Наурыздың тарихы Нұқ Пайғамбар дәуірінен басталады
22.03.2017 3744
Нұқ Пайғамбардың кемесі қазығұртқа тоқтағанда Нұқ Пайғамбар қолындағы жем-шөбін – жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған

Әлемдегі мейрамдар мен мерекелердің тариxы ұзақ, шежірелісі - Әз-Наурыз. Күн мен түннің теңелген күні тойланатын мейрам адамзаттың ғана емес, табиғат ананың да мейрамы. Тарихи деректерде Наурыз мейрамын ежелгі мықтар, сақтар мен ғұндар, ұлы бабаларымыз көк түріктер, Шыңғыстың немересі Бату xан құрған Алтын Орда, қазақ xандығы мемлекеттері тойлағаны туралы айтылады. Тіпті Алтын Орда дәуірінде Наурыз мейрамы бүгінгідей мемлекеттік мәртебеге ие болған. Осы орайда мыңжылдық тарихы бар Наурыздың шежіресі туралы қазақтың абыз ақсақалы, этнограф ғалым Жағда Бабалықұлы Наурыз мейрамы Нұқ Пайғамбар дәуірінен бастау алғаны туралы деректі айтады. Бұл деректі қазақтың көрнекті ақыны Қасымхан Бегманов ағамыздың Жағда Бабалықұлымен жүргізген сыр-сұқбатты кітабы  "Этнографиялық әңгімеде" айтылады. Жағда бабамыздың сол кітапта айтылған әңгімесін қысқаша беріп отырмыз. 

 Оқи отырыңыз: Наурыз туралы ең қызықты он дерек

Әлемде той, мереке дейтін көп қой. Бірақ Наурыз тойына теңдесетін, Наурыз тойына дәрежесі жететін, Наурыз тойындай абыройлы, Наурыз тойындай тарихы ұзақ мереке жоқ шығар. Мұның бір кереметі  - сенің тойың емес,  табиғаттың тойы. Күн мен түннің теңелген күні тойланатын айтулы мейрам. Бүкіл жәндіктердің ұйқысынан оянып, Табиғат-анамен табысатын тойы. Сондықтан қазақ халқы Наурыз тойын қаншама жылдан бері тойлап келе жатырмыз, бірақ бұған да лайықты көңіл бөлмесе болмайды. Бірде Мәскеудегі Орталық кітапханда болдым. Бір деректерді ақтарып отырып, қолжазба тауып алдым. Өзі ұзақ жыр екен. Жырдың аты – «Наурыз». Бұл Наурыз деп тұрғаны адамның аты екен. Сол азаматты жырға қосыпты.

Осы жырда Нұқ Пайғамбардың кемесі қазығұртқа тоқтағанда Нұқ Пайғамбар қолындағы жем-шөбін – жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған.  Кейін осы дәстүр жалғаспай қалыпты. осы Наурыз деген азамат Нұқтан кейін үш жүз жылдан соң өмірге келіпті-мыс. «Біздің бабамыз Нұқ Пайғамбар осыдан үш жүз жылдай уақыт бұрын күн мен түн теңелді деп мереке өткізіп еді. Біз неге осы мейрамды қолға алып дамытпаймыз, неге құрметтеп жалғастырмасқа» деп бар күшін  осыған салып, қайтадан тойлатқан екен. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр дейді. Бұл – менің қолымдағы дерек. Кеңес үкіметі кезінде орыс ғалымдары Нұқ Пайғамбардың кемесін және Орта Азияның топан су басқанын зерттеді. Солардың топшылауы бойынша, он үш мың жыл болды деген қорытынды шығарды. Сонау бір жылдары ғалымдардың Памирдың үш мың метр биігінен акуланың қаңқасын тауып алғанын білеміз. Демек, қазіргі сол үш мың метрлік құз теңіздің түбі болған. Бұл – топан судың Орта Азияныда қамтығанының бір дәлелі.

1956 жылы Қытайдың Тұрпан деген қаласының мешітінен 28 Пайғамбардың тізімін көргенім бар. Сонда Нұқ Пайғамбарды осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген деп көрсетіпті, үш мың жылыңыз ғарымтық шамада «күні кеше» ғана. Ал ғалымдар болса, топырақ қыртысына қарап топан су осыдан он екі мың алты жүз жыл бұрын қаптады деген тұжырым жасады. Демек, осы соңғы дерек сенімді, барынша нақты. Осындай деректерге сүйене отырып айтқанда, Наурыз тойы – көне мерекенің бірі.   

Әзірлеген: Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)