Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ер-тұрман

28914
Ер-тұрман - e-history.kz

Адам баласының атты ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы шын мәнінде ұлы жаңалық болды. Ердің шығуы жайында Орта Азия халықтарында мынадай аңыз бар. «Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, артын жарақаттап алады, ауырған жерін жеңілдету үшін, атының арқасына иленген нан (қамыр, жайма) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып жайма  нанның аттың арқасына келісті формаға келіп қатая бастағанын  байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін, ат үстінен тұзақ тастап, оған аяғын салады, аяғының талғаны тоқтайды. Сонда патша жайма нанның формасындай етіп, ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп бұл нәрсені ер деп атайды» [1, 3 б.].

Еуразияның көне жылқышы тайпалары скиф, сақтардың ер-тұрмандары жұмсақ болып, атқа салатын, бір-бір айылмен тартылатын жайдақ тоқымнан көп айрымашылығы жоқ еді.  Пазырық, Берел қорғандарынан табылған ер-тұрмандар тоқымнан, ердің екі қасына ұқсастырып жасалған ішіне шөп, бұғының жүнін тыққан екі көпшіктен, айыл-тартпадан, өмілдірік және құйысқаннан тұрды. Еуропалық скифтерде құйысқан да болған жоқ, оны Чертомлық құмырасының бүйіріндегі суреттен көруге болады.

Біздің заманымыздың бір мың жылдығы мен екі мың жылдығының өліарасында қастары аласа, жұқа, үлкен қапталғысы бар қатты ердің орнына ердің жаңа үлгісі пайда болды. Аттың бүйіріне бататын қалың қапталғылар жұқа ағаш қапталдарға айналды, керісінше, қастары  биіктеліп қалыңдана түсті. Бұрынғы көнетүркі ерлерінде шеңберлене біткен қалың мықты қапталғыларға ердің қастары ішкі жағынан бекітілетін еді. Демек, ердің қасы қапталғыларға түсіп, қапталғылар аттың бүйірін қысып, аттың жүрісіне әсер етті. Ал жаңа ерлердің құрылысында биік қалың қастар жұқалау шағын қапталдарға сырт жағынан мызғымайтын етіп отырғызылды. Бұрын ердің қасы қапталғының ішкі жағынан байланатын еді, сөйтіп үлкен қапталғылар (лопасть) жеңіл қапталдарға (полка) айналды. Зерттеуші Д.Г.Савиновтың көрсеткеніндей осы өзгерістердің нәтижесінде XII-XIV ғасырларда жеңіл қапталды, қалың (ауыр) қасты монғол үлгісіндегі ерлер пайда болды [1а, 31 б.].

Еуропалықтарда нағыз ер-тұрман туралы мәліметтерді 340 жылы  Рим тағының мұрагері кіші Константинді өлтіруге байланысты оқиғадан, 385 жылы Император Феодосийдің почта аттарына салынатын ер-тоқымның салмағы 60 фунттан аспасын деген ережесінен көруге болады [2, 30 б.]. Ал, Орталық Азияның ғұндарында алдыңғы және артқы қасы бар сүйегі ағаштан жасалатын қатты ерлер б.з.д. III ғасырлардан  кейін-ақ кең қолданыла бастаған және де ерлерді бірінің үстіне бірін қойып, биік бекіністер жасағаны жөнінде мәліметтер бар [3]. 451 жылы Аттила Каталун шайқасында егерде жеңіліс тапса, жау қолына тірі түспес үшін ер-тоқымдарды үйіп-үйіп, от жағып өзін өртеуді бұйырады. Отқа тез жанатын  сүйегі ағаш қатты ер-тұрман болмаса Аттила бұлай айтпас еді.

Қазақта: «Амал жоқтың күнінен адам ойына не келсе соны істейді» деген сөз бар. Ертедегі еуропалықтар үзеңгінің жоқтығынан аттың үстіне шығу үшін қазіргі заманға күлкілі болып келетін небір айла-шарғыларға барған. Атқа мінудің ең қарапайым әдісі аттың үстіне қарғып міну, болмаса жалы мен құлағынан ұстап тырмысып шығады. Поллукс, Сили, Страбон сияқты көне авторлардың жазуынша испандар атқа міну үшін атты тізерлетіп үйреткен. Атқа мінгізетін  арнаулы құралдар мен арнаулы атшылар оң аяқ не сол аяқты басатын баспасы бар найзалар тіпті шағын баспалдақтар мен алып жүретін темір сатылар қолданған. Бұларды кейбір авторлар үзеңгі деп қате жазады.

Греция мен Италияда үлкен қалаларға баратын жолдарда атқа міну үшін арнайы тас үйіп қою, тас тұғыр жасау етек алған. Мұндай тұғыр тастар Рим мен Неапольдің арасындағы жолдарда бертінге дейін сақталған. Әрине, көшпенді халықтар үзеңгі жоқ болған дәуірлердің өзінде мұндай әурешілік әдістерге бармас еді. Себебі олар 3–4 жастан атқа мінуді үйренетін, атқа қарғып мініп, қарғып түсетін, ат құлағында ойнаған. Бір үлкен әже өз естелігінде былай дейді: «1950 жылдары біздің елге ішкері жақтан оқыған ұлты орыс мал дәрігері келді. Әлгі кісі колхоздың басшыларымен ел аралап мал емдеп жүретін. Сонда әлгінің аттан түсуі бір әлек, атқа мінуі бір әлек, байғұс сүйретіліп түседі, сүйретіліп шығады, бүкіл ауыл қарап тұрып жатып кеп күлеміз, атқа жаратылмаған кісі еді» (І).

Атты үйретудің, атқа үйренудің жарқын үлгісі деп Американ үнділерінің жабайы, тағы мустангтарды бағындыруын айтуға болады. XVI ғасырда Американ құрылығына испандар әкелген жылқылар далаға қашып, өсіп-өніп орасан үлкен табындарға айналды. Алғашында үнділер жылқылардан зәресі ұшып қорыққан, артынан қолға үйретті, жайдақ аттың үстінде үнділер ат құлағында ойнайтын болды. Қазіргі таңда үндіні атсыз елестету мүмкін емес.

Атты қолға үйрету, оның құрал-жабдықтарын жасау үшін адамзат ғасырлар бойы ұзақ та үлкен жолдан өткен. Атты басқару үшін аттың құрал-жабдықтарының, ер-тұрман бөлшектерінің қаншалықты маңызды екенін қазақтың мына мақал-өлеңінен көруге болады.

...Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде тұра алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса,

Атқа адам міне алмас.

Бәрі бірдей сай болса,

Шайтан түгіл жын алмас... [4, 186 б.].

Ерте ортағасыр дәуірлерінде жылқы ұстап баптаумен байланысты қолданылатын нетүрлі ер-тұрман жабдықтары қалыптаса бастап бүгінге жетті. Ер-тұрман жабдықтарының басты бөлшегі саналатын үзеңгі антикалық дәуірлерде болған емес. Үзеңгінің еуропалықтарда 420 жылдан бастап қолданыла бастағаны жөнінде деректер бар [5, 604 б.]. Бірақ бұл фактіні түбегейлі тексеру қажет, мүмкін әредік жеке адамдар қолдануы мүмкін, себебі дәл осы кезде Еуропада жүрген ғұндарда үзеңгі болмағаны хақ.

Византиялықтар үзеңгімен VI–VII ғасырлар шамасында аварлар арқылы таныс болды. Көне түрік тайпалары тұрмысында  ежелден қолданыста болған былғары үзеңгісі бар ер-тұрмандардың Алтай өңіріндегі көне Пазырық қорған жұртында сақталғандығы жөнінде деректер бар. С.И. Вайнштейн үзеңгінің пайда болу кезеңін VI ғасырда Шығыс Еуропа елдеріне тараған көне түрік мәдениетімен байланыстырады. Ол: «...VI ғасырдың екінші жартысынан бастап еуропаның кең-байтақ далаларында үзеңгі жиі кездесе бастады. Қытай археологы Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпелі түріктерден (түрік қағанаты) тараған», - деп жазады [6, 63,– 65-бб].

С.И. Вайнштейннің анықтауынша ұзеңгі алғашында тек сол жақта ғана болып, оның өзін жаралы, ауру немесе екіқабат әйелдер үшін шұғыл жағдайда ғана қолданылатын көрінеді [6. с.64]. III–IV ғасырлар аясында Қытайдың Чанша көне мола орнынан жылқының мүсіні анықталды. Мұнда сүйегі қатты ертоқым үзеңгісіз және сол жағына үзеңгі салынып та бейнеленген. 302 жылдар шамасында Қытайда метал үзеңгі әлі пайда болмады. Алайда ағаштан жасалған үзеңгі аттың екі жағынада қолданылатын болды.

IV–V ғасырларда ағаштан жасалатын қос үзеңгі корейлер мен жапондар арасына кең тарады. Қытай тілінде үзеңгі «мадэн» аталады. «Ма» - оларда жылқы, ат дегенді білдірсе, «дэн» - көтерілу, шығу мағынасын береді. Жапон ғалымы С. Опояма ертедегі жапондық ер-тұрманды үлгі-нұсқаларына қарай екі топқа бөліп қарастырады. Жапондар атқа отыруды және оның бүкіл ер-тұрман жабдықтарын қолдану дәстүрін корей халқынан ауысқан деп есептейді. Ал оңтүстік корейдің көне молаларын зерттеген А. Ито үзеңгілерді бес топқа бөледі. Ол бірінші және екінші топқа  ағаш үзеңгілерді, үшінші, төртінші және бесінші топқа темір үзеңгілерлді жатқызады. Зерттеулер барысында жапондар ертедегі қырық үзеңгі нұсқаларын жинастырып жариялады. Үзеңгі IV–V ғасырларда алыстағы Шығыс елдерінен басқаларға онша белгілі бола қоймады. Бұл ғасырлар белесіндегі үзеңгі түрлері «алғашқы тұрпайы үлгі-нұсқалар» деп есептелді. [6а  83 б.]

Үзеңгі өз-өзінен пайда бола қалған жоқ. Ол адам қолымен жасалған заттық мәдениеттің, тұрпайы қолөнердің жемісі бола отырып, белгілі бір аймақта пайда болып, сол жерден тарап көптеген үлгі-нұсқалары дамып жетілдіріле түсті. Монғол, башқұрт, қазақ, қырғыздардың алғашқы үзеңгілері IV–V ғасырлардағы нұсқалардан көп өзгешелігі жоқ. Ал VII ғасырдың басында үзеңгілердің тұрпайы да қарапайым  жасалатын нұсқаларының қалыптасу кезеңі аяқталып, оның дамытыла түскен басқа да үлгі-нұсқалары жасала бастады. VII ғасырдың бірінші жартысында жасалынған үзеңгілердің  нұсқасы төрт бұрышты немесе дөңгелектеу, доға тәріздес болып келді.

