Көне де жаңа Астана
07.10.2016 3192
Астана – тартымды қала. Өзіне тән үйлесімі, өзіне тән сүйкімі бар. Даму тарихында күрделі кезеңдерді өткерген көне шаһар жаңа уақытта өзгеше түрленіп шыға келді

Қазақтың ұлттық ояну дуірінде Алаш арыстары шіркін-ай деп тамсанған кешегі Қараөткелдің бүгінгі келбеті мүлде басқаша. Көне мен жаңа астасқан еліміздің бас қаласындағы өзгерістер жайлы білгіңіз келсе, төменде берілген тарихи фотосуреттер шеруіне назар салыңыз. 

1) Тарих керуенінде көш тоқтаған, дала төсін дүбірлеткен Қараөткел жәрмеңкесі қызып, думан-тойдың төрі саналған көше қазір қазақтың соңғы ханы Кенесарының есімімен аталады. Ескі суретте әйгілі Кубриндер үйі менмұндалап тұрса, сиясы кеппеген жаңа суретте қараағаштардың тасасында қалып тұр. 

2) Іргетасы 1910 жылы қаланған көпес Кубриндер үйі. Бүгінде бұл жерде Украинаның Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы орналасқан. Маңайына отырғызылған ағаштардың көптігі ғимараттың кейбір бөліктерін жауып тастайды. Әттең тілі жоқ, әйтпесе қараағаштар тарихтың шемен шерін тарқатар еді-ау...

3) Бұл – «Кубрин и К» саудагерлік серіктестігінің ғимараты. Іргетасы 1911 жылы қаланған ғимарат әлі де қызмет етіп тұр. Сырттағы атағашқа байланған үш күрең қасқаның орнын жылтыраған шетелдік маркалы машиналар басқан. Екі дәуірдің екі түрлі суреті осыны айғақтайды. 

4) Астана қаласының ескі алаңы. Ленин ескерткіші, субұрқақтар, кішігірім саябақтың орнында қазіргі уақытта тек ашық алаң қалдырылған. Астана күні мерекесін тойлауға қалалық ұйымдар шатырларын тігіп, қызмет көрсетуге кіріскен. Бейсауат адам аз, есесіне жол жиектерінде көліктердің неше түрі қаптап тұр.

5) Қазақстан Коммунистік партиясы Целиноград қалалық комитеті ғимаратының мүлде басқаша өзгеріске түскені көп жайтты аңғартады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасында ҚР Президентінің резиденциясына айналғаны да тарих қойнауына енді. Қазір бұл ғимаратта Астана қаласының әкімдігі орналасқан. Қала мерекесіне орай құрылған концерт сахнасы ғимаратты толық түсіруге кедергі келтірді.

6) Абай көшесі бойындағы Сән үйінің күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бірнеше жыл бойы күтусіз, бапсыз қалған ғимарат өзгерістер соң түлеп шығып, көздің жауын алатын әсем ғимаратқа айналып, жұтынып-ақ тұр. 

7) Астана қаласының бас пошта мекемесі замана желінде мүжілмей, ХХІ ғасырға аман-есен жетті. Ұлы жазушы М. Әуезов көшесінің бойында орналасқан ғимарат қала тұрғындарының әрқайсысына да ыстық. Себебі ол – сағыныштардың алтын мекені. 

8) Қазіргі «Еуропа-Палас», бұрынғы «Ақсұңқар» мейрамханасы советтік кезеңде «Октябрь» кинотеатры болғанын білетін боларсыз. Сыртқы қасбеттері афишаларға толы ғимарат қазір мәртебелі меймандардың құтты орнына айналды да, романтикалық сәттер куәгері мүлде өзгеше күйге енді. 

9) С. Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан «Пуча» сауда үйінің бүгінгі келбетін түсіру үшін көп ойланбадық, қоғамдық көліктің өтетін мезетін сәтті пайдаландық та, ұтымды кадр жасауға тырыстық. 

10) Тарихи фотосуреттерді айнытпай қайталау үшін бар күшімізді салған жұмысымыз қыза түсті. Бүгінгі Бейбітшілік көшесіндегі бұл көріністі түсіру үшін биікке шығу керек болды. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, орайын келтірген шаруамыздан сәтті нәтиже де шықты. 

11) Бірін күтіп алып, екіншісін қимай шығарып салатын ерекше жер – Темір жол вокзалы. Вокзал негізінен екі бөліктен тұрады, біздің таспаға ілінетіні – ескі ғимараттың анық өзі. Уақыттың табы мен замана желіне қасқайып тұрған сарғыш сабаз әп-сәтте кадрға ілінді. 

12) Бұған дейін К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры деп аталып, кейін «Жастар театры» деп өзгерген бұл ғимарат қаланың ажарын ашатын тартымды құрылыс жобасы болып табылады. Іргесіндегі үйлерді сүру, жаңа өзгерістерді күту сол кезде де болған дедік. 

13) Жеңіс даңғылындағы тіктөртбұрышты үйлердің өзіндік ансамблі қазіргі заман ұрпақтарын таңқалдыра алмауы мүмкін, алайда өз кезінде әсем әрі көрікті үйлердің бірі болғаны даусыз. Жалғыз-жарым көлік, бірер автобус қатынаған кешегі күнді бүгінгінің асығыс уақыты, толассыз көлігі, өзгерген күн райы құбылысы сағындыратын секілді. 

14) Екі жағалауды жалғастырып жатқан жүргінші көпірінің орнынан үлкен, дабыралы көпір салынады деп кім ойлаған?! Көпірдің үлкендігі соншалық, Есілдің екіге жарылып ағатын тұсын толық көрсету мүмкін болмады. 

Бұл Астана қаласының екі ғасыр ішіндегі түрленіп, адам танымастай болып өзгергенін дәлелдейтін құнды құжаттар болып табылады. Қала көрінісімен қоса мұнда қала тұрғындарының да келбет, мінез-құлқы, сана-сезімінің де жаңа арнаға ауысқанын аңғарамыз. Солай болуы тиіс заңдылық. Өйткені, замана желімен жарысқан Астананың лайықты тұрғыны болу да ерекше мәртебе.

Заңғар Кәрімхан 

Фотосуреттердің авторы Ержан Жаубай