Социологияның ғылым ретінде пайда болуына алдымен әлеуметтік-саяси және социологиялық идеяларды қалыптастыратын әлеуметтік ойдың даму кезеңі негіз болған. Социологиялық ой қоғам, оның өзара байланыстары, әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік шынайылықтың теориялық конструкциясының құрылымы туралы көзқарастардың, ұғымдардың жиынтығын білдіреді, ол белгілі бір тарихи уақыт ішінде белгілі бір әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайларда қалыптасады. Ол заңдардың, механизмдердің, зерттеу амалдарының айқын ресмиленген және қатаң жүйесін қалыптастырудың негізі болып табылады.
Батыстың социологиялық тұжырымдамаларының қалыптасуы мен дамуы ерекшелігі бірқатар теорияларда көрініс табатын өнеркәсіптік капиталистік қоғам дамуының тарихи кезеңдерімен байланысты. Ресейде социология "ұлттық өзіндік сана нысанына”, "ресейтануға” айналды. Социологиялық ойды зерттеушілер жазғанындай, орыс социологы (әлеуметтік философы) "жалпы қоғамды”, "жалпы әлеуметті” және т.б. сирек зерттеген, ол Ресейді зерттеген, тіпті абстрактілі ұғымдарды қолданған кезде де бұл оның тарапынан "таза ғылымға” жасалған саналы немесе еріксіз құрмет болатын, ал іс жүзінде ол не Ресейді, не жалпы әлемді тұтасымен қарастырған болатын [1, 255-б.]. Орыстың социологиялық ойы "өзіндік зерттеумен”, "өзіндік рефлексиямен” сипатталады - бұл оны идеялық және рухани жағынан қазақ ағартушылығымен және қазақстандық ойшылдардың әлеуметтік-саяси ілімдерімен жақындастыра түседі.
Қазақстанда әлеуметтік ойдың қалыптасуы қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік болмысының, дүниетанымының, әлеуметтік құндылықтар жүйелерінің айрықша нысандарына байланысты өзіндік ерекшеліктері бар. ХІХ ғасырдағы - ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік және әлеуметтік-саяси ілімдер қалыптасуының объективті шарттары мынадай факторлар болды: 1. рухани көтерілу - мәдениет, тарих, жаратылыстану, әдебиет өркендеді, сондай-ақ халықтың саяси және әлеуметтік санасы сапалық жаңа деңгейге көтерілгені атап өтілді; 2. әлеуметтік-саяси даму - Қазақстандағы патшалық отаршылдық саясат әкімшілік, сот нормалары арқылы қоғамдық құрылымның дәстүрлік нысанының өзгеруіне әкеп соқты.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның қоғамдық ойында қазақ ағартушылығы қалыптасты, оның жарқын өкілдері Шоқан Уәлиханов (1835 - 65), Абай Құнанбаев (1845 - 1904), Ыбырай Алтынсарин (1841 - 89) болды. Қазақ ағартушылығының философиялық мұрасы Қазақстан ғылымында кеңінен зерттелген, онда қазақ ағарту ісінің екі кезеңі қарастырылады:
1. Классикалық кезең - Ш.Уәлихановтан, А.Құнанбаевтан және Ы.Алтынсариннен бастау алады;
2. Дамыған ағарту ісі кезеңі. Оның өкілдері М.Сералин, С.Торайғыров (1893 - 1920), С.Дөнентаев [2].
Белгілі ғалым С.Зиманов ағарту ісінің даму процесі кезең-кезеңімен өтеді: білім беруді насихаттаудан бастап саяси бостандықты талап етуге және оған қол жеткізу үшін күресуді талап етуге дейін деп жазады. Сонымен қатар, ағарту ісіне баға бере отырып, зерттеушілер қандай да бір ұлттық "негізде” пайда болған кез келген ағарту идеологиясы өзінің мәні бойынша интернационалдық болып табылады, себебі ең алдымен ұлттық емес, әлеуметтік және ұлттықтан жоғары проблемаларды, яғни буржуазиялық қоғамдық қатынастардың қалыптасу дәуіріндегі түбегейлі әлеуметтік проблемаларды күн тәртібіне қояды деп жазады. ХІХ ғасырдағы қазақ ойшылдарының қызметі жалпы ағартушылық, әлеуметтік проблемаларды өз елінің экономикалық, әлеуметтік-саяси және рухани жағдайлары арқылы шешуге бағытталды [2, 10-б.].
Ағарту философиясына тән белгі бұқара халықты білімге, білім беруге, мәдениетке, озат идеяларды қабылдауға және т.б. жұмылдыру болып табылады. Сол кездегі қоғамдық ой алдында тұрған басты мәселе қоғамның әлеуметтік прогресі және оны дамыту проблемалары болды. Ағартудың әлеуметтік философиясында қоғамдық қатынастардың даму деңгейі, меншік нысандары, қоғамның әлеуметтік құрылымы, таптар және қоғамның таптық жіктелуі, әлеуметтік теңсіздіктер және оны жоюдың жолдары, мемлекет және мемлекеттік басқару нысандары, отбасы және қоғам, қоғам және жеке тұлға туралы мәселелер, сондай-ақ оқыту, тәрбие және педагогика мәселелері қамтылған [3, 75-б.]. Сонымен қатар, билік пен басқарудың айрықша құзырлығын, қоғамның саяси ұйымын және ондағы режимді талқылай отырып, ағарту ісі қоғамның сезімтал тұстарын қозғамай тұра алмайды және мемлекеттік билікке сөзсіз қарсы келеді. Егер де ол мемлекеттік биліктің қызметіне ықпал етуге ұмтылса, онда ол оған оппозицияда болады [4, 8-б.].
Қазақстандағы социологиялық көзқарастардың қалыптасу процесі Батыс Еуропада социологияның ғылым ретінде қалыптасуымен қатар жүрді. Қазақ ойшылдарының теориялық мұраларын шартты түрде үш бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт Ыбырай Алтынсариннің, Шәкерім Құдайбердиевтің, Ахмет Байтұрсыновтың (1873 - 1938) білім (білім беру) социологиясы саласындағы еңбектерімен және қызметімен байланысты. Олар білімді, оның әлеуметтік маңыздылығы мен құндылығын насихаттауды мақсат етті. Ыбырай Алтынсарин бұл проблемаға адам жасының психологиясы мен әлеуметтік педагогика тұрғысынан қарады.