Үзеңгілерді зерттеу барысы ер-тұрман жабдықтарының көшпелі көне түрік, авар халықтарынан тарағандығын нақтылайды. Үзеңгілердің пайда болуы сүйегі қатты ертоқымның жасалуына әсер етті. Жалпы ер-тоқымның ең көне түрі жұмсақ етіп жасалатын болған. Оның дамыған нұсқалары Алтайдың (Пазырық, Берел, Пашадар, Тұйықта (Туэкта) таулы аймақтарында ердің қасы биік етіп жасалып, пластинкалармен ою-өрнектер салып әшекейлейтін болған. С.И. Руденконың айтуынша: «...Сібір скифтері қолданған ер-тоқымдар еуропалық елдерде болмаған...» [7, 164–171, 179–201. суреттер: 99, 109, 110, 121–123 б. Кестелер: XLVIII, I. // Бұл да сонда: 131, 132, 226–229, суреттер: 5, 79, 80, 121 б].

VI–VII ғасырлар аясында көшпелі түріктер әлемінде ер-тоқым қатты, қасы тігінен жасалып, ол негізінен жаугершілікте қолданылатын болған. Осылайша, үзеңгілі қатты ер-тоқым өз дамуында екі кезеңді бастан өткерді. Олар:

1. IV–VI ғасырлардағы тұрпайы нұсқалар;

2. VII–VIII ғасырлардағы дамыған және кең тараған нұсқалары:

Бұл кезеңдерде көшпелілердің ер-тұрман жабдықтарын жасауды жақсы игергені сонша, осыған сай ат үстіндегі айқас тәсілдері де өзгеріске түсіп дамыды. С.И.Вайнштейн бұл туралы: «...Үзеңгілерді тұңғыш рет кең көлемде Алтай түркілерінің қолданғанына барлық негіз бар.Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқышылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен  өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен атқара білді. Орталық Азияның көшпенділері ортасында оларды «темір балқытушылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес...» [6, 66 б.].

Үзеңгі ат үстіндегі адамның шаршағанын бірнеше есе азайтты, тепе-теңдігін сақтады, адамның құйрығы, саны, жіліншігі қажалмайтын болды. Үзеңгілі қатты ер-тұрманның жасалуы материалдық мәдениет тарихында өте үлкен жаңалық болды. Салт атты адам енді  аз уақыт ішінде алыс қашықтықтарды бағындырды. Көшпенділердің атты әскерінің қуатын күшейтті. Бір мыңжылдықтардың 2-ші жартысынан бастап Еуразия далаларындағы көшпенділердің «тасқын судай селдеткен» жылдамдығын арттырды.

Үзеңгілі қатты ер-тұрман әскери өнерде тағы бір жаңалықтың – қайқы қылыштың пайда болуына тікелей әсер етті. Қайқы қылыш екі жүзді болды, бір жүзді ауыр семсерлерге, қанжарларға қарағанда біріншіден жеңіл, екіншіден сілтегенде бірден екі міндетті атқарды, шауып және тіліп түсетін болды. Үзеңгіге шіренген жауынгер қылыш шапса да, найза сұқса да, шоқпар сілтесе де ат үстінен аумай  «бес қарудың» қайсысын болса да бұрынғыдан бірнеше есе дәлірек және қарымды меңгеріп, күштірек қолданатын болды.

Р. Каруцтің көрсеткеніндей ертеректе үзеңгі арабтардыкіндей жабық болып, алыс жолда тамақ пісіретін ыдыс орнына жүрген. Үзеңгіде айылдың тоғасы мен жүгеннің айшығы сияқты оюлап безендірілетін болған (6б, 148 б.).

Көшпелі түріктер ер басын әшекейлеуге алтын, күміс, асыл таспен қоса, түйе, жылқы, сиыр секілді ірі малдардың жақ, жауырын, қабырға сүйектерін пайдаланатын болған. Ер-тұрман жабдықтарын әшекейлеу VII–VIII ғасырларда Шығыс Еуропа және Сібірлік көне түрік тайпаларынан басталған. Бұл ретте әсіресе аварлар ерекше роль атқарған.

Қазақтың ер-тұрман жабдықтары сақ, ғұн, көне түрік тайпаларының жасап-пайдаланған ер-тоқымдарының тікелей жалғасы. Қазақ халқының XX ғасырдың басына  дейін пайдаланып келген ерлерінің ұлгі-нұсқаларының саны 20-дан асады екен. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен бір саласы ерлердің жасалу жолдары, технологиясы, ер-тұрмандардың аймақтық ерекшеліктері тіпті қарапайым «ер-тоқым», «ер-тұрман», «төрт-тұрман», «бес тұрман», «ат-анжам» қатарлы сөз тіркестері және ол нені білдіреді, тұрмандардың атаулары мен қолданылуы қатарлы мәселелер кешенді түрле қарастырылған емес. Қазақ ерінің ең көп тараған түрі негізінде бес бөлек етіп, көбіне қайың ағашынан жасалады. Бұл туралы халық өлеңінде:

...Көшкенде жылқы айдаймын жиыстырып,

Ер қостым бес ағаштан қиыстырып,-деп жырланады. Ер қосатын құрал-саймандарға балта, ара, балға, тістеуік, шот, түзу етекті шоппашот, ойыс етекті шот, қашау, ойыс қашау, ыңғуыр, қуысқұлақ, түрпі, үскі, бұрғы қолданылатын. Күміспен әшекейлеуге қол көрік, күміс қысқаш т.б. зергерлік құралдар пайдаланатын, шошақбас және құранды ерлерді қосуға оңтүстік өңірлерде ұсталар арнаулы қалыптар жасап алатын.

Баянөлгей ершілері (МХР) ағашты балтамен шауып алып нобайлаған соң, аталқымен жұқартып алып ыңғуырмен ояды, қырғымен өңдейді. Қырғы үнемі өткір болу үшін айылмен ысып-ысып айналдырады. Үскімен жонады. Үскі ерекше өткір дүзді болады. Ақындар «Үй үскідей өткір тілім» – деп бекер жырламаған (ІІІ). Сонда ер шабу үшін кәдімгі құралдармен қатар (балта, ара, т.б.) ойыс етекті шот, ойыс қашау, ыңғуыр, үскі сияқты арнаулы құралдар қолданылғанын көреміз. Ер шапқанда қайыңның айыр тамырын алып шабады, екі қапталын қайыңды жарып істейді. Екі айыр тамыр ердің болашақ екі қасы болады, қастардың ортасын біріктіретін ортасындағы орта ағашты Монғолия мен Қытай қазақтары белағаш дейді. Белағаш аттың арқасына сәйкес ортасы қуысталып науа іспетті шабылады. Ағаш күнге жарылмас үшін Жетісу шеберлері ердің нобайын шапқаннан соң сиырдың жас тезегін жағып күнге кептіреді (IV). Сарырақа ершілері бір қазан тұзды суға бие сауым уақыт қайнатып көлеңкеде кептіреді [8, 175 б.].

 Монғоия қазақтары жас ағашты көлеңкеде кептіріп суға қайнатып алады. 1950 жылдары Монғолияда өмір сүрген әдемі айшықты, күміс ер жасаумен атағы шыққан Оспан шебер ердің сүйегін балықтың сорпасына қарағайдың қабығын қосып қайнатып алады екен (ІІІ). Кіші жүз шеберлері  ер сүйегін қайың, үйеңкі ағаш болмаған жағдайда қара ағаштан да шапқан. Бұлар да қайыңды тұзға қайнатып әбден дегдіген соң ғана  ердің сүйегін шапқан (V). Ершілердің тәжірибесінде тұзды суға қайнатылған ағаш  қанша құрғаса да жарылмайды, қаңсымайды, морт сынбайды. Сыр бойында  XIX ғасырда өмір сүрген Қалдыбай шебер ердің  сүйегін балықтан жасалған желіммен желімдеп, кептіріп алған соң ердің қаңқасының беріктігін тексеру үшін тапсырыс берушінің көзінше бар күшімен жерге бір ұрады екен. Қаншама тапсырыс бергендердің көзінше осылай істегенде өмірінде бір ері сынып көрмепті (VІ).

Қазақ ершілері ердің ағашын қалай өлшеген, бұл мәселе зерттеушілердің еңбектерінде мүлдем кездеспейді. Осы олқылықтың орнын біз қазірге дейін ер шабатын керей ершілерінен (МХР) жазып алдық. Ер қандай үлгіде жасалса да (найман ер, керей ер, алтай ер – А.Т.) ер қосушылардың бәрінің сүйенетін бір-ақ өлшемі бар. Мұны сүйем, сынық сүйем, қарыс, тұтам, елі деп өлшеген.

Алдыңғы қастың көлденеңі сынық сүйемге тең, шамамен – 17 см, артқы қастың көлденеңі толық сүйем – 22-23 см, алдыңғы қас пен артқы қастың арасы, яғни адам отыратын жер – шынтақ пен қолдың басына тең болады. Қапталдың ұзындығы әйелдікі – екі қарыс  төрт елі, ер адамдікі – екі қарыс, қапталдың алды үш елі, арты төрт еліге тең болады (қапталдардың алды, арты дегеніміз алдыңғы қас пен артқы қастың қосылған жерлерінде қапталдардың ұшы алдыға және артқа қарай шығып тұрады соны айтады – А.Т.). Керей ерде сүйем, оқпан биігі қапталына дейін  сынық сүйемнен болады (VІІ). Екінші шебердің  (ҚХР) айтуынша  қапталдың ұзындығы үш қарыс, немесе үш қарыс сынық сүйем (60–70 см). Ердің алдыңғы оқпан іші кеңдігі сынық сүйем, артқы оқпан іші кеңдігі сүйем (16–18 см), қастың маңдай биігі сынық сүйем (VІІІ). Екі шебердің ер өлшемдерін әртүрлі айтуы керей ер мен найман ердің өзгешеліктеріне байланысты.  Әйел ердің қапталы еркек ерінен неліктен ұзынырақ деген сұраққа шебер: «Әйел адам атпен көп алыспайды, еркек адам атпен көп алысады, жұлысады, тартысады, арпалыс, айналыс үшін ердің қапталы қысқа болады. Ердің қапталы ұзын болса не ер сынады, не ат мертігеді». Негізінде Баянөлгейде жасайтын керей ерінің өлшемі осындай. Ердің бөлшектерін толық дайындап алып таспалайтын кезде дұрыс жасалғанын тексеру үшін аттықты ұста өзінің бетіне  төсеп көреді. Сонда адамның екі беті аттыққа тимей тұруы керек. Демек ер дұрыс жасалған (VІІ). Аттық – ер сүйегінің ішкі жағы.

Оңтүстік ершілері ердің қате-дұрыстығын арнаулы  қалыпқа салып көреді. Ердің барлық бөлшектері қалыпқа сиса онда дұрыс жасалғанының кепілі (ХІІІ). Бесағаштан жасалған ердердің қаңқа бөлшектерінің  атаулары қазақ жерінің бәрінде бірдей: алдыңғы қас, артқы қас, екі қаптал тек қасты қосатын ортасындағы ағашты Сарыарқада – ортаағаш, Шыңжанда (ҚХР) – белағаш деп атайды [9, 177 б.; ІХ].

