«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қаныш пен Таисия

2395 0
Қаныш пен Таисия

Қазақстанның болашақ тұңғыш академигі Қаныш Сәтпаев Таисия Кошкинамен Томск технология институтының студенті болып жүрген кезінде танысқан.

Ол кезде олар бұл қатынастардың қайда әкелерін түпкілікті түсінбесе де, өздерін керемет істер күтіп тұрғанына кәміл сенді. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары «сібір Афинасы» деп аталған Томск институтында оқыған Қазақ ССР-і Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтпаев пен Совет Одағының тұңғыш әйел геологы Таисия Кошкинаның қарым-қатынастарының қалай өрбігені туралы Qazaqstan Tarihy порталынан оқи отырыңыздар. Тау-кен факультетінің геология бөліміне оқуға түскенде Қаныш 22-ге аяқ басқан еді. Павлодар уезінің Баянауыл ауылынан шыққан бала үшін асқақ арманына жету оңай болған жоқ. Ол ауыл мектебінен бастауыш білім алып, кейін Павлодар училищесінің екі классын бітірген. Оны одан әрі гимназияда оқытуға отбасының мүмкіндігі болмаған. Ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтпаевтың ақылымен Қаныш Семейдегі мұғалімдер гимназиясына оқуға барады. Осы жерде ол гимназияда лаборант болып істеп жүрген Таисиямен танысады. Бірақ туберкулездің қабынуына байланысты Қаныш Семейден кетуге мәжбүр болады. Тася (Қаныш Имантайұлы оны осылай атаған) алдына нақты жоспар қоя алатын қыздар қатарынан болған әрі жастайынан геолог болуды армандаған. Оның шыққан тегі туралы метрикалық кітаптан білуге болады. Кітапта оның көпес Алексей Федоровия Кошкин мен оның заңды әйелі Фелицата Васильевнаның қызы екені жазылған. Қаныштың әкесі Имантай Сәтпаев сауатты кісі болған. Ол үш жыл Омбыдағы медреседе оқып, парсы, араб және шағатай тілдерін игерген. Сол жерде Шоқан Уәлихановпен танысып, дос болған. Имантай Сәтпаев қазақ фольклорын жинаушылардың бірі, туған өлкесі Баянауыл тарихының білгірі болған. Білімге деген құштарлық балаларына да берілген. Қаныш екіде болған кезінде анасы Әлима қайтыс болып, оны әкесінің бәйбішесі Нұрым тәрбиелеп өсірген.

Ата-баба дәстүрі бойынша Имантай кіші ұлына көрші ауылдың қызын айттырып қояды. Ол - Смағұл ақсақалдың Шәрипа атты қызы еді. 1920 жылы олар мұсылманша неке қияды, ал 1921 жылы олардың тұңғышы Ханиса Қанышқызы Сәтпаева өмірге келеді. 21 жасында Қаныш Сәтпаев халық судьясы болып сайланады. Ол ауылдарды көп аралайды, жерлестерінің ауыр өмірімен танысады. Бірде Баянауылға Томск технология институтының профессоры Михаил Усов емделуге келеді. Атақты ғалыммен сөйлескен сайын Қаныштың бойында білімге деген құлшыныс арта түседі. Ол Павлодар ревкомынан өзін қызметтен босатуды сұрап, Томскіге кетеді. 1926 жылы Қаныш Сәтпаев дипломдық жұмысын қорғап, қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженері болады. Сол жылдың жазында тағы бір маңызды оқиға болады – ол өмірін Таисия Алексеевна Кошкинамен байланыстыруға шешім қабылдайды. Бұндай шешім қабылдау оған оңайға соқпады, өйткені ауылда бұны Шарипа тосып жүрген. Бірақ, жастардың сезімі түбінде жеңеді. Қаныш пен Таисияның арасында қарым-қатынастың қашан басталғанын дөп басып айту қиын. Дегенмен Қаныш Имантайұлының хаттары бұл сезімнің жылдам өрбігенін көрсетеді.

