Жарияланымдар

Мырзағұл Әбдіқұлов: «Өлімнен де күшті!»

22 Ақпан 2016
255
0
Мырзағұл Әбдіқұлов: «Өлімнен де күшті!»
Айтатын ой көп. Жеті жылда көргенімді, түрмедегі адамдардың барлығы жаман болмайтындығы, олардың ішінде де рухы биік, жаны таза кісілердің көп екендігі туралы ойларымды әңгімеге сыйғызу мүмкін емес

Желтоқсанның ызғарлы желі талайларды тоңдырды, талай қазақты жұлқып, ұйқысынан оятты, талайлардың намыс отын тұтатты. Сол тоңғандардың, оянғандардың, көкіректегі намыс оты тұтанғандардың бірі – менмін. Тас зынданда болған жеті жыл уақыттың ішінде талай тозақты көрген мен өлімнен де күшті нәрсе бар екенін ұқтым. «Туған жердің намысы бөтен қолда кетпесін!» деп Қайрат інім жырлағандай, оның аты – Намыс. Ар, Ұят, Рух екен. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Ерді намыс өлтіреді», «Өлімнен ұят күшті» деген халқымның асыл сөздеріне Желтоқсан көтерілісінен бұрын шын мәнінде тереңдеп, ой көзімен қарамаппын. 

Қамшының сабындай ғана өткен ғұмырымдағы түрмеде болған жеті жыл қазір ойлап отырсам жеті ғасырға татитындай. «Бас қатты ма, тас қатты ма?» деп сұрай қалса, бұрын қалай жауап берерімді білмеймін, қазіргі айтар уәжім нық. Тас түрменің табалдырығын аттағаннан-ақ жеген таяқтан, тиген ауыр тепкілерден денемде сау жерім жоқ десем өтірікші бола қоймаспын. Бәрінен де батқаны – өз қаракөз бауырларымнан жеген таяғым мен тепкілерім. Аттарын айтып неғылайын, олардың көбісі қазір сол қызметтерінде алшаң басып жүр. Тіптен бет-аузы шімірікпей «Өлім» жазасын «мәрттікпен» менің мойныма іліп жіберген халық соты да өзімнің қандасым екенін жүрегім езіле отырып, қағаз бетіне түсіруге мәжбүрмін. 

 

3754cbb9697064e0e9a30dd22dc578ce.jpg

 

Кейде өзімше отырып тағдырыма налитыным бар. Әкем Тәжіғұлдан жастай қалдым. Ол аз болғандай біз ат жалын тартып мінгенде туған жерім – Аралдың бағы тайып, апатты аймаққа айналды. Көппен бірге жасы келген анамды, бала-шағамды шұбыртып Алматыға келдім. Мұнда мені күтіп тұрған кімім бар, талай азапты бастан өткердік. Бір жақсы адамның көмегінің арқасында қалаға жақын бір ауылдан ұлтарақтай жер алғанда қуанышымызда шек жоқ. Сол жерге екі бөлмелі үйді әзер дегенде қалқиттым. Одан артыққа осы күнге дейін шамам жетер емес. Қазір сонда бес баламмен тығылысып, тұрып жатырмыз. Жә-ә, әңгіменің арнасы бұрылып барады білем, негізгі айтар ойыма ауысайын. 

Қай халықта болсын, сатқындар, намыссыздар, ездер, қаны жоқтар баршылық. Орыс империясының осындайларды дайындаудағы шеберлігіне «тәнтімін». Жетпіс жыл (тіпті одан бұрын да) бойына дүйім бір халықтың көңіл көзін бітеп, шел бастырып келген не деген мықты саясат! Аштықтан, репрессиядан, соғыстан жарты халқымыз шыбындай қырылып жатсақ та, артымызға бір бұрылып қарамаппыз-ау! Кіл соқыр байғұстар, басы жоқтар (басы барларды ажал «қылышымен» қағып отырған) шынында да қалай көрмек?! Міне, көр соқырдың бірі мен едім. Желтоқсанның 17-дегі қырғында келесі күні таңертең естідік. Құлағым елеңдеп, үйде жата алмадым. «Балалар әлемі» дүкенінің жанына келгенімде сол маңды бес қаруы сай әскерлер сап түзеп қоршай бастады. Әлдебір жамандықты сезгендей жүрегім өрекпи соқты. Сөйтсем, жоғары жақтан көтерген плакаттары бар, өлеңдеткен қазақ жастары шеру тартып келеді екен. Бізді қақпайлап шетке шығарып жіберді. Басыма қан теуіп, бойым шымырлаған мен сол шеруге қосылып кетер ме едім, нағашы әпкем кездеспегенде... «Құрисың! Кет бұл жерден!» деп ол мені қуды. Амал жоқ, артыма қарайлай-қарайлай ауылға қайтып келдім. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алсамшы: «Ойпыр-ай, менің сол қаракөз бауырларымнан жаным артық па? Не деген ез, қорқақ едім. Осындайда төбе көрсетпеген еркек еркек пе? Қайда қазақтық намысым? Қап!» деп өзімді күстаналадым. Ертеңінде қалаға баруға сылтау табылғанда іштей қуандым. Анам, жарым қалаға бармағанымды қалады. «Қорықпаңдар. Келем ғой!» дедім мен. 

