Орбұлақ шайқасына 375 жыл
29.11.2018 2428
Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Орбұлақ шайқасына 375 жыл толуына орай «Бабалар ерлігі ізімен» атты тарихи - танымдық кездесу өтті.

Тарихи-танымдық кездесуге ҚР Ұлттық музейдің ғылыми қызметкерлері, колледж студенттері және мұғалімдер қатысты.

Небәрі 600 қазақ сарбазымен 50 мың жоңғар әскерінің арасындағы қанды қырғынды алайықшы. Байқаған боларсыздар, күш тең емес, қару-жарағы сай болмаса да бұл шайқаста Жәңгір ханның жеңіске жеткені тарихтан белгілі. Биыл міне, осы айтулы тарихи оқиғаға  тарихи 375 жыл толып отыр.

Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – өткенді еске ала отырып, жастарға патриоттық тәрбие беру. Еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақ үшін өз халқының тарихың терең білу аса қажет. «Өткеніңді білмей, болашағыңды жоспарлау мүмкін емес» деген сөз босқа айтылмаса керек.

Студенттер, мұғалімдер мен Ұлттық музейдің қызметкерлері қатысқан тағылымды іс-шара танымдық, деректі фильммен басталды.

«Қазіргі кезде біз кең байтақ жерімізбен мақтанамыз және мақтануымыз керек.. Бірақ осы кең-байтақ жерді ата-бабамыз қалай сақтап қалды? Найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтаған кімдер екенін білуіміз керек. Қазақтардың әр кезеңде ойрат, қалмақ, жоңғар деген атаумен тарихта қалған саяси бірлестіктер арасындағы қақтығыстары шиіленісті болды. Сондай үлкен қақтығыс бірі, тарихқа Орбұлақ шайқасы деп енген үлкен қазақ- жоңғар соғысы, Соғыстың себебі, барысы, тарихи маңызы сияқты сұрақтарға жауап беріп, осы мәселелерді мемелекеттің ішіндегі ауызбіршіліктің маңыздылығы тұрғысынан осында отырған жастар мен біздер талқылап, мәселені тереңінен ұғынуға тырысамыз. Барлығыңызға сәттілік тілеймін», – дейді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Жұмагүл Абсеметқызы.

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысынан бастама алған «Көлік және коммуникация» колледжінің студенттері өздерінің баяндамасын кезекпе-кезек оқыды.

«Батыр Қонтайшы бастаған ойрат-қалмақ елу мың қолмен қазақ елін жаулап алуға аттанғаны жөнінде Салқам Жәңгір өз шолушыларынан мәлімет алады. Орбұлақтағы ойрат пен қазақтың тектілері Қарахан патшаның тұсында «Арамызды шаһар байласын, шаһар байламаса, заһар шайнасын» деп анттасқан көрінеді. Маруан-Аһра би «Орбұлақ тектілердің ат-тізгінін тартып тоқтаған тәтті жері еді. Ойраттар анттан аттады. Орбұлақтың бойында улы жебемен қарсы алыңдар. Бұл жерге қылыш көтеріп келгендер өз қанына өзі тұншығады. Ойраттар елу мың болса да 600 сарбазың жетеді. Қостоқты бастаған қолың, Сүлеймен бастаған сексен мергенің бар, қия тұмсықты біз барғанша төтеп беріңдер» деп Салқам Жәңгірге хабар жібереді. Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар Сасықтекенің түтінін де пайдаланады. Улы жебе адамға жанап кетсе болды, безгек тигендей мәңгілікке сұлап түседі екен.

Ал Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, жағып жіберсе түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Салқам Жәңгір әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты батыр 600 сарбазын із суытар жерге тастап, ойраттардың алдынан өзі шығады. Оларды алдаусыратады да «Сасықтеке» түтініне ұрындырады.

