Шөптібай БАЙДІЛДИН: 500 жаңа оюға ат қойдым
15.05.2018 3072
Біріншіден, оны көретін көз болу керек. Оюды танитындай адам болу керек. Екіншісі жедел түрде оны өндіріске енгізу қажет. Сөйтіп қана сақтай аламыз

– Шөптібай аға, қош келдіңіз! Сізді жақын танитындар оюшы екеніңізді біледі. Ою – қазақтың ең мықты, ең жақсы ерекшілігінің бірі ғой. Біздің ұлтта есептеуіңіз бойынша қанша ою бар?

– Ғалымдардың зерттеуі бойынша екі жүз отыздай оюдың түрі бар. Ұлттық оюды Бәсенов, Төлембаев, Әлібеков, т.т. зерттеді. Кейін Төлембаев әулетіне келін есепті Маргарита Өнербекова 2004 жылы «Қазақтың ою-өрнектері» деген кітап шығарды. Мұнда 230 оюдың аты аталады. Бұл атаулардың барлығы да «Ботатірсек», «Ботамойын», «Қарғатұяқ» депкелетін өткен ғасырлардан қалған аттар. Бүгінгі күнге келмейтін атаулар. Оюдың аттарын дәл берді деп те айта алмаймын.

– Қазақтан артық ат қойғыш, ат тергегіш ел жоқ деп жатамыз. Сонда қалай?

Жалпы оюдың тарихы тіпті тереңде жатыр деп айтсақ артықшылығы жоқ. Оның бір дәлелі қазақ топырағынан шыққан Алтын Адамдағы оюлар. Бізде қазақта жазу болмаған деп келетін тұжырым бар, бірақ ою болды. Мен де сол жазу болмады, таңба болды деп санаймын. Әрбір рудың таңбасы жазу ғой. Мысалы, сен найман әулиетінің жас жігітісің, бір қызға көңілің кетіп сақина соғып бересің. Ол жай сақина емес, онда найманның бақан таңбасын салып бересің бе. Ал қыз бала саған орамал шілтірлеп, шетіне өзінің керейдің таңбасын өрнектейді. Ол қыздың керей екенін содан біліп тұрасың.

Біздің аталарымызда жазу болмағанда таңба болды, ою болды дейтінім сондықтан. Сонымен қазақ ойындағын оюмен айтты, кез келген жиында айтқысы келгенін жеткізді.

– Қазір оюдың қадірі кете бастады деген сөзді жиын еститін болдық. Неліктен?

– Қазақтың мәдениеті мен дәстүрі керемет көп, соның ішіндегі ең кереметі ою деп айтар едім. Ең нәзігі, сүйкімдісі, әдемісі – ою. Оюдан артық ешнәрсе жоқ. Біздің қазақтың топырағында оюдың түспейтін әлемі жоқ. Жаңа туған баланың бесігінен бастап ою өмірден озған кісінің табытына дейін түседі. Сосын қазақтың киіз үйі көшпелі мұражай ғой. Егер дұрыстаған адам болса киіз үйдің ою түспейтін жері жоқ. Түндікке түспейді, өйткені одан түтін шығады. Сосын уықтың жоғарғы жағына, уықтың ортасына дейін түседі.

Оюдың су деген түрлері бар. Жиікке түсетін су түрлері жіңішке ирек-ирек, сол уықтың төменгі жағы бір тілдей жалпақ болады. Қазір енді ағаштан жұмырлап істей салатын болыпты. Ал бұрын уықты керемет етіп жасап шығарған, төменгі жағын оюлайды, жоғарғы жағын түйерлейді. Уықтың ұшына күміс тағады, біріншіден, сынбау үшін керек болса, екіншіден, шаңырақты қажамайды. Қазір біздің қазекең бұрғымен тесіп жүр шаңырақты. Бұл дұрыс емес. Себебі ол төрт қырлы болуы керек. Төрт қырлы шаңырақтың тесігіне төрт қырлы ағаш кірсе, анау-мынау дауылыңа қозғалмайды. Ал енді домалақ салса, қатты жел болса, сәл бұрса, ол айналып кетеді ғой.

Киіз үйге оюдың түспейтін жері жоқ дедім ғой, қазақ кіреберіс есікті сықырлауық дейді. Сықырлауықтың жоғарғы жағын міндетті түрде ашық қалдырады, арасында адам қол ұстап тұратындай қатар-қатар оюлы ағаш тұрады. Ол ауа өткізгіштің өзі емес пе! Сырттан ауа кіріп, түндіктен шығып ауаны тазалап тұрады, есіктің астынан жүрмейді. Астында жүрсе де, тақтай оюлап жасап қояды.

