Шәкен Аймановқа 105 жыл
15.02.2019 2665
Бүгін қазақ киносының саңлағы, талай актердің жұлдызын жаққан талантты режиссер Шәкен Айманов 105 жасқа толды. Ол Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген

Семей Қазақ ағарту институтында оқуды бітіріп, арман қуған Алматыға келеді. Ш. Аймановтың өнер жолы осы ордадан басталған. Ендеше қазақтың ұлы актері, режиссер, ССРО халық әртісі, Сталиндік және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты туралы деректер топтамасын оқыңыз.

1. Шәкен Аймановтың азан шақырып қойған есімі – Шаһкерім.

2. Әкесі Кенжетай мен туған жездесі, теңдессіз әнші Қали Байжановтан тәрбие ала отырып, ол өзінің әртістік дарынын ерте байқатады.

3. 1932-33 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды.

4. Киноға 1938 жылдан бастап түседі.

5. 1945 жылдан бастап режиссерлікпен айналыса бастайды, кейін бірқатар фильмдерді түсірді.

6. Театрдағы алғашқы рөлін Погодиннің «Менің досым» пьесасында ойнады.

7. Қазақ театрында 40-тан астам жаңа бейне жасап, 15-тей спектакль қояды.

8. Ол 1938 жылы қазақтың тұңғыш фильмі «Амангелдіге» түседі. Бұл картинада ол эпизодтық рөл ойнайды.

9. 1947-1951 жж. аталған театрдың бас режиссері болады.

10. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықты алды. Бұл сыйлық Шәкен Аймановқа қаза болғаннан кейін берілген болатын.

11. 1970 жылы 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан көз жұмады. Д. Қонаевтың араласуымен денесі Алматы қаласына жеткізіліп, көрнекті мәдениет және ғылым қайраткерлері жерленген орталық зиратқа қойылды.

12. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984) Шәкен Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр бар.

13. Ш. Айманов көзi тiрiсiнде Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясы бойынша көп сериялы көркемфильм түсiрудi ойластырыпты. Оған жақын жүрген адамдардың айтуына сенсек, «төрт сериялы етiп түсiрудi жобалап жүрушi едi...» дейдi. «Мұхтар Әуезовтiң Шәкен Аймановпен бiр түн, таң аппақ болып атқанша сырласқанына куәмiн», – дейдi Шахан Мусин.

14. Шәкен жары Хадишаға 1938 жылы үйленген. Олардың Мұрат, Мәди есімді ұлдары болады. Бірақ Мәди ерте қайтыс болып кетеді. Майра Шәкеннің туған қызы емес. Жары Хадишаның Шәкенге дейін басқа бір күйеуі болған. Ол репрессияға ұшырайды. Кейін Шәкенді кездестіріп, соған тұрмысқа шығады.

15. Жыл сайын Алматыда Шәкен Айманов кинофестивалi өтедi.