Күлпаш Ілиясова: Тұңғыш скрипкашының талайлы тағдыры
27.10.2016 2959
Соғыс кезіндегі тұтқындар тағдыры – қазақтың тағдыры, ал оның ауыр зардаптары әлі күнге дейін ізін жойған жоқ

2016 жылдың күзінде түрік әлемінің алтын бесігі Стамбул шаһарында тұратын 99 жастағы қазақ скрипкашысы Әлім Алмат туралы жазылған «Айтылған тарих немесе Стамбул жазбалары» атты кітап жарық көрді. Сирек тағдыр иесі әрі өмірі қиындықпен өткен шетелдегі қазақ өнерпазы жайында жазылған бұл кітапты Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлпаш Ілиясова құрастырған. 

Қазақ оқырмандарына әлі де бейтаныс Әлім Алмат кім? Қайда, қай жылдары өмір сүрген? Тарихта аты қалатындай ол кісінің еңбектерінің, өмірінің маңызы неде? Осы және басқа көптеген сауал ойлы оқырманның жадында тұрары анық. Бұл орайда сәті түскен сұхбат барысында біз кітаптың құрастырушы-авторы К. Ілиясовамен аз-кем әңгімелескен болатынбыз. 

Күлпаш Мырзамұратқызы, сіз құрастырған кітаптың кейіпкері Әлім Алмат туралы оқырман қауымның білетіні аз. Деректер де сарай сөйлейді. Ол кісі кім? Не қызмет еткен адам? 

Әлім Алматтың азан шақырылып қойған есімі – Ғалымжан Әбсәламов. 1917 жылы Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданында дүниеге келген. 

Советтік биліктің алғашқы жылдарында Әлім Алмат нағашы ағасы Темірбек Жүргеновтің тікелей қолдауымен «скрипкашы» мамандығы бойынша алдымен Ташкенттегі, сосын Алматыдағы музыкалық техникумда оқиды. Алайда тағы бір жақын ағасы Ұзақбай Құлымбетов пен Темірбек Жүргенов репрессияға ұшыраған жылдары оқудан қудаланады, абырой болғанда оқуын қайта жалғастырып дипломын алады. 

Студент кезінде ұстазы И. Лесманның тапсырмасымен кейін Қазақстанның тұңғыш скрипкашысы атанған Әйткеш Толғанбаевқа сабақ берген. 

Әйткеш Толғанбаев дейсіз бе? Ол кісі тұңғыш қазақ скрипкашысы емес пе? Демек, оның ұстазы болған Әлім атамыздың өзі қазақтан шыққан алғашқы скрипкашы болып шықты ма? 

Әлбетте, солай болып тұр. Десе де біз тұлғалардың біріншілікке ұмтылуына байланысты бізде туындайтын стереотиптік көзқарас бұл жерде жүрмейді. Себебі 1992 жылы Алматыда өткен Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында екі өнерпаз, яғни ұстаз бен шәкірт қауышқан. Екеуі де бір-бірін жақсы сыйлаған, құрмет көрсеткен. Дей тұрғанымен, біз қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Әлім Алмат (Ғалымжан Әбсәламов) екенін мойындауымыз керек. 

Оның үстіне атамыздың жақын туысы, ақтөбелік дәрігер ағамыз Роман Рахиұлының пікірінше, Ғалымжан атаның бұл жөніндегі ойы кішіпейілділікке саяды. «Мен болмасам да, ол да қазақтың баласы ғой» деген емеурін білдірген. 

Әлім Алматтың соғыс жылдарындағы тағдыры қиын болды деп жатады. Осы жайында кеңірек айтып өтсеңіз. 

Ғалымжан атамыз 1939 жылы әскер қатарына алынып, соғыс басталған жылы Польшаның территориясында тұтқынға түседі. Лагерлердегі соғыс тұтқындары қорғансыз күйде болғаны белгілі. Алайда Әлім Алмат лагерлерде скрипка тартумен көзге түсіп, 1943 жылы Түркістан легионы арқылы Берлин консерваториясына оқуға жіберіледі. 

Бұл жайында белгілі журналист Жақсыбай Самраттың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Өлімнен өнерімен тірі қалған» деген мақаласы бар. Ал Берлин қаласы бомбаланған жылдары оқуын Венада жалғастырады. 