Ер қосу, ер жасау атауларына келетін болсақ қазіргі күнгі қазақ ерін жасау үзілмей келе жатқан Монғолия, Шыңжаң қазақтарында жақсы сақталған. Ер – ердің ағашы, сүйегі, қаңқасы ағаштан жасалады. Қас – ердің алдыңғы және артқы шошайып тұратын бөліктері, қазақ ерлерінде алдыңғы қас және артқы қас болады. Алдыңғы қас алдыға қарай сәл биіктеу келеді, артқы қас аласалау, орындық тәрізді артқа қарай сәл шалқақтау етіп жасалады. Артқы қасты қазақ рәсімінде ең керекті бөлік ретінде  ерекше қадірлейді. «Айрылысар дос ердің артқы қасын сұрайды» дейді қазақ мақалы.  Қаптал – ат арқасына үйлесімді етіп жасалған екі қисық ағаш. Ердің алды-артына байланысты «қапталдың алды», «қапталдың арты» деп бөлінеді. Белағаш – екі қапталдың  екі қастың ортасына бекітілетін төрт ағашты қосатын асты аттың арқасына тимейтіндей етіліп ойылған ағаш. Оқпан – ерді шалқалатып қарағанда екі қапталдың ортасында болатын ойық. Аттың қыр арқасына тимеу үшін екі қастың ойығы белағаштың ойығымен сәйкестендіріле бекітіледі. Шегелік – қас пен қапталдың бір-біріне қиысатын жері, шегемен бекітіледі. Көбінесе ағаш шегемен болмаса қаңылтырды ішін қуыстап орап қағып жібереді, өте мықты ұстайды. Үзеңгілік – үзеңгі бау өткізуге арналған екі қапталдағы тесік. Үзеңгілік екі қапталдың астыңғы шетін ала тесіледі. Қанжығалық – ердің алды-артында қапталдың қастан асып тұрған жері қанжығалық аталады. Төрт қанжығалықта екі-екіден барлығы сегіз тесік болады да, әр екі тесіктен бір қанжығалық таспа өткізіледі сонда төрт қанжыға болады. Шеттік – артқы қапталдағы қанжыға тесігінен қосалқылап өткізіп бүлдіргеленген тұйық таспа шеттік деп аталады, оған құйысқанның жырымы байланады. Анжы – белағашты екі қас пен екі қапталдың арасына қойғанда ердің бес бөлшегін шикі қайыс таспамен көктеп бекітеді. Осы көктеу таспаны «анжы» деп атайды.  Малдың  ірің кеулеген жарасын жарып, ол үнемі ірің ағып тұруы үшін жылқының қылын өткізіп қояды. Мұны да анжы деп атайды. Аттық – ердің адам отыратын орындығын «аттық» немесе «кісілік», кейде «керсен» дейді. Ердің қаңқа басының, яғни сүйегінің  атаулары осымен аяқталады (ІХ).

Енді ер-тоқым дегенде тоқымның өзі ерді жабдықтайтын бірнеше бөлшектерден тұрады:  тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, өң және көпшік, өткерме сияқты  төсеніш жабдықтар да кіреді. Аттың тері өте асыл, атқа мінген адамның  қонышына, балағына, етегіне тимес үшін және үзеңгі, таралғы, үзеңгі бау аттың қабырғасына  тиіп қажамау үшін ат пен үзеңгінің  арасына байланатын қалқанды – тебінгі дейді. Тебінгінің – «қалбыр» деген атауы да қалыптасқан (VІІ).

Әйел ердің тебінгісі мен еркек ердің тебінгісі  бір-бірінен өзгешелеу болып келеді. Әйел ердің тебінгісі  жұқа былғарыдан астар салып тігіледі. Тебінгінің оқпан ұзындығы 64 см, тебінгі ұзындығы 50–56 см, оқпан ені 30–40 см, тебінгі ені 50–60 см. Еркек ердің тебінгісі  қалың былғарыдан жасалады. Оқпан ұзындығы 46–50 см, тебінгі ені 40–50 см. Тебінгіні кигізден жасағанда қара киізден таңдап, екі қабаттап шуда жіппен сыриды. Үзеңгілік астына былғары салып тігеді.  Бұл ішпек пен тебінгінің міндетін қатар атқаратындықтан тебінгі-тоқым деп аталады. Тебінгі – әсілі үзеңгі пайда болғаннан кейін  шыққан ер-тоқымның қосалқы бөлшегі.

...Тебінгі терге шірімей,

  Терлігі майдай ерімей.

  Ерлердің ісі бітер ме деп айтылады жырда (Махамбет).

Тоқым – аттың арқасына, аттың үстіне жабылатын киізден сырып, айнала жиегін шұға, барқыт сияқты маталардан көмкеріп жасалады. Ауқатты адамдар киіздің сыртын  былғарымен қаптап, бедерлі өрнектер салатын. Әйел ерлерінің көн тоқымдары үлкен болады (140–115 х 50–55 см), ерлердің тоқымдары кішіректеу (90–100 х 50–55 см).

Шыңжаң қазақтарында тоқымның өлшемі өзгешерек: оқпан ұзындығы 68 см (ердің астына келетін жері), етек ұзындығы – 74 см алдыңғы жағының жалпақтығы – 108 см, орта шені 105 см, артқы жағының жалпақтығы 114 см. Терлік пен ішкілік тоқымнан 4–5 см. үлкендеу болады. Тоқымдардың пішілуі, үлгісі жөнінде Х. Арғынбаев: «Ортасынан екі бүктелген тоқымға көз салсақ, төменгі екі бұрышының бірде тік бұрыштанып пішілгенін байқасасқ, екіншіде алдыңғы бұрышының сүйірленіп, артқы бұрышы дөңгеленіп жасалғанын немесе екі бұрышының да  сүйірленіп пішілетіндігін аңғаруға болады. Мұнымен бірге кейде тоқымның артқы бұрышын не екі бұрышын да ойып пішетіндер кездеседі. [8, 193 б.]. Шыңжан қазақтарында қазір тоқым мен тебінгі бірге істеледі, ат арқасын жабатын бөлігі тоқым, аттың екі қабырғасын жабатын бөлігі – тебінгі. Сондықтан тұтастырып жасалған тебінгі мен тоқым – тебінгі-тоқым деп аталады [9, 142 б.].

Маңғыстау қазақтарында былғары тоқымға қалың былғарыдан жасап қабат тебінгі тағылатын [11,148 б]. Сонда тоқым мен тебінгі бірігіп кететіндіктен мұны да тебінгі тоқым деп атауға болады. Ішпек – тоқым астынан екі қабат киізден салынады, екі жаны ердің қапталынан сынық сүйем шығып тұрады. Алды-арты тоқымнан екі елідей шығып көмкеруі көрініп тұрады. Ішкілік – ішпек астынан төселетін, өте жұмсақ таза талмадан жасалатын көлемі ішпектей жалаң төрткүл киіз. Терлік – аттың денесіне тіке түсетін ең соңғы қабат. Аттың тері бірінші сіңетін болғандықтан «терлік» аталған, терлікті «өң» деп те атайды. Терлік көбінесе қозы, лақ терісінен қылқадан жұмсақ иленген ешкі жарғағынан жасалады. Қозының ұйысқан, шуаш жабағы жүнінен жасалған терлікті жабағы деп те атайды.Терліктің ең таптырмайтын бағалысы – қарақұйрық терісі. Тығылдырық –  ердің екі қапталы тоқымға салмақ түсірсе тоқым аттың арқасын қажайды. Сондықтан ер қапталдарының  астына қапталдың өлшемімен бірдей етіп жасалған киіз қойылады. Шыңжан қазақтары мұны кепіл киіз дейді. Батыс Қазақстан қазақтары (Орал, Ақтөбе т.б. – А.Т) мұны жона деп те атайды [11,148б.12. –125–126 бб.]. Ер-тұрман жабдықтарын жазғанда жонаны Сәбит Мұқанов та атап өтеді [12, 135 б.]. Жонаның нақты анықтамасын орыс ветеринар мамандары былай деп жазады. «Жона  аттың арқасы мен тоқымды  ердің қысымы мен үйкелуінен сақтайтын құрал, ұзындыңы 1–1–2 фут, көлденеңі 1–2 фут ұзыншалау түрлі-түсті қатты терінің қиқымдарынан жасалады, дөңгеленген шеңберлері болады, шеттері томпайып тұрады. Себебі шеттеріне сабан тығады, қайыс баулармен бір-біріне жалғанады. Аттың шоқтығының екі жағынан тоқымның үстіне тығылдыра салынады. Жонаны қазақтар өздері жасамайды, Бұхарадан әкеледі. Қазір қазақтар жонаның орнына көбінесе ердің төменгі жағына  бекітілетін киіз жастықшаларды пайдаланады» [10].

Көпшік – ердің екі қасының арасына  салынатын жастық, ішіне жүн салып мата, барқыт, былғарыдан жасалады. Киізден сырып, жүнін жоғары қаратып әбден иленген ешкі, қой терісінен де істеледі. Матадан тігілген көпшіктің кәдімгі төрт бұрыш жастықтан айырмашылығы жоқ. Сондықтан болар батыс қазақтары кәдімгі жастықты көпшік деп атайды. Ат көрпе – арасына қой, түйе жүнін салып, шұға, атлас, барқыттан тыстап, астарлап тіккен көрпеше. Ұзындығы 2 м, ені 1 м. Аткөрпені кейде жүздеген мата қиықтарынан жасап қиық көрпе сияқтандырып ортасына, бұрыштарына кестелеген тоқып тіккендері, үстіне күміс алтын пыстан тартып мінгенде ат үсті ерекше құлпырып көздің жауын алады. Аткөрпені әсте көпшікпен шатастыруға болмайды. Ердің үстіне адамның таңдауына байланысты көпшік не аткөрпе салады, екеуін бірінің үстіне бірін қабаттастырмайды.

Ер-тұрман. Қазақтың ер-тұрманға байланысты сөздері, сөз тіркестері ұғымдары бай. Ер-тұрманға орай бірнеше ұғымдар бар. Жалпы Қазақстан қазақтары  төрт тұрман десе, Шыңжаң, Монғолия қазақтары бес тұрман деп бөледі. Оның үстіне ат-тұрман, айыл-тұрман деген тағы бірнеше ұғым бар. Тұрман – аттың жабдығы сонымен бірге қазақта әр аттың өзіне ғана арнап тұрман жасату ертеден келе жатқан дәстүр.

Өзіне өлшеп Бурылдың,

Алтыннан тұрман қақтатты...(Қобыланды батыр).

Төрт тұрман мен бес тұрманның қандай айырмашылығы бар және  тұрман неден тұрады. Бұған халық фольклорынан анық жауап табамыз. Шернияз ақын Исатайдың батырлығын дәріптегенде:

Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген,

Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы...

Монғолиялық ақын К.Қашқынбайқызы «Бес тұрман» деген өлеңінде тіпті тұрманның қандай жабдықтардан тұратынын ашып көрсетеді.

Ақ күмістен ақталған,

Мұра болып сақталған.

Сәйгүліке жарасар,

Ежелгі әбзел бес тұрман.

Өмілдірік, құйысқан,

Бес тұрманға сыйысқан.

Ері сары ағаштан,

Қасқа жүген, бір пыстан...(Х).

