Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Азат Қазақстан – Асан қайғы аңсаған жерұйық мекен

28934
Азат Қазақстан – Асан қайғы аңсаған жерұйық мекен - e-history.kz

Көш­пелі қазақ ежел­ден Құдайдан басқаға бағынбайтын, ең­селі жұрт. Әлмисақтан азат едік...

Мінсіз мемлекет туралы диа­лог­­тарын жазған Платон, құт да­ры­ған қайы­рым­ды қала тұр­ғын­да­ры туралы толғаған әл-Фараби, Уто­пияны ойлап тапқан То­мас Мор, күн қаланы қиял­даған Кам­па­нелла се­кілді, Асан қайғы ба­ба­мыз­дың шар­­тараптан іздеген жер­ұйы­ғына бүгінгі Тә­уел­сіз Қа­зақ­станның азамат­та­ры куә болып отыр­ғанымызға ешкім дауласа қой­мас. 1991 жылы «ең тұрақсыз ел бола­ды» деп сәуе­гей­лік айтқан­да­рын бү­гінгі Қа­зақ­станның 20 жыл­­д­ағы то­лағай табыстары жоқ­қа шығарды десек бо­лады. Кейде өз еліміздің қа­ді­рін біл­гіміз кел­ме­се де, кез келген шетелдік азамат дәл осы Қазақ­станның жұмыр жер­­дегі жер­ұйық мекен екеніне ашық мо­йын­дар еді, мойындап та, қы­зыға да, қыз­­ға­нып та жүр. Тә­уел­сіздік ту­ра­лы ойға ба­тып оты­рып, «бүкіл дү­ниежүзі та­­ри­хында отар бол­маған халықтар бар ма өзі» деген сауалға жауап іздеп көр­дім. Тек ежелден тәуелсіз болған соң Тәуелсіздікті жариялау туралы құ­жаты жоқ бірлі-жарым елдер – Жапония, Англия, Испаниядан өз­ге адам­зат та­ри­хын­да отар немесе вас­салдық тәуел­ді­лік­те болмаған, әу бастан азат ғұ­мыр кеш­кен халық жоқ екен.

Википедия сайтына жүгінсек, адамзат та­­рихында барлығы 216 ірі империя алма-кезек дәурен құрып, із қалдырыпты. 33,7 млн шаршы шақырым аумақты табанына сал­ған ағылшын жұртын да ежелгі варяг­тардың үрім-бұтағы нормандия­лықтар билеп-төстеді. Қазіргі ағылшын патшайы­­мы ІІ Елизавета – сол нормандықтардың асыл тұяғы. Қарақұрым Қытай да Шыңғыс ұрпағы Құбылай құрған Юань династия­сы­ның қол астында болды. Дегенмен әлемнің ірі халықтары өздерін вассалды тәуелділік қамытын кидік деп есептемейді. Ешқайсысына «басыңа бұғалық кидің» деп мойындата алмайсыз. Керісінше, әрқай­сы­сының бойын азаттық, бостандық, қай­сар­лық рухы кернеп тұр. Олардың – төсі шал­қақ, тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бі­­тімі – бекзат. Демек, кезінде айбарлы сақ, ғұн, түркі, Шыңғыс қаған, Алтын орда им­­периялары салтанат құрған Қазақ ор­дасы да әлмисақтан азат ұлт, еркін халық. Көш­пелі қазақ – өз аты айтып тұрғандай, ежел­ден Құдайдан басқаға бағынбайтын, ең­селі жұрт. Есте жоқ ескі заманнан ежелгі ұлыс екенімізді ескерсек, Тәуелсіздік – әу бас­тан-ақ Құдайдың берген сыйы. Олай бол­са, әмбебап Тәуелсіздігіміз отарлық бұ­ға­уын үзген кезден емес, әлмисақтан ұлыс ре­тіндегі қанға сіңіскен бекзат бол­мы­сы­мыз­дан, төл табиғатымыздан басталады деп түйсінуге болады екен. 1991 жылы қол жет­кізген Тәуелсіздігіміз сол табиғат берген ілкі һәм заңды Тәуелсіздігімізді айғақтайды. Әді­летсіз отаршылдықпен қол сұғылған Тә­уелсіздігіміз үшін қаншама баһадүр ба­ба­ларымыз шейіт кетті, қаншама асқақ ар­ман­дар тұншықтырылды. Тағдыр азаттықты аң­саған ата-бабаларымыздың маңда­йы­наТәуелсіздікке жету миссиясын жүктесе, ал бүгінгі ұрпаққа, яғни Сіз бен бізге Тә­уел­сіз­дікті баянды ету жауапкершілігін арқалау па­рыз етіліп отыр. Отаршылдық дәуірде мем­лекеттігімізден уақытша айы­рыл­ға­ны­мыз­бен, мемлекеттің діңгегі қазақ ұлты та­рихтың тәлкегінен, тағдырдың талайынан бү­гін­гі күнге жетті. Ата-бабаларымыз – Тә­уел­сіздік үшін күресушілер азаттық жо­лын­да шейіт болды. Баһадүр бабаларымыз азат­тық үшін жанын пида етті, сол күрес жо­лында өздерін отар деп санаған емес. Ал біз, бүгінгі замандастарымыз – Тәуел­сіз­дікті нығайтушылармыз, сақтаушы­лар­мыз. Яғни Тәуелсіздік алған сәттен бастап екі буынның арасында миссия өзгерді. Ен­де­ше, Алаш баласы, Сіздің миссияңыз – ба­бадан аманат болған Тәуелсіздікті сақтау, мәңгілік мұра ету.

