«Қазақстан барысы» – қазақ спортының үлкен тойы
08.07.2015 3690
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін осымен бесінші мәрте өткізілген «Қазақстан барысы» қазақ күресінің республикалық турнирі аяқталды

«Қазақ күресіне» жаңа атау керек 

Турнир басталардан апта бұрын «Қазақстан барысы» жобасының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек ұлттық спорттың алдағы мәселелері туралы, ондағы проблемаларды шешу жолдарын тарқатып айтып, өз ойымен бөліскен еді. 

«Қазақ күресін қалай атау керектігі туралы сөз әлі жүріп жатыр. Бір тоқтамға келуіміз керек. Өзбектер мен қырғыздар, татарлар мен басқа да түрік халықтары күресті қалай атап жүргеніне сараптама жасадық, бірнеше ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар өткіздік. Спорт ғалымдарын шақырып, ақылдастық. Бұл жерде біз анықтай түсетін шетін мәселелер баршылық», – деді Сәрсен Абайұлы. 

 

С. Құранбек мырзаның айтуынша, халықаралық спорт қауымдастықтарына қазақ күресін енгізу үшін алдымен термині қалыптасуы керек екен. О басында барша түрік халықтарына ортақ атаумен белгілі болған күрес өнері кейінгі ғасырларда бөлшектеніп, басқаша атау алып, түрлі реңкке өзгерген. Өзбектер «кураш», татарлар «корэш», тувалар «хуреш», түрікмендер «гореш», башқұрттар «көрәш», қырымдықтар «күреш», чуваштар «кӗрешӳ», әзербайжандар «гүләш» (güləş) делінген түп-тамыры бір өнерді ұлттық тамырдан ажыратқан үстемдіктің күші аңғарылады. Түрік халықтарының ұлдарын аттан түсіріп қоймай, өнерінен, спортынан айырып билеу керектігін отаршыл империя жақсы білген. Ал бүгінгі таңда дүркіреп жатқан жоба «Қазақстан барысы» түбінде «белдесу», «арыс» т.т. атаулардың бірін алып, әлемдік спорт аренасына шығары анық. 

Ұлттық күрес б.з.д. V-IV ғасырларда қалыптасты десек те, 1928 жылы күрестің бірыңғай ережесі қабылданып, ол 1938 жылы республикалық спорттық жарыстың бағдарламасына енгізіледі. 

Қазақ балуандары осы күрес түрі бойынша халықаралық аренада тұңғыш рет 1952 жылы Ашхабад қаласында сынға түсті. 

1998 жылдан еліміздің балуандары үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. 60 кг-ға дейінгі балуандар кіші балуан, 74 кг-ға дейінгілер орта балуан, 74 кг-нан жоғарылар бас балуан деп аталады. 

Балуандар мен төрешілер және ереже 

Қазақ спортын, оның ішінде ұлттық күресті насихаттаудағы бірегей жоба елдің көңілінен шығып, сүйікті жарысына айналды. Өңір-өңірден үздік шыққан 32 балуан мен былтырғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов Астана төріндегі «Сарыарқа» велотрегінде сайысқа түсті. Алдымен театрландырылған көрініс, сосын дабыл соғылып, жеребе тартылды. 

Кіл мықты балуандар сайысында ел күтпеген жаңалықтың бірі – жас балуандардың көп шығуы. Осы жолғы турнирге 17 балуан тұңғыш рет қатысты. 2014 жылғы жарыста ауыр және атақты балуандардың алғашқы белдесуден-ақ жас әрі жеңіл балуандардан жеңіліп қайтқаны ел есінде. «Күш атасын танымас» деген осы болар. 

Биылғы турнирде төрешілер құрамы анықталып, оларға айрықша шарт қойыла отырып, бір күндік қаламақысы (900 000 теңге) молынан есептеліп берілді. Кепілдікке қаржы қойып, өзінің ары мен кәсіби білігі үшін төрешілердің еңбегі сыналатын жауапты кезең болды. Сондықтан да барлығы болмаса да, бірен-саран төрешінің қазылығына жұртшылық наразылық танытты. Балуан Руслан Әбдіразақовты таза жеңіспен жеңді делінген Ержан Шынкеевтің әдісі кейін есептелмеді. Бұдан көрінетіні – ереженің әлі піспегені. Піспеген ережені төрешілердің жаттамағаны, қай кезде қандай ұпай берілетіні, қандай тәсілді қолданғаны дұрыс, ескертуді кімге және қалай беру керектігін әлі-де пысықтап, қайта қарау керектігі, аңдалады. Ереженің қалыптасуына, бірізді болуына біраз уақыт қажет екені даусыз. 

