Мәшһүр Жүсіп айтқан екен...
26.01.2017 4292
Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған ақын, шежіреші Мәшһүр Жүсіп бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз

Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы көрнекті фольклоршы, даңғайыр шежіреші. Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1858 жылы дүниеге келіп, 1931 жылы сол өңірде дүние салған. Жасында ауыл молласынан сабақ алып, 1870 жылдары Хамаретдин хазіреттің медресесінде, одан соң Бұхара діни жоғары оқу орнында оқыған. Бұхарадан қайтып елге келген соң біраз уақыт оқытушы болады. Сол кезден бастап «Дала уалаяты» газетіне хат-хабар, мақалалар жолдап, тілшісі болып, «Мәшһүр» атанады. Яғни, Мәшекеңнің ауыз әдебиеті үлгілерін құныға жинап, халықтың төл тарихын баяндайтын шежірелік деректерге ден қоюы да осы кезден басталады.

Мәшһүр Жүсіп 1887-1890 жылдары Орта Азияны аралап, Самарқан, Бұхара, Ташкент, Түркістан сияқты қалаларында болып, Шығыстың классикалық әдебиетімен танысады. Осы сапарында академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудың тарихи мән-маңызына бұрынғыдан да ынтасы арта түседі. Мәшекең жинаған фольклорлық мұралар молдығымен де, тақырыптық және жанрлық әр алуандығымен де қазақ руханиятына асыл қазына болып қосылады. Ал, өзі жырлаған қисса-дастандар, жыр-толғаулар шығармашылық қырының құнарлы бір арнасын құрайды. Кезінде Қазан қаласындағы  Хұсайыновтар баспасынан Мәшһүр Жүсіптің «Хал-ахуал», «Сарыарқа кімдікі?», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты кітаптары жарық көрген. Қазір Павлодардағы С.Торайғыров атындағы Мемлекеттік университеттің ұйтқы болуымен  Мәшһүр Жүсіптің көп томдық мұрасы жарық көру үстінде.

* * *

Абай мен Мәшһүр Жүсіп екеуі бір-бірінің аты-жөндеріне сырттай қанық болса да, әлі дидарласа қоймаған кезі болса керек. Бірде тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Табалдырық аттап үйге кіре бергенде Абай тосын сауал қойып: «Ақылдының өзінен бұрын айтқаны жетеді деген. Атың құлағымды сарсылтып еді, шынымен Мәшһүр болсаң, айтшы кәне. Құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда?!» – депті.

Сонда Мәшһүр Жүсіп кідірместен: «Абайдың құдайының қайда екенін білмедім. Менің құдайым жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ!» – деген екен.

Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен: «Мәшһүр  десе дегендей екенсің!» – деп қолын алып, төрін ұсыныпты.