ҚАЗАҚСТАНДА КӨППАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ БОЛҒАН БА?
11.10.2016 4293
Көппартиялық – демократиялық мемлекеттің маңызды элементтерінің бірі

«Партия» термині ежелгі заманнан белгілі. Ол латынның partis (бөлік) деген сөзінен шыққан. Ежелгі Римде партия деп өз көзқарастарын заңды айта және қорғай білетін еркін римдіктер қауымдастығы аталды. Қазіргі заман түріндегі партия Батыс Еуропа және Солтүстік Америка елдерінде XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басында қалыптаса бастады. Ресейде саяси партиялардың пайда болуын XIX ғасырдың ортасы – XX ғасырдың басына жатқызады. Қазақстанда рулық белгілер бойынша партиялар болған. Әлихан Бөкейханов Қазақстанда саяси партия құруға ұмтылған алғашқы саяси қайраткер болды. Ол 1905 жылы кадеттер партиясына мүшелікке кірді. 1905 жылы қарашада Мәскеудегі Бүкілресейлік жергілікті жер және қала қайраткерлерінің съезіне қатысады. 1905 жылдың аяғында Орал қаласында 5 облыс делегаттарының съезінде «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» кұру туралы бастама жасаушылардың бірі болды. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін қазақтың ұлттық интеллегенциясы саяси қызметін күшейітті. 1917 жылдың сәуір айында Орынбор қаласында Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстары және Бөкей Ордасы өкілдерінің қатысуымен Торғай облыстық қазақ съезі өтті. Съезге 300-ден астам адам қатысты. Съездің бағдарламасына мемлекеттік басқару нысаны және құрылтай кеңесі, азаматтық комитеттер туралы мәселелер және басқалары енді. 1917 жылдың сәуірінде Ташкенттегі съезде «Шура-и ислам» партиясы құрылды. Сондай-ақ мұсылман дінбасылары “Шуро-и-Улема” ұйымын құрды. 1917 жылдың көктемінде Петропавл мен Черняевта большевиктік топтар құрылды. 1917 жылдың 21-23 шілде күндері Орынбордағы жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясын рәсімдеу өткізілді. 1917 жылдың күзінде Қазақстанда тағы да бір ұлттық-саяси ұйым – «Үш жүз» қазақ социалистік партиясы пайда болды. Бұл партиялардың саяси тағдыры әрқилы. Олардың көпшілігі азаматтық соғыс және большевиктік тәртіп нәтижесінде саяси сахнадан түсіп қалды. Кеңес Одағының коммунистік партиясы елде билік құраушы жалғыз партияға айналды. Барлық республикаларда бір мезгілде кеңестік республиканың коммунистік партиялары жұмыс жасады, олардың басшылары партияның жоғары саяси органы, Саясибюроны құрады. КОКП 1991 жылдың күзіне дейін жұмыс жасады. Оның таралуы бүкіл кеңестік мемлекеттік жүйесінің ыдарауына алып келген қайта айналмайтын саяси үдерістермен тығыз байланысты болды. А.СҮЛЕЙМЕНОВ