Қайсар ғалым Қайым Мұхамедхановты еске алды
06.01.2016 2414
2016 жылдың 5 қаңтары атақты абайтанушы, қажырлы әдебиет қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына тура 100 жыл

Осы атаулы датаға байланысты Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектебінде абайтанушы ғалымның өмірі мен шығармашылығына арнап «Алтын көріп адал жолдан таймадым» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешті өткізуге ұйытқы болған – мектеп директоры және ғалым еңбектерінің 10 томдығын жинап-құрастырушысы Ербол Іргебай. 

 

Салтанатты кешке Қайым Мұхамедхановтың шәкірттері: профессор, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, ақын, Астанадағы Абайтану орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы, мектеп ұстаздары мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

 

Қайым есімі қазақ халқы үшін абайтану ғылымымен, шәкерімтанумен және алғашқы гимннің авторы ретінде таныс. Бұдан да басқа оның өміріндегі «тұңғыш» деген мәртебелер мына жағдайда: Семей қаласында ашылған Абай музейінің тұңғыш директоры, ұлы ақын шығармаларының текстологиясын зерттеген тұңғыш ғалым, шәкерімтану ғылымының негізін қалаушы болып өрнектеледі. 

 

Қазақ тарихындағы ХХ ғасыр ішінде өмір кешкен қазақ зиялыларының, әсіресе сталиндік репрессияның алғашқы кезеңінен (1937-1938) аман қалған интеллигенция өкілдерінің көрген құқайы мен тоқпағы бірдей. Оның ішінде Әуезовтің шәкірті деген қоңыраумен талай қуғынды көрген Қайымның тағдыры сол кезеңдегі ғылым жолындағы ауыртпалықты, қиыншылықты анық көрсете алады. Ұлт руханиятының кемелденуі үшін жан аямай еңбек еткен Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов пен Ермұхан Бекмахановтар тартқан азаптардың барлығы да сол толқынның ізі саналатын Қайым Мұхамедхановты айналып өтпеді. 

 

Әдеби-сазды кеш негізінен оқушылардың күшімен ұйымдастырылған. Оқушылар әдебиет табалдырығын алғашында ақын боп аттаған Қайым жырларынан үзінділер оқыды. Осы мектептің жас ақындары саналатын Елдос пен Абдулла атаға арнау өлеңдерін жатқа айтып тарту етті. Қайым Мұхамедхановтың тергеу кезіндегі ерлікке парапар істерін көрсететін сахналық қойылым да көрерменге терең ой қалдырды. Репрессия жендеттерінің кәдімгідей ұрып-соғып, таяқ пен тепкінің астына алған көрінісі жанды ауыртқанымен, бұл өткен ғасырда қазақ зиялыларының өмірінде болған тарихи факт. Сонымен бірге кеш барысында Қайым Мұхамедхановтың 70 жылдығына арнап жазылған «Ағама арнау» әнін мектептің ардагер музыканты, композитор Жұмағазы Кәкімжанов орындады. 

 

Профессор Тұрсын Жұртбай ұстазы Қайыммен қалай танысқандарынан бастап, өз өміріндегі жарқын із қалдырған ғалым бейнесіне, оның шыншылдығы мен адалдығына, қанша азап көрсе де қайыспаған қайсарлығына ерекше тоқталып баяндады. Сондай-ақ Қайым Мұхамедхановтың Әуезов арасындағы сыйластығын, сүйініші мен күйінішін, ұлы жазушыны ренжіткен эпизодтарын жасырмай айтып берді. Тергеу кезіндегі жауаптарының қалай болғанын, кейін өзін тергеген орган қызметкерлерімен қалай кездескенін, сондағы реакцияның қалай өрістегенін өз аузынан естіген Тұрсын Жұртбай әңгімелерді қаз-қалпында баяндап шықты. 

 

Ал ақын Алмахан Мұхамедқалиқызы Семейдегі педагогикалық институтындағы емтихан алған ұстаздың жарқын келбетін сағына еске алды. Студент шақтағы қызықты естеліктерді айта отырып, шыншылдығы мен қарапайымдылығы бір басына тоғысқан ұстаз Қайымды танығандай болдық. 

 

Мектеп директоры Ербол Іргебай қысқы демалыс кезінде осындай тағылымды кеш ұйымдастырып, кітап көрмесін жасағаны үшін мектеп ұжымына, әсіресе сылтау айтпай, ата ұлағатын тыңдауға келген зал толы оқушыларға шынайы алғысын жеткізді. 

Кеш соңына таман сөз сөйлеген жас мұғалім Аяулым Шаймарданова Семей шаһарында Қайым Мұхамедхановтың құрметіне жасалған игі іс-шаралардың қалай басталып, аяқталғанын, өзінің сол шаруаларға араласып, атсалысқанын айтып берді. Оның баяндамасынан Қайымдай өрлік пен өжеттік байқалғасын, Тұрсын Жұртбай мырза ақ батасын беріп, көпшілікті қуантты. 

 

Сонымен 100 жылдығы биыл еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілетін қажырлы әдебиет қайраткерінің мерейтойы Астанадан басталды десек болады.