Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ресей империясына қарсы Сыр өңіріндегі алғашқы көтерілістер» (1731-1734 жж)

29790

ХҮІІІ ғасырдың 30 жылдарындағы Ресей империясының кіші жүздегі саясатына қарсы Сартай батыр бастаған шектілер көтерілісі туралы мәліметтер М. Тевкелевтің күнделігінде жан-жақты баяндалады. Тарихшы ғалым Г.Б. Избасарова өзінің «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ-башқұрт ара қатынасындағы саяси және этникалық үрдістер» атты зерттеу еңбегінде «ХҮІІІ ғасырдың 30 жылдарының басындағы аймақтағы ішкі саяси жағдайды жалпы сипаттауда Тевкелев «Күнделігінде» қазақ қоғамының дәстүрлі билеуші элитасы және оның сол кездегі неғұрлым көрнекті өкілдері (Әбілқайыр, Семеке хандар, Нұралы, Батыр, Нияз сұлтандар т.б., кіші жүз батырлары Бөкенбай, Есет Құдайназар мырза т.б.) туралы алуан түрлі мол мағлұмат келтірілген және бұл толықтай алғанда сұлтан, би, батыр және старшындардың әлеуметтік тобының негізгі мәртебелік сипаттамасын, көшпелі қоғамды басқару жүйесіндегі олардың әрқайсының қызметтік рөлін және артықшылыққа ие боларлық сословиялық-корпоративті топтардың өз арасындағы және қатардағы қауымдас қазақтармен өзара қарым-қатынастарын белгілі бір мөлшерде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректерде А.И. Тевкелевтің Кіші жүз батыры Бөкенбаймен кездесуі, қазақ даласының үш жүзге бөлінетіні туралы, олардың хандары, шекаралары, қалалары бойынша мәліметтер жинақталған»[2, 29-30 бб].деп көрсетеді. А.И. Тевкелевтің «Күнделігінде» Бөкенбай батыр мен бірге, шекті руының батыр билері Сырлыбай би, Баба би (Баби – Б.Е.), Байжан би және Байжан баласы Сартай батыр, Ақша батыр, Өтеп батыр туралы мәліметтерде кездеседі. Мәселе негізінен кіші жүздің бірқатар руларының Әбілқайырды ант қабылдатуға келген орыс елшісі башқұрт Мәмет Тевкелевке қарсылығынан туындайды. Соның ішінде Тевкелевтің Жаппас Баймұрат батыр мен Сырлыбай, Сартай бастаған шектілер тарапынан қауіпті қарсылықтарға тап болғанын байқауға болады. А.И. Тевкелев күнделігінде 1931 жылдың 3 қарашасында ресей үкіметіне бодан болуға қарсы топтың қазақтарының (Шектілер– Б.Е.) шабулына ұшырап, екі жақтың қақтығысында қазақтың бір ел ағасын (Жақайым Байқара батыр– Б.Е.)өлгенін, қазақтардың өзіне ештеңе істемей тек 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын жазады[3, с.79]. Ресей империясының сенімді өкілі А.И. Тевкелев бір жағынан жеке басын қорғап қалу үшін, екіншіден кіші жүздегі руаралық қақтығыстарды ушықтырып Сырлыбай, Баби, Байжан билер мен Сартай батыр бастаған шектілерге Әбілқайыр хан мен табын Бөкенбай батырды қарсы қою арқылы кіші жүздегі патша үкіметінің отарлау саясатын жүзеге асыруда алғашқы қадам жасағанын аңғарамыз. Оған Тевкелевтің кіші жүздегі 1731-1733 жылдардағы қызметі дәлел болады. 1731жылдың 5 қарашасында Бөкенбай батыр мен інісі Құдайназар мырза жасағымен Тевкелевке көмекке келіп, қасық қаны қалғанша соғысып, оны шектілерге бермейтінін және орыс патшасына адалдығын айтады. Бөкенбай батыр мен інісі Құдайназарға Тевкелев осынау қызметі үшін 90 руб түрлі тауарлар береді[4, 46 б]. 1731 жылы 8 қарашада Әбілқайыр хан, Бөкенбай және Қара батыр інілерімен бірге Тевкелевке патша ағзам үшін оны қорғайтынын және қарсы жақты тыныштандыруға уәде береді. 1731 жылы 10 қарашада Бөкенбай батыр Тевкелевке қарсы жақты тоқтату (Сырлыбай, Сартай бастаған шектілерді Б.Е.) мүмкін еместігін ескертеді[4, 47 б]. 1731 жылы 13 қарашада Әбілқайыр хан ордасы Арал теңізінің жағасына көшіп барады. Тевкелев керуеніде хан ордасы мен бірге болады. Әбілқайыр хан құс салып аң аулауға Тевкелевпен бірге шыққанда Сырлыбай би бастаған шекті руының жігіттерімен қақтығысып, башқұрт Таймас батыр қолға түседі. 1731жылы 14-21 қараша аралығында Тевкелев Таймас Шайымовты құтқару мақсатымен шектілер мен ымыраға келу үшін Нияз сұлтанды пайдаланады[4, 48-49 бб]. 22 қарашада Тевкелев Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр және жаңадан ант берген 30 адаммен мәжіліс өткізіп, патша үкіметіне қарсы шекті руының биі Сырлыбайды көндіріп, Таймасты босатуын сұрайды[3, 52 б]. Нәтижесінде 24 қараша күні Дауымбай бек, Құдайназар мырзаның сұрауы бойынша қарсы топтың көсемі Сырлыбайдан, Тевкелевті құтқарып алады. Есесіне Сырлыбайға 100 руб көлемінде сыйлық береді. Сонымен қоса Сырлыбай тағы да көйлек, жасыл кармазин шұға татар шапанын, бешпетін, тіпті Тевкелевтің үстіндегі күміс оқалы сары жібек күртесін шешкізіп алады[4, 52-53 бб].

