«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Семей полигонының жабылғанына 28 жыл

737 0
Семей полигонының жабылғанына 28 жыл
1949 ж. 29 тамызда Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын бірінші жарылыс жасалды

Осы жерде 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутек бомбасы сыналды. Полигон Семей облысы, Абыралы ауданының, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды. Семей ядролық полигонында 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды. Алғашында жер үстіндегі ашық сынақтар жасалып, 1963 ж. 10 қазанда Мәскеуде КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында қабылданған «Үш жағдайда сыналатын: әуеде, космоста және су астында ядролық қаруға тыйым салу» туралы халықаралық келісімі күшіне енгеннен кейін жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады. 1963-1988 жылдары жыл сайын 14-18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Осы жарылыстардың әсерінен радиоактивті шөгінділер жарылыс болған эпицентрден бұлттар мен жел арқылы таралды [1]. Сынақ жүргізілген жерлерде радиацияның деңгейі 448 бэр-ге[1] жеткен. Семей ядролық полигонында ауада және жер бетінде сыналған ядролық зарядтардың қосынды қуаты АҚШ авиациясының 1945 жылы 6 тамызда Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түсті.

Сынақ аймағын радиациялық тексеруден өткізу барысында радиоактивтік заттар (цезий-137, стронций-90, плутоний-239; 240, кобальт-60) қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінді: 1-категорияға жарылыс эпицентрінен 100-150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай, Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау аудандары мен Семей қаласы; 2-категорияға 150-300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха, Шар және Жаңашүлбі аудандары кірді; 3-категория эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті, Таскескен, Ақсуат және Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтыды. Ядролық жарылыстар нәтижесінде сынақ аймағына жақын орналасқан территориядағы адамдар радиациялық зақымдар алды.

Семей сынақ полигонының орталығы Курчатов қаласында орналасты. Қала Семей қаласынан 130 км жерде, Ертіс өзенінің сол жағасында орналасқан. 1947 жылы әскери гарнизон ретінде іргесі қаланды. Аса құпия жер болғандықтан оның аты жиі өзгерген. «Москва−400», «Семей−21», «Ақырғы нүкте», ал 1974 жылы қалалық статус алып, «Курчатов» болып өзгертілді. Сондай-ақ, зерттеу және эксперимент жасау жұмыстары үшін барлық жағдай жасалды. Онда: И.В. Курчатов, Ю.Б. Харитон, К.И. Щелкин, Я.Б. Зельдович, А.Ф. Иоффе, А.Д. Сахаров сияқты көрнекті физиктер уақытша тұрып, жұмыс істеді [2, 22-б.]. Қазіргі күнде Курчатов қаласында ҚР Ұлттық ядролық орталығының Бас дирекциясы орналасқан. Бұл орталық ҚР атом энергетикасын дамыту бағдарламасын қолдаудағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, нақты аймақтардағы атом станцияларын салуды техникалық-экономикалық негіздеу, атом энергетикасы мен термоядролық энергетика қауіпсіздігі, ғарыштық ядролық энергетикалық қондырғылар, қатты дененің радиациялық физикасы және реакторлық материалтану бағыттары бойынша жұмыстар жасауда.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу мақсатында құрылған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында КСРО және АҚШ президенттеріне ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі үндеу жолданды. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде бұқаралық ақпараттары құралдарында жариялана бастады. Ол тек республика аумағында ғана емес, шет елдерде де талқыланды. Осы көтерілген бастамалардың нәтижесінде КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шешім қабылдады.

1989 жылдың қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Үкіметі мен Жоғарғы кеңесіне полигондарда ядролық сынақтарды шұғыл арада тоқтату туралы үндеу жолдады. 1989 ж. 27 қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Семей полигонын жабу туралы» қаулысы қабылданады. Осы қаулы негізінде 1990 ж. 22 мамырында Жоғарғы Кеңес республикалық деңгейде «Семей полигонын жабу туралы» қаулысын қабылдайды. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде қабылдаған «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияда «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшін сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп көрсетілген [3, 5-б.].

Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1991 ж. 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. Жарлықта:

«Қазақ КСР-інің территориясындағы Семей обылысында 1949 ж. бері ядролық қару сынау жүзеге асырылып келеді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді.

ҚазКСР КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін:

1. Семей ядролық сынақ полигоны жабылсын.

2. ҚазССР Министрлер Кабинеті КСРО Қорғаныс министрлігі мен, КСРО Атом энергетикасы және атом өнеркәсібі министірлігімен келісе отырып, Семей сынақ полигонын одақтық республикалық ғылыми-зеттеу орталығы етіп қайта құрсын. 1991 ж. оның статусын және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының тізбесін әзірлеп бекітсін» 

деп жазылған [4].