Тағдыр деген қызық қой. Өздеріңіз білетіндей өзімді қорғаймын деп жүріп бір орысты өлтірдім. Қолдарында жарты метрдей темірлері бар олар үшеу еді. Өзімді қорғамасам, олар мені өлтірер еді немесе мүгедек ететіндігінде сөз жоқ болатын. Сол кездерде үлкендерді қайдам, қазақ жастарының тағдыры бес тиын болып қалды ғой. Мен өзімді ғана емес, намысымды қорғап қалғанымды көп уақыт өткен соң білдім. 

Әңгіменің басында Желтоқсан көтерілісі талай қазақты оятып, намыс отын тұтатқанын айттым. Желтоқсанның негізгі оқиғасы болған маңда менің бір замандасым тұрды. Атақты спортшы. Бірақ ана тілімізге шорқақ. Мәңгүрттің үйреншікті қалыбына түскен. Әйелі орыс. Ұлттық намыстан жұрдай. Оны мен оншалықты жақтырмаймын. Жеті жыл түрменің ащы дәмін татып келгеннен кейін сол замандасымды кездейсоқ кездестіргенімде танымай қалдым. Еңгезердей біреу құшақтай алғанда тұншығып кете жаздадым. Сол, сол ғой! Ау, ол қазақша білмеуші еді ғой деймін таң қалып. Хал-жағдайынан ана тілімізде сорғалатқанда аузым аңқиып қалыпты. Мұнымды сезген ол мән-жайды қысқаша айтып берді. 

«Менің үйімнің Республика алаңына жақын тұрғанын жақсы білесің. Сол он сегізінші желтоқсандағы жан шошырлық түн мәңгілік жадымда қалып қойды. Қарындастарымыздың шыңғырған дауыстары, иттердің абалағаны, жанталаса дүркірей қашқан бауырларымыз, оларды табанымен таптаған қатыгез әскерлер... Сағат он мен он бірдің арасы ғой деймін, біздің балконның түбінен алдымен жас қыздың шыңғырған дауысы, содан соң: «Ағатайлар-ай, менің жазығым не? Жіберіңдерші!» деген жалынышқа толы сөзін анық естідім. Әлдекімдер қар-қарқ күліп, балағаттап, дүрс-дүрс тепті ме, ұрды ма-ау, қыздың үні лезде өшті. Шыдай алмадым, балконға жүгіріп шықтым. Жарықтан анық байқадым, екі-үш солдаттың жап-жас қазақ қызын қанын сорғалатып (ертеңінде сенбей жерге жұққан дақты анықтадым) қолаң шашынан ұстап, дырылдата сүйреп бара жатқанын көрдім. Мұндай қатыгездікті көріп тұрып шыдау мүмкін емес еді. Айқайлап жібердім. «Оңбағандар! Қатыгездер! Жіберіңдер! Жіберіңдер деймін». 

 

938dfdc330712301aecf40abe7cc823a.jpg

 

Олар сәл тоқтады да, жындыны көргендей тағы да қарқылдап күлді. «Қазір саған келеміз. Ажалыңа асыққан, ақымақ!» деді олар. «Келіңдер, келіңдер!» дедім. «Жастығымды ала өлейін!» деп әйелімнің қарсылығына қарамай, үйдегі ет шабатын балтаны қолыма ұстап, олардың келгенін күттім. Олар келмеді. Міне, сонда мен өзімнің еңгезердей болып намыссыздығыма, бос кеуделігіме, ездігіме қатты қорландым. Әйтпесе менің жаным олардан артық па еді? Өкініштен не пайда? Желтоқсан көтерілісі өтті, кетті. Мені әйелім сыртқа жібермеді. Бірақ менің сілкінген санамда Желтоқсан қалдырған із мәңгілік қалды. Мен бұдан былай қазақ болуға, ана тілімді үйренуге, халқыммен бірге болуға ант іштім. Көп ұзамай әйеліммен ажырастым. Көріп, тыңдап отырсың, ана тілімді сенен кем білмеймін». 

