Солтүстік Қазақстан облысының архиві: өткеннің тәжірибесі және бүгінгінің үлгісі
18.10.2016 3653
1923 жылы 18 қазанда Петропавл қаласында Ақмола облыстық архив бюросы құрылды

«Қазақ автономиялы Кеңестік Республикасы губерниялық архив бюросы туралы» 1923 жылғы 26 сәуірдегі Ережеге сәйкес, Ақмола губерниялық атқару комитетінің 1923 жылдың 18 қазандағы қаулысы бойынша Петропавл қаласында Ақмола облыстық архив бюросы құрылды. 1925 жылы архив бюросы Петропавл қаласының шаруашылық жағдайы туралы материалдарды іріктеп, шолу жасады. 

Нәтижесінде «Мир труда» газеті редакциясының күшімен жинақ басылып шықты. Архив қызметкерлері азамат соғысы, аштық пен күйреген шаруашылық жағдайының өзінде жанкештілікпен жұмыс істеп, ұрпақтарға керек көптеген құжаттық материалдарды жинап, жүйеге келтіріп, сақтап қалды. 1926 жылы Ақмола губерниясына қатысты Омбыда сақталған құжаттар қайтарыла бастады. 1928 жылы Петропавл округінің құрылуына байланысты округтік архив бюросы ұйымдастырылды. 

1932 жылы Қарағанды облысы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген соң, Қазақстан Орталық архивының Петропавл бөлімшесі Орталық архивтың Қарағанды облыстық бөлімшесі болып қайта құрылды. 1934 жылы КСРО Ғылым академиясының тапсырмасы бойынша «Кеңес өкіметінің алғашқы қадамдары» деген жинаққа арнап 214 құжаттың көшірмесі жіберілді. 1936 жылғы 29 шілдеде Қарағанды облысы екіге бөлініп, орталығы Петропавл болған Солтүстік Қазақстан және орталығы Қарағанды болып белгілеген Қарағанды облыстары құрылды. 

Бұдан кейін 1939 жылы Ақмола, 1944 жылы Көкшетау облыстары бөлініп шығуына байланысты, тиісінше бірқатар аудандық архивтар соларға берілді. 1938 жылы Қазақстандағы архив жүйесі түгелдей Ішкі істер Халкомына көшірілуіне байланысты, 1939 жылдың 14 мамырында Солтүстік Қазақстан облыстық архивы да берілді. 

Мемлекеттік архив қорлары туралы жаңа 1941 жылғы 29 наурызда қабылданған №723 Ережеге сәйкес елдегі архив жүйесі қайта құрылып, СҚО УНКВД архив бөлімшесі және Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивы болып ұйымдастырылды [6]. 1940-1941 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық архивында «Қазақ КСР-ның құрылуы және қазақтардың 1916 жылғы көтерілісі» тақырыбына құжаттар зерттеліп, олар 1947 жылы Қазақ КСР ІІМ архив басқармасы шығарған құжаттар жинағына енгізілді. 

Ұлы Отан соғыс кезінде архив қызметкерлерінің жауапкершілігі арта түсті. Елдегі қиыншылық архившылардың басына да төнді. Отынның аздығы, қағаздың жетіспеуіне қарамастан, қызметкерлер архив байлығын сақтап қалды. Үкіметтің 1941 жылғы шілдедегі арнайы қаулысына сәйкес, орталық аймақтардағы архив қорлары Қазақстанға көшіріле бастады. Біздің облысқа ресейлік 15 мекеменің архивы жеткізіліп, сақталды, жау қолынан азат етілгеннен кейін бұл архивтар қайтарылды. Соғыс жылдары облыста архив бөлімі, облмемархив және аудандық 11 архив болды. 1944 жылы облыс орталығындағы мекемелер мен ұйымдардың, кәсіпорындардың саны 269 болса, солардың 261-і облыстық архивтың есебіне алынды. 

Мемлекеттік архив қызметкерлері мекемелер мени ұйымдарға барып, архив ісі жөнінде нұсқау-түсінік беретін, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін. Айталық, 1945 жылдың өзінде облыстық архивтың 983 қорында 68465 іс сақталды, 347 қордың тізбесі жасалды, 1946 жылы қор саны 11259-ға, істер 77329-ға жетіп, 554 қордың тізбесі жасалды. Қор толықтыру жұмысымен қатар, бөлініп шыққан архив мекемелеріне, Республиканың Орталық мемлекеттік архивына көптеген құжаттар жөнелтіліп жатты. Мұның өзі қыруар еңбек пен шығынды қажет ететіні түсінікті. 1956 жылдан бастап, облыстық газеттердің редакцияларынан фотоқұжаттар жинау басталып, облыстық архивқа 57 негатив қабылданды.

