2013 жылдың 5 маусымында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тажиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының тарихын зерделеу жөніндегі ведмоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы (жалпыұлттық кеңес) өтті. Осы тарихшылардың алқалы мәжілісінде елдің болашағы үшін тарихымызды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерделей түсу, ұлттық сананы нығайту, өзекті тақырыптарды зерттеу және жаңа заманға сай оқулықтар жазу сияқты нақты міндеттер жіктелді.
Қазіргі заманда жер бетін мекендеп өмір сүріп жатқан әртүрлі халықтар бар. Сол халықтардың өзіндік жүріп өткен жолы, қилы-қилы тағдыры мен тарихы, мәдениеті бар екендігі анық. Көне замандардан бүгінгі күнге дейін сақталып, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасқан халықтардың негізінен іргелі мәдениеті, өркениеті, тілі және діні болды. Сол себепті, олар өркениеттер қақтығысында және теке-тіресте тегеурін танытып, өміршең болды. Ал, бірқатары тарих сахнасынан жоғалып, өзге мәдениеттің ықпалына түскендіктен жұтылып кетті. Бұл тарихи шындық.
Қазақ елінің тарихы патшалық және кеңестік билік заманында бұрмаланып, дұрыс жазылмай келді. Тек, еліміз еркіндікке қол жеткізгеннен кейін ғана «ақтаңдақ» беттері ашылып, ұлттық тарихты тарихшыларымыз жаза бастады. Қазақ елі тәуелсіздігінің 20 жылдығына дейін көптеген зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Бірақ, әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптар бар. Тағы бір күрделі қалыс қалып келе жатқан саласы – тарих ғылымының теориясы мен методологиясы. Отандық тарихшыларымыз осы сала бойынша жұмыс жасауы қажет. Себебі, теория-методология мәселесін көтермейінше зерттеу жұмыстары да өз дәрежесінде болмайды.
Қазіргі жаһандану заманында қазақ халқының ұлт болып сақталуы үшін ұлттық құндылықтары насихатталып, төл деректері, құнды мұралары зерттеле түсуі қажет. Әлемдегі өркениетті елдердегі сияқты тарих ғылымының теориясы мен методологиясы біздің еліміздегі Отандық тарих ғылымы бойынша дұрыс жолға қойылуы керек. Осы аталған тақырыпқа қатысты бірқатар зерттеушілердің шағын мақалалары мен жинақтары жарық көргенімен, арнайы нұсқаулық немесе оқулық ретінде жазылған теория-методологияға қатысты іргелі зерттеу еңбектер жоқ.
Себебі, қазақ елі патшалық және кеңестік империяның көп уақыт отары болды. Сондықтан, тарихы бұрмаланды және оны басқа ұлттың өкілдері жазды. Ал, қазақ зиялыларының өз тұсында елінің тарихына байланысты қалам тартып, зерттеулер жазғаны болды. Бірақ, шектеулер, қуғындаулар ұйымдастырып тежеп қойды. Тек, саяси идеология құралына айналдырылған тарих жазылды. Ескі ұғым жетегінде маркстік теория мен методологияға икемделді. Бір сөзбен айтқанда, үлкен қиянат жасалып, тарихымыз таптаурын күйге түсті. Соның салдарынан осы күнге дейін Отандық тарих ғылымының теориясы мен методологиясы қалыс қалып келді. Мысалы, Қазақстан бойынша Қаз КСР Ғылым Академиясы Төралқасының 1978 жылғы 7 қыркүйектегі № 131 қаулысымен Тарих институтында «Қазақстанның тарихнамасы» деп аталатын бөлім ғана ашылды. Оның өзі кеңестік идеология мен тар шеңберден шығып зерттеулер жасай алмады. Ал, басқа институттар мен университеттерде арнайы Отан тарихының теория-методологиясымен айналысатын кафедралар мүлдем ашылған жоқ. Сондықтан, тарихшыларымыздың алдында тұрған үлкен бір міндет осы салаға қатысты болып тұр.