Сонымен бес тұрманға жататындар әр әбзелдің маңызы жағынан орналастыратын болсақ: 1.ер, 2.жүген, 3.өмілдірік, 4.құйысқан, 5.пыстан болып шығады. Қазақтар төрт тұрман дегенде: пыстаннан басқасын, яғни алдыңғы төртеуін атайды (Х). Сонымен қатар қазақтар барлық малды әдетте төрт түлік десе (түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі) Монғолия қазақтары бес түлік деп, ешкіні қоймен қоспай бесінші түлік деп санайды. Демек, төрт түлік – төрт тұрман, бес түлік – бес тұрман арасында байланыс бар ма, әлде қарапайым сәйкестіктер ме? Әрине, мұны арнайы зерттеу көрсетеді. Ат-тұрман – аттың жабдығы, ер-тұрманмен мағыналас синоним сөз. Айыл-тұрман: айылға байланысты атаулар топтасқан. Айыл жасау әдісіне қарай: былғары, өрмелі, түймелі, ызбалы болып бөлінеді. Айылдың өзі төс айыл, шап айыл болып бөлінеді, кейде бұлар төс тартпа, шап тартпа деп де айтылады. Төс айылдың өзі екеу болып, артқы айылды кер айыл деп атау қалыптасқан. Сонда үш айыл тартылатын жағдайлар да  кездеседі. Жырымды және жырымсыз болып тағы екіге бөлінеді. Жырымды айыл – айылбас, алақан, жырым аталатын үш бөлшектен тұрады. Жырымды таспадан өріліп, алақаны екі қабат қайыстан жасалады. Жырымның ені екі елі, алақанның ені 2–3 елі. Жырымсыз айылдың екі басына  екі доға бекітіледі, алақаны біраз ұзындау болады. Бір доғаға жіңішке қайыстан мықты таспа байланады. Айыл тартқанда екі доға арасынан таспаны екі орап өткізіп, созғылай тартып барып бекітеді. Жырымсыз айыл тарту жағынан уақыт алғанымен ерді мықты ұстайды. Сондықтан төс айылға жиі қолданылады. Жырым – айылдың доғадан өткізілетін, доға тілі түсіп бекітілетін бөлегі «жырым» делінеді.  Бұл екі қабат қайыстан, не таспадан өріліп жасалады. Қайыстан жасалғандарына әр жерінен тілше көз жасалады. Өріп жасалған жырымның таспа арасы көз міндетін өтейді. Жырым айыл-тұрманға орай айтылмайды, ердің екі қапталындағы екі шетінен бекітілген  құйысқанның екі ұшы да – жырым. Өмілдіріктің, үзеңгі баудың, жүген желкелігінің тағы басқа айыл басталатын тұстар түгелдей «жырым» деп аталады. Тіл – темір айылбастың жырым бекітілетін  тиек бөлігі. Айыл алақаны басына айылбас бекітілген кезде, тіл доға ортасыне келтіріліп өткізіледі. Айылбас – доға мен тіл екеуінің біріктірілген түрі. Сонымен қарапайым айылдың өзі: алақан, жырым, тіл, айылбас сияқты бөлшектерден тұратынын көреміз (ХІІ).

Айыл-тұрман жасау әдісі мен технологиясына, жасалу затына байланысты төрт түрге бөлінеді: былғары, өрмелі, түйемелі, ызбалы деп кете береді.

1.Былғары айыл-тұрман: былғары мен жұмсақ иленген қайысты, керегінше саралап тіліп алып, бір-біріне қабаттап екі жағын қайып тігеді. Қаюға арнайы ширатылған тарамыс жұмсалады. Былғары айыл-тұрманды ерді  сән-салтанатқа, ойын-тойға, асқа ерттейтіндіктен алтын күмісті үзбе, құйма шытырлар қағып, асыл тастан көз орнатып жасайды.

2. Өрмелі айыл-тұрман: иленген сиыр терісінен таспа тіліп, таспа түрі тұрман түріне қарай, 3 таспадан 100 таспаға дейін кездесетіні мәлім. Өрмелі айыл-тұрман Қытай қазақтарында ерекше дамыған, мұнда өрмелі айыл-тұрманның өзін таспасының өріміне қарай: тақ таспасы, жұп таспасы, өзекті өрім деп бөлінеді. Мысалы: 5, 7, 9, 11, 13, 15... тақ таспасы, 6, 8, 10, 12, 14, 24 ...48 таспалы өрімдер жұп таспалы өрім, алты қырлы 18, 24, 48 таспалы өрімдер - өзекті өрім түріне жатады. Таспаны сыдырғыдан өткізіп алған соң асты-үсті, оң-теріс етіп өреді. Өрмеге қажетке қарай көз, тесік, ойық, қыр, шыбық, сыздық, өзек, сай, түйін, түйме шығарылады. Айылбас, тіл өтетін жерлеріне көз қалдырылып өріледі. Өрмелі айыл-тұрмандар қуаттылықтан гөрі әдемілікке жатады (ІХ).

3. Түйемелі айыл сапалы иленген ақ қайыстан жасалады. Таспаны әуелі тілмес үшін қай үлгіде түю белгіленіп, сол үлгіге сәйкес жалаң қабат, қос қабат сияқты т.б. таспалар тілінеді.  Түюдің өзі үш түрге (әдіске) бөлінеді.

а) Өзіне-өзін байлап түю. Қайысты өзіне-өзін байлап түю әдісін айтады. Бұл өз ішінен байлаудың, шалудың, ілудің әдісіне орай бес-алты түрге жіктеледі.

ә) Өзіне-өзін өткермелу: қайысты өзара өткермелеп түю әдісін айтады.

б) Қоспалы түю: Қоспаларды басқа таспа көмегімен шалып, өткермелеп түю әдісін қоспалы түю деп атайды. Басқа қайыс, басқа таспаның көмегімен түюдің түрі тіпті көп. Қайысты өзіне-өзін түйгенде өзіне-өзін өткермелегенде, тағы басқа әдіспен түйгенде сән үшін, әдемілік үшін қажетті жерлеріне шашақ, салпыншақ қалдырып отыратын түрлері де болады. Түйген тұрманға айылбас  аз жұмсалады. Түйілген тұрман көріктілігі, әдемілігімен қатар мықты, қуатты, қолайлы әсіресе шаруашылыққа таптырмайтын құрал саналады.

4. Ызбалы айыл-тұрман түйенің, қойдың қылшық жүнінен жасалады. Жүнді түтіп, шүйкелеп, иіріп, есіп електен алып, әр жіпті жеке-жеке бірдей тартып ширатып (пісітіп) үш тілді арқан сияқты тартып қосады. Тартылған кезде жіптердің жүгінбеуі, бір-бірінің ішіне кірмеуі, сыртына шықпауы, үш жіп бір өрімде болуы тиіс. Жүн талшығының табиғи өңін кетірмей ерсілі-қарсылы таңдай ширатып, бедер шығару үшін  үш жіпті бірде оңқай иіріп, оңқай ширатып тарту, бірде солақай иіріп солақай ширатып тартады. Иіріліп, ширатып тартылған жіптің үш тілінің еттілігі жуан шидей (2,5–3 мм) мөлшерде болады. Осы үш тіл жіпті қатарлап шуда жіппен ызады. Мұны «құрызу» дейді (ІХ). Құрманға арналған  құрдың жалпақтығы  екі, үш елі болады. Айылбастары қайыспен бекітіледі, жырымдары қайыстан жасалады. Ызбалы тұрманның басты артықшылығы атқа өте жеңіл, жайлы болып келеді. Негізінде ат жабдықтары мен тұрмандардың жасалу жолы төрт түрге бөлінсе, енді төрт тұрман және  бес тұрман жабдықтарының өзіне жеке-жеке тоқталайық. Бес тұрманның ішінде  ерден кейін бірінші орында жүген тұрады. Жүген – атты бағындыруға, басқаруға, асауды үйретуге сөйтіп, адамның ырқына көндіруге, адамзат  жылқыны алғаш қолға үйрету кезеңінде шыққан ер-тұрман жабдықтарының ең алғашқысы деп айтуға болады. Әрине, адамзат жүгеннен бұрын құрылысы қарапайым ауыздығы жоқ ноқтаны ойлап тапқанға ұқсайды. Жүген – атты бұлтарсыз, тырп еткізбейтіндей толық және түпкілікті бағындырған ноқтадан кейінгі  құрылысы күрделірек түрі. Сол себепті ноқтаның құрылысына тоқталайық. Ерте замандарда ноқтаны жіптен, құрдан, ұзын қалың қайыстан жасап аттың басына салған, бұл ноқтаның тұрпайы түрі. Ноқта атты байлауға, жайылтып алуға, жетекке алып жүруге, қысқа қашықтыққа мінуге  арналғандықтан құрылысы да қарапайым. Ноқтаның жабдықтары мен өлшемдері: қысқа жақтауының ұзындығы екі қарыс, төрт елі (44 см), ұзын жақтауы төрт қарыс, төрт елі (84 см); Кеңсірігі екі қарыс (40 см), ұзын сағалдырығы екі қарыс бір сүйем (57 см), қысқа сағалдырығы сынық сүйем (14 см), кеңсірік пен сағақ сағалдырығының аралығы сынық сүйем (14 см). Желкелігі арқылы  ат басына шақтап тарылтып, кеңітіп отырады. Екі сағағына темір үзбе тағып шылдырмақ айналшығы бар  темір шылдырақпен бекітеді.  Айналшыққа болмаса темір шығыршыққа  қылдан есілген, қайыстан тілінген шылбыр байланады. Ноқтаны үзбелі, түймелі, ызбалы әдістермен жасап, салпыншақ, шашақ тағып әсемдеген. Ноқта мен жүгенді қосып жасап ноқта-жүген деп атаған. Сирек болса да атттың басын ноқтаны да, жүгенді де бірдей салып пайдалану кездеседі. Салт атты жүгенмен жүріп келіп, бір жерге түсіп демалуға, жолда тоқтағанда жайылтып алуға қараған, бұтаға, атағашқа байлауға ноқта ыңғайлы. Ноқтаға тағылған шылбыр оралып қалмас үшін айлансоқ деген шығыршық тағылады. Айлансоққа байланған  шылбыр атты қай жағынан байласаң да оратылмайды, шатаспайды.  Айлансоқ – Монғолия қазақтарында қолданылады. Шылбыр ұзын болғандықтан (2,5 м) мұндай құралдың қолданылуы, шылбырдың айналып ат аяғына оратылмауының кепілі (ХІ). Жүген: ауыздық, екі сулық, екі шаужай, тізгін, шылбыр, екі жақтау, кеңсірік, екі сағалдырық, желкелік, милық, (маңдайлық, кекілбасар, кекілдірік)- деп аталатын жабдықтардан тұрады. Жүгенге милық салу міндетті емес, жүгендердің милықсыз түрі көп болады.  Ауыздық тең екі бөлекті екі жұмыр темірден бір-біріне құрастырылып, екі сулық арасына бекітілген жабдық. Ауыздық жүгеннің негізгі екі бөлшегі. «Тізгінсіз, сағалдырықсыз, кеңсіріксіз, шаужайсыз жүген болуы мүмкін, бірақ ауыздықсыз жүген болмайды» деп көрсетеді қазақ ер-тұрмандарын зерттеген этногаф Ж.Бабалық [9, 144 б.]. Ауыздық жаққа сулық арқылы жалғасады сондықтан сулық ауыздықтың негізгі тетігі. Мұны көшпенділер атты қолға үйрете бастағанда ағаштан, сүйектен, мүйізден, қоладан жасаған. Оны «псалий» деп атаған. Көне замандардан қазірге дейін сулықтардың көптеген түрі кездеседі, бірақ С.И.Руденко айтқандай бәрінің мақсаты біреу: аттың басын бұруға арналған [13, 159 б.]. Сулық арқылы ауыздық ат аузында буынсыз ойнап тұрады. Сулыққа ауыздық, жақтау, тізгін бекітіледі, егер ат ноқтасыз болса мінер жақ сулыққа шылбыр қоса тағылады.