Тәуелсіздіктің негізін қалаушы – Нұрсұлтан Назарбаев

Тарихта 1960 жылды БҰҰ-ның бе­кі­туі­мен Африка жылы деп атау қалыптасқан. Өй­ткені сол кезде отар болған Африканың 17 елі тәуелсіздік алған еді. 1990 жылы азат­тығын паш еткен Литва, Латвия, Эсто­нияны айтпағанда, бұрынғы КСРО-ның 12 одақтас республикасы өз тәуелсіздіктерін жариялады. Сондықтан 1991 жылды ТМД жылы деп атауға болатын сияқты. Өйткені дәл осы айтулы оқиға әлемге зор өзгеріс әкел­­ді, қырғи-қабақ соғыс тоқтады, со­циа­­листік лагерь капитализмге бәсекелес болудан қалды, Еуразия кіндігінде жаңа сая­си орталықтар пайда болды. Ең бі­рін­ші­ден, Қазақстанның ұлттық мемлекет еке­­нін ескерсек, әлем тарихындағы ұлттық мем­лекеттердің бастауында халықтың ба­ғы­на туған көшбасшылар тұрды. Түркияда – Ататүрік, Сингапурде –Ли Куань Ю, Ма­лай­зияда – Махатхир Мохаммад, Үн­діс­танда – Махатма Ганди... Ал екі жарым ға­сырдан соң қайта азаттық алған Қа­зақ­стан Тәуелсіздігінің басында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев тұрғаны – айдай ақи­қат. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қа­лау­шы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұ­мыл­дыру, қоғамдағы татулық пен келісімді ны­ғайту, бүкіл халықаралық қо­ғам­дас­тық­тың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастама­лар­дың авторы ретінде елдің сыртқы саяси ба­ғытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Қазақстан 20 жыл ішінде Елба­сы Н.Назарбаев атап өткендей, үш кезеңнен тұ­ратын модернизациялық процесті өткер­дік. 1991-1995 жылдардағы бірінші ке­зең­де біз кеңестік жүйені бұзып, мем­ле­кет­тің негіздерін құрумен айналыстық; 1996-2000 жылдардағы екінші кезең экономика мен саяси жүйенің терең құрылымдық өз­ге­рістерін іске асырумен байланысты бол­ды; 2001-2006 жылдары экономикалық өсу­ге бет алдық. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында айтыл­ған­дай, Тәуелсіздік жылдарында ел эко­но­ми­касына 120 миллиард доллардан астам ше­телдік инвестиция тартылды. КСРО-ның ши­кізат базасы еліміз бүгінде әлемнің 126 елі­не 200-ден астам өнім түрін шығарып отыр. Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары са­лынса, соңғы 10 жылда білімге бөлінетін қа­ражат 10 есеге артып, 750 жаңа мектеп бой көтерген. Қазір білім беруден 129 ел­дің ішінде көшбастаушылардың қата­ры­н­да­мыз. 1994 жылы Қазақстанда жан ба­сы­на шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 дол­лардан сәл асқан болса, арада 2011 жыл­дың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 12 есе артып, 9 мың АҚШ долларынан асып түс­ті. Еліміздің аймағы бойынша мысал кел­ті­ре кетсек, Тәуелсіздік жылдарында бір ғана Жамбыл облысының аймақтық жалпы ішкі өнімі – 41 есе, ал бюджеті 60,8 есе артқан екен. Тәуелсіздігін жариялаған кез­де «қалтасы тесік» болған елдің бүгінде ал­тын-валюта және ұлттық қоры 70 мил­лиардтан мол асты. Саяси-құқықтық тұр­ғыда Қазақстан Тәуелсіздігінің Мемле­кет­тік рәміздер, ұлттық валюта, Қарулы Күш­тер секілді басты атрибуттары қалып­тас­ты­рылды. Ұлттық қорымыз экономиканың тұрақтылығының кепіліне айналды. 