Қазақ елінің тарих ғылымы келесі 20 жылдықтта бұдан да биікке көтерілуі тиіс. Сондықтан, тарихшы қауым ортақ ақылдасып, іргелі зерттеу еңбектерін жарыққа шығаруы керек.
Тарих ғылымының теориясы мен методологиясына қатысты ұғымдар және түсініктеріне тоқтала кетсек. Тарих теориясы – жалпы тарих туралы теория немесе ондағы нормандық теория, манор теориясы және тағы басқа да теория түрлері жайында. Қалай айтқанда да, тарих теориясы бұл жоғары, тарихи танымның дамыған деңгейі. Яғни, нақты тарихи оқиғалар мен құбылыстардың сипатталу деңгейін көрсетеді. Тарихи зерттеу теориясында тарихтың жалпы проблемалары, шындығы және танымы қарастырылады.
Тарих методологиясы – (грек тіл. methodos – әдіс, таным жолы logos – сөзі) – тарих ғылымының әдістемелік таным туралы пәні және тарауы болып табылады. Әдістеме – тарихи зерттеудің құралы ретінде пайдаланылады. Әдістемелер арқылы тарихшы жаңа білім алып, оқиғалар туралы мәліметтерді нақтылайды. Осылайша, бастапқыда ХІХ ғасырда «методология» тарихи зерттеу әдістері мен тәжірибесінің негізінде қолданысқа енген. Бұл термин ең алғаш неміс тарихшыларының еңбектерінде қолданысқа еніп, кейінірек арнайы оқу пәні ретінде жүргізілген.
Қазіргі заманда «методология» ұғымы бастапқы мағанадағыдай ғана аясы тар емес, тарихи танымның жалпы негізін құрайды. Мәселен, ресей тарихнамасында «методология» термині ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында университеттік оқыту жүйесі мен ғылыми зерттеудің тәжірибесінде пайда болды. Бұл методологияның құрамды бөлігі ретінде тарих философиясы да аталып жүр.
Бір сөзбен айтқанда, тарих методологиясы нақты тарихи зерттеу тәжірибесінің теориялық көрінісі ретіндегі әдістемелер, ұстанымдар, ғылыми тарихи түсініктер және т.б. Тарихшының зерттеу жұмысының тәжірибесін баяндай отырып, методология танымға жетелейтін ойға мүмкіндіктер береді. Демек, методология тарихи зерттеуде жеке және жалпы проблемаларға сараптама жасайды. Бірақ, кез-келген проблемаға нақты жауапты даярлап тұрмайды. Оны қарастырудың, зерттеудің жолдарын көрсетеді [1].
Тарих ғылымында методология мен метод бір біріне тәуелді емес. Бұл методология мен методтың өз алдына жеке танымдық формалары бар. Мәселен, методология жеке зерттеу әдістеріне қоданылмайды. Зерттеу жүйесінде техникалық әдістерді методология емес, метод деп қарастырған жөн. Ал, методология міндеті ғылыми мәселелерді шешуге жалпы теориялық ұстанымдар көрсету болып табылады. Бұл жалпы ғылыми қарым-қатынас сипатын көрінісін байқатады [2].
Қазақ елінің тарихына қатысты өз пікірін білдірген қазақ зиялысы А. Байтұрсынов былай деп жазған еді: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел, қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады». Демек, Отан тарихын тарихшылар өз дәрежесінде зерттеу үшін тарих ғылымының теориясы мен методологиясына баса назар аударуы қажет.
Деректанушы ғалым Қ.М. Атабаев Отан тарихы ғылымының методология мәселесіне байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Отандық тарих ғылымындағы басты кемшілік – методологиялық кемшілік. Барлық ғылымның негізі методологияда жатыр. Методологиялық, теориялық мәселелерді анықтап алмай, басқа ғылымдар сияқты, тарих ғылымының да өз дәрежесінде дамуы мүмкін емес. Қазақстан тарих ғылымының міндеті, функциясы не болуы керек? Алдымен, осыны анықтап алуға тиіспіз. Ең бастысы методологиялық проблема – осы. Қазақстан тарихы ғылымының міндеті – қазақ ұлтының тарихын зерттеу болуы керек» [3].