Сосын табалдырықтың маңдайы аласа болады. Неге аласа болады? Қазақтың алтын ордасына хан да, қара да еңкейіп кіру керек. Былтырғы өткен ЭКСПО-да «Мәңгілік Ел» деген шар тұр дөңгелек, соған кірген кезде ешкім аяқ астына қарамайды. Сонда Торғай квадраты, Торғай свастикасы, Үштоғай квадраты, Қызылоба сызығы, Шиелі төртбұрышы деген қазақша, орысша және ағылшынша жазылған бес түрлі жазу тұр. Бұлар – Торғайдың әлемде әлі құпия-сыры ашылмаған кереметтері. Мен соны газетке жаздым. Торғай қақпасы арқылы біздің Қарашығанаққа кіріп тұр, Торғай елінің үстімен ұшып тұр дедім. Сонда киіз үйдің ішіндегі бүкіл заттарының бәрінің өзінің рет-реті бар,  барлық затқа ою түседі. Оюдың жай емес, ғажап түрлері түседі. Оюдың өзі екі топқа бөлінеді: ою мен өрнек.

– Өрнектің қандай айырмашылығы бар, соны айтсаңыз.

– Ою үнемі симметрия беріп тұрады. Қай қырынан қарасаң да, бірдей болып тұруы керек. Жуандығы да, жалпақтығы да, бұрышы да бірдей түсуі шарт. Ал өрнек ондай симметрияға бағынбайды. Ол еркін, теңіздің толқыны сияқты біреуі биік, біреуі аласа болып кете береді. Ол көбіне түскестесіге түседі. Кестелеп түске іліп қояды. Орамал, сүлгіге түседі, көрпе, қапқа түседі. Сондай нәзік заттарға түседі.

– Ал жақсы түсіндік. Оюшылар кімдер? Олар оюды қалай ояды?

«Оюшы» деген сөзді осы уақытқа дейін біз дұрыс жазбай жүрміз. Ол оюшы емес, «ой-у-шы» болуға тиіс. Біздің әліпбиде «ю» деген дыбыс жоқ қой. Аю дегендей. Сондықтан оюдың тән қасиет, онда қиял-ғажайып деген нәрсе жоқ. Барлығы күнделікті жұмыстан, өмірдегі тірліктен алынған. Қазақтың оюының атасы – қошқармүйіз. Қошқар дегенің қойдың атасы. Үшеуін қатар қойсаң, мүйізі едірейіп тұрады алдыңда. Сол қошқармүйізден әрі қарай шығара бересің. Кез келген элементте қошқармүйіз болады.

– Жаңа  бір сөзіңізде аталарымыз қойған ою атауларының қазіргі кезде айтылымы қиын деп. Енді не істейсіздер? Оюды жаңа атау, термин ойлап табасыздар ма?

– Оны кейбіреулер дұрыс түсінбей қалады, дұрыс қабылдамайды. Иттабан деген сөз бар. Қазіргінің баласына иттабан деп айтсаң, ол түсінбейді. Сондықтан мен «Ою ой айтқан елміз» атты екінші кітабымда 500 оюға ат қойдым. Біздің елден шыққан ғұлама ғалым Қойшығара ағамыз: «Қарағым, сен көңіліңе алма, бүгін бар өмір ертең жоқ, ертең кетіп қалсаң, мынаны қыруар еңбекті біреу пайдаланып кетеді. Сондықтан осыған жақсы болсын, жаман болсын, ат қой. Мүмкін біреу қабылдар, біреу қабылдамас» деп айтты. Мен ойлап-ойлап, көрдіңіз бе, мұнда да ой, әрі ойлап бері ойлап топқа бөлейін. Сақинаға түсетін оюлар, жүзікке түсетін оюлар, белдікке түсетін деп жіктеп барып, соған байланысты атаулар таптым. Енді мұным жұрттың көңіліне шыға ма, шықпай ма, көрерміз. Арасында Маржан, Ақбота деген қыз баланың есімдерін де қойып жатырмын. Оюдың түріне қарап, қос аққу болатын болса, ғашықтар деген сияқты.

Кеше мен әскери музейде болдым. Бір жас келіншек келді де, менің қолымда қалған соңғы кітабымды сатып алды. Ол менен «Осындай кітапты дайындап жүрген зерттеуші ғалымсыз ба?» деп сұрады. Мен болсам, зерттеуші емес, ғалым емес, осынау ұлы мұраны қолдан жасап жүрген қазақпын деймін. 2000 оюдың авторымын десем, кім қарсы болады?!