Сарабдал сыртқы саясат

Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатта елеу­лі табыстарға қол жеткізді, әлемге дар­қан мінезді қазақ болмысы бейбіт­сүй­гіш­­тігімен, мәмілегерлігімен танылды. Со­ның ең басты айғағы 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалықта XXI ғасырдағы тұңғыш сам­мит өткізіп, Астана декларациясының қа­был­дануы еді. Қазақстан әлемдегі БҰҰ-дан ке­йінгі екінші халықаралық ұйым – ИЫҰ-ға төрағалық етуде. Қазақ елі «Үлкен се­гіз­діктің» алты мемлекетімен (Ресей, АҚШ, ГФР, Франция, Жапония және Италия) стра­­тегиялық әріптестік байланыс ор­нат­қан. АӨСШК, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, ТҮРК­СОЙ, Түр­кі Кеңесі ұйымдарының құры­луы­ның бас­ты генераторы – Қазақстан екені анық. Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өз­ара іс-қимыл және сенім шаралары ке­ңе­сінің құрылуы жаһандық және өңірлік қа­уіп­сіздікті нығайтуға қосылған зор үлес еке­ні анық. Халықаралық ұйымдарының Пар­ламенттік ассамблеяларының қыз­метіне белсене араласып келеміз. 

Қазақстан – ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс көшбасшысы

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әлемдегі ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың көш­ба­сында келеді. Елбасының бастамасымен дү­ниежүзіндегі ең ірі Семей ядролық по­ли­гоны біржолата жабылып, ядролық қа­ру­дың әлемдегі төртінші арсеналын жой­ған Қазақстан әлем тарихында ядролық қа­рудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болып қана қоймай, ядролық қаруды та­рат­пау тәртібін мүлтіксіз сақтай отырып, жер жүзінде жаппай қырып-жоятын қаруға жал­пыға бірдей тыйым салу, бейбіт атомды қа­уіпсіз пайдалану, халықаралық ядролық тер­роризм қатеріне жол бермеу жөніндегі жаһандық бастамаларды ұсынып келеді. Қазақстан 20 жыл ішінде әр сала, әр тарап бо­йынша әлемдік державалар қатарына іліне бастады. 

