Корейлердің шоқынуы үшін Батыстан миссионерлер ағылды деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олардың католиктік сенімді қабылдауына «ғылыми» кітаптар көп қызмет етті.
Корея. Бұл елдің атын естігенде, қай дін көз алдыға елестейді? Әлбетте, буддизм яки конфуцизм. Бірақ, бұл бұрынғы стереотип, ескірген пайым. Қазіргі Корея – бұл католиктік ел.
Бір қызығы, Еуропадан алыс, Азия һәм Латын америкасындағы мемлекеттер католик дінін «Ұлы географиялық ашулар» кезінде, басқыншылықтың арқасында қабылдаған еді. Ал Корея! Корея ешқашан еуропалық елдердің отары болған емес. Әрі Еуропамен бұл елдің байланысы тым әлсіз бола-тұғын.
Корейлердің шоқынуы үшін Батыстан миссионерлер ағылды деп ойлайсыз ба? Жоқ. Олардың католиктік сенімді қабылдауына «ғылыми» кітаптар көп қызмет етті.
«Ақида» мәселесіндегі талас
Әлем жаратылғанда әуелі «Ли» пайда болды ма, әлде «Ци» ма? Корейлердің конфуцийлікті тастап, христиандыққа жаппай өтуіне осы сұрақ себеп болған десем... сенесіз бе?
Жә, бәрін басынан бастайық. XVIII ғасырдың орта шені. Іргеде жатқан Жапония дамуға бет алды. Замана көшіне ақырын аяңмен Қытай да ілікті. Ал Корея елі баяғы жартас, сол жартас күйінде қалды. Елдің тоқырап бара жатқанын көріп, уайым жұтқан корей интеллигенттері «Енді не істеу керек?» деп бас қатыра бастады.
Негізі заманда бұл жұрт конфуциліктің корей дәстүріне бейімделген түрін ұстанатын. Бұл ілім жұртты бейбіт өмір сүруге шақыратын, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге үндейтін. Бірақ, осы бір философиялық ілімнің мәселелі бір тақырыбы болды. Оны жоғарыда айттық: Жаратылыстың бастауында «Ли» тұрды ма, әлде «Ци» болды ма деген талас еді. XVIII ғасырдың аяқ жағында корейлер конфуциліктің өмірге қажетті тұстарын ысырып қойып, түк пайдасы жоқ «Ли» бірінші ме, әлде «Ци» деген дауға ілінді.
Осы жолдарды жазып отырып, қазақтың басындағы қазіргі күйі есіме түсті. Біздің де дін бейбітшілікке үндейді. Туған-туыспен байланысты күшейтуге шақырады. Ғылым-білімге ұмтыл дейді. Бірақ... «Ци» үшін бірін-бірі төпелеуге бар корейлер секілді, бізде бір мәселеде қатты дауласамыз. Ол – Құдайдың сипаттары. Бір топ «Алла тағала аспанда» дейді. Екіншісі «жоқ» дейді. Біреулер «Алланың жүзі бар» десе, енді біреулері жер тоқпақтап тағы қарсы шығады.
Бірақ... Бірағы сол, бұл сұрақтардың қарапайым жұртқа берер пайдасы бес тиын. Ал, Құдай «Лә макан» немесе көкте екен! Не өзгерді? Тұрмысың түзелді ме? Иманың артты ма? Жауабын білгеннен туыс-туғанмен қарым-қатынасың жақсарды ма? Керісінше ғой.
Сол ақида мәселесі бұқараға таңсық кезде туыстардың бір-бірімен ара-қатынасы жақсы еді. Ал енді інісі «Алланы аспанда» дегені үшін ағасы онымен араласпауға бар. Осылай кете берсе, корейдің күйін кешпейік деңіз.
Ғылымға қызығып, христиан болғандар
Шынын айту керек, корей жастарына «Ли» мен «Ци» таласы ұнай қойған жоқ. Өскелең ұрпақ мүлдем басқа дүниелерге қызыға бастады. Мәселен, көтергіш кранды қалай соғуға болады? Оқ-дәрінің жарылғыш қасиетін күшейту үшін не қосу керек? Италия дейтін ел қайда және соңғысы «Күн Жерді айнала ма, әлде керісінше ме?»деген сұрақтарға жауап іздей бастады. Корейлердің үлкен проблемасы – дінін ғылымға байламады.
Тиісінше жастардың әлгіндей сұрақтарына діннің көзқарасы былай деген конфуцийлік трактаттар жоқ еді. Сондықтан көзі ашық жастар осы сауалдарға жауап берген еуропалық кітаптарды оқи бастады. Бұл кітаптар Кореяға Қытай арқылы, аударма тілмен жетіп жатты. Әлгі еңбектердің авторлары негізінен еуропалық миссионерлер еді.
Кітапты миссионер жазған соң, ол міндетті түрде христиандық ұғымды әр парақтың арасына қыстыратыны түсінікті. Корей жастарының ғылымға ұмтылысын, дүниеде боп жатқан құбылыстардың себебін білсем деген талпынысын миссионерлер өз пайдасына қолданып кетті.
Бұл миссионерлерді де түсінуге болады. Әуелде бұлар Қытайды христиан еліне айналдырмақ болған. Мұрат орындалмады. Бірақ, күтпеген жерден корей жастары шоқына бастады. Әуелгіде бұл елдің қыз-жігіттері ғылыми кітап оқып бастап еді. Соңыра әлгі кітаптағы Інжілдің үзінділерін де оқыды. Жаттады. Сөйтті де, христианға айнала бастады.
