Елорданың Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуiмен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы басталды
«Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы басталып, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.
Президент алдымен сессияның ашылуымен барша делегаттарды және қонақтарды құттықтап, «Ассамблея – еліміздің татулығы мен тұрақтылығының ең басты кепілі» болып отырғанын, құрылған күннен бастап татулықтың ұйытқысы болғанын жеткізді.
«Бүгінгі сессиямыз «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталады. Мен наурыз айында әлеуметтік жаңғыру жолындағы Президенттің бес бастамасын ұсынғанымды білесіздер. Бес әлеуметтік бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге ұлтты ұйыстырудың тағы бір түрі – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған», - деді Мемлекет басшысы.
Назарбаев «бес бастама» бағдарламасын табысты жүзеге асыру азаматтардың өз болашағына, мемлекетке, қоғамына, қала берді бір-біріне деген сенімін арттыратынын айтты.
«Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама бұрын болған емес. Осының барлығы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан, елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйтпесе, өздеріңіз қазір біліп-көріп отырсыздар, дүниежүзінде көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні де, болашағы да бұлдыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді, таусылмас ырыс-берекемізді бастау етіп, сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолдан таймауымыз керек. Осы жолмен жүретін болсақ, барлық қиындықты еңсереміз, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет істейміз», - деді Елбасы.
ҚХА сессиясының жұмысына 1 500-ден астам адам қатыты. Олардың қатарында елдің барлық өңірiнен келген Ассамблея ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым өкiлдерi мен бұқаралық ақпарат құралдары бар. Сессия соңында салтанатты концерт өтті.
Заңғар КӘРІМХАН