Мемлекет тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға қажетті тетіктерді іске қосады. Алайда, халық оны алып кете ала ма? Түсіндіру, көмек беру, қамқорлық жасау жүйесі дайын ба?
Ойлаған ойлар мен қарымды қадамдарға ұмтылыс қана, адамзат өркениетінің жоғарғы дәрежесіне жеткізері һақ. Жас балауса мемлекеттің тәуелсіздігін әлем жұртына жариялағанмен, оның қалыптасуы мен дамуы бас аяғы ширек ғасыр ішінде тарам-тарам жолдардан, белді-белді бөгеттерден, алынбайды-ау деген асулардан өткен жолы – Қазақстан тарихының жаңа беті емей немене?
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың көрінісі қандай еді?
Өздеріңізге мәлім, 1990 жылдардың басында ел экономикасын реттеуде дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер де қолданылды. Себебі уақыт талабы солай болды. Солай десек те дәл осы жылдар жаңа тарихымызды айқындаған жылдар болды. Сол мезгілде халық түсініп, бойлай қоймаған қаншама стратегиялық міндеттер қойлып, шешімді іс-қимылдар жүргізілді. Алғашқы жылдарда-ақ басты мақсат - бәсекеге негізделген әлеуметтік жетістіктер дамуына бейімделген экономикаға жету, меншіктің түрлі нысандарын дамыту болғандықтан да, оның нәтижесі Қазақстанның өркениетті ел қатарына қосылуына негіз болды. Бұл экономиканы тұрақтандырудың қадамдары болатын. Стратегиялық міндеттер жүгін, оны орындауға талпыныс жасай алатын мемлекеттер ғана қабылдайды. Соның арқасында бағымызға қарай, Қазақстанның жаһандық халықаралық жүйедегі орны анықталды, ұлттық мүдде қорғалды, сыртқы саяси стратегия айқындалды, әлем мемлекеттерімен белсенді дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды, жетекші халықаралық ұйымдар келіссөздерге тартылды. «Тас түскен жеріне ауыр». Ауыртпалықты ел-жұрт көтере алды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында, ел тұрғындарының сындарлы жылдардағыдәл осы еңбегін атап өтіп, негізгі нәтижелерді мәлімдеді. Расында, көрші-қолаң алдында ұялмайтындай заманауи прогрессивті мемлекет құру, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, сапалы құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізу әлеуеті қазақстандық әлеуметтің қолдауы нәтижесінде іске асырылды. Қазақстан өз қауіпсіздігі ғана емес, өзге жаһандық мәселелерді шешу ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын ел ретінде танылды. Мұның барлығы ел ішіндегі мәселе шешілді деген сөз емес.
Етек-жеңімізді жидық деген сөз. Ендігі басты сұрақ: – Тіршіліктегі түйткілді тұстардан қалай шығамыз?
Айналада өңірлік қана емес, жаһандық сын-қатерлер 1990-ншы жылдағылардан да күрделене түспесе, кемімей отыр. Әлемдік саяси және экономикалық трансформация үдерістерінің күшеюі және қарым-қатынастар жүйесінің күрделенуі, қауіпсіздік жүйесі мен халықаралық сауда ережелері бұзылуы қазақстандықтарды жанап өтпейтіндігі тағы аян. Оның үстіне жаңа технологиялар легі, мемлекеттің еңбек ресурстары мен адам капиталының сапасына қатысты талапты жоғарлатады. Қазірдің өзінде бәсекелестікке негізделген талаптардың орын алуы көз алдымызда.
Сондықтан да Мемлекет басшысы заман талабына сай, басты міндет – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігін мәлімдеді. Бұл әрбір отбасы мен тұрғынның жауапкершілігімен ғана іске асуы мүмкін дүние. Мемлекет басшысы сын-қатерлерді болдырмау жолы ретінде, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту қажеттігін ерекше көрсетті. Демек, мемлекеттік органдардан бастап қарапайым тұрғындарға дейін жұмыс істеу тәсіліне бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарау керек. Әрбір лауазым иесі тиімді жұмыс атқарып, мәртебесіне лайықты болғанда ғана, халықтың табысты болуына, олардың өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етуі мүмкін. Егер қоғамда осындай кемшіл тұстар болмаса, Жолдауда аталынбаған болар еді.
Адам – басты байлық! Осы ұғымды мемлекеттік қызметкерлер таңның атысынан күннің батысына дейін жадында ұстаса ғана, экономикалық өсімнің жаңа моделінің қозғаушы күштерін іске қоса алатыны айқын. Осыған сәйкес, әрбір отбасы да әл-ауқатын жақсартатын әлеутті қалыптастыруда қол жеткізе алатын жолдарды, білім, біліктілік, еңбек, мамандық иесі болу сияқты алғышарттарды жеке жауапкершіліктеріне алмаса болмайды. Мемлекет тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға қажетті тетіктерді іске қосады. Алайда, халық оны алып кете ала ма? Түсіндіру, көмек беру, қамқорлық жасау жүйесі дайын ба? Дәл осы тұста мұның барлығы Мемлекет басшысының тікелей назарында болатындығы қуантады.
Білім беру, денсаулық сақтау жүйесінде сапалы өзгерістерге жол ашылып отыр. Бюджеттік мекемелердің жалақысының артуы, шағын және орта бизнес саласын жетілдіру – жаңа табыстардың көзі.
2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланды. Осы жылы талай жас буынның қанаты қатайып, қоғамның рухани-мәдени, экономикалық дамуына жаңа серпін береді деп үміттенеміз. «Жас келсе, іске» дегендей, Жолдаудағы экономиканы (өндіруші сектор, шағын және орта бизнесті) қосымша несиелендіру аясында да, жастардың әлеуметтік мәртебесі мен үлес салмағы артады деп ойлаймыз. Ерекше айта кететін дүние, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру жөнінде. Бұл қолға алынып келе жатқан жұмыстар. Әлі де нақты және қолжетімділікті арттыру қажет. Қазірдің өзінде республикадағы елді мекендерде, мысалы Қызылорда, Атырау және басқа да облыстарда сапалы инфрақұрылымдар жасау, күнделікті өмір тіршілігі мен заманауи дәстүрге лайықтау мәселесі қолға алынып, қуантуда.
Жолдаудағы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы, «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құру, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту, «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында өңірлер бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту жұмыстарын қазақстандықтар толыққанды қолдайтындықтары айқын. Себебі ол, жалпы ұлттық рух мәселесі. Әрбір жанға сенім – серік. Мемлекеттік стратегия бағдары толыққанды халық сенімімен ұштасқанда ғана, жүзеге асырылатыны қаперде болуы абзал. Бастысы, адами құндылық әлеуетімізді бағамдайтын уақыт келді.
Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы
институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.