«Қымбатты Тася! Семейде сіз болмаған соң көңілсіз жүрмін. Сүреңсіз мезі күндер өтер емес. Сан алуан ой кешіп, жападан-жалғыз жа­­­быққан жаным Сізді ойлаған сәтте ғана бір уақ жай табады. Тәңір бізді жолықтырып, өзіме Сіздей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Сол себепті қуанышқа толы һәм шексіз ризалық сезіммен алдағы өмірге зор үмітпен қарап отырмын. Біздің сүйіспеншілігіміз шұғыл туып, бірден бекем негізге ауғанына мен таңданбаймын, сол да біздің жаратылысымыздың өзара жақындығына дәлел емес пе?.. Бұдан көп бұрын, алғаш та­­­ныс­қанда-ақ мен сіздің қарапайым нышаныңызға бия­зы қылығыңызға таңғалып едім... Сөйтіп, Сізді әбден танып-білуден соң өзіңізге мәлім шешімге келдім. Сізге мен бір ғана шарт қоямын, есіңізде болар, оны орындау қиын емес. Сонымен, Тася, жеребе тасталды, біз ала жіптен аттаған адамдармыз. Сол тек бақытқа бастағай! Сүйе­мін! Өзіңіздің Қаныш»

Қаныш Сәтпаевтың Таисия Кошкинаға жазған хатынан, 29 маусым 1925 жыл

Қаныш Имантайұлы айтып отырған бір ғана шарты – өз Отанында тұру. Бұл туралы ол басқа да хаттарында айтады.

«Қымбатты Тусенька, мен қазақпын – жаратылысым да, жаным жа қазақы, ой-түсінігім бойынша да қазақпын. Алдағы өмірімді тек қана туып-өскен Қазақстанда өткізбекпін. Бұл жолда ай сәулелі армандарға беріліп асқақтаудан адамын, сондай-ақ сөзсіз кездесер қиыншылықтардан да алабөтен безінгім келмейді. Жан тыныштығын да шат-шадыман тұрмыстан гөрі рухани күреспен өткізгенді жөн көремін. Сол үшін де, қажет болса, тұрмыстың жайлы күйтінен бас тартып, Қазақстан қиырын «кезіп кетуге» әзірмін»

Қыз да ол туған далада жұмыс істеуге қарсы емес еді. Бірақ, Қаныш пен Таисия тек бірнеше жыл өткеннен кейін ғана бірге тұра бастайды. Айта кету керек, Томск технология институтын бітіргеннен кейін Қаныш Имантайұлы Атбасарцветметке кетеді де, Таисия Алексеевна Семейге келеді.  Бірақ, ол бірден геолог болып жұмысқа тұрып кете алмайды. Семей мұғалімдер семинариясында жұмыс істейді. Кейін Қызылордаға қызметке тағайындалады. Қаныш Имантайұлының Таисияға жазған елуден астам хаты сақталған. Тек жылдар өткен соң ғана, отбасы жәдігері болып сақталып келген хаттарды туыстары геология ғылымдары институтының мұрағатына өткізген.

«Қымбатты Сәулеш, (түпнұсқада - Сәулемчик) Сіздің хатыңызды алдым, онда менен ұзақ уақыт хат алмайтыныңызды жазыпсыз. Сіздің хаттарыңызға мен мұқият жауап беремін. Ендеше, менің хаттарым Сізден келетін хаттардың жиілігіне байланысты. Сіздің Тұрланға бару мүмкіндігі туралы хабарыңызға шексіз қуаныштымын. Сіз Қызылордада тоқтамайсыз ба деп қорқамын. Сәулемчи, тезірек келіңізші! Имандай шыным, құсадан өлемін. Егер Тұрланға баратын болсаңыз, үш күн міндетті түрде Қызылордада болыңызшы. Мен Сізді бәрібір де жібермеймін. Жыламсыраған хаттарым үшін қатты ренжи көрмеңіз. Бірге өмір сүре бастасақ, мен ешқашан да жыламайтын боламын»      Таисия Кошкинаның Қаныш Сәтпаевқа жазған хатынан, 1927 жыл  

 1928 жылы Қарсақпайға жұмысқа келеді, онымен бірге Таисия да келеді.  

«Жезқазғанға барғым келмегені есімде. Бәрі де үрей туғызатын: жартылай шөл даланың ауыр климаты, ғылыми орталықтардан алыстығы. Бірақ қобалжулар тек қобалжу болып қала беретін. Бару қажет болды. Қарсақпай кентіне ең жақын Жусалы стансасына дейін 400 км болатын. Діттеген жеріңе не түйемен, не бағыттас жүк машинасымен ғана жетуге болатын. Ең бастысы – күтпеген қуаныш: біз күткендей бөлме емес, екі бөлмелі асүйі бар тұтас пәтер берді». Таисия Сәтпаеваның естеліктер кітабынан