1732 жылдың 6 наурызында ағайынды Қара батыр мен Бәйімбет батырлардан ресей империясының бодандығына қарсы көптеген қазақтар Баба би (Баби – Б.Е.), Жантұма би, Исманбет би, Өтеғұл би, Байжан би, Майлы би, Өтеп батыр, Ақша батыр, Сартай батыр бастаған топ келе жатқанын хабарлайды. Ал осы хабарды Тевкеелев 1732 жылдың 7 наурызында Бөкенбай мен Есет батырларға жеткізеді[3, с. 104]. Осы жылдың 9 наурызында Әлімұлы руларының ел ағалары Баба би мен Жантұма би көп адаммен Әбілқайыр ханның ордасына жақындап Тевкелевке екі кісі жіберіп: одан Баба бидің(Баби – Б.Е.) інісі Байқараны атып өлтірген башқұртты беруін, немесе оның құнына қазақтың ежелгі әдет заңы бойынша (Байқараның құнына 100 жылқы, 1 сауыт, 1 құл, 1 қаршыға, 1 мылтық 1 түйе) құн төлеуін сұрайды. Бұған қанағаттанбаса, кісі өлтірген адамға өлім жазасы кесілетінін егер осы талаптарды орындамаса Тевкелевтің аман кетпейтінін ескертеді. Бұған жауап ретінде Тевкелев: «қазақ заңы бойынша ұры үшін адал адамның жаны қиылмайды және ұрыға өтеу жоқ. Ал шекті руынан шыққан Байқара түн ішінде көп бүлік жасап, адамдарымызды ұрып соқты, былтыр 1731 жылдың 3 қарашасында өзіне шабул жасап, 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын, қай мемлекетте болса да ұрының өліміне құн төлемейтінін, сондықтан Байқара өз жазасын тартқанын айтып Баба би, Жантұма би, Сартай батыр бастаған шекті руының сенімді өкілдерінің талаптарынан бас тартады[3, с. 105]. Орыс елшісінің хабарын естіген соң, Баби би мен Жантума би және Сартай батыр бастаған шектілер он күн бойы елшілік қонысын қоршауда ұстайды. 1932 жылдың 21 наурызы күні түнде қарсы жақтың (Сартай батырдың серіктері Ақша мен Құл батырлар бастаған шекті руының жігіттері - Б.Е.) қазақтары жиналып, қарақалпақ жерінен шыққан башқұрттарға шабул жасап, тек Бөкенбай батырдың сарбаздарының көмегінің арқасында кейін шегінгені туралы жазылған. Істің шиленіскенін түсінген орыс елшісі Тевкелев шектілердің талабын қанағаттандырып, құнның көлемін 347 сом, 56 тиынға бағалап, ақшалай есептеседі [3, с. 106].

