Елбасы кітапханасының музей ғимаратында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялардың ашылу салтанаты өтті
Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты.
«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп Мемлекет басшымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай, мен ең алдымен баршаңызды алдағы келе жатқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін көрермен назарына Тәуелсіздік күніне орай Елбасы кітапханасының қор жинақтарының негізінде дайындалған екі үлкен тұрақты экспозицияларымызды ұсынып отырмыз» - деді ол.
Сондай-ақ ол, осы жылдар ішінде қор жинақтары Елбасына шетелдің мемлекет басшылары мен түрлі қоғам қайраткерлерінен табыс етілген шетелдеріндегі музыкалық аспаптардың түрлері мен әлемдік және халықаралық спорттық жарыстарда атой салған жеңімпаздардың жәдігерлерімен толыға түскенін айтты.
«Сонымен қатар біздің қорымыздың тағы бір маңыздылығы арқылы спорттық жетістіктерімізге куә болатын тарихи оқиғаларды кезең-кезеңге бөліп, осы тақырыптарға сәйкес құжаттық, кітаптық және жәдігерлік кешені арқылы экспозициямызда баяндауды жөн санадық. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры – сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр деп ойлаймын»,-деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Мәдени шара барысында Қазақстан Географиялық қоғамының және Қазақстан Байкерлер қауымдастығының президенті, «Достық» орденінің иегері Дмитрий Петрухин, Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2010-2012 жылдары «Астана арландары» сапында өнер көрсеткен былғары қолғап шеберіМерей Ақшалов және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің ән және эстрада ансамблінің басшысы, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, майор Марал Сахметова да сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
«Қазақстанның спорттық даңқы» тұрақты көрмесі Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің ынтымақтастық жөніндегі меморандумы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар қатарын жалғастырады. Олардың шымылдығын ағымдағы жылдың мамыр айында Елбасы кітапханасында орналасқан «Қазақстандағы Олимпиада қозғалысы» тұрақты көрмесі ашты.
«Әлем халықтарының музыка аспаптары» тұрақты көрмесін құру идеясы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында Музейде ұйымдастырылған көрме қонақтарының оң пікірі мен қызығушылығының нәтижесінде пайда болған. Аталмыш көрме қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығып, сұраныс тудырды.
Музыка аспаптарының жинағы Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, шетелдік делегациялардың, ел тұрғындарының тартулық сыйлықтарынан тұрады. Музей жинағындағы музыка аспаптарының коллекциясына қарапайым аспаптардан бастап, құрылымы мен музыкалық орындау мүмкіндіктері бойынша аса күрделі құралдар да кіреді. Олардың арасында үрмелі, шертпелі, ысқылы, ұрмалы және механикалық сынды музыка аспаптардың барлық түрлері кездеседі. Экспозицияға жалпы есеппен 35 жәдігер қойылған.
«Азия ойындарының қарсаңында мен Оңтүстік-Шығыс Азияның барлық елдерін аралап, оларды біздің үлкен іс-шараға қатысуға шақырдым. Әлі есімде, Филиппиннің спорт министрі өздерінде қыс болмағандықтан, қысқы спорт түрлерінің жоқтығынан өз спортшыларын Еуропа мен Ресейге жаттығуға жіберді, содан кейін олар бізге Азия ойындарында келуге мүмкіндік алды. ОтанымҚазақстантуралы әлемнің әртүрлі бөліктерінде сөйлескен кезімде бойымды қуаныш пен мақтаныш сезімі кернейді. Президент Н.А. Назарбаевтың арқасында бүкіл ел біледі. Мен қарапайым жұмысшылармен, жастармен кездесіп, қазақ жері туралы айтып, өз үлесімді қосып келемін. Шынын айтса, ішкі туризмнің одан әрі дамыса деймін. Қазір мен Қазақстандағы қасиетті орындарға экспедиция жүргізіп жатырмын. 10 елдің байкерлері жазға қарай еліміздің түпкір-түпкірін аралайтын болады. Содан кейін әлемнің 50 елінен қатысушылар Балқаш көлінде өтетін фестивальді тамашалайды. «Болашаққа жолдау» арқылы Қазақстан достарын шақыратын болады» - деп әйгілі байкер-саяхатшы Дмитрий Петрухин өз жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстанның спорттық даңқы» экспозициясында Мемлекет басшысына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары, Елбасының жеке архивіндегі құжаттар, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған материалдар мен спортшылардың жеке заттары ұсынылған. Жәдігерлердің қатарынан келушілер В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белбеуін, А.Винокуровтың велосипеді мен киімін, саяхатшы-байкер Д.И.Петрухиннің сыйлықтарын көре алады.