Президенттің Еуразия аймағын интеграциялау идеясы
13.10.2016 2310
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Еуразиялық интеграция идеясын іске асырды. 2000 жылдың 10 қазан күні Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды

Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясы ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастау алады. 1994 жылдың 22 наурыз күні Елбасы Британдық Королдік халықаралық қатынастар институтында (Chatham House) сөз сөйледі. «ТМД- мемлекет емес, ұлттық құрылым емес, қалыптасқан жағдайларда өңірлік қарым-қатынас жасаудың табиғи механизмі екенін түсінгеніміз жөн», - деп түсіндірді мемлекет басшысы. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктің дамуы екі бірдей беталыспен айқындалды: бір жағынан, ұлттық мемлекеттіліктің құрылуымен, екінші жағынан – бірігу қажеттілігімен. 

 1994 жылдың 29 наурыз күні Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына сапары кезіндегі М. Ломоносов атындағы ММУ-нің профессорлар-оқытушылар құрамымен кездесуінде мемлекеттердің Еуразиялық Одағын қалыптастыру туралы идеясын кеңінен ашты. ТМД-ның барлық елдерінің тең құқықтары мойындалатын тәуелсіздік жағдайында, оның пікірінше, Еуразиялық кеңістікте жаңа бірлестік құрудың алғышарттары жасалды. «Мен оны Еуроазиаттық емес!- Еуразиялық одақ деп атар едім», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Және де «ешқандай ескі Одақ қайтадан құрылмайды. Ешқандай империя қайтып келмейді» деп айтылды. Мұндай формат кеңестік кезеңнен кейінгі Қазақстанның интеграциялық процестерде өсу әлеуетін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясы өткен ғасырдың 90-шы жылдары бойы өзіне жол ашып отырды. Сол кезеңдерде Орта-Азиялық одақ, Кеден одағы, Белорусь пен Ресейдің екіжақты қауымдастығы секілді құрылымдар қалыптасты. Қазақстан Президентінің түсіндіруі бойынша, осының барлығы бірігу процестерінің «көп сатылығын», «көп деңгейлігін» көрсетеді. 

Осы қадамдар 2000 жылдың 10 қазан күні мемлекет басшыларының Астанада Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) – Кедендік одақ (КО), Біріңғай экономикалық кеңістік (БЭК) және әлемдік сауда-экономикалық жүйеге бірігу түріндегі нақты функционалдық құрылымы, тиімді жұмыс механизмдері, айқын және түсінікті мақсаттары бар халықаралық ұйым құруға мүмкіндік берді. 

 Осы күні «еуразиялық» деген ұғым қазіргі заманғы саяси тілдің негізгі ұғымдары қатарында өзінің жоғары деңгейдегі легитимділігіне ие болды. 

 Сонымен бірге, еуразиялық идея сыртқы ғана емес, ішкі әлеуетті көрсетті. Ол көп этникалық қоғам бірлігінің қосымша факторы бола отырып, Қазақстан халқының бірлесуіне ықпал етті. 

 Қазақстан Республикасы Президентінің Еуразиялық бастамасы 2009 жылдың наурыз айында Ресейдің «Известия» газетінде жарияланған «Еуразиялық экономикалық одақ: теория немесе шындық» атты тұжырымдамалық мақаласында одан әрі дами түсті. 

 Еуразиялық интеграциядағы маңызды қадам 2010 жылы жасалды. 

 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Белорусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы (КО) іске қосылды. Бұл кәсіпорындар мен халықтың кооперациялық байланысның кеңеюіне және уақыт пен қаржыны үнемдеуге алып келді. Үш елдің өзара сауда көлемі 2010 жылы 29%-ға, 2011 жылы 34%-ға, 2012 жылы 7,5%-ға артты, ал 2013 жылы азғантай кему (5,5%-ға) байқалды. 

2010 жылдың ішінде қысқа мерзімде үш елдің басшылары Еуразиялық экономикалық кеңістікті құрайтын 17 негізгі келісімдерден тұратын құжаттар пакетіне қол қойды. 

 2011 жылдың 18 қараша күні Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияны қабылдады, оған сәйкес алғашқы міндет – КО және ЕЭК әлеуетін толығымен іске асыру, ал кейін – оның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құру. 