Кино мен клип те шоқындыра алады
...Тағы да қазіргі күйімізге оралғым келіп тұр. Корей жастары еуропаның кітабына қызықты. Бірақ, сол кітаптардың бір беті ғылым туралы болса, екінші беті Інжілге сілтеме еді. Мұның соңы, сол кітапты оқыған адамның христиан болуымен тәмамдалып жатты.
Дәл осы құбылыс енді біздің елге келді. Корей жастарын христиандыққа алдап өткізген тәсіл, сәл өңін аударып, жұмыс істеуде. Мәселен, қай арнаға қойсаңыз, барлығында корей киносы. Корей әншілерінің бейнеклипі. Онда тұрған түк жоқ сияқты. Бірақ, әлгі ғылыми кітаптардың ішіне Інжілді тықпалағаны сияқты, зымиян әрекет мұнда да бар. Айтқан сөзіме дәлел әкелейін. Кинода бір жігіт қайғыға душар болды дейік. Жолдасы әлгінің жігерін жани түсу үшін Інжілден әдемі цитата келтіреді. Осы фильмді көрген көрермен ыңғайсыз бір жағдайға тап болса, еріксіз әлгі «сөзді» айтып жүретіндей болады. Бұл – бір. Екінші дәлел. Кинода екі жас үйленеді. Шіркеудің әдемі панорамасы көрсетіледі. Осы бейнеге сұмдық елітетін музыка ойналады. Бітті. Сіз некеңізді шіркеуде қиғыңыз келіп тұрады...
Бұл – бүгінгі корей киносының үгіті. Ал әншілері мұнан да үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Біздің жастар қит етсе, қазір сол корейдің әртістеріндей киінгісі келеді. Сол «тырбиғандардың» өмірлік стилін өзіне көшіріп әуре. «Хо Вонның мойнынан көрдім» деп крест ілген қазақтың жігітін осы жолдарды жазып отырған пақырдың көзі шалды...
Кореяның бесінші колоннасы
Бесінші колонна деген ұғым алғаш рет Испаниядағы азаматтық соғыс кезінде пайда болды. Франсиско Франко дейтін диктатор Мадридті қоршауға алады. Сол кезде журналистер ол кісіден «Алып шаһарды қалай бағындармақсыз? Сізде бар болғаны 4 колонна әскер бар емес пе» деп сұрақ қояды. Сонда Франко: «Қала ішінде маған сатылуға дайын адамдар бар. Ол менің «5-нші колоннам» деп жауап қатады. Содан бермен 5-нші колонна деп сырт жауға сатылып кетуге дайын тобырды айтады...
Не керек, уақыт өте берді. Шоқынған корейлердің қатары күн санап өсті. Өзін христианмын деп таныстыратындардың саны халықтың 10 пайызына жеткенде барып, Корея үкіметі дабыл қаға бастады. Әлгінде айттық, христиандық кітаптар арқылы насихатталды деп. Ал ол заманда кітап оқи алатындай сауатқа тек дәулетті кісілер ие еді. Былайша айтсақ, елдің игі жақсылары жаппай католик сеніміне кірген еді...
Үкімет жұрттың бөтен дінге елітуінен неге қорықты? Екі себебі бар. Әуелгісі – христиандыққа өткен корейлер христиан империяларының осындағы тыңшысы, қажет кезде «5-нші колоннасына» айналып кетпей ме деген қауіп. Одан кейін шоқындылар ата-баба дәстүріне пысқырып та қарамайтын болды. Үлкенге құрмет дейтін жоралғы жоғалды. Христиан корей – корейлік сипаттан жұрдай бола бастады...
Үкімет католик корейлерден бекер секем алмапты. Бірінші қорқыныш шындыққа айналды. 1801 жылы полицейлер кезекті бір тексеріс кезінде католиктік сенімнің қып-қызыл белсендісі Александр Хван Саён деген азаматтың дорбасынан күдікті бір хатты тапты. Құжатта корей христиандарының ауыр тіршілігі баяндалған. Үкімет қудалап тыныштық бермейтіні жазылған. Сөздің тоқетерінде әлгі азамат «Еуропа елдері Кореяны жаулап алса, біздің азапты күндеріміздің тәмамдалуын тездетсе» деп аяқтапты.
Корей христиандары бұл хатпен тоқтаған жоқ. «Жауыз биліктің құлдығынан құтқарыңдар» деп Батыс империяларына хатты жаза берді, жаза берді. 1860 жылы осындай кезекті бір хатты сылтау етіп, Франция Кореяға баса-көктеп кіріп келгені бар. Корей жұртының бақытына орай, француздардың бұл жорығы сәтсіз аяқталды.
Католиктік сенім ақыр соңында жеңді
Корей билігі әлгіндей оқиғалардан соң, христиандық ілімге заң жүзінде тыйым салды. Бірақ, тыйып тастаумен ештеңе шешілмейді. Бір заттан тыйдың екен, оған қарсы балама ұсынуың керек. Ал Корея үкіметінің қолында екінші «план» жоқ еді. Иә, әкімшілік қолдауы жоқ, әскери жәрдем ешкім бермеген корей христиандары ондаған жыл ішінде Корея халқының үштен бірін құрады. Қалай? Католик сенімі корейлердің көз алдына елді модернизацияға бастайтын ілім, евклидтік геометрия, Ньютон физикасын әкелген дін боп көрінді. Себебі – Кореяға кіріп жатқан ғылым, жаратылыстану туралы кітаптарды миссионерлер жазды. Ал ол кітапты оқыған адам еріксіз осындай ғылымға үндейтін діннің өкіліне айналғысы келетін.