Тарихшы Б.Ғ. Аяған ұлттық тарихты қарастыруға қатысты мынадай пікірін білдірген:«Біздің міндетіміз тарихшылардың ғылыми мектептері арасындағы ителлектуалды ой жарысын, бәсекелестікті қолдай отырып, қазақ тарихының табиғаты және мәні туралы терең толғанған туындыларды өмірге келтіру. Бұл ерекше тарих екені анық. Ол батыстың да, шығыстың да тарихи дәстүрлеріне бағынбайтын феномен. Ол құбылыс өзегі Дала өркениеті, мыңдаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан тарихи жалғастық, ауызша дәстүр тағы басқалары бар. Сондықтан, Қазақ елінің тарихындағы өзекті мәселелелеріне қатысты тұжырымдамалар қажет. Ол үшін кең ауқымды және терең зерттеулер керек. Мысалы, Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудегі міндеттерді шешу үшін жан-жақты білім алған, теориялық дайындықтары жақсы жаңаша ойлайтын мамандар қажет. Осы мәселелерді ширақ, ауқымды ретте шешіп отыру тарихшылардың міндеті болуы тиіс» [4].
Жас тәуелсіз мемлекет өз қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайта түсуі қажет. Оған рухани жаңғыру мен діни наным-сенімнің де айтарлықтай рөлі бар. Ал, тарихи білім Отан тарихын жетік біліп, шынайы сезінгенде ғана тәрбие құралына айналады. Ұлттық сана сезім Отан тарихын тану арқылы қалыптасады. Кез келген жас ұрпақ әлем елдері тарихынан да хабардар болуы керек.
Қазіргі заманда «тарихтан тәрбие», «тарихтың тәрбиелік күш-қуаты» деген негізді ұғымдар біздің мәдениетіміз бен қоғамдық өмірімізде қолданысқа енген. Әсіресе, тәуелсіздік алған уақыттан бері мемлекеттің алдында жас ұрпақты жаңаша тарихи көзқарас тұрғысынан оқыту мен тәрбиелеу міндеті қойылды. Ондағы мақсат тарихын білетін, ұлты мен мемлекетін сыйлайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге байланысты еді. Міне, осындай рухани ұлттық құндылықтар мен тарихын терең білетін ұрпақ қана ұлтжанды болып өсетіндігі сөзсіз [5]. Сондықтан, тарихшы қауым ел тарихының әртүрлі кезеңдері мен маңызды салаларына қалам тартуы тиіс.
Резюме
В данной статье рассматриваются актуальные проблемы исследования отечественной истории, а также необходимость написания учебных пособий и исследовательских трудов на основе национальной теории и методологии исторической науки.
Summary
In this article discusses about actual problems of the studying of national history, as well as the need a writing a textbooks and research works on the basis of national theory and methodology of the historical sciences.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Смоленский Н.И. Теория и методология истории: учеб. Пособие для студ. Высш. Учеб. Заведений / Н.И. Смоленский. – 2-е изд., М.: Издателский центр «Академия», 2008. – 3-4 стр.
2. Подкорыстов Г.А. Историзм как метод научного познания. – Л., 1967. – С. 31.
3. Атабаев Қ.М. Ұлт және тарих / Бас редактор Б.Ғ. Аяған. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. – 35-б.
4. Аяған Б.Ғ. Ақиқатты ашу – ғаламдық құбылыс һәм замана зерттеушілерінің ұлттық идеясы / Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. / Бас редактор Б.Ғ. Аяған / - Астана: 2009 – 13-б.
5. Алимова Д.А. История как история, история как наука в 2-х томах, том 1. - Ташкент: - «Узбекистан» - 2008. – 116-117 стр.