Ахмет Жұбанов айтқан екен...
28.07.2017 2562
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, ұлы композитор Ахмет Жұбановтың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Жұбанов Ахмет – қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, Ақтөбе облысының Темір ауданында 1906 жылы дүниеге келіп, Алматы қаласынан 1968 жылы топырақ бұйырған. Ленинградтың (Петербург) М.И. Глинка атындағы техникумда және консерваториясында оқыған.

А. Жұбанов – композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық-симфониялықжәне вокальдық шығармалырдың авторы. Ахмет Қуанұлы – қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп-тануда, жорып-түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға.

* * *

Профессор Ахмет Жұбанов пианинода бір шығарманы ойнап отырса қызы Ғазиза:

– Осы бір тұстағы нотаны ылғи қате аласыз, – депті. Сонда Ахаң пианино ойнауды тоқтатып, қызына ошарыла бұрылып:

– Қызым-ау, мен сен сияқты академиктің, профессордың баласы емеспін ғой! – деген екен.

* * *

Академик Ахмет Жұбанов кезекті бір кітабының қолжазбасын «Жазушы» баспасына тапсырады. Арада біраз күн өткенде автор баспаға келіп, кітабының редакторынан:

– Қарағым, қолжазбамды оқыдың ба? – деп сұрайды.

Сонда аңқау редактор:

– Япырмай, Ақа, керемет грамотный екенсіз, үтір-заятына дейін өз орнында тұр екен! – депті.

Ақаң бұл сөзге болмашы ғана жымиып:

– Қайдан білейін, қарағым, осы жұрт мені академик деп жүр ғой, – деген екен.