Қаныш пен Таисия тұрған үй алты бөлмеден тұрды. Оның бір бөлігінде Сәтпаевтар отбасы: Таисия Алексеевна, Таисияның анасы Фелицата мен оның әпкесі Муся. Ал екінші бөлігі геологиялық қызметке арналды. Қаныш Сәтпаев үшін Жезқазған игерілмеген тыңдай еді. Ол бірден геологиялық қызметті ұйымдастырумен айнылысып кетеді. Аз уақыттың ішінде Сәтпаев бұл жерде пайдалы қазбалардың бай кен орны бар екенін ұғады. Ол Жезқазғанды мыстың әлемдегі ең бай провинцияларының бірі деп атайды. Көптеген марқасқа геологтар оның жоспарларын құр фантазия, ал кен орнын келешегі жоқ деп санайды. 1928 жылдың 16 қыркүйегі шарпыма пеш жағылып, бір айдан кейін алғашқы қарсақпай мысы алынады. Сәтпаевты Жезқазған геология-барлау кеңсесінің бастығы етіп тағайындайды. Ол бұл өлкенің кен байлығын игеру үшін тағы бір ірі зауыт салу керек екенін түсінеді, бірақ барлауға бөлінетін қаражат жыл сайын қысқарып отыратын. ГлавЦветМет-пен арадағы хат алмасуларға және Мәскеуге барып-келуге көп уақыт пен күш кететін. дегенмен де, ешбір келеңсіздіктер мен қиындықтарға қарамастан, ол жақын арада елде тағы бір түсті металл алыбы – Үлкен Жезқазғанның пайда болатынына кәміл сенді.

«Дәл осы кезде Қаныш Имантайұлы екеуміз белгісіз дифтериядан тұңғышымыздан айырылған едік. Мен өзім цингамен ауырдым... Бірақ бәріне де ауыр болды» Таисия Сәтпаеваның естеліктер кітабынан 

 Ашаршылық жайлаған 30-шы жылдары Қаныш Имантайұлы Баянауладан Қарсақпайға үлкен қызы Ханиса мен жиені Зиннатты көшіріп алады. 1934 жыл Таисия мен Қаныш Сәтпаевтардың тағдырында шешуші жыл болды. Осы жылы ССРО Ғылым академиясы Мәскеууде Үлкен Алтай мен Үлкен Жезқазған бойынша сессия ұйымдастырады. Сессияда Сәтпаев та, Таисия Алексеевна да мінберден сөз сөйлейді. Таисия Алексеевнаның ерекше еңбегі – электрондық құралдардың бөлшегін дайындауға және басқа металдарды коррозиядан сақтауға қажетті сирек кездесетін рений металлын ашуы. Осы жаңалығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін 1977 жылы ССРО Геология министрлігінің «Жезқазғанда рений кенін тұңғыш ашушы» дипломы мен медалі беріледі.

