«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Түземдік элита

1087 0
Түземдік элита
Идеология – ӘКЕ болса, ақпарат – ШЕШЕ, ал адам санасы осы екеуінің төл перзенті деп ой қосқан болар едік...

 

                                                             I

Отарлаушы  ел  өзінің   стратегиялық мақсатын  жүзеге асыру  үшін  ең алдымен  жергілікті  (яғни отарланушы)  елдегі   кадр  саясатын толыққанды  шешіп  алуы  керек.  XIX ғасырда  қазақ  топырағында   таған  тіктеген оқу  орындары  осы  мақсатта  бой көтерген  болатын. 

                                              « Интернатта оқып  жүр

                                                Талай қазақ баласы –

                                                Жаңа өспірім, көкөрім,

                                                Бейне қолдың саласы.

                                                Балам закон білді деп

                                                Қуанар ата-анасы.

                                                Ойында жоқ олардың

                                                Шариғатқа шаласы,

                                              ...Я тілмаш, я адвокат

                                                Болсам деген бәрінде ой,

                                                Көңілінде жоқ санасы...»

 

  Абайдың  осы  өлеңіндегі   үрейі  мен  алаңы  негізсіз  емес  еді.  Қазақ баласын  ұлт  қайнарынан  қара  үздіріп,  орыс  танымында  тәбиелеу  интернаттың  ең  басты  мақсаты-тұғын.  Осылардың ішінен  қазаққа келгенде қатыбас,  ештеңеден  тайсалмайтын  аярларын  арнайы  сұрыптап  алып,  қолдарына  билік  беріп,  ел   ісіне  жұмылдырып  отыруды да отаршылдар   ұмыт қалдырған  жоқ.   Осы   топ   тарихта   «түземдік  элита»  деп  аталады. 

Мұны  белгілі тарихшы С.Мәшімбаев та өз еңбегінде атап өткен болатын.  Ал қазақ арасында  бұлар  аса  аусар  әм  қатыгез  қылығымен  көбірек  көзе  түскендігінен  болса  керек,  ел  есінде  «теріс оқығандар»  деген  атқа  ие  болды.  Әріден  таған  тартқан осы  бір  идеядан  қазақ  халқы  бір  кісідей  көрешек  көрді.  Манағы Абай алаңдаған  «Көңілінде жоқ санасы» кемістігі  көп  нәрсеге  көз  жеткізіп   тұрған екен. Расында, ақынның айтқаны  айдай  келді.  Шолақ  белсенділердің  бұл  әрекетінен  исі  қазақ  баласы  азап  шегіп,  алаш  даласы  ақсөңке  сүйекке  боялып  қалды.  

                                                            

                                                              II

 

 Бірде  бір  топ  ұстаздар қауымы  шай  ішіп,  жайланып  отырмыз. Әңгіме ауаны төрт жылда бір ауысатын басшылыққа  қарай ауысты. Ендігі басшымыздың  кім,  және  оның  қандай  болмағы  біраз талқыға  түсті. Менде тыныш отыра алмай,  «ана бір ағамыздың  ғалымдығынан  бөлек елшілдігі мен мейірбандығы қандай,  орынтаққа  осы  адам  лайық» дедім.  «Жоқ» деді қапталда отырған әріптесім жұлып алғандай, «ол тым қазақы,  болмайды» деді.  «Рас» деді  келесі әріптесім де әлгінің сөзін хоштап,  «бұл  адамыңыз «тым жұмсақ» жарамайды»  деді. «Сонда қандай болу керек» дедім мен де  қарымта  сұраққа  көшіп. «Анау кісінің болғандығы дұрыс» деді үшінші әріптесім. «Өзінің орысшасы  қандай,  патшамен де қарым-қатынасы жаман емес,  тым  пысық  адам»  деді  ағынан  жарылып (Қазір жасыратын несі бар, біздегі бастықтың классикалық  бейнесі қазақшасы не ғұрлым төмен, тоңмойындау қызметкерін көрген жерден «ақыл» айтып  жекіре жөнелетін  сосын... адамды бір жерге жұмсап жіберетін ғана образ ғой).  «Осының  сөзін  жөн  көргендей  бәріміз  де  бас изесіп  орынымыздан тұрдық.

Мен осы әңгімеден кейін бұл қазақтың  кісіні  бағалау өлшемдерінің  баяғыда-ақ басқа арнаға түсіп кеткендігін түсіндім.  Түсіндім де тұтас бір ұлттың  ілкідегі «түземдік элита»  инерциясымен  өмір сүріп  жатқандығын,  қазіргі  қазақ  билігінің  пәлсапасы да  дәл осы  формула  тәсілімен   басқарылып отырғандығын сезіндім.

 

P.S.  Қазір  қазақияда кезек  күттірместен  қолға алынуға  тиіс  шаруа,  мемлекет билігін жаппай шырмауықша жайлаған Ұлтанқұлдарды  Алпамыстармен (ұлт зиялысымен) ауыстыру  саясаты  дер  едік.  Мұны  бейне  бір  рухани   реформа  деп  атасақ  та  болады.  Неге дейсіз  ғой?

 Себебі  тұлға көрмеген  елдің  танымы  төмендегідей  шекке дейін  құлдырап,  көпсөзділік  пен көзбояушылық орын  алады.  Ондай  елде  ұлттық  идея  да,  ұлы  мұрат  та  болмайды. Тек бір  адамның  көңіл  күйіне  құрылған    «құлдық  қызмет»   қана  болады.

«Адамды  құдай жаратады, қоғам  өсіреді»  деген  бір тәмсіл бар. 

Біз бұған идеология –  ӘКЕ  болса,  ақпарат – ШЕШЕ,   ал  адам  санасы  осы  екеуінің төл  перзенті  деген ой  қосқан  болар  едік.  Ендеше,  әңгіме төркіні қазақ қоғамы мен  оның  «ата-анасының»  ақуалы  жайында болып  отыр  ғой.

 Біз  кімбіз,   қандай  қоғам  құрдық,  санамыздың  салауаты  қандай? 

 Міне, біз  бұл  сауалдарға  қағаздағы  Қазақстан туралы ғажайып ертегілермен  емес,  қара  жер  үстіндегі  өз  өміріміздің  шындығымен    жауап  қатсақ  жөн  болар  еді...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English