Шаужай: ауыздық пен сулық арасына бекітілген ұзындығы сынық сүйем екі бөлшек жабдық. Ат басына жүген салғанда шаужай екі езуге түсіп сулық пен ауыздық арасын жарып өтеді. Жүген шаужайсыз да шаужайлы да болады. Шаужайдың таяқша, жарты ай, жарты таға, жарты шаңырақ түрінде жасалғандары кездеседі. Бұланның, бұғының, серкенің, құлжаның, қошқардың, таутекенің, құланның басы мен мүйіздері, мойыны кескінделген әсем үлгілері скиф-сақ аң кейпіндегі (стиліндегі) өнер туындыларының жалғасы деуге болады. Асау, шәлкес, тарпаң жалқыларды екі тізгінді кезек-кезек екі ұртынан қыса қалғанда езуін тілгендей тартқыласа – мұны «шаужайлау» деп, яғни тоқтатып тыйым салу, шектеу дегенді білдіреді. Бір адам екінші адаммен ерегесіп жағасынан алса «шаужайынан алды» деп жатады. Жақтау-жүгеннің негізгі жабдықтарының бірі, оң жақтау қамшылар жақ сулықтан басталып, жоғарғы ұшы жылқының желкесінен асып мінер жақтағы яғни сол жақтауымен ұштасады. Оң жақтау сол жақтаудан ұзынырақ болады оны ұзын жақтау, сол жақтауды қысқа жақтау дейді. Оң жақтаудың ат желкесін ораған ұзын бөлігі – желкелік деп аталады. Желкелікті кейде бөлек жасайды, мұндай жағдайда екі жақтаудың жоғарғы ұштарына айылбас қойылады. Желкелік арқылы жүгенді үлкейтіп, не кішірейтіп отырады.

Сағалдырық – жүгеннің ат алқымы астынан орап тұратын бауы. Қамшылар жақ сағалдырық ұзындау болады да ат сағасынан орап келіп мінер жақ сағалдырыққа доға арқылы жалғасады. Сағалдырық жүгеннің ат басынан сыпырылып түспеуі үшін қажет. Милықтың (маңдайлық, кекілбасар, кекілдік кекілдірік) екі ұшы екі жақтаудың жоғарғы ұштарына құлақтан төмен көзден жоғары кекілді баса тігіледі. Милық барлық жүгендерде болу міндетті емес, көбіненсе бұл жабдықты сәнге істегенмен, милықты жүген аттың басына жақсы жатады. Қазақта сонымен қатар «қасқа жүген», «бесқасқа жүген» деген сөздер бар. Ұлы жүз қазақтарында: «Жігіттің бесқасқа жүгені, алты өрім қамшысы болса бақытты болады» деп жатады [14, 67 б.]. Осы сөздің мағынасын сұрағанымызда Монғолия қазақтары «жүгеннің қасқасы дегеніміз кеңсірік пен милықтың арасына  сәндік, әдемілік үшін салынатын крест тәрізді бірақ сүйір бұрыштанып келген қос қайыс, мұның әр үлгі нұсқалары болады, кейде аттың маңдайына дөңгелек салып, әлгі қос қайыс дөңгелектің шеттеріне байланады. Түсіндіріп айтсақ кеңсіріктің оң бұрышы мен милықтың сол жақ бұрышын, керісінше, милықтың оң жақ бұрышы мен кеңсіріктің сол бұрышын жалғастырып тұратын белдік» (ХІ).

Өмілдірік – ер-тұрманның ең бір күрделі және маңызды жабдығы. Ер-тұрман жабдықтарының даму эволюциясында  құр тоқымды атқа бір немесе екі айылмен тартып мінген заманда  өрге, тауға шыққанда тоқым ат арқасынан кейін сырғымау, ерттеген жерінен қозғалмау үшін істелген жабдық-құрал. Ықылым замандарда қатты ер-тоқым болмай тұрған кездің өзінде өмілдіріктің омырауға тағылатын жеріне әсемдік үшін әшекейлі салпыншақ тағу етек алған. Оған сақ заманындағы Пазырық, Берел обаларынан табылған аң стилінде жасалған өмілдіріктер куә. Қазақ хандығы заманында өмілдірікті сом алтыннан, XVIII–XIX ғасырларда құйма күмістен жасау қоғамдағы сол адамның алатын орнын көреткен.

Өмілдірік сом алтын,

Омырауда алқылдап.

Бурыл аяқ басқан жер,

Ойыла жаздап солқылдап (Қобыланды батыр).

«Ер Жәнібек Бердәулетұлының қос бөрісі жол бастайды, батырды жебеп-қорғап жүреді» деген әфсана бар. XX ғасырдың басында Алтайда өмір сүрген Ұлтарақ байдың қойшысы қой жайып жүріп, үлкен кісінің жұдырығындай алтын тауып алып қожайынына әкеліп береді. Бай алтынды ешнәрсеге жұмсамастан бір шебер зергерге қос бөрінің бас мүсінін жасаттырып, өзінің алтын ер-тоқымының өмілдірігіне тағып жүріпті. «Жәнекемнің қос көк бөрісі» деп атайды екен. Байқағандар бөрілердің алтын бастарын көргенде ерекше таңырқап, сүйсінуші еді» (ХІІІ). Өмілдірік те ер-тұрманның басқа жабдықтары сияқты былғарыдан ызбалап, өрмелі, түймелі әдістермен жасалады.  Өмілдірік – екі жақтау, бір айылбастан тұрады. Ерлер үлгісіндегі өмілдіріктің ұзындығы 150 см, ені  3 елі. Ерлер өмілдірігінің басына  үзбелі айылбас, ал екінші ұшына сыдырғы үзбе тағылады. Үзбе ұзындығы бір сүйем, сынық сүйем болады. Ерлер өмілдірігі – екі жақтау, бір жырым, бір айылбас, не бүлдірге, бір салпыншақ, кей біреуінде төсбау болады. Төсбау бір ұшы өмілдірікке бекітілетін, бір ұшы төсайылға ілінетін бау. Төсайыл оның бүлдіргелі басынан көлденең өткізіліп барып тағылады. Ер-тоқым кейін кеткенде өмілдіріктің өндіршектен көтерілмей, омырауда түзу тұруы үшін қажет.

Құйысқан да өмілдірік сияқты ер-тұрманның көне замандардан келе жатқан жабдығы. Салт атты адам еңіске жүргенде, таудан түскенде ер аттың мойнына кетпес үшін тағылатын тұрман. Құйысқан ерте кездерде өте қарапайым қазір көріп жүрген өгіздің, түйенің көттігі сияқты өрген жіптен, ызған құрдан жасалып, төмен сырғып кетпес үшін бір-екі жерінен белдікше тағылған. Құйысқанның ең алғашқы үлгілері сақтар заманында кездеседі. Жауынгерлер жорыққа шығарда, ұрыс алдында құйысқандарын қысқартып, атты соғысқа дайындайтын.

Құйысқанын қысқартып,

Атты ерлеп болғасын

Үйге таман келеді... [15, 106 б.]

Түймелеп сауыттарын шалбарланып,

Алысты құйысқанын бір қысқартып... [16, 86 б.].

Құйысқан - екі жақтау, екі жырым, бір боқтық, бір сауырлық үзбе, екі сауырлық салпыншақ, екі жаңбырлық үзбе, екі жаңбырлық тәрізді бөлшектерден тұрады. Құйысқанның өлшемі: боқтық шегелігінен екі жырымның ұшына дейінгі ұзындығы төрт қарыс, бір сүйем (98 см), боқтықтың ұзындығы (40 см), құйысқан алақандығы – құйысқан жақтауы деп те аталады. Құйысқанның бұл бөлшегі құйысқан қоспасынан боқтық шығырықтың аралығын жалғастыратын бөлшегі болып, жалпақтығы екі жарым не үш елі, ұзындығы бір қарыс екі елі, алақанның боқтық жақ ұшы кішкентай шығырық пен үзбе арқылы бекітіледі. Кейде боқтық пен алақан жалғастырылып тігіледі. Құйысқан қоспасының ұзыны бір тұтам, құйысқанды өргенде, түйгенде қоспаны табиғи қосып не түйіп шығарады. Қоспа аттың дәл сауырынының үстіне келеді. Осы қоспаға ұзыны сынық сүйем ашаланған былғары құйып мықтап қайып тастайды немесе екі ашалы үзбе шегелеп бітіреді. Құйысқан (жырымы) құйысқан қоспасынан шеттікке байланатын ұшына дейінгі бөлшегі болып ұзыны үш қарыс сынық сүйем (40 см), құйысқан салпыншақтары жай құйысқандарда түймелі, үзбелі, шашақты болып, құйысқан жасау кезінде табиғи шығарылады.

Әйелдер ерінің құйысқандары ерекше әсем болады. Құйысқан қоспасына төбелдірік немесе екі аша үзбе бекітіледі. Бұлардың екі жағындағы тесіктеріне шашақты сауырлық салпыншақ үзбе арқылы бекітіледі. Бұл салпыншақ ерекше көркем жасалып, аттың жамбасынан төмен салбырап тобығын қағады. Салпыншақтың үзбелі түрі көбінесе әйелдер еріне тән де, өткермелі түрі ерлер еріне лайық.  Жаңбырлық үзбеге бірден екі жаңбырлық салпыншақ үзбе арқылы бекітіледі. Құйысқан үзбелерінің ұзыны төрт елі, жаңбырлық үзбелерінің ұзыны үш елі. Салпыншақ үзбелері үш, төрт елі болады. Үзбе аралары әралуан үлгідегі алтын, күміс құймалармен толтырылады (ХІІ).

Пыстан: Көпшіктің, ат көрпенің үстінен баса тартылатын төсайылмен бірге жүретін, ер жабдықтарының арасындағы ең көрнекті көз тартатын түрі. Ат көрпені алды-артынан басып тұратын жіңішке бау тағылады. Бауды «пыстан бау», «көпшік бастырма», «бастырма», «көрпе бастырма» деп әр түрлі айтады. Пыстанның ұзындығы төрт қарыс (80 см), ені сынық сүйем (10 см). Пыстан екі түрге бөлінеді: айылдық пыстан және өткермелі пыстан. Айылдық пыстанға иленген мықты қайыстан астар салып, үсті былғарымен қапталады, қайыс пен былғары бір-біріне тарамыспен қайып тігіледі. Астарының екі шетіне жұмсақ қайыстан бүлдіргі тағылады. Қамшылар жағына төсайыл, мінер жағына жырым байланады. Жырым да, төсайыл да пыстанның екі шетінен сынық сүйемдей ішкерілей сұғындырыла бекітілетіндіктен пыстанның екі балағы салақтап тұрады.

Өткермелі пыстан негізінде айылдық ретінде пайдаланылмайды, астарына екі-үш жерден қайыс балдақ қойылады да, төсайыл сол арқылы өткізіліп, айыл мен пыстан бір-біріне жылжымалы келеді де, пыстанға тарту күші түсірілмейді. Бұл пыстандар «қара пыстан» деп айтылады, тұрманға еркектер көп қолданады.