– Ол қазақ оюларынан бөлек пе?

– Бөлек.

– Сонда жеке авторлық оюларыңыз болды ғой.

– Әлбетте. Мен біреудің жасаған ойын ешқашан қайталамаймын. Сапар Төлембаевтың оюы шығып тұр. Әбдікәрім Нұрпейісов ағамыз Алматыда. Екеуі де 1938-1939 жылғылар, өмірде бар ма, жоқ па, білмеймін, кітаптарын көріп отырмын. Бірақ олардың кітабының бетін ашып қарамаймын. Олардікіне ұқсас бір элемент кетіп қалса, артынан соттасып шыға келеді. Алматыдағы«Өнер» баспасына бірінші кітабымды тапсырарда маған баспа директорының орынбасары Қарлығаш хабарласып: «Ойбай, аға, Маргарита Өмірбекова деген апайымыз «Байділдин деген қайдан шыққан, менің ойларымды ұрлап жатқан шығар, кездесемін» деп айтты» деді. «Жақсы, келсін, шақырайық, мен де кездесуді армандап отырмын. Комиссия құрылсын, мамандар болсын, ол кісі ойынан бір нәрсе шығаратын болса, сонда дәлелдесін. Екеумізге кез келген тақырыппен берсін, ой айтық, ою ояйық. Қайсымыз оюшымыз, қайсымыз өтірікшіміз – сол жерде шешіледі ғой» дедім.

Мен келгенін күтіп едім. Маргарита ақыры келмей қалды. Мен оюды сызбай, бірден қағазға оямын. Қандай ою керек болса да, дереу оя аламын.

– Ою ойуға қандай қабілет керек?

– Ойушыға ой керек. Ол бір күннің әңгімесі емес. Мен 40 жыл шамасында осы әңгімемен жүргенмін. Кейкіні 50 жыл ойладым. Бірақ соңғы 10 жылда жазып шықтым. Үйдегі жеңгең ренжиді: «Баяғы совет үкіметінің ақша төлейтін кезінде жазбай, төлемейтін кезде жаздың» деп. Ол кездегі қаламақы қыруар ақша еді ғой. Мен мүйізі қарағайдай жазушы болып кетер едім.

Оюға не керек? Біріншіден ынта керек, төзім керек, шеберлік керек. Менің ою туралы тұжырымды сөзім бар, жеке бір бет етіп энциклопедияға бергем. Ою-өрнек дегеніміз – сұлулық, көркемдік, әсемдік, тазалық, шындық. Ойушының жүрегі таза, жұмсақ, нәзік болу болу керек.

Мысалы қаны қара, пиғылы арам адам болса ою ойуы мүмкін емес. Өйткені әсемдіктің бәрі кез келген кісінің жүрегінен шығу керек. Ою дегеннің өзі біздің қазақтың маңдайындағы жақсылығы, оның ішіндегі ең әсемі, сүйкімдісі, тазасы, көркемі. Кісіге жылылық беріп тұрады. Егер көрме ұйымдастырсам, кіріп келген кез келген адам «оһ» дейді. «Оһ» деп таңырқамайтын адам болмайды. Көп жағдайды бақылап тұрамын,  оюға немқұрайлы қарау мүмкін емес.

– Осындай керемет оюымызды дамытып, халық арасына кең таратып, күнделікті өмір тұрмысына қолдануға не кедергі?

– Бірде Қостанайға барып көрме қойып едім, орыс көп жер ғой, сонда біздің қазекең қарайды да, «осы неменеге керек?!» деп мінсінбей кетеді. «Ол не зат?» деп сұрайды менен. Орыстың кемпірлері келсе, «ой, какая красота!» арқаннан қағып, құшақтап, «молодец, ты подарил такое счастье» деп кетеді. Мен соған балаша мәз боламын. Ал ана қаны қазақтар жер қылып кетеді.

Кітап шығарудың әуресімен Иманов көшесінің бойындағы мәдениет министрлігінің бұрынғы  үйіне барғанмын. Шағындау бөлмеде 5-6 жігіт, бір үлкендеу кісі отыр екен. Үлкен кісі жөн білетін болар деп, апарған 5-6 альбомымды көрсетпеймін бе. Ол аударып отыр, аударып отыр, сосын маған: «Осының қаншақты қажеттілігі бар?» деді. Жүрегіме пышақ сұғып алғандай болды.