 

Қазақ күресі дзю-доға ұқсап барады деп жанашырлық пікір айтатын мамандардың сөзінің жаны бар. Әдісті жасаған балуанға өзі құлап кетсе де, ұпай жазылатын болса, онда бұл біздің бұрынғы ұлттық күрестің ережесінен әлдеқайда алыстап кеткендігімізді көрсетеді. Қазақ күресінің ережесі туралы Балуан Шолақ өмірінде болған мынадай оқиғаны еске салсақ артық болмас. 

«Шолақ алдында құдық түбіне түссе де, «Аққошқарым келмей тұр» деп күреске түскісі келмеген. Жұрт кеу-кеулеп болмаған соң денесі құрыстамаса да, білегі құтырынбаса да амалсыз шыққан. Бір жас, бір сақа балуанның ортада не десіп, біріне бірі неге қол тигізбей, аңдысып жүргенін қара қылды қақ жарған қалың топ қайдан білсін, екі жақ та «ә, аруақ! Кәне ұстаса кетіңдер!» деп айғайласып қалды. Жас Шолақ кәртең балуанды иықтар сарт еткізіп көтеріп алып, қарсыдағы атығай жаққа ала жөнелді. Шолақтың аяқтан шалуда, жамбасқа алуда шаруасы жоқ, көтеріп апарып өз, ақсақалдарының алдына тоқтыдай топ еткізіп тастай салмақ. Шолақ Саққайдың Қожахметін – әйгілі түйе балуанды солай тастай-ақ берген, тек бір тізесі сәл бүгілгендей сүрініп кетті. «Шолақ сүрінді, қарауылдың балуаны жығылды» деп қарсыдағы қалың топ айғай-ұйғай болып кетті. Сүрінбек түгілі, сәл шылау берсе де «жығылды» деп шулайтын қазақ бас бәйгені Қожахметке әперіпті. Жасы да үлкен әрі Шолақ бір мүдіріп кетті. Сол Қожахметтің қарының бұлшық еттері өле-өлгенше түйнек-түйнек, түйіншек-түйіншек болып жүрді. Ол қартайғанда екі қолын жұртқа көрсетіп: 

– Бала Шолақтың жалғыз сау қолы тигенде мытып-мытып жібергенінен осылай бөлініп-бөлініп, қарымның, санымның еттері іріп кетті, – дейді екен. Ол сонан қайтып күреске түспепті» (Жайық Бектұровтың «Енеден ерте айырылған төл секілді» кітабынан). 

Бейбіт – бүгінгі күннің балуаны

Астананың 17 жылдық меретойы қарсаңында қала күніне қатысты мерекелік іс-шаралардың бел ортасына енген «Қазақстан барысының» бесінші турнирін Президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп тамашалады. Жарыстың жартылай финалы кезінде залға енген мемлекет басшысын қалың көрермен ыстық ықыласпен қарсы алды. Кезекті белдесуінде жеңіске жеткен Р. Әбдіразақов Президентпен амандасып, қолын алып қайтты. 

Биылғы белдесудің ең басты жаңалығы – «Қазақстан барысының» 2011 жылғы жеңімпазы, қазақ күресінен әлем чемпионы, республикамыздың бірнеше дүркін түйе балуаны Бейбіт Ыстыбаевтың екінші рет жеңіске жетуі. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол «Қазақстан барысын» үш рет ұтамын» деген болатын. Сол уәдесін орындады. Чемпионға 150 мың АҚШ доллары мен алтын тайтұяқ және алтын белбеу тапсырылды. 

 

 

Екінші орынды Руслан Әбдірақов жеңіп алса, үшінді орынға Астананың балуаны Ғани Сейділдаев ие болды. «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен, ақшалай және бағалы сыйлықтар жүлдегерлерге табысталды. «Астана моторс» компаниясы тіккен жеңіл көлік көрермен көзайымы номинациясы бойынша Нұрым Сәлімгереевке берілді. 

 

«Қазақстан  барысы» – қазақ спортының, оның ішінде ұлттық күрестің үлкен тойы. Жарыс соңында ҚР Президенті Н. Назарбаев чемпиондарды құттықтап, болашағына сәттілік тіледі.