Ерлерге арналған пыстанға күміспен күптелген төрт тесікті екі күлте жасалады. Күлтенің бір-бір жағына пыстанның белдік бөлімін, енді бір жағына төсайыл, бір жағына жырым байлайтын салпыншақты бөлімін күміс не алтын үзбелермен бекітеді. Әр үзбе төрт күміс не алтын шегемен шегеленеді. Үзбелердің ұзындығы ілмегімен қосқанда бір тұтам (8 см), ені екі елі (4 см) болады. Үзбелерге ширатпа ою-өрнек салынып, асыл тастан шу жүргізіледі, шыны көздер орнатылады. Күлтенің алды-артындағы тесіктеріне пыстанға сәйкес безендірілген үзбелер арқылы бастырма тағылады. Бастырманың алдыңғы шегелігімен қосқанда 76 см, арты 78 см, айыл-жырым байлама ілмегі 7 см болады.

Әйелдер үлгісіндегі пыстан алтын ерге сәйкес етіп жасалады. Пыстанға белдік, үзбе, екі жанама үзбе болғандықтан қосалқы үзбе шегеленеді. Қосалқы үзбелердің ұзындығы 6 см, ені 4 см. Аралықтары алтын, күміс құймалармен толтырылады. Пыстан ер-тұрманның сәндік, сән-салтанат үшін жасалатын бөлігі. Сәні мен сапасына қарай «қайыс пыстан», «былғары пыстан», «алтын пыстан» деп бірнешеге бөлінеді. Қазақстанның Батыс аймақтарында (Орал, Ақтөбе, Маңғыстау) және Торғай өңірінде пыстан қолданылмайды. Пыстанның орнына көпшіктің үстінен басатын басында темір доғасы бар тартпа-айыл қолданылады [17, 30 б.]. Пыстанның таза алтыннан, күмістен жасалып Шығыс Қазақстан өңірі қазақтарында оның ішінде Алтайда ерекше дәріптелуі көне түркі заманынан ер-тұрманның осы аймақтан шығып, басқа жерлерге таралуының айғағындай. Пыстан Тыва, Моңғолдарда болмайды, оларда пыстанның орнына үшінші айыл тағылады.

Жазба деректерде қазақ жылқысы туралы мәліметтер мол болғанымен, ер қосу өнері жайында мағлұматтар өте аз, жоқтың қасы деуге болады. Ер жөніндегі мәліметтер 3-4 сөйлем көлемінде көбінесе таңдану,таңырқау түрінде болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысының мал дәрігерлері жинаған бір азғана материалдар көңіл аударлық. Ветеринарлар Қазақстанның батыс аймақтары мен Торғай облысындағы қазақтар арасында тараған ерлерді төрт түрге бөлген. Бұл шын мәнінде қазақ ерлерінің алғашқы типологиясы деуге болады.

«Қазақтар пайдаланатын ерлер төрт түрге бөлінеді, негізінде ерлер бір-бірінен  алдыңғы қастарының формаларымен ерекшеленеді.

а. Көне қазақ ері шомбал, ауыр, алдыңғы қасы тіп-тік жарты шеңбер іспеттес және артқы қасыда тікшелеу кең, аздап жантайған орындықтың арқалығына ұқсас, ердің алдыңғы және артқы жақтары күміспен күптелген темірмен қапталған әшекейлермен әшекейленген, орындығы былғарымен қапталған. Мұндай ерлер кәзір бай қазақтарда болмаса өте сирек кездеседі. Атқа ауырлығымен және қымбатшылығымен мұндай ерлер өте сирек дайындалады.

в. Жаңа қазақ ері өте жеңіл алдыңғы қасы иілген мүйізге ұқсас, қас беті жалпақ кең болып алға шығыңқы тұрады; артқы арқалығы төмендеу жантайыңқырап келеді, орындықтың артқы жағы үлкейе береді, ердің жоғары жағы былғарымен қапталады.

Жеңіл, берік және арзан болғандықтан (ең жақсысының өзі 10 руб тұрады) бұл ерді қазақтардың көпшілігі пайдаланады.

Қоқан ері («шошақбас») өте жеңіл және әдемі сүйекпен әдіптеліп былғарымен нығыздап қапталған, алдыңғы қасы жіңішке ұзын және аздап алға қарай еңкіштеу, құстұмсұқтанып үшкірленіп бітеді, артқы жағы аздап көтеріңкі арқалықсыз (артқы қассыз А.Т.) жартылай шеңберлене бітеді.

Бұқар ері («құранды ер») жеңіл, әсем шытырмалы (мозайкалы А.Т.) сүйекпен жиектелген, ашық боялған, тек ғана ағаштан жасалған, былғары, тері тағы басқада материалдар мүлдем қолданылмайды, алдыңғы қасы биік емес, конусқа ұқсас шорт кесілген сияқты көрінеді. Қос томпаққа бөлініп кетеді, артқы арқалығы аздап көтерілген, орындығы (тіпті екі көзі бадырайған бір жәндікке ұқсатуға болады. А.Т.) кең. Бұл ер арзан (5 руб. дейін) және отыруға ерекше ыңғайлы болсада, сүйекпен көмкерілгендіктен осал, тез сынып, жарамсыз болып қалады.

Бұқар және қоқан ерлерінің төменгі бөлігіне екі жағынан 4-тен шығыршық бекітіледі, бірінші жұп шығырықтарға өмілдірік байланса, екінші жұпқа айыл, үшінші жұпқа екі бау-«қанжыға», ең соңғы жұпқа яғни екі шығырықты қайыс баумен қосып құйысқан байланады (Сонда барлығы 8-шығырық шығады А.Т.) Ерлердің соңғы екі түрін қазақтар өздері жасамайды, Бұқарадан әкеледі» [10]. Демек бұл деректерде біріншіде «көне қазақ ері», екіншісінде «жаңа қазақ ері», үшіншіде шошақбас ер, төртіншісінде-құранды ер сөз болады. Біз өз тарапымыздан көне қазақ ері немесе қазахи ер- деп алдыңғы қасы қалың доғаша иілген, сүйегі ауыр, ердің сырты түгелдей ажымданып ойылған темір пластинкалармен жабылған, пластинкалардың бетіне күміс шауып, оған әртүрлі оюлар: ағаш, гүл жапырақтары бейнеленген ерді айтамыз. Алдыңғы қастың дәл ортасына қызыл, көк кейде сары түсті шыныдан үлкен көз орнатылады, кейде әрі қарай мұндай шыны көздер бірнеше болып пропорционалды түрде орналасады. Мұндай ауыр ерлер, жабдықтарыда қалың қайыстан жасалып, күмістен, алтын жалатып жасалғандықтан салмағы да ауыр болады, негізінде бұл типтес ерлер әйелдерге арнап жасалады.

«Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің ері-әйелдің ері болып, білген адамдарға масқара болды емеспе. Көне қазақ ерінің үлгілері Қазақстанда кәзір музейлерде болмаса мүлдем кездеспейді.

Қазақ ерінің пошымы түркі халықтарының ішінде башқұрт еріне ұқсайды. «Кейбір деталдарының өзгешеліктері болмаса, башқұрт ері ағаш қаңқалы көне ерлерден және кәзіргі дала малшы-көшпенділерінің ерлерінен, әсіресе қазақтардыкінен айырмашылығы жоқ» [10а  253б]. Кәзіргі бұл типтес ерлердің үлгілері деп Баянөлгий ершілерінің жасайтын керей ері мен Іле қазақ автономиясының (ҚХР) ершілері жасайтын Найман ерін айтуға болады. Найман ерінің жарқын үлгісі деп 1937–1938 жылдары Тарбағатайда (Шыңжаң өлкесі, ҚХР) Нәби Кәрібаев ерші, 9-ай жасаған ақысына құлынды бие алған-әйел ерін айтуға болады . Кейін Нәбидің туыстары 100 қой беріп өздері қайтып алған. Кәзір Қазақстан орталық музейінде сақтаулы.

Алдыңғы қасының үсті мен астыңғы жағындағы күмістелген қапсырмаларға қазақ тілінде төте (араб) жазуымен жазылған шебердің қолтаңбасы бар:

  Қажекем бұйырған соң істеп бер деп,

  Кәрібаев Нәби ұста соққан ері,

  Нақыштап неше түрлі бұтақ гүлден

   38 ж. 20/ІХ-тәмам

Төменгі жағында:

  Мүбәрақ құтты болсын Қажағаңа,

  Көрген жан тамаша етіп қалсын таңға.

  Болғанын байқап білер

   Көзі ашық, көңілі зерек милы адамға

  Нәби Кәрібаев,-

Бұл ер: Күміспен күптелген пластинкаларды ортасынан әртүрлі ажымды өрнектерді ойып алып отырған, және бұл оюлар жақсы көріну үшін астынан қызыл барқыт салған. Ал, үстіңгі қабатына алтын жалатылып, қызыл түсті шыны әшекейлер қондырылған ердің алдыңғы қасына бірден үшке дейін шынылар немесе ақық, маржан сияқты табиғи тастарды орнату әдісі Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Ол үшін шыныны балқытып оған бояу қосып, арнаулы қалыпқа құйып ерге орнатарда, астына шүберек төсеген, тапсырыс берушінің қалауына қарай кей жерлерде тастың саны 20-30-ға дейін орнатылады [18].

Найман ерінің алдыңғы қасына күміспен күптеген темір қағылады, диаметрі 10 см ортасынан күміс бүршікті шегемен бекітеді-мұны қасқа дейді. Қасқаның бетінде әр-түрлі ою-өрнектер, күміс шытыралы асыл тастан көз орнатылады. Найман ердің қасы дөңгелектеу, бүйрек бет, алдыңғы қасы керей ерге қарағанда аласа кішілеу жасалады. Керей ерге қарағанда жатағандау, сүйегі жеңіл. Керей ер тікше, қасы биік көлемді, іргесі етекті, жұқалау ашамайға ұқсас келеді. Алдыңғы қас бетінің дәл ортасында тік түскен қыры болады, ал екі жағы осы қыр деңгейінен екі шетіне қайқыланып барып тоқтайды. Ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан найман мен керей елі ешқашан жаугершілік, қиын-қыстау жағдай болмаса бірінің еріне бірі мінбеген, бұл дәстүр өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін сақталған.

Х. Арғынбаев музей қорларындағы және өзінің экспедициялық материалдарын салыстыра келе қазақ ерлерінің екі аймақтық ерекшеліктері бар екенін көрсетеді: «Алматы облысының оңтүстік-шығыс өңірін мекендейтін албан-суан тайпалары мен Семей облысындағы найман тайпасындағы ерлер» [8,181 б.]. Іле қазақтарында (ҚХР) албан-суан ерлерін үйсін ері-деп атау қалыптасқан [ХІІ].