Бизнес пен халық үшін КО және ЕЭК өзі емес, ортақ нарық құрумен байланысты заңнама мен сауда-өнеркәсіптің процестеріндегі өзгерістер маңызды рөл атқарады. Ірі, орта және шағын кәсіпорындардың іскерлі белсенділігі күшеюде. Интеграциялық процестердің қозғаушы күшіне айналатын мемлекетаралық өндірістік және сауда бірлестіктері құрылуда. 

Ресей ғалымдарының бағалауынша, КО және ЕЭК құрудан алынатын жалпы пайда КО және ЕЭК-ке мүше әрбір ел үшін ЖІӨ қосымша 17-20%-ға өсуімен бағаланады. Жиынтығында бұл шамамен 700 млрд долларды құруы мүмкін. 

 2012 жылдан бастап КО және ЕЭК жоғары органы мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ болды, ол интеграциялық дамудың стратегиясын, бағытын және перспективаларын айқындады. 

 Ортақ құқықтық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі Қауымдастықтың міндеттерін орындауда ЕурАзЭО Парламентаралық Ассамблеясы маңызды орынды иеленеді. 2012 жылдың қаңтар айында Қауымдастықта және КО-да экономикалық дауларды шешу үшін ЕурАзЭО-тың жаңа Соты құрылды. 

 Қауымдастық елдері бірлескен мемлекетаралық нысаналы бағдарламаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда, Еуразиялық даму банкі және Еуразиялық Іскерлік Кеңесі белсенді жұмыс жасайды. 

Әлеуметтік-экономикалық саладағы маңызды интеграциялық қадамдар экономиканың және халықтың көп бөлігінің өмір сүру деңгейінің өсуіне алып келді. Осылайша, 2013 жылы 2000 жылмен салыстырғанда ЖІӨ ЕурАзЭО бойынша 1,8 есеге, өнеркәсіптік өндірісі – 1,7 есеге, ауыл шаруашылық өндіріс - 1,5 есеге өсті, негізгі капиталға инвестициялар және бөлшек сауда айналымы - 3,1 есеге, өзара тауар айналымы - 4,5 есеге өсті. 

2014 жылдың 29 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қойылды. 

Еуразиялық интеграцияның кеңінен таралуы осы процестің барлық қатысушылары мүддесінде жүзеге асырылады. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, интеграция экономика дамуы үшін ұзақ мерзімді қолайлы жағдайларды және азаматтардың әл-ауқатын өсіру үшін жаңа мүмкіндіктерді береді. 

 2014 жылдың 4 желтоқсан күні Армения парламенті елді ЕАЭО-қа қосу туралы шартты бекітті. 

2014 жылдың 23 желтоқсан күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қырғызстанды ЕАЭО-қа қосу туралы шартқа қол қойылды. 

 2015 жылдың 1 қаңтар күні Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шарт күшіне енді. 

 2015 жылдың 2 қаңтар күні ЕАЭО-қа Армения ресми түрде енді. 

 2015 жылдың тамыз айында Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру рәсімі аяқталды. 

Осылайша, ширек ғасыр бойына Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясы экономикалық интеграцияның стратегиялық негіздерін көптеген онжылдықтарды алға салып, уақыт талабына сәйкес дамып келе жатыр. 

 Арман СҮЛЕЙМЕНОВ 

 Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Қазақстан-ресей қарым-қатынастары: 1991 – 2001 жылдар: Құжаттар мен материалдар жинағы. - М., 2001. 2. Назарбаев Н.А. О создании регионального пояса стабильности // Евразийский союз. Идеи, практика, перспективы. 1994-1997. - М., 1997. 3. Тәуелсіз Қазақстан және Ұлт көшбасшысы. – Алматы, 2010. 4. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәңгілік достық стратегиясы. Қазақстан – Ресей. - М., 2000. 5. Назарбаев Н.Ә. Қоғамдық келісім- Қазақстанның демократиялық дамуының негізі: Қазақстан халқы ассамблеясының ІII сессиясында жасаған баяндамасы // Назарбаев Н.Ә. Әлем және келісім саясаты. - Астана, 2008. 6. Н.Ә. Назарбаевтың еуразиялық идеясы және түрік кеңістігі. Ұжымдық монография/Ш.И. Ибраевтың жалпы ред.– Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. 7. Назарбаев Н.А. Евразийский экономический союз: теория или реальность? // Известия. 2009. 19 марта. 8. Мансуров Т. Евразийцы ХХI века // Российская газета (Федеральный выпуск). - N6340. - 2014. – 26 марта.