«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шахан Мусин: «Жазықсыз едім» десем де...»

3266 0
Шахан Мусин: «Жазықсыз едім» десем де...»
Суық, сұрқай кезеңді бастан кешірсе де, сағы сынбай, өмірінің соңына дейін жақсы көретін ісімен айналысып, өнерімен елін қуантқан тағдырлы тұлғаның бірі – Шахан Мусин.

Совет үкіметінің сұрқия саясаты Алаш ардақтыларының біршамасының мазасын қашырып, зығырданын қайнатқаны белгілі.  Өздерінің болашағының жарқындығына сенген бұл азаматтардың тағдыры мен ғұмырбаяндары қалтарыстарда қалып қойды. Көзі ашық, саналы да сауатты азаматтарды аяусыз қуғындаған жазықсыз түрмеге қамап, жер айдаған жылдары халық жадында өшпейді. Суық, сұрқай кезеңді бастан кешірсе де, сағы сынбай, өмірінің соңына дейін жақсы көретін ісімен айналысып, өнерімен елін қуантқан тағдырлы тұлғаның бірі – Шахан Мусин.

1913 жылы 27 желтоқсанда қазіргі Павлодар облысы Май ауданы Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келді. 1930 жылы әсем қала Алматыда ауыл шаруашылық институтында оқыды. Кейіннен Семей облысының Бесқарағай ауданы атқару комитетінде хатшылық қызмет атқарды.

1932 жылы туған жеріне оралған Шахан Мусиннің өмірі күрт өзгереді. Дәл осы сәтте советтік жауыздықтың шырқау шегі – ашаршылық жүріп жатқан кез еді. Егістікті қайта бөлу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру, үкімет тарапынан зорлық зомбылықтардан ең көп жапа шеккен қазақтар болды. Күн көрісінен айырылған халық ашаршылыққа ұшырап, босқын күй кешті. Осы ашаршылықтың зардабынан 40,5 млн бас мал  1933 жылдың 1 қаңтарында олардан 4,5 млн бас мал ғана қалды. 1931-1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.

Осындай үлкен трагедия көріп, езгіге шыдай алмаған қазақтың шын жанашыры, кеудесі мейірімге, жүрегі шерге толы жас Шахан 16 жолдан тұратын «Наркомға хат» деген өлең жазады. Себебі оның көз алдындағы көріністер жанына қатты батты. Өзі тұрған ауылдағы бесіктегі баладан қарияға дейін өліп, тірі қалғандардың әруағы жақыннан көрінетін. Алғашында достарына оқытып жүрген Шахан Мусин кейіннен бұл өлеңдері орыс тіліне аударылып, баянды биографиясына қара дақ болып қаларын білмеді...

… Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп,

Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп,

Күлге аунатып, күресінге тастаса,

Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?..

Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал

Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал.

Құша беріп немересін, қош десіп

Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.

Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің

Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің.

Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып,

Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін

Шахан Мусиннің жары Рәбиға Сыздықова «Шахан шерткен сыр» тақырыбындағы кіріспесінде көп жайды баяндайды.

– Шахаң ең алғаш ГПУ-дың түрмесіне 1936 жылдың 6 қаңтарында қамалады, ұсталу себебі – Семейде Совет үкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым болыпты-мыс, біраз адам ұсталады. Мәскеудің өзінен ССРО Жоғарғы Сот комиссиясы келіп тексеріп, ересектерді 3-5 жылға соттайды, ал Шахаңа шартты түрде екі жыл беріп, босатып жібереді. 22-23-тердегі бойдақ ұлтшылдық әрекетпен көп нәрсені қиратып тастамаған болар десе керек. Бірақ көп ұзамай 1937 жылдың басында тағы қамайды, бұл жолы айыбы: Семейде контрреволюциялық жастар ұйымы болыпты-мыс, соны ұйым­дастырушылардың бірі Шахан Мусин болыпты-мыс. Сөйтіп түрме есігін екінші рет ашады. Колымадан аман келіп, енді азат өмірге көштім бе деп жүргенде, 1948 жылы түрмеге үшінші рет тағы қамалады. Ол – бұрын сотталып, айдалғандарды қайтадан ұстап 25 жылға Сібірге жер аудару науқаны басталған кезең болатын, – деп өткен күндерді еске алады жары Рәбиға Сыздықова.

Түрмедегі жағдай адамның өмір сүруіне мүмкін емес жер еді. Тамақтың жоқтығынан, күннің суығынан кейбір адамдар шыдамай о дүниеге аттанып жатты.

Иә, осы 16 жолдан тұратын өлеңі үшін жалпы көлемі 18 жылын азаппен тар қапаста өткізді. Және де осы айдалғаннан  кейін 1954 жылы ғана босап шығып 1999 жылға дейін 45 жыл бойы құдіретті өнердің театр атты киелі сахнасында өнер көрсетеді. Сөзіміздің басында айтқандай өмірінің жиырма жылын темір тордың ар жағында өткізсе де Шахаңның сағы сынбай қимылы ширақ болған екен.