А.И. Тевкелев күнделігінен саралай келе Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілері мен қақтығысуы Ресей империясының кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы қазақ тарихындағы алғашқы азаттық көтеріліс болып табылады. Ресейдің елшісі А.И. Тевкелев өзінің «Қызметтік жазбалар күнделігінде: (1731-1733) «Кіші жүзде Шекті адам саны жағынан көп, әрі әлеуметтік жағдайы мықты, әлуеті күшті ел» - деп жазады[3, с. 301-302]. Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев «Ресей елшісі М. Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілхайырға қарсы Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай би бастаған қозғалысты бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы»[5] деп атады. Тевкелев бастаған топ елшілік деп аталғанмен оның қарауында 500-дей қарулы казак-орыстар мен башқұрттар бар болатын. Шекті руының биі Сырлыбай елшілік пен хан әскеріне бір жылға жуық қарсылық көрсетті. Бұл қозғалыста Сырлыбай би жағында Шекті руының элитасы Сартай, Ақша, Жылқайдар, Жылқаман, Сырғақ, Байғара, Теке, Баби, Шеке батырлар[6], Әбілхайыр хан жағында тама Есет, табын Бөкенбай, қарақалпақ Оразай батырлар, Нияз сұлтан, башқұрт Таймас тархан тағы басқалар болды. Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған қозғалыстың тарихы Тевкелев күнделігінде, кейін ғылыми айналымға түскен еңбектерде, Ә. Кекілбаевтың «Үркер», Ю. Сергеевтің «Петербургский посол» романдарында егжей-тегжейлі жазылды. Бірақ заман ағымына сәйкес бодандыққа қарсы шыққан ерлер Тевкелевте «ұры-қарылар»,  тарихи құжаттарда» қарақшылар», Ю. Сергеевте «есерсоқ-бұзықтар» болып көрсетілген. Бұл қозғалыс қазақ тарихшылары тарапынан өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Сол қозғалыс кезінде Сырлыбай, Сартай бастаған шектілер тұтқынында болып Тевкелев құн төлеп басын босатып алған башқұрт Таймас батыр екі жылдан соң 1733 жылы 3000 әскермен кіші жүзге жорыққа аттанып алғашында Торғай даласында жайбарақат отырған шекті елін біраз шығынға ұшыратады. Бірақ Сартай, Жылқаман батырлар дереу қол жинап жаудың бетін қайтарады. Бұл жайлы И. Крилов 1734 жылы 1 мамырдағы патшайым Аннаға жолдаған ақпаратында жазады[6].

Арал өңірі халықтарының азаттық көтерілісі туралы деректердің келесі тобына Гарбердің орыс патшасы Аннаға жазған рапорты жатады. Оқиға Гарбердің рапорты бойынша Арал теңізінің солтүстігінде болады. Орыс патшасының жарлығымен Хиуаға Гарбер керуені ұйымдастырылады. Керуеннің басты мақсаты қару-жарақ беріп хиуалықтарды Әбілхайырға еріп патшаға ант бермеген, Сырдарияның құяр сағасы мен Арал теңізінің солтүстігін мекендеген шекті руына айдап салу болатын. ХҮІІІ ғасырдағы кіші жүз тарихын зерттеуші М. Вяткин Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ қоғамының ішкі басқару жүйесі дағдарысқа ұшырап, соның ішінде Әбілхайырдың билігіде кіші жүзде толық тарамай, Шекті руының Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі бойының арасын қыстаған обшиналарын, дұрысында сұлтан Батыр билеген. Бұл сұлтан Әбілхайырға жау Жәдіге сұлтан тұқымынан шыққан адам[7, с. 156] – деп көрсетеді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі жазушы Ө. Жолымбетов «Әбілхайыр ханның басты бақталасы Батыр сұлтанның түркімендерге қарсы жорыққа аттанғалы жатқанынан білген Гарбер керуені Хиуа жеріне жөнелтіледі. Осы жайтқа хабардар болған Сартай батыр бастаған шектілер, Батыр сұлтанның әскерінен бөлініп, Гарбер керуенінің жолын тосып, оған тосқауыл қойып, керуенге артылған жүктің жартысы жерлерінен өткені үшін баж салығына және Тевкелевке қарсы қозғалыс кезіндегі шығынның өтемінің есесіне алынады да, Ресейде жасалынған Хиуа мылтықтары мен оқ-дәрілер түгел тәркіленеді. Бұл оқиға патшайым Анна Ивановаға жетіп, ол 1732 жылы 7 қазанда Әбілхайыр ханға хат жазады: «Киргиз-қайсақтардың» жүгенсіздігі айтылған осы хатта «...получены здесь извести, коим образом киргиз-кайсаки, противно своему обещанию и присяге быт в верном подданстве, полк артиллерии нашей Гарбера и отправленной с ним в Хиву и Бухару купеческой караван разграбили и в нем людей и подданных наших до смерти побили» дей келіп ханға: «...все погребленные из каравана сыскать и возвратить, и участников того воровства наказать и вперед от таких противников поступков унимать, и жить как добрым и верным подданным принадлежить»[8, с. 94], - деп талап қояды.

