Ұлттық нақыш ұстасы
24.10.2016 3144
Қазақстанда 50-ден астам мұражайдың авторы, тау мен тастан, құм мен шөл даладан әсемдік іздеген, ұлттық дизайнды дамытуда даңғыл жол салушы – Аманжол Найманбай

Дизайн қызметінің ерекшелігі – әсем әрі көркем жасалған тұтыну заттары мен бұйымдардың қоршаған ортаға лайық үйлесімін жүзеге асырып, ұдайы олардың жаңа үлгілерін ойлап табу. Ал ұлттық дизайн дегеніміз сол сұлу үйлесімнен ұлттық иістің аңқып тұруы, оны қазақ халқының ежелден бергі қолөнеріне қарап анық көруге болады. Қазақтың қарапайым жіп иіретін ұршығынан бастап дизайн.Ұлттық қару-жарақ, ыдыс-аяқ, музыка аспаптары, сәулет құрылысы, сандық пен кебеже түрлері т.б бәрі де дизайндық үлгіде жасалғандықтың дәлелі бола алады. 

Бүгінгі ХХІ ғасырда әлемдік мәдениет қатарына қосылу үшін ұлттық дизайнды жаңа тұрғыдан қарастыру көзделіп жатыр, осы тұрғыда ұлттық нақыштың намысын қорғап, жыртысын жыртып жүргендерден кімді білеміз? 

Қазақ дизайнының оның ішінде сәулет құрылысы мен киіз үй өнерінің даңқын асқақтатушы, «Қорқыт ата кешені», Абай мұражайы, Әл-Фараби руханият мұражайы, «Көшпенділер» фильміне 162 киіз үй тағы да көптеген тарихи ұлттық сәулет туындыларының авторы кім? Бүгінгі буын бұны білуі тиіс.

Аманжол Найманбай 1948 жылы 3 сәуірде дүниеге келген. Мамандығы сәулетші-дизайнер. Құрметті профессор, Мәдениет қайраткері, ҚР Дизайнерлер Одағының вице-президенті (1987-2003 жж.), ҚР Дизайнерлер Одағы Алматы филиалының төрағасы (1991-2003 жж.), «Этнодизайн Қазақ 2030» мекемесінің басшысы. 

 Шығармашылық қиялы ұшқыр, тау мен тастан, құм мен шөл даладан әсемдік іздеген Аманжол Найманбай өзінің өнеріне мұқалмас жігер берген Өзбекәлі Жәнібеков екенін жиі еске алатын. Ұлы ұстазы Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған кезде Алматыдағы Сәбит Мұқановтың мұражайын жас суретшіге тапсырады. 1976 жылы алғашқы үлкен еңбегі Сәбит Мұқановтың мұражайын жасақтап шығады. Суретшінің қалыптасуына, тақырып таңдауына Өзекеңнің ықпалы мол болды. Мұражай дегеннің не екеніне көзін ашқан, батасын берген де сол кісі еді. Алматы көркемсурет училищесін, Қазақ педагогикалық институтының «Көркемөнер» факультетін бітірген жас маман еңбек жолын «Қазсаудажарнама» көркем-өндірістік комбинатында бастайды. Алматы мен республика қалаларының мемлекеттік және қоғамдық ғимараттарының интерьерлері мен эстерьлерінің жобасын жасайды. 

1981-1991 жылдары Мәдениет министрлігінің «Қазмузейқайтажөндеу» өндірісінде бас суретші қызметін атқарады. 1976 жылы Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты атанады. Көптеген Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Содан бергі уақытта 40 жылдан бері 52 мұражайдың дүниеге келуіне атсалысқан екен. Республикадағы музейлер жобасының, экспозициясының және қайта жабдықтаудың авторы атанды. Олардың ішінде еліміз көлемінде аталып, ел мақтанышына айналған Қызылорда облысындағы «Қорқыт ата кешені» музейінің дизайндік шешімі, Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің сәулеті мен дизайндік кешенді шешімі, Атырау облысындағы Махамбет музейінің экспозициясы, Астана қаласындағы Президент Резиденциясындағы музей экспозициясы бар. Шымкенттегі Абай мұражайын, Отырардағы Әл-Фараби руханият мұражайын, Түркістандағы тарихи-этнографиялық орталықты жасап шықты. Әр жәдігерде халықтың тарихы, неше ғасырдың рухы, әруақтар тұр. Қасиетті Түркістандағы Нәзір Төреқұловтың мұражайын ашуда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл аталғандардың біразы авторлық, өзге де азаматтармен бірігіп жасаған жұмыстар болып табылады. 