 Қазақстан үкіметінің 1960 жылғы 17 маусымдағы және облыстық атқару комитетінің сол жылғы 28 шілдедегі шешімдері бойынша облыстық ішкі істер басқармасының архив бөлімі Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің жанындағы архив бөлімі болып қайта құрылды. 1966 жылдан бастап, жеке тұлғалардың архивтары қабылдана бастады. Алғашқылардың бірі болып, 1919 жылы Петропавлда жастардың астыртын ұйымын құрған А.К. Бочаговтың жеке қоры құрылды. 1965-1966 жылдардың 16 айында архившылар аудандарға 100 рет шығып келді. 

Облыстық мемлекеттік архив қорларын толықтыруға 1965 жылы 8 адамнан құралған шаруашылық есептегі топ бірқатар көмек берді. Осы топтың қажыр-қайратының арқасында, 1966 жылдың өзінде 8980 іс өңделіп, 5780 іс облыстық мемлекеттік архивқа тұрақты сақтауға тапсыру үшін әзірленді. Анытамалық сипаттағы 3200 іс тиісті ұйымдардың өздерінде сақтауға қалдырылды да, 5833 іс жойылды. 1969 жылы 10 техникалық архив есепке алынып, олардан ғылыми-техникалық құжатнамалар қалыптасты. Облыстық партия комитетінің шешімімен 1941 жылы осы облыста жасақталған 314-санды атқыштар дивизиясы ұрыспен өткен жерлерге соғыс ардагерлерлерімен бірге архив қызметкерлері де барып, фотосуреттер, дыбыс жазбалар алып келді. 

 ХХ ғасырдың 70-80 жылдары архив мекемелерінің құрылымында бірқатар өзгерістер болды. 

90-шы жылдары Кеңес өкіметі күйрей бастаған кезеңде (1991 ж 10 қараша) Облыстық архивтің Петропавл филиалы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығы бойынша және Көкшетау облысының тарауына байланысты таратылған облыстың барлық архив мекемелері Солтүстік Қазақстан облысының құрамына енді де, бұрынғы Көкшетау мемлекеттік архиві Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің филиалы болып қалды. 

 1999 жылғы 11 қарашада архив бөлімі мен облыстық архив біріктіріліп, «Солтүстік Қазақстан облыстық архиві» мемлекеттік мекемесі болды. 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Солтүстік Қазақстан облыстық архивтер және құжаттамалар» бөлімі құрылып, оған мониторинг, үйлестіру және облыста құжат айналымы мен мемлекеттік саясатты жүргізу пәрмені берілді. 2002 жылдың қаңтарында облыстық мемлекеттік архивтан бөлініп, жеке құрам бойынша Петропавл қалалық архиві құрылды. 

Бұл күнде Солтүстік Қазақстан облысының архив саласының құрамында: СҚО архивтар және құжаттама бөлімі, облыстық мемлекеттік архив, жеке құрам бойынша Петропавл қалалық архивы мен 13 аудандық архив бар. Облыста бұлардан басқа 923 ведомстволық архив жұмыс істейді. 2013 жылы 1 қазанда облыстың архив мекемелерінде 1855-2010 жылдар аралығын қамтитын, 4719 қорға біріккен, 1440679 бірлік іс сақталып отыр. 

Солтүстік аймақтағы архив қызметін 1924-1927 жылдары 3 қызметкер: меңгеруші, архившы және іс жүргізуші атқарған. Қазір, облыстың архив жүйесінде 186 адам істейді, бұлардың басшылары мен мамандары 121, біреуінің ғылым кандидаты атағы бар. 

 Солтүстік Қазақстан архивистері Отан тарихының қазынасы, өлке шежіресінің сарқылмас кені болып табылатын, өткен шақтан қалған қымбат мұраны көздің қарашығындай сақтап, реттеп және зерттеп, келесі ұрпаққа жеткізетін өздерінің қиын да қызықты қызметін мақтан етеді. 

 Дәулет ІЗТІЛЕУОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)