Бірде атақты ақын Қалижан Бекхожин Шахаңнан сұраған дейді: «Шахан, сен осы түріңді бермей, аса қартаймай қалай сақталып жүрсің?» деп, сөйтсе Шахаң айтыпты: «Е, етті бұзылмасын деп мұздатқышта сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 45-50 градустық қақаған аязы бар, қысы 9 айға дейін созылатын табаныңнан өткен ызғар миыңнан бір-ақ шығатын суық жерде сақтады, екіншіден, диета сақтаған адам көп ауырмастан дене бітімі бір қалыпта қартаймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар аш құрсақ ұстады, үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, жүйкесі тыныш болсын деп 10 жылдап төрт бұрыштан төрт күзетші мылтық ұстап күзетіп тұрды, мен сақталмай, кім сақталады?! Менімен бірге болсаң, сен де қартаймас едің», – депті.

Осындай естеліктерден Шахан Мусинді қазақтың бағына біткен ұлт жанашыры екенін байқасақ болады. Халқы үшін: жылдар бойғы айдау да, суық жерде, тар қапас, мұздай қаруланған күзет өр рухын түсіре алмаған. Және бұл кезеңдерден соң, қазақ өнеріне еңбегін сіңдіріп, өмір сүру білуінің өзі оның текті кісі екенін білдіреді.

1956 жылы Шахан Мусин түскен «Мазасыз көктем» фильміндегі «Гүлдей бер, Қазақстан, саған жастық шағымды бере салсам да болады» деген сөздері өмірінің шындығына айналған сияқты...

Сахнаның саңлағы Шахан

Оның киелі өнер әлеміне келуіне жора жолдастары, тілеулестері еді. Себебі кейіннен Шахан Мусин Шәкен Айманов, Қалижан Бекхожин сияқты кино өнерінің саңлақтарына арнаған өлеңдерінде жақсы көрсеткен еді. Әсіре театр және кино әлемінде үлкен серпіліс беруі бала шақтан бірге өскен, бірге оқыған жолдасы Шәкен Айманов, алғашқы рет киноға шақырып түсірген үлкен талант иесі, кинорежиссер Мәжит Бегалин, атақты опера әншісі, үлкен ұстаз, профессор Кәукен Кенжетаев сынды азаматтар өнерінің өрлеуіне әсер етті.

1954 жылы Алматы қаласындағы Балалар мен жасөспірімдердің қазақ академиялық театрының әртісі болып өнер жолына аяқ басты. 1957 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық драма театрының әртісі болды.

«Мазасыз көктем». 1956.

Көзін көрген әріптестерінің айтуынша Шахан Мусин сахнаға шығып, образды сомдағанда көрерменнің жан дүниесі қозғалып, екі ара байланыс орнайтын. Ол сияқты бүкіл тұла бойымен беріліп ойнайтын актер қазіргі таңда кемде-кем.

«Жүріс-тұрысы, ішкі мәдениеті, әр уақытта бізге үлгі болды. Рөлдерді сомдағанда біз Шәкеңнің жанында жүретінбіз. Соның барлығы бізге үлкен мектеп болды», – дейді ССРО Халық әртісі Асанәлі Әшімұлы

Шахан Мусин негізінен ойнаған сахналық бейнелерінің көбісі – халық өкілдері, зиялы қауым бейнелері. Мысалы: Ақан (Ғ. Мүсірепов, «Ақан сері – Ақтоқты»), Сырым (Әуезов, «Қарагөз»), Айдар (Әуезов пен Л.С. Соболев «Абай»), Махамбет (Ғ. Сланов осы аттас пьесасында), Сапар (Т. Ахтанов «Сәуле»), Әпенде (Назым Хикмет, осы аттас пьесасында), Моцарт (А.С. Пушкин, «Шағын трагедиялары») т.б.

«Оның уақыты келеді». 1957.

1955 жылдан бастап кино әлеміне де аяқ басты. Ең алғашқы түскен кино картинасы  толық метражды Мәжит Бегалиннің «Бұл Шұғылада болған еді» деген фильмінде эпизодтық рөл болды. Соңғы түскен фильмдері: «Жердегі істер», «Кінәсін өтеу», «Кек», «Сұлтан Бейбарыс», «Отызыншыны» жою!». Барлығы 26 фильмге түскен. 1966 жылы ҚазССР халық артисі деген атақ берілді. 

«Жазықсыз едім» десем де,

Тағдырымнан безем бе?

Рақымет Иосиф «көсемге»,

Рақымет сол бір кезеңге!

Қазіргінің блокбастер жанрына сай түсірілер кинодай өмірінің қиын кезеңдеріне Шахан Мусин тайсалмай қарап, он сегіздегі жас жігіт шағында өмірді сүйгіш қасиетімен ішкі жан сырын ақ қағазға түсіріп жүрді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English