Ғалымжан атамыз Мұстафа Шоқаймен кездескен бе? 

Соғыстан кейін түркістандық Қарыс Қанатбай арқылы Мария Шоқайға өтініш-хат жазып, Берлин консерваториясынан С. Рахманинов атындағы Париж консерваториясына ауысады. Әлім атамыз ұлы қайраткер, тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқайдың көзін көре алмаған. Бұл туралы ол кісі «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының авторы, қайраткер, ақын Қасымхан Бегмановқа берген сұхбатында айтып өткен. Есесіне оның жары Мария Шоқаймен өзара қарым-қатынасы нығайып, оның үйінде екі жылдай тұрған екен. 

Оқуын бітіргеннен кейін Әлім Алмат Мария Шоқаймен ақылдаса отырып, 1950 жылдың күзінде Франциядан Түркияға қоныс аударады. Содан бері Стамбул қаласында тұрады, осында отбасын құрып, балалы болады. 25 жыл бойы Стамбул симфониялық оркестрінде жұмыс істейді. Анасындай көрген Мария Шоқаймен 1961-1969 жылдары үздіксіз хат алысып тұрған. Сол хаттардың бірінде жазылғандай, Әлім Алмат Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың ескерткішін орнату жұмыстарына атсалысқан, «Түрк Елі» Комитетімен де байланысқан. 

Мария Шоқайдан айырылған 1969 жылы Әлім Алмат туған бауыры кинооператор Файзолла Әбсәламовпен Стамбулда табысқан. 

Өнерлі атамыз туған елін көрді ме? Тәуелсіздікті қалай қарсы алды екен? 

Әлім Алмат 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына арнайы келіп, туған елімен қайта қауышқан. Міне, содан бері арғы атасы Алматтан тарайтын бір қауым ағайын-туыстарымен үздіксіз қарым-қатынаста. Бүгінде артынан ерген жалғыз баласы Төреден Мұрат, Ниль есімді немерелері бар. 

Кезінде Мария Шоқай басқа түркістандықтармен салыстырғанда әрі жас, әрі саясаттан алыстау Әлім Алматқа сол күнге жетер деген үмітпен Мұстафа Шоқайдың жеке заттарын елге жеткізуді аманат еткен екен, оның бұл аманаты да тәуелсіздіктің арқасында орындалды. 

Әлім Алмат туралы «Айтылған тарих немесе Стамбул жазбалары» атты кітапты құрастырып-жазудағы мақсатыңыз не? Басылымның оқырманға берер құны қаншалықты? 

Әлім ата туралы ақпарат 1996 жылдан бастап Қазақстанда жариялана бастады, бірақ әр жерде әр түрлі баяндалып, бір ізге түсірілмеген мәліметтерді бір жерге жинақтап ұсыну идеясы 2014 жылғы «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында пайда болғанын айта кетейін. 

Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, автор ретінде мен соғыс тұтқыны, қазақтан шыққан скрипкашы Әлім Алматтың өмірбаянының толықтырылған нұсқасын, сондай-ақ түрік ғалымы Tarik Minkari-ның «Yoldas Alim'in defteri» және отандық мұстафатанушы-ғалым Бақыт Садықованың «Я пишу Вам из Ножана» деп аталатын кітабындағы Мария Шоқайдың Әлім Алматқа жазған хаттарының қазақша нұсқасын жасап жарияладым. Бұл да кітаптың құндылығын арттыратын дүние. 

Шеттегі қазақ, ардагер азамат, соғыстың қиындығын бастан кешірген шерменде тұтқын, скрипка өнері бойынша лидер өнерпаз Әлім Алматтың күнделікті өмір тарихын жазу арқылы советтік билік тұсында тарихтың толқынымен шетелде қалған қандастарымыздың жадында сақталған «ауызша тарихымызды» жүйелі түрде қағаз бетіне түсіріп, оны тарихи құжаттармен бекіту – менің жұмысының негізгі мақсатына айналды. Себебі соғыс кезіндегі тұтқындар тағдыры – қазақтың тағдыры, ал оның ауыр зардаптары әлі күнге дейін ізін жойған жоқ. 

Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық жетістіктер тілеймін.