Музей қорындағы нумизматикалық материалдардың ең көне үлгілері біздің ғасырлар бойы қалыптасқан нумизматикаға жәдігерлер мен деректік материалдардан құралған
7 қараша күні Ұлттық валюта күні мемлекеттік мерекесі қарсаңында еліміздің ірі тарихи-мәдени-ғылыми орталықтары Алматы музейі, ҚР Президенті Архиві, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бірлесе ұйымдастыруымен «Қазақстан аумағындағы ақша айналымы: көне заманнан бүгінге дейін» тақырыбында нумизматикалық жәдігерлер көрмесі ашылды.
Көрменің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатының директоры Абдукадырова Жамила Юсупжановна, Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының Мәдени мұра бөлімінің меңгерушісі Кәкіжанова Назерке Аманбайқызы, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жандосов Айбек Кыстаубаевич, Қазақстан теңгесінің авторы суретші, архитектор Ғабжалилов Хайрулла Мағауияұлы, ҚР Ұлттық банкінің архитектор, дизайнері Басенов Алмат Галиевич және ҚР қаржы саласы ардагері Жангелдин Ерлен Тоқтағалиұлы арнайы құттықтау сөз алып, Төл теңгеміздің 25 жылдығымен құттықтады.
Отырар мен «Әзірет Сұлтан» музейлері қорларындағы көрмеге ұсынылған жәдігерлердің құрылымы 3 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімін музей қорындағы нумизматикалық материалдардың ең көне үлгілері - біздің дәуірдің ІІІ ғ.-нан бастау алып, VII-VIII ғғ. өлкенің түркі тайпаларының ықпалына өткен кезеңдеріндегі нумизматикасына қатысты жәдігерлер мен деректік материалдардан құралған.
ІІ бөлімде араб халифаты билігінің қарсаңындағы нумизматика және араб нумизматикасының ықпалына өткен кезеңдердегі, Саман, Қарахан әулеті билеушілері тұсында соғылған тиындар мен оларға қатысты ғылыми еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен жазба ескерткіштерден алынған материалдар қамтылса, ал ІІІ бөлімде өлкеде билігі үстемдік еткен Хорезмшах Мұхаммед бин Текеш атынан соғылған тиындар, ХІІІ ғасырда өлкедегі билікті қолға алған моңғол билеушілерінің ақша түрлері мен музейлер қорларында кездеспейтін кей тиындардың суреттері мен сол кезең нумизматикасына қатысты материалдар қойылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан төл валютамызға байланысты құжаттама материалдар, фотосуреттер, Алматы музейінің қорынан Қазақстанның атаулы мерекелік даталарға, қызыл кітапқа енген аң-құстар мен өсімдіктердің, спорттық шаралар т.б. шығарылған ақша түрлері қойылды.
Ерте кезеңдердегі теңгелер мен тәуелсіз Қазақстанның төл валютасы теңге тарихынан мәлімет беретін көрме Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына 08.11-08.12.2018 ж. аралығында қызмет көрсетеді.