Сталиндік қуғын-сүргін жылдары одақтас республикалардың көптеген мемлекеттік қайратккерлері қуғынс-сүргінге ұшырағандары рас. Солардың ішінде Қ.И.Сәтпаев та болды. Қаныш Имантайұлына жала жабылып, іріткі салды, Жезқазғанның кен қорын біле тұра асыра айтты деген айыптар тағылады. Қаныштың туған ағасы Ғазиз (Бүкеш) аталас туыстары Әбдікәрім мен Әбікейді 1937 жылы тыңшы деп айыптап, соттап, атып тастайды. 1937 жылы Сәтпаев дәлелдеген Жезқазған мысының есепке алынған қоры мен оның халықшаруашылығындағы маңызы барлық тексеріске төтеп береді. Жезқазғанды дамыту мәселесі саланың жұмыс жоспарына енгізіліп, 1938 жылы Жезқазған комбинатын жобалау және құрылысқа дайындық туралы үкіметтің шешімі қабылданады. Бұл кезде мыстың жалпы қоры бойынша Жезқазғанға еліміз түгілі әлемде тең келетін ешкім жоқ еді. Бұл Сәтпаев пен оның мүдделестерінің жеңісі еді. Көп уақыт өтпей Қаныш Имантайұлына ССРО Ғылым академиясының қазақ филиалын басқаруды ұсынады, бұл дегеніміз Жезқазғанмен қоштасуды білдіретін. Соғыстың басталуы Сәтпаевтың Алматыға ауысуымен тұспа-тұс келеді. 1942 жылдың жазында ол Геология ғылымдары институтының директоры болып тағайындалады, көп уақыт өтпей ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы президиумының президенті болады. Соғыс жылдарында геологиялық кеңес 350 экспедиция жасаған. Темір, боксит, асбест, түсті және сирек кездесетін металлдардың ірі кен орындары ашылды. ССРО Ғылым академиясының қазақ филиалының жұмысына Қаныш Имантайұлы соғыс жылдары Алматыға эвакуацияланған ірі ғалымдарды шебер тарта білді. Олар филиал кадрларын тәрбиелеуге, ғылымның барлық саласында мамандар даярлауға көмектесті. 1946 жылы ел үкіметі Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы шешім шығарды. Қаныш Сәтпаев тұңғыш қазақ академигі атанып, әлемдік ғылымның көрнекті ғалымы ретінде мойындалды. Небәрі 47 жаста еді. Сәтпаевтің беделі мен атағы оның жаулары мен күндестеріне тыныштық бермеді. Мақала шыққаннан кейін қазақстандық тарихшылар ұлтшылдар қатарынан бір-ақ шығады. Қаныш Сәтпаевқа ғылыми кадрларды таңдаудағы қателіктерін көрсетіп, Қазақ ССР Ғылым академиясын космополиттар мен буржуаздық ұлтшылдармен толтырды деген айыптар тағылады. Сәтпаевқа қатаң сөгіс жариялап, жеке ісіне кіргізеді. 1951 жылғы 23  қарашада Қазақстан Компартиясы Бюросының жабық отырысында ол Академия президенті лауазымынан босатылады. Болған оқиғалар Қаныш Имантайұлының денсаулығына қатты әсер етеді. Кисловодскіде емделіп келіп, Мәскеуге қайтып оралып, ол Сталинге хат жаза бастайды. Іспен танысқан Сталин: «Сатпаеву верить, от партии не отдалять» деп кесімін айтады. Қаныш Имантайұлы Алматыға қайта оралады. Оны Геологиялық ғылымдар институтына директор лауазымына тағайындайды. 1955 жылдан бастап ол қайтадан Қазақ ССР Ғылым академиясын басқарады. Ол өзінің бар білімін, бар күш-қуатын металл гендік болжау карталарын жасауға жұмсады. Оның сол жылдардағы тағы бір бастамасы – ХХ ғасырдың ең ірі жобасы Ертіс-Қарағанды каналы. 60-шы жылдардың басында академик Сәтпаевтың денсаулығы күрт нашарлап кетеді. Дәрігерлер оның өмірі үшін алысып, тіпті шетелге барып емделуге ұсыныс жасайды, одан Сәтпаев үзілді-кесілді бас тартып: «Менің жерлестерім Алматыға жете алмайды. Егер мен шетелге барып емделсем, олардың көзіне қалай қараймын» дейді. Қаныш Имантайұлының өмірінің соңғы күндері туралы Таисияның жазбалары арқылы білеміз. Ол осынау қайғылы күндері не болғанын бәрін жазып отырған. Оның соңғы жазбаларының бірі былай дейді: «Бүгін ол жақсырақ. Ол аздап су мен бірнеше қасық кисель ішті» десе, соңғы жазбасында: «Қазір ол жанталасып жатыр. Есін жимастан, 31 қаңтар сағат 5-те қайтыс болды» дейді. Атақты ғалым 1964 жылдың 31 қаңтарында қайтыс болды. Сол жылдың күзінде Сәтпаевтардың қызы Мәриям өмірден өтеді. Орын алған жағдайлардан кейін өз-өзіне келгесін Таисия Алексеевна Сәтпаевтың еңбектерін баспаға дайындауға кіріседі. Ол академиктің мұрағатын сақтаушы әрі редакторы, оның еңбектерінің бестомдығын, библиографиясын, замандастарының естеліктер жинағын жасаудың, Қарсақпай мен Баянауладағы музейді құрудың бастамашысы болды. Ол тұңғыш қазақ академигінің бейнесін мәңгі есте қалдыру үшін белгілі ғалымдарға, мүсіншілерге, жазушыларға жүздеген өтініш хат жазды. Қаныштың есімі ұмытыла бастаған жылдары Таисия Алексеевна қатты ауырып жүрсе де естеліктер кітабын жазуды тоқтатпады. 1976 жылдың 6 сәуірінде Таисия Алексеевна өмірден өтеді. Таисия Алексеевнаның еңбегі құр кеткен жоқ. Қаныш Сәтпаевтың атында Алматы мен Екібастұзда институттар, Қарағанды облысында қала мен Баянауыл ауданында ауыл бар, оның атымен Қазақстанның бірқатар көшелері, минералдар (сатпаевит), мұздық, өсімдік сұрыптары, тіпті астероид та аталған. Оның құрметіне Қазақстанда ғана емес, Томскіде де ескерткіш қойылған.  

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English