, оны мекендеген халқын тәуелсіздікке жеткізу еді. Оған қол жеткіздік деп ойлаймын. Туған өлкеңнің атын әр қашан биікке көтер, жердің гүлденіп, көркеюіне атсалыс. Ата-бабаңнан қалған салт-дәстүрді әрқашан құрметте. Ел ішінде ешқашан азаматтық соғыс болғызбауға тырыс. Елдің тату-тәтті өмір сүруі ең маңызды дүние. Билік үшін күресіп, халықты азаптама!»

Қазақтың ұлы ханы Қасым осылайша өлерінде де халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, ел билеу ісінде халыққа тек жақсылық жасау керек екендігін айтқан. Қалып бара жатқан ұрпақтың бейбіт, тәуелсіз елде өмір сүруін қатты қалаған.  

Ауыр науқастан қайтыс болған Қасым ханды Алтын Орда хандары жерленген Сарайшықта ақ жауып жерледі.