Қазақ қолының аз екенін білетін жау жапырып тастамақ болып лап бергенде улы түтінге, онан соң улы жебеге ұрынады. Міне, осындай амал-айла арқасында қалмақ қолы ойсырай бастайды. Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер ете қоймайды. Уланғандары қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, тазарып аман қалады. Ал аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып тазартады. Алғашқыда не болғанын түсінбей қалған ойраттар мәнісін кейіннен біледі. Он мыңдай жасағынан айырылған олар кейін шегініп ақылдаса бастайды. Осы кезде жиырма мың қолымен Жалаңтөс Баһадүрдің кол сыра бастап, Жоңғарлармен шайқаста Жәңгір дұрыс шешім қабылдады.

А.И. Левшин: «Ол ашық тапқырлық көрсеш шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасалы, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тыгылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Коп аламынан айырылған соң, оларды қоршап алуға кіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдайды. Ойламаған жерден болған соққының, әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтықтарының өте сапалы болуынан Батыр қонтайшыға қатты соққы берді» деп сипаттайды орыс тарихшысы. Осындай тарихи дерегі мол баяндама жасаған «Көлік және коммуникация» коллеждінің 1 курс студенті Зарпек Алмас сөз соңында өзінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлназ Солтанғазықызына бағыт-бағдар бергені үшін алғысын білдірді.

«Тактикалық әдіс түрінде Орбұлақ шайқасы күштерді біріктіре білгендікті көрсетті. Қазақ хандығының әскери өнерінің тарихында тұңғыш рет оқпана қазып соғысу тәсілі қолданылды. Қазақ шежірелерінде және халық аңыздарында соғыс жоңғар Алатауында, Орбұлақ деген жерде болған. Бұл шайқас қазақ халқының тарихында басқа да ірі оқиғалармен бірдей орын алды. Жәңгір «Салқам» (айбатты) деген құрметті атқа ие болды. Бұл соғыс ойрат қоғамына өз әсерін тигізді. Олардың өзара қырқысын бастауға әкеліп соқты. Ескі феодалдар арасындағы өзара қайшылықтары жарыққа шықты. Жәңгір хан бірегей қолбасшы, әрі епті стратег екенін дәлелдеді. Ол оқиға болып жатқан кезде не істеу керектігін тез ұға білді.

Шешуші кезеңде жауынгерлерді жігерлендіріп өзінің тікелей соғысқа қатынасуымен шешіп кетіп отырды. Осы ерекшеліктерімен Орбұлақ шайқасында көзге түсті. Қазақ жауынгерлері өздерінің ерліктерімен, өздерінің жан аямайтындықтарымен өз жерінің тәуелсіздігін және халықтың бостандығын қорғай алатындығын дәлелдеді. Шайқас қазақ халқының тарихындағы аса ірі жеңістердің бірі әрі бірегейі болды. Орбұлақ шайқасын ұйымдастырушы Жәңгір ханға тек Жалаңтөс батыр ғана емес қазақтың ержүрек, дарабоз батыр, жыраулары да түйіле қатынасты. Атап айтар болсақ, арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, тана Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтiндi, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай, т.б. батырлардың үлесі шайқастың жеңіске жетуіне де өз септігін тигізді».

Орбұлақ шайқасының маңызы – қазақтарды жоңғарлардың ғана емес бүкіл әлемнің мойындауын туғызған шайқас болды. Сонымен қатар, қазақ даласындағы шайқастарды ұзақ жылдарға толастатып, жоңғарларды қайта қазақ сахарасына басып кіруіне жүректерін шайлықтырардай әсер де қалдырды. Қазақ даласы сәл де болса жау езгісі мен зәбірінен құтылып, жаймашуақ тіршілігін жасай білді» деп Қадіржан Нұртуған шайқастың нәтижесі мен тарихи маңыздылығы жайында сөз сабақтады.

 Студенттердің баяндамасынан соң қызу талқыға түскен тарихи «Орбұлақ» шайқасы туралы біраз сүбегейлі әңгімелер мен тарихи тәлімді дүниелер қамтылды.

Отырыстың соңында термеші Мубин Бейбеттің орындауындағы «Нұртуған» жыры домбырамен жырланды.