Аздап есімді жинап үндемей отырдым. Бір кезде от алып кеттім: «Ей, ақымақ, сені кім осы жерге отырғызған? Мұрныңа ештеңенің иісі бармайтын болса, не бітіріп отырсың бұл жерде? Сені қай құдай осы жерге әкеліп отырғызған? Атаңа нәлет, не айтып отырсың?» Одан әрі әлгі жас жігіттер зорға қойдырды мені. Сосын есігін бір теуіп шықтым. Парламентке барып марқұм Орал Мұхамеджановпен баяғы Алматы партия мектебінде бірге оқып едік. Сол жарықтық дереу шығартып берді ғой.

– Ою арқылы қазақты, қазақ арқылы оюды білетін кезеңге қашан жетеміз? ЭКСПО халықаралық көрмесінде біз ұлттық мұраларымызды насихаттай алдық па? Әсіресе, оюды шетелге танытудың бір жолы осы еді ғой.

– Оюдың әрқайсысының өз орны бар. Оны қазір Қазақстан қалып, Америкадан шығарып жатыр. О жақта жасап жатқан бала маған хабарласқанда оюды табан астына салмаңдар деп ақыл-кеңесімді айттым. Олар ою сұрайды, мені зерттеуші деп ойлайды, автормын десем, көп адам ойланып қалады. «Алыңдар, пайдаға, кәдеге жаратыңдар, тек теріс болмасын» деймін. «Тек мені ұмытып кетпесе екен» деймін. Ою бойынша өмірімде бірінші рет Қостанай облысы меценаттар клубында 350 мың теңге ұттым. Кейкінің бірінші кітабын шығарғанда 1 миллион теңге ұтып алдым.

Қазақ оюының қолданатын ауқымы өте көп. Мен осы республика деңгейінде бірнеше рет жаздым, ешкім былқ етпейді. Министрлікке де жаздым, Президент аппаратына да жаздым, тіпті Президенттің өзіне де жаздым. Қазақстан дүние жүзіне танымал болады деген имидж ЭКСПО-ның қарсаңында шетелден келетін адамдар бірінші мәдениетімізді, өнерімізді көргісі келеді дедім. Астана қалалық әкімдігінен жауапты мамандар хабарласып: «ЭКСПО алаңына 30 метрлік стелла қоямыз, оған сіздің   оюңызды пайдалансақ қайтеді?» деді. Мен мәз болып, ел-жұртқа соны жарияладым. Бір ай өткеннен кейін, қоңырау шалсам, сол жігіт «білмеймін Аманшаевпен сөйлесіңіз» деді. Ал әкім орынбасары Е. Аманшаев: «Біз сол оюды қояйық десек, екі академик «оюдың керегі не? Современный емес ою деген. Одан да 25 қырлы етіп жасап, оны Тәуелсіздік деп атаңдар!» деді» деп академиктерге жығылып отыр екен.

Бізді Этноауыл деп қаланың сыртына қуды. О жаққа тірі жан бармайды. Шет жақта болғандықтан, үлкен кісілер аһілеп-уһілеп шаршап жүрді. 12 күн тұрған тиісті жағдай жасамады. Оған дейін де пікірімді айтып жүрдім: ЭКСПО-ға кіретін негізгі қақпа бар емес пе, бір шақырым жол жасап, екі бетіне қазақтың ұлттық өнерінен  павильондар ашып қоймады ма дейсің.

Көрмені тамашалауға шетелдіктер келмеді десе де болады, Жапониядан 3-4 адам көрдім, Қытайдың бір қара қазағы келді.  Осы да көрме ме?

Оюдың жағдайы осындай. Қазақ тарихында оюдың қолданылмайтын әлемі жоқ. Көшені безендіруге, салтанат сарайлары мен мешіт-медреселерде қолданса қандай әсем?! Бірнеше рет Әзірет сұлтан мешітіне бардым. Ол жақта ою тұр, бірақ қазақтың оюына ұқсамайды. Біздің ою қиял-ғажайып емес қой, біз табиғаттың өзінен алып тұрмыз. Қошқардың мүйізі, екі аққу қатар тұрса, жүрек болып көрінеді. Аттың бас суреті, табиғаттағы шөп, неше түрлі гүл. Қарап тұрсаң, осылардың бәрі ою ғой. Біріншіден, оны көретін көз болу керек. Оюды танитындай адам болу керек. Екіншісі жедел түрде оны өндіріске енгізу қажет. Сөйтіп қана сақтай аламыз.

– Рақмет әсерлі әңгімеңіз үшін!