Сырлыбай би туралы сегіз серінің Қыз Жібек дастанында шекті руының биі Сырлыбай Қыз Жібектің әкесі ретінде жырланады. Ал Сартай батыр туралы ел аузында айтылған аңыз-әңгімелер мен тарихи жырлар көптеп кездеседі. Солардың бірі Нұрмағанбет Қосжановтың «жаужүрек мың бала» атты дастанын айтуға болады. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстағы қаһармандық ерлігі жан-жақты жырланады. Осы шығармасы үшін ақын Нұрмағанбет Қосжанов 1930 жылы саяси қудалаудың нысанасына ілігіп жазықсыздан 5 жылға сотталады. Саяси қудалау онымен тоқтамай 1937 жылдың 29-тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үштігі Нұрмағанбет Қосжанұлын «халық жауы» деп айыптап ату жазасын кесіп, үкім сол жылы 4-қыркүйекте орындалады.Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тиым салынып, 70 жыл бойы айтылмай келді. Ақын Нұрмағанбет Қосжановтың Сартай батыр атты тарихи поэмасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілхайыр хан басқарған қазақ халқының әскерімен бірге 1730 жылғы Аңырақай шайқасындағы ерлігі жырланады. Сонымен бірге сол шығармада Сартай мен қатар, шекті руының биі Сырлыбайдың баласы Жылқайдар, Мүсірәлі сопының баласы Қосым, жақайым Жылқайдар, Қожастың баласы Байқара және тағы да басқа Әлім руларының батырларының есімдері кездеседі.

Сартай батырға қатысты жаужүрек мыңбала атты кино бар.

2008-жылы Арал қаласында ашылған Тәуелсіздік алаңында Сартай батырға қойылған ескерткіш бар.

Бауыржан Бердіқожаұлы Енсепов тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Қазақстан тарихы, саясаттану және әлеуметтану» кафедрасының аға оқытушысы

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ

1. Нұрмағанбет Қосжанов «Сартай батыр» Алматы, 1997.

2. Г.Б. Избасарова «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ-башқұрт ара қатынасындағы саяси және этникалық үрдістер». Ақтөбе: 2008. – 231 б.

3. История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков. – Т. 3. Журналы и служебные записки дипломата А.Н. Тевкелева – Алматы: «Дайк-Пресс», 2005. - 482 с.

4. Абылай хан өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағы. (Құрастырған және қазақшаға аударған З.С. Тайшыбай) Петропавл: 2005. – 477 б.

5. Шектілердің шежіресінде, Қожастың бес баласы болған. Олар – Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке, Жамансары. Бұлар Сартай мен туыс болып келеді. Сартай Жақайымның Ақбурасынан тарайтын Асан руынан болса, Баби, Сырлыбай, Байғара, Жақайымның Тоқбурасынан тарайтын Бердіңғұл руынан. Шекті руының биі Сырлыбай «Қыз Жібек» дастанында Жібектің әкесі ретінде де жырланады. Аталған тұлғалардың ұрпақтары Қызылорда облысының Арал ауданы мен Ақтөбе облысының Шалқар ауданын және Өзбекстан республикасының Қарақалпақ автонимиялы облысын мекендеген. Қазіргі таңда олардың әр қайсысы рулы елге айналған.

6. Жолымбетов Ө. «Ақшұбарлы Жылқаман» Қазақ батырлары №7, 2003.

7. Вяткин М.П. Батыр Срым (Освободительное движение в Казахстане в конце ХVШ в.). – М-Л.: АН СССР,1947. –392 с

8. Казахское русское отношения в ХVI-ХVIII веках. Т-1. Алматы, 1961.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?