Жоғарыда айтылатын қазақтар «шошақбас»- деп атайтын «қоқан ерін», қазақтың Алматы, Жамбыл облыстарында кең тараған шошақбас ерлерімен шатастыруға болмайды. Қоқан ерлерде артқы қасы болмайды, арты орындық сияқтанып бітеді. Қазақи шошақбас ерлердің артқы қасы туралы Х. Арғынбаев: «Артқы қасының бітімі әр ауданда әртүрлі болып жасалады деуге болады. Мәселен, Жамбыл облысының Мерке ауданында шошақбас ер (артқы қасы А.Т.) құранды ердің артқы қасы сияқты көлемді кемерлене шабылса, Жамбыл облысының Шу, Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандарында артқы қастары қазақтың қозықұйрық ерінің қасы тәрізденіп жасалады. Кеген селосында Е. Қасымбеков жасаған шошақбас ердің артқы қасы алдыңғы қасы сияқты қалақбастанып шығарылған» [8,182 б.]. 

Шошақбас ерлердің Қазақстанның әр аймағында өзіндік жасалу технологиялық ерекшеліктерімен қоса, аталуы да әртүрлі болып келеді. Маңқыстау түбіндегі қазақ ерін –«қозықұйрық ер», екінші атауы «шошақбас ер»- деп аталатынын Каруц [6б, 52-53 б.], Арғынбаевта,  [8.188б] Ұ.Қыдыралинда [26] жазады. Ш.Тоқтабаева қозықұйрық ерлердің бүтін Батыс Қазақстан аймағына таралғанын көрсетеді [23б, 162 б.]. Кіші жүздегі әйел ерлерінің еркектердікінен айырмашылығын жазба деректерден байқаймыз: «Қазақтың әйел ері еркектердікінен пошымен және көлемімен ғана өзгешеленеді: бұл ерлердің  (әйелдерінің А.Т.) алдыңғы қасы басында томпағы бар ұзын иілген мойынға ұқсаста, ал арты вольтер креслосын елестетеді» [25]. Жалпы әйелдер ерінің Қазақстанның қай аймағында жасалмасын, ерлердікіне қарағанда көлемі үлкен, әсіресе орындығы кең жайлы және ерекше әсемдігімен, алтын, күміс, асыл тастарды аямай әсемдеуімен көзге шалынады. Найман ерлердің қасы түгел бітеу күміс, еркек ері шұбарлау күміс болады.(XІІ) Әйелдің ерін еркек мінуге, керісінше еркектің ерін әйел мінуге болмайды. (XIII)

Шошақбас ермен, қазақ ершілері жасайтын «қалмақы қасты ерді» шатастыруға болмайды. Эпостық жырларда қазақ батыры мен қалмақ батыры кездескенде қазақ батырының: «қалмақы ердің қасы деп, қақ жүректің тұсы деп» көздеп садақ ататыны еске түседі. Қазақ ішінде кең тараған «қалмақы қасты ер», «қалмақша байлау», «қалмақ сиыры» т.б. атаулар біздің ойымызша XVIII ғ. екінші жартысынан қазақ-жоңғар соғысы аяқталғаннан кейін пайда болған. Қазақ-жоңғар соғысы жеңіспен аяқталғанда қалмақтардан әрине көптеген олжалар түскен солардың ішіндегі қалмақы ерлерге қарап қазақ ұсталары қалмақы биік қасты ерлер жасаған. Әсіресе, бұл Қазақстанның шығыс өңірінде етек алған. Ер жасаудағы бұл өзгерісті Абай өлеңдеріненде байқауға болады:   

  Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,

  Қанжығамда байлаулы жіптен шідер.

  Жарғақ жастық көпшігім жезді пыстан

  Бір келісті сайманым топқа мінер (Абай)

С.Мұқановтың қазақ ері-«құранды» және «қалмақы» ер болып екіге бөлінеді деуіде [12, 134 б] сол қазақ ішіндегі XVIII ғ. аяғынан бастап қазақ ішіндегі қалмақ ерлеріне оның жабдықтарына ұқсатып, өзіндік ер шабу үрдісін көрсетеді.

Құранды ерлер Қазақстанның оңтүстік өлкесінде кең тараған, Шымкент облысында құранды ер 18-20 ағаш бөліктерінен қиюластырып жасап әйелдерге арналған, кейде құранды ер-әйел ері дегенді білдіреді. [12,134 б]

  Дәйім менің мінгенім құранды ерім,

  Құранды ерге жарасар бұраң белім,[12,134 б.]

  Ерте жүріп сәскеде тойға келдік

  Құранды ер мінгендер жорта келдік [21,170 б]

Құранды ерлердің кәдімгі 4-5 ағаштан қосқан ерлерге қарағанда қосалқы мүшелерінің атауларыда өзгешерек және көп.

«...Ерлердің көптеген бөлшектерінің тек өздеріне ғана тән аттары бар. Алдыңғы қастың өзі бірнеше бөліктен тұрады. Қастың негізі болып есептелетін оқпан екі бөлек ағаштан құралады да қастың оң жақ және сол жақ беті деп аталады. Оқпанның арт жағынан жапсырылып екі бетті біріктіретін тұтас ағашты «желкебасар» десе, алдыңғы қастың бүркіт қабақтанған екі ауыр басын «қас» дейді. Артқы қасты көбінесе «керсен» дейді. Оның ортасы бір бөлек шабылады да, екі шетіне «қанат» деп аталатын қосымша қондырмалар желімделетін. Екі қасты қапталдармен ұштастыру үшін ердің екі жағынан ұзыншақтау «қоспа» ағаш қиыстырылады. Ал ердің үстін жауып тұратын бөлшегін «орта не «бел ағаш» дейді. Алдыңғы қастың екі бетінің түбінен қаптал басының үстіңгі жағынан кішкене «кепіл ағаштар» жапсырылып, артқы қас пен қапталдың екі аралығынан «тіреуіштер» қойылады. Қоспа мен кепілағаш және тіреуіштер екі-екіден болады...»[8,190 б.].

Самарқанд, Бұқара, Ташкенттегі өзбек ершілері бір ердің өзін 22-32 қосалқы мүшелерден қосатын. Жұмыстың күрделілігінен бір ершімен 7–8 адам жұмыс істейтін [22, 144-146 б.].

Іле аймағының қазақтары (ҚХР) ердің бүкіл қаңқасын бір ағаштан ойып жасап-оны ойма ер кейде шаппа ер деп (ХІI) атаған. Ерді мұндай әдіспен жасау Жетісу ершілерінде [23, 182–183 б.] және қырғыздарда бар [23а 96 б.].

Ақтөбе облысында информаторлардың айтуынша арнайы асау үйретуге арналған құрама ерге жататын екі қасы жатаған, түйенің мойын терісімен тұтастай қапталған, екі жерінен белағашының үстінен және астынан тарамыспен тігіп тастаған ерлер болған. Түйенің мойын терісі ерекше мықты болғандықтан мұндай ерлер әсте сынбаған (V).

Ердің ең бағалылары мен қымбаттары күміс ер және алтын ер-деп бөлінеді. Күміс ерлер Қазақстан мұражайларының көбінде кездеседі, ал алтынмен апталғандары сирегірек  .

Алтын ерлердің ең алғашқы нұсқалары деп сақ заманындағы Берел, Пазырық қорғандарынан табылған алтын қабыршақтармен (фольга) қапталған ер-тоқымдарды айтуға болады. Қазақ ер-тұрмандарының алтынмен апталған түрлерін халық эпосынан анық көреміз

Өзіне өлшеп Бурылдың

Алтыннан тұрман қақтатты

(Қобыланды батыр)

Ақмоншақ аттың үстіне

Алтыннан тұрман ер салып

(Ер Тарғын)

Алмас қылыш сартылдап,

Алтын жүген жарқылдап

Өмілдірік сом алтын

Омырауда алқылдап

(Қобыланды батыр)

Үзеңгісі үзбе алтын

Тебінгісі терме алтын,

Құйысқаны құйма алтын,

Жүгені бар түйме алтын

  [4,165 б.]

Алтын ерді көтеріп атқа салдым

Ғазине деп атыңды хатқа салдым әй-гу-ай (XV)

  (Халық әні)

С. Сейфуллин келтірген халық эпосы жолдарында алтын үзеңгінің, тебінгінің, құйысқанның, жүгеннің қандай әдіс-тәсілдермен жасалғанына дейін тәптіштеп жырлағаны көрініп тұр. 2006 жылы Өлгий қаласының базарынан жүгеннің таза алтын жалатылған түрі түйме жүгенді көрдік. Алтынды үзбелеп, термелеп, құймалап ер жабдықтарына қолдану ХХ ғ. басына дейін қолданылғанын информаторлардан естуге болады (XVI).

«Ердің алдыңғы және артқы қасының беттеріне алтын жалатылған (алтынмен апталған депте айтылады А.Т.) жұқа темір жапсырылады. Темірге алтын тоқтау үшін темір пластинаның бетіне шебер ұзыннан-ұзақ тереңдетілген темір сызықтар түсіреді, енді осы сызықтарды көлденеңінен қиып өтетін сызықтар жасалады, сонда жалпақ темірдің беті бүртік-бүртік болып шұбарланады. Осы бүртік бетті пластинаның үстіне жұқа алтын қабыршақ жапсырылады. Сонымен темірдің үстіндегі алтын ешқашан кетпейді, бұл таза жалпақ темірдің үстіне алтын жалатқаннан анағұрлым көпке шыдайды, өңін бермейді. Сондай-ақ қас жиектері мен қаптал жиектеріне айналдыра алтындалған темір шыбықтар шегеленеді. Алдыңғы қастың дәл ортасына үлкен ботаның көзіндей лағыл, екі шетке екі қой көзіндей лағыл, түстері кейде сары, кейде жасыл орнатылады. Көбінесе қазақ ершілері ерді күмістеп алып, оның үстінен алтынмен аптаған. Күміс шабылған өрнектердің екі шетін жиектеп алтын жалатқан. Таза ақ күміс пен таза сары алтын алма-кезек келіп отыратын ердің екі қасы, қапталдары өте әсем көрінетін» [XVI].

Күмістің ортасын алтынмен сарғасқалау-деп күміс түймелердің (дөңгелектердің) ортасына алтын жалатуды айтады. Алтынмен сарғасқалаған өмілдірік алыстан келе жатқан аттың төсінде айдай жарқылдайды (ХVIIІ).

Хандар, сұлтандар байлығы тасыған байлар ерлерінің алдыңғы қасына асыл тастардан ботакөздер орнатқан. «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында Есімханның ер-тұрманына гауһар таспен безендірілгені сөз болады.

Тоқымға желдік мінеді

Еріне гауһар орнатқан

Жабдықталған алтынмен

Тіллә, дабыл төңкеріп

Жаңалап ат мінгін деп

Армансыз болып жүрсін деп [27,184 б.].

Қазақтардың сән-салтанатты ер-тұрмандары туралы ақпарлар жазба деректерде де кездеседі. Табиғаттанушы Герман салтатты қазақпен кездескенін ер-тұрманының «алтынмен апталып гауһар, лағыл...» тастармен әшекейленгенін жазады [24, 120 б.]. И.Георги қазақтың ер-тұрмандары жөнінде: «әйгілі сәйгүліктеріне тамаша ғажацып ер-тоқым, жабулар мен жүген салады» [28, 132 б.]. Европа-арамей тілінде hasag – сөзі ер-тоқым, яғни ер жабдықтары деген ұғымды білдіруі кездейсоқ емес [29.80б].