Қазақстан – ғарыштық держава

Қазақстанның ғарыштық державаға айналуына негіз салынды. Өз тарихында қос ғарышкерді Тоқтар Әубәкіров пен Тал­ғат Мұсабаевты ұшырған Қазақстан «Бәй­терек» зымыран-ғарыш кешенін тұр­ғызды. Ал­ғашқы сәтсіздікке қарамастан, «Қаз­Сат-2» отандық Жер серігі орбитаға шыға­рыл­ды. 

Қазақстан – астық державасы

Қазақстанның аграрлық потенциалы зор, мал шаруашылығы, оның ішінде та­бы­сы көп марал шаруашылығы, ара ша­руа­шылығының дамуына үлкен мүмкін­дігі бар. Еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­са­ңында 29 миллион тоннадан астам дәнді дақыл, соның ішінде 24 миллион тонна рекордты алтын дән жинап, әлемдегі ең мол астық экспорт­тау­шы бес елдің қатары­нан көрініп отыр. Со­ның ішінде Қостанай, Сол­түс­тік Қазақ­стан, Ақмола облысының диқандары ел игі­лігіне 16 млн тонна астық құйды. Аг­рар­лық секторы қарышты қадаммен дамып ке­ле жатқан Қазақ­стан­ның азық-түлік бо­йынша әлемдік қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ете­тін жетекші елдер қата­рынан сана­ла­ды. 

Қазақстан – спорт державасына айналды

Әр Олимпиада ойындарында екі-үш ал­тын­­нан олжа салып жүрген Қазақстан бокс, ауыр атлетика, күрес түрлерінен әлем­­дік державалардың санатына ілікті. Биыл Қазақстан тұңғыш рет қысқы Азиада ойын­дарын қабылдап, Азия елдері ара­сын­да 32 алтын, 21 күміс, 17 қола, бар­лы­ғы 70 медальмен жалпыкомандалық есеп­те бірінші орын алды. Алла қаласа, 2017 жы­лы әлемдік универсиада қабыл­дай­мыз. 

Қазақстан – индустриялық-инновациялық дамуға бет бұрған ел

Жақында қабылданған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы Декларациясында атап көр­се­тілгендей, Қазақстан халықтың әл-ау­қа­ты жағынан жаһандық рейтингте әлемнің ал­ғашқы 50 мемлекетінің қатарына кіріп, дү­ние жүзіндегі тез өсіп келе жатқан эко­но­микалар үштігіне еніп отыр. Қа­зақ­стан­ның қаржы және банк жүйесі, даму және эко­номиканы басқару институттары ТМД, қала берді, әлем бойынша үздіктердің қа­та­­рына кіріп отыр. Елбасының тапсыр­ма­сы­мен, кең ауқымда елді индустрияландыру бағ­дарламасы жақсы жолға қойылып, бірқатар бі­регей нысандар ашылып жатыр. Уран өн­ді­руден әлемде алдыңғы орынға шық­тық. 

Жаһанның жерұйығы

Қазақстан бүгінде әлемдік кон­фес­сия­аралық үнқатысулардың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде танылып отыр. Батыс пен Шығыс, діндер мен өрке­ниет­тер арасындағы қайшылық дәуірінде қазақ топырағында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш бірдей съезі өткізілді. Елдегі көпэтнос өкілдері айрандай ұйып, тату-тәтті өмір кешіп келеді. Бұл – Ел­басы мен қазақ халқының кеңпейіл мі­не­зінің, бауырмалдығының арқасы. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдің көп этносты халқының мүдделерін білдіретін бірегей институт. 

Астана – Еуразияның жүрегі 

Астана Байтақ Еуразияның ғана емес, әлемдік деңгейдегі рухани-мәдени һәм маңызды саяси шешімдер қабылдайтын геосаяси орталыққа айналып үлгерді. Әлемдік геосаяси орталықтар Астананың, Ақорданың абырой-беделін, жаһандық деңгейдегі ықпалын мойындады. Астана болашақта Еуразиялық одақтың жүрегіне айналуы әбден мүмкін.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?