«Көшпенділер» фильміне 162 киіз үй жасап берді. 2002 Францияға «Қазақ ауылы» деген атпен 10 киіз үй алып барады. Олар 8 қанатты, 10 қанатты, 12 қанатты киіз үйлер болатын. 2004 жылы Астанаға «Ақ орда» тігіп, алып барады. Елбасының тапсырмасы бойынша Мәскеуге В. Путинге Ресейдегі Қазақстан жылдарына байланысты 2 жеті қанатты киіз үй алып барды. Оның біріншісін бүгінгі заманға сай етіп, екіншісін антиквариат ретінде ескі бұйымдардан жасақтайды. Жоғалып кетпесін деген ниетпен қазақтың тұрмыс салтында ерекше орын алатын киіз үйді дамытуға да бел шеше кіріседі. 

1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өткенде киіз үй қою керек деген мәселе көтеріліп, бұл міндетті мойнына алады. Өзбекәлі Жәнібеков: «Алматыда мұражай ашсақ, сонда киіз үйді дәріптесек оның түрі көп қой. Соның бәрін өзің дайындасаң дұрыс болар еді» деп тапсырады. Сол кісінің аманаты, бір арманы болған істі орындауға Аманжол Найманбай барлық білім-қабілеті мен шеберлігін жұмсайды. Киіз үйге де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтайды. 

Әлемнің АҚШ, Франция, Түркия, Ресей және тағы басқа көптеген елдеріне халқымыздың ұлттық нақыштағы киіз үйін жасау-жиһаздарымен көрсетуге, көрме ұйымдастыру жұмыстарына мұрындық болды. Аманжол Найманбай 1987 жылы елімізде Дизайнерлер одағы құрылғанда вице-президенті ретінде көп еңбек сіңіреді. Бүгінгі таңда одақтың 8 облыста филиалдары бар. Бұл – өнердің күрделі саласы. Дизайнды ғылыми жұмыс, көркем шығармашылық десек те болады. Әлемде дизайнның 200-ден астам түрі бар десек, біздің елімізде төрт түрі дамыған. 

Аманжол Найманбай еңбек еткен саланың біріншісі – мұражай, екіншісі – ұлттық өнер, киіз үй, үшіншісі – дизайн болды. Өмірінің соңғы кезіне дейін ұлттық дизайн саласы бойынша жастарға дәріс оқып, үйретумен болды. Аманжол Найманбай «Алматы ақшамы» газетінің де тұрақты оқырманы мен белсенді авторы болды. Газет бетінде көтерілген мәселелерге дер кезінде үн қосып, ойлары мен көзқарасын білдіріп отырды. 

Аманжол ағамыз үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде дүниеден озды. Соңында ұл-қыздары мен немерелері қалды. Балажан ағамыз өзінің ұрпағын ерекше құрмет тұтып, өмірдегі өз орындарына қойып кетті. 

Ел ертеңін ойлау мен ұлттық құндылықты дамыту жолындағы ағамыздың қажырлы еңбегі асыл мұрамызда қайталанбас қолтаңбасымен қалатыны анық. 

А.Найманбайдың тарихымыздың төрінен орын алатын сәулет құрылысында қазақилықты қалыптастырып дамытудағы кемеңгерлік ісі мен өмірін баяндау, оны баршаға жария ету тек тарих ғылымы үшін ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен үлес деуге болады. 

Дәулет ІЗТІЛЕУОВ 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)