«Алтын көрсе періште жолдан таяды» – дегендей атақты ершілердің қолынан шыққан сән-салтанатты ер-тұрмандарды көргенде елге билік айтушы билердің өзі жолдан тайған ғой. Сондай бір әңгімені келтірейік:

«Үш жүздің бас қосқан жиналысы Ұлы жүзде бір бидің ауылында болыпты. Барған адамдар бидің рұқсатымен арнайы тіккен үйге түседі екен. Кіші жүздің бір бай жігіті 80 қозылы қойға Қалмамбет ер қосушыға түйе сүйегінен ер жасатып, сол топқа барады. Би отырған үйге барып, биден рұқсат алып, тіккен үйге аттанғанда бидің ерге көзі түсіп қалып, нөкеріне анау ерді есебін тауып маған алып бер дейді. Нөкері байқап тұрып үйден шығып атына мінейін деп тұрған әлгі жігіттің шылбырынан алады.-Мынау атты қайдан алдың менің жоғалған атым-деп жәтте жабыса кетеді. Екеуі атқа дауласып биге келеді. Би тексерген адам болып, ел ұрысыз болмайды тау бірсіз болмайды ерін алда атымен өзін босат-дейді. Жігіт жылап шығып, анадай жерге отыра кетеді. Бір топ асық ойнаған балалардың ішінен бір бала келіп:-Аға неге жылап тұрсың-дейді. Жігіт: Би төрелігін қисық берді, ерде дау жоқ еді, атымды алғаны артық еді, мен биге жылда келейін дейді: Бала естісімен би отырған үйге кіріп босағаға сүйеніп тұра береді. Мынадайда ісмер адам болады екен-деп ерді ғажаптанып көргендер сиреген кезде, -Биеке маған көруге болама дейді.

Би: көре ғой, көре ғой-дейді.

Ерді бала қолына алып былай бір аударып, олай бір аударып, қапталын қасын, түйе сүйегімен әшекейленген әдемілігіне қарап:

Қалмамбет қосқан бір ерсің

Бір ерге нешеуің мінерсің.

Бұл қылығыңды қоймасаң,

Биеке елді екіге бөлерсің

Төрт ағашқа жем берсең

Әулетіңмен күйерсің

Би сәл ойланып : сөз жетті алда кет!-депті. Ерді, алып жігітке келгенде биден ер алып, дауласып келген бұл қай бала-деп, үш жүздің жиналған адамдары топырлап баланы басып кете жаздап еді» [ХІХ].

Ер қанша күміспен күптеліп, алтынмен апталғанмен, аттың арқасына тисе, ондай ердің құны түкке тұрмайды. Ондайда қазақ: «Алтын ерің аттың арқасына тисе, алтынын алда, отқа жақ»-дейді. Ертоқымның ең бастысы бас арқаға екі бүйрек, белі, екі иық тимеу керек. «Атыңа жаның ашыса, шап айылын қатты тартып мін»-дейді қазақ. Түсе қалғанда шап айылын босатып отыру керек. Шап айылын босатпаса ат «ақ айыл» болады, яғни қиып кетеді.

  Ағайынның азғанын өзі білмесе жат білер

  Қапталдықтың батқанын

  Иесі білмес ат білер-дейді халық даналығы.

¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬¬–––––––––––––––––––––

1. Габбин Н. Производство седел (ленчиков) // Сборник материалов для статистики сыр-Дарьинской области издание Сыр-Дарьинского областного статистического комитета. Том VII. – Ташкент, 1899. – С. 1-54.

1а. Савинов Д.Г. Из истории убранства верхового коня у народов Южной Сибири (ІІ тясячалетие н.э) // СЭ 1977. № 1.

2. Денисон Г. История конницы. – Спб, 1897.

3. Кызласов И.А. О происхождении стремян // СА 1973, №3.

4. Сейфуллин С. Шығармалар. – А., 1964. Т.VІ.

5. О случке и воспитании лошадей у древних // ЖК.1849. № 6.

6. Ваинштейн С.И. Некторые вопросы историй древнетюрской культуры. // СЭ, 1966, №3.

6а. Амброз А.К. Стремена и седла раннего средневековья как хронологический показатель ( ІV-VІІІ вв.) // СА. 1973, № 4.

6б. Карутц Р. Среди киргизов и туркмен Мангышлака. – СПб, 1911.

7. Руденко С.И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. – М.-Л.: 1953.

// Его же: Культура населения Центрального Алтая в скифское время. – М.-Л: 1966.

8. Арғынбаев Х. Қазақтың ер-тұрман жабдықтары // Казахстан в ХV –ХVІІІ веках (вопросы Социально-политической истории) – А.: Ғылым,1969. –С. 171-202.

9. Бабалықов Ж. Ер тоқым // Жалын, 1985. № 1.

10.  ЦГИА.РК. ср. 25. Оп. 1. Св. 357. Д. 4199. – С. 49-50. 

10а Руденко С.И. Башкиры. – М-Л, 1955.

11. ҚТДС – А.: Ғылым, 1969. (Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі).

12. Мұқанов С. Қазақ қауымы (тарихтық және этнографиялық шолу).  – А.: Ана тілі, 1995.

13. Руденко С.И. Культура населения горного Алтая  в скифское время. – М.-Л, 1953.

14. Ахмет Тоқтабай Культ коня у казахов. – А., 2004.

15. Тарихи жырлар Абылайхан.  – А.: Білім, 1995.

16. Сүйініш // Ақсауыт. 2- том.  – А.: Жазушы, 1977. 106-б.

17. Добросмылов А.И. Коневодство и его значение для киргизского населения Тургайской области. – Оренбург, 1894.

18. Түркістан (газеті). 2002, №27.

20.Мұқанов С. А. «Ана тілі», 1995.

21. Бижанұлы Ә. Ақтанберді Жаскілең. – А.: Айқап, 1994. 170-б.

22.Кирпичников Н.А. Краткий очерк некоторых туземных промыслов в Самаркандской области // Справочная книжка Самаркандской области на  1897 год. Вып. 5. – Самарканд, 1897.

23.Захарова И.В. Материальная культура казахов–колхозников юго-восточного Казахстана // Труды иниститута истории, археологии и этнографии АН КазССР. Т. 3. – А., 1956.

23а Бурковский А.Ф. Из истории техники обработки дерева у киргизов // Ученые записки исторического факультета КирГУ. Вып. 3. 1954.

23б Тохтабаева Ш. Серебрянный путь казахских мастеров. – А.: Дайк Пресс, 2005.

24.Герман Б.Ф. Извлечение из описания экспедиции в Киргизскую степь // Вестних Европы. 1816. № 17.

25.Коневодство у Киргиз // ОЛ. 1878, №41.

26.Қыдыралин Ү. Маңғыстау қазақтарының салт-дәстүрлері. Атырау 1998.

  27. Еңсегей бойлы ер Есім (дастан) // Қазақстан ескерткіштер қорғау 

  қоғамының архиві: Инв № 71. 

28. Георги И.Г. Описание всех обитающих в Российском государстве народов, обыкновений, одежд, упражнений, забав, вероисповеданий и других досто-памятностей. Ч. 2. – СПб, 1799.

29. Ковальевская В.Б. Конь и всадник. М «Наука» 1977.

Мәлімет берушілер:

І. Сүлейменов Н. 1901ж Алматы обл. Балпық би ауд., Еңбекші селосы.

ІІ. Мәжін С. 1900ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Ценгл сұмыны.

ІІІ. Дікейұлы Д. 90 жаста, МХР, Өлгий қаласы.

ІV. Көшімов Ә. 1911 ж. Алматы обл. Кеген ауд., Ұзынбұлақ селосы.

V. Сандыбаев И. 1906 ж. Ақтөбе обл., Комсомол ауд., Ақкөл селосы.

VІ. Умбетов А. 1949 ж. Қызылорда обл., Арал қаласы.

VІІ. Оралбай Кәлел 73 ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Бұлғын сұмыны.

VІІІ. Айдархан Мұхамед 70 ж. ҚХР, Үрімші қаласы.

ІХ. Жағда Бабалық 92 ж. Алматы қаласы.

Х. Биғазы Бестемір 82 ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Тұлба сұмыны.

ХІ. Тақыр Қасенұлы 60 ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Тұлба сұмыны.

ХІІ. Қалмұхамбет Оспан 71 ж. ҚХР, Алтай қаласы.

ХІІІ. Жапарқұл Мырзанов 1890 ж. Алматы обл.,Балпық би ауданы, Ақтекше селосы.

ХІV. Сабырғали Мусин 1902 ж. Ақтөбе обл., Ойыл селосы.

ХV. Қабдірәлі Ібдолла 1918 ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Ноғаннур сұмыны.

ХVІ. Самалхан Дүйсенұлы 1952 ж. МХР, Баянөлгий аймағы, Алтынсөксе сұмыны.

ХVІІІ. Өзбек Созақбайұлы 1920 ж. Алматы обл., Ұзынағаш ауд., Самсы селосы.

ХІХ. Қабылахмет Шакеров 1910ж. Аякөз қаласы.

Резюме

До начала ХХ века в обиходе у казахов было около 15-видов конских седел. Универсальными названиями конского снаряжения были: «ер-тоқым» – седло с потником, «ер-тұрман» – седло-сбруя, «төрт – тұрман» – четыре сбруя, «бес-турман» – пять сбруев, «ат-анжам» – ат–конь, «анжам» – слово древнетюркского происхождения, «ат-әбзел» – упряжь. В казахском языке эти слова до сих пор применяют в качестве синонимов. По мнению мастеров-ленчиков в лингвистическим и фольклорным смысле эти термины имеют разные смысловые значение: – «Ер» – деревянный остов седла состоящий из передней «алдыңғы қас», «артқы қас» – из передней и задней луки, «екі қаптал» – состоящи из двух боковых плоских досок-полок, «белағаш» – из деревянного перекрыша соединяющий ленчик с луками, «оқпан» – из зазора под передней лукой, «анжы»–пряжки соединяющие переднюю луку с нагрудником, «бүлдірге» – пряжки соединяющие заднюю луку с потфеем. «Ер-тоқым» это седло с потником. Состоит из тебеньги, «тебінгі тоқым», «ішпек», «ішкілік», «терлік», өң, көпшік – седельная подушка, өткерме, аткөрпе – седельная одеяло-попона. «Төрт тұрман» – «четыре сбруя» – седло, уздечка, нагрудник, подхвостник (потфей). «Бес тұрман» – «пять сбруев» состоит из седла, уздечки, нагрудника, потфеи, «пыстан» – ремешок с металлическими укращениями опоясывающий подушку, подстилку на седле. По внешнему виду седла имели различия и назывались по разному: «қазақ ер» – казахское седло, «найман ер» – найманское седла, керей ер – киреевское седло, «қызай ер» – кызаевское седло, «үйсін ер» – уйсуньское седло, алтай ер – алтайское седло, қалмақы ер – калмыцкое седло, «ханбас ер» – седло с ханской головой, «қазбас ер» – седло с гусиной головой, «шошақбас ер» – седло с окрулой приноднятой головой, «қозықұйрық ер» – передняя лука которого выполнено в виде узкого клина с наклоном вперед, «қалақбас ер» – седло с совковой головой. В европейско-арамейских источниках под словом «hasag» понимали снаряжение седла.

А. Тоқтабай
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?