Мәскеу төрінде «Алтын адам»
04.04.2018 2269
«Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан 4800-ге жуық әшекейлер тапқан

Кеше Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашты. 

Қазақстан мен Ресей арасындағы екі жақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық барлық бағыттарда және оң нәтижелермен дамып келеді. Әрі, аталмыш екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара ықпалдастықтың озық үлгісі болып табылады.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан VII-ІІІ ғасырларға жататыналтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.

Көрменің негізгі экспонаты - 1969 жылы Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан белгілі археолог Кемал Ақышев басқарған археологиялық экспедицияда табылған «Алтын адам». Көсемнің костюмі мен бас киімінің барлық әшекейлері киімге тігілген кезекпен өзгеріссіз сақталған. Барлық әшекейлер өнер туындысы және скиф-сібір аңдық стильінің ескерткіштеріне жатады. Бүгінде «Алтын адам» бүкіл әлемге танымал және Қазақстан Республикасының символы болып саналады. Археологтар «Алтын адамның» жерлеу камерасыннан 4800-ге жуық әшекейлер тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған болып саналады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов келушілер назарына ұсынылып отырған артефактілер сақ мәдениетінің зооморфтық "аң" стилін паш ететіндігімен бірегей саналатындығын баса айтты. "Сіздерді осынау көрмеде қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл көрме бірегей саналады. Себебі Есік қорғандар кешені мен "Алтын адам" – бұл елімзідің ең мықты тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі. Қазіргі Қазақстан аумағы – бұл 8 ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін сақ мәдениетінің қалыптасып, одан ары дамыған кеңістігі. Көшпелілер, сақтар осынау мәдениеттің тасымалдаушылары ретінде өте бай тарихи мұра қалдырды. Дегенмен, өкінішке орай аумалы-төкпелі заман сол артефактілердің аздаған бөлігін ғана бүгінгі күнге дейін сақтауға мүмкіндік берді. Айта кетерлігі, "Алтын адам" 4 мың алтын бұйымдар түрінде табылды. Бұл Есік кешені қорғандарының қапталдағы қорымының бірінен ғана алынған бұйымдар", – деді Елші.

«Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» атты археология саласындағы Тутанхамон қорғанымен ғана салыстыруға болатын  «Алтын адамның» көрмесі біздің музейімізде ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен алғаш рет ашылып отыр.Көрме археологиялық мазмұнымен ғана емес, жоғары деңгейде дайындалғандығымен де ерекшеленеді. Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінде өтіп жатқан бұл көрме келген көрермендерге қуаныш сыйлайды деп ойлаймын», деді Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінің директоры Е. В. Титова.

Халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесінде таныстырылатын зергерлік өнер туындылары – Еуразияның далалық мәдениетінің өзіндік стилі мен ерекшеліктерін бейнелейтін әшекей-бұйымдар мен бізге аты белгісіз тарих тереңінде қалған шеберлердің қолдарынан шыққан туындылардың бір бөлігі ғана.

РФ министрлігі мәдени мұра департаментінің директоры Ю. А. Евтюхин: «РФ Мәдениет министрлігі отандық музейлердің ТМД елдері музейлерімен өзара қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөліп отыр. VI Халықаралық форум аясында Қазақстан 2018 жылы стратегиялық серіктес болды.Біз бүгінгі көрмеден екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жемісін көріп отырмыз», деді.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының маршруты Шығыс Азия (Жапония, Корея), Оңтүстік Шығыс Азия (Қытай), Европа (Австрия, Франция), сонымен қатар Ресейді және Америка Құрама Штаттарын қамтиды. Жүзеге асыру мерзімі: 2018-2021 жылдар.

        «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен  жолға қойылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаны ұйымдастуыру үшін үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінгі көрме екі елдің ежелден қалыптасқан көршілестік ниетін және кәсіби сенімділікті білдіретін айтулы шаралардың бірі болып табылады», деп атап өттіҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті басшысының орынбасары М. К. Сағымбаева.

Сонымен қатар 2018 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Әзірбайжан Республикасының Ұлттық музейінде (Баку қ. Әзірбайжан), Шэньси провинциясы Тарихи музейінде Сиянь қ. ҚХР), Гданьск Ұлттық музейінде (Гданьск қ. Польша) және Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі деп жоспарланып отыр.

2019 жылы аталмыш көрмені Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мемлекеттерінің музейлерінде өткізу жоспарланып отыр.

2020 жылы АҚШ, Италия, Австрия, Франция және Германия музейлерінде өткізу жоспарланған.

2021 жылы Халықаралық көрме жобасы Гран-Пале Ұлттық музейлер бірлестігінің (Франция) және Австрия көркемөнер музейінің залдарында таныстырылады.

Аталған көрме аясында т.ғ.д., профессор З.С.Самашевтың, ҚР Ұлттық музейі ғылыми хатшысы, т.ғ.к. З.К.Сураганованың, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті басшысының орынбасары М. К. Сағымбаеваның,РФ Мәдениет министрінің бірінші орынбасары В.В. Аристарховтың, Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейі директоры Е.В.Титованың, Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің археология кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор А.Р. Канторович және Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейінің бас кеңесшісі Г.Б. Андрееваның қатысуымен пресс-конференция өткізілді.

 «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 13 мамырына дейін жалғасады.