«Жарайсың, бауырым!» деп оның қолын қысып, арқасынан қақтым. Желтоқсан көтерілісінен бұрын менің де сол замандасымнан артықшылығым шамалы еді. Ол айтқандай көпшілігіміздің көкірек көзіміз бітелген, кеуде сарайымыз бос екенідігі шындық болатын. Қайрат Рысқұлбековпен екі айдан аса бір камерада отырдым. Екеуіміз бір-бірімізді жұбатып, күш беретінбіз. Ол тым жас еді ғой. Мені «Мырза аға!» деп арқа тұтатын. «Мырзағұлға қарап не дегенмен үміт шоғы лаулап жана бастағандай» дейді ол бір хатында. «...Неғұрлым адамның рухы шырқау биік әрі берік болса, ол ешнәрсеге бой бермейді, ондай адамға өлім де бата алмайды», – дейді ол толғанып. 

«Қайрат деген атым бар, 

Қазақ деген затым бар. 

«Еркек – тоқты-құрбандық», 

Атам десең, атыңдар!» 

Не деген биік рух! Өлім жазасын күтіп отырып, әрбір әрпі от болып жанған, рухқа, намысқа, малынған осындай сөздерді дәті барып қалай ғана айтқанына осы күнге дейін таң қаламын. 

«Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек?!» деп ұлы Абайымыз айтқандай, марқұм інім Қайрат мендегі ұйықтап жатқан рухты, намысты оятты. Суық, сызды тас камераның еденінде трусиден басқа лыпа жоқ, қалшылдап, «Ату жазасын» күтіп жатқанда, қақаған аязда «Өлім вагонында» қамап ұстағанда, дірілдеп қар үстінде жалаңаяқ айдап азап көрсеткенде менің басымды төмен тұқыртпай, көкірегімді кере ұстауыма рухым, намысым көмектескенін, жебегенін кейін білдім. Талай азапты көрсем де тірі қалдым, ең бастысы адам болып қалдым деп ойлаймын. 

Менің түрмедегі қожайындарым «ұлтшылсың» деп айыптайтын. Бұл жөнінде талай-талай таяқ жедім де. Өзім қазақ болсам, сөйте тұрып ұлтымды сүймесем, менің хайуаннан қай жерім артық. Мәселен, түрмеге келгенде қол-аяғы балғадай, сап-сау қазақ жігіттері мұнда әп-сәтте қол-аяғынан айырылып, мүгедек болып шығып жатады. Соларды шырылдап қорғауға тура келеді. Қайрат марқұм да осы түрмеде қастандықпен өлтірілгенін қазір бәрі де жазып жатыр ғой. Біздің билік басындағы ағаларымыздың көпшілігінде ұлтшылдық қасиеті жетпейді. Қорқа соғып, бүгежіктей береді. Меніңше, шенеуніктікті қоятын мезгіл әлдеқашан жетті. 

 

6133a806c864e7021d5a6e895d30f5d0.jpg

Айтатын ой көп. Жеті жылда көргенімді, түрмедегі адамдардың барлығы жаман болмайтындығы, олардың ішінде де рухы биік, жаны таза кісілердің көп екендігі туралы ойларымды бұл әңгімеге сыйғызу мүмкін емес. Жығылғанда тұрғызған, сүрінгенде қолтығымда демеген, төніп келген ажалдың қара бұлтын серпуге көмектескен адамдар көп болды. Бисенбаев Райымжан (түрмеде бірге жатқан), Бақыт Шалабаев (адвокат), Хасен Қожа-Ахмет, Коммунар Табей (журналист) және басқалар. Олар күшіме күш, жігеріме жігер қосты, рухымды көтерді, намысымды жебеді. 

Тәуелсіздігіміздің желі жылы соқпаса, бұрынғы ССРО күшінде тұрса, менің бостандыққа шығуым әй, қайдам, екіталай болар еді. Міне, қазір бостандықтамын. Бірақ ақтау ісі тым кешеуілдеп барады. Үйдің жағдайы анау. Денсаулық әбден бітті. Бес баланы бағу мына заманда оңай шаруа емес екен. Түрмеде өткен жеті жылдың ішінде балаларым әбден орыстілденіп кетіпті. Материалдық жағына ғана емес, рухани байлықты, ана тілін ойларын егіп, үйірлеріне қайта қоссам деген арманым бар. Болашаққа деген үміт отымыз сөнбесе, халқыңның рухы түспесе, ұлттық намысымызды тат баспаса екен деп құдайдан тілеймін. 

«Ана тілі» газеті, 1994 жылғы №50-51

Сауалнама

Ұлттық Ғылым академиясы 70- жылдық қызметінде қандай ғылым саласында ең жоғары жетістіктерге жетті?