1991 ж. Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина басшылары Алматы қаласында бұрынғы КСРО ядролық арсеналына біріккен бақылау механизмін орнату мақсатында «Стратегиялық ядролық күш туралы» Декларацияны қабылдайды [5].

1992 ж. 23 мамырда Қазақстан 1991 ж. КСРО мен АҚШ арасында «Стратегиялық ядролық қаруды шектеу және қысқарту туралы» (СНВ-1) шарттың Лиссабон хаттамасына қол қойды. Хаттамада Қазақстан Ресей, Беларусь, Украинамен қатар ядролық қаруға ие болудан бас тартып, ядролық қаруды таратпау туралы өзінің міндеттерін бекітті.

1994 ж. бірқатар кеңестер мен келіссөздерден кейін Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Қазақстан Республикасының  1993 ж. «Ядролық қаруды таратпау туралы» шартқа [6, 164-166-б.] қосылуына орай республиканың қауіпсіздігінің кепілдігі ретінде ұжымдық Меморандумға қол қойды. Бұл Меморандумға қол қою Қазақстанды өз территориясынан ядролық қаруды шығаруға байланысты міндеттерін толықтай қатаң атқарғандығы туралы әлемдік қоғамдастықтың мойындағанын білдіреді. Кейінірек мұндай кепілдіктерді Қазақстанға Қытай және Франция мемлекеттері де ұсынды.

1994 ж. Қазақстан Нанна-Лугара бағдарламасы ретінде танымал «Қауіпті бірігіп қысқарту» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті [7, 354-б.]. Бағдарлама аясында полигонның инфрақұрылымын жою жобасының кешені іске асырылды. Сонымен қатар, республика территориясынан 1040 ядролық оқ, 104 СС-18 континентаралық баллистика ракеталары, Батыста «Сатана» атанып кеткен Х-95 қанатты ракеталары мен 370 тактикалық ядролық қуатпен жабдықталған 40 ауыр ТУ-95 бомбалаушы шығарылды. Континентаралық баллистика ракеталары үшін 148 іске қосылатын шахта қондырғылары жойылды. Сол себепті АҚШ Палата өкілдері бірауыздан қабылдаған қарарында «Қазақстанның жетекшілігімен және оның Америка Құрамасымен ядролық қаруды таратпау сферасындағы ынтымақтастығы басқа елдер үшін үлгі болып табылады», - деп көрсетті [6, 207-208-бб.].

1995 ж. сәуірінде Қазақстаннан соңғы ядролық ракета шығарылып, мамырда 108 ұңғымасындағы (штольня) Дегелең таулы алқабында жатқан соңғы ядролық қуат жойылды. АҚШ ядролық қару инфрақұрылымын қауіпсіз жою үшін керекті жабдықтар беру мен қызмет көрсету арқылы, сондай-ақ Семей сынақ полигонының Дегелең таулы алқабында орналасқан ұңғымалық ядролық сынақ кешенін қауіпсіз әрі толық консервациялау үшін қызметкерлерді оқыту жолымен қажетті көмек көрсетуге міндеттеме алды. Президент Н.Ә. Назарбаев өзінің арнайы халыққа үндеуінде бұл актті «Қазақстан әскери ядролық биографиясындағы соңғы нүктесі», - деп атады [8].

Қазақстан үшін тағы бір маңызды оқиға 1996 ж. «Ядролық сынақтарды тоқтату туралы» шартқа қол қою болды. Президент Н.Ә. Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде таратылған арнайы өтінішпен сөз сөйлеп, Қазақстан үстіміздегі жүзжылдықтағы ең ірі келісімді дайындауға өз үлесін қосқаны жайлы айтты [9].

2011 ж. ҚР Президенті Архиві қорларында сақтауда тұрған Семей ядролық сынақ полигонының тарихына қатысты құжаттар негізінде «Казахстан за безъядерный мир» атты құжаттар жинағы кітап болып жарияланды.

Кітаптағы құжаттардың алғашқы бөлігі 1950-1960 жж. жергілікті билік органдары мен тұрғындарының елдің әскери өнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға мүдделі адамдар тобымен арадағы жасырын күресті бейнеледі. КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің №4 диспансерінің қызметкерлерінің экспедициясының облыстағы радиологиялық ахуал, жергілікті тұрғындардың денсаулығының жай-күйі жөніндегі материалдары берілген. 1980 ж. соңы мен 1990 ж. бастапқы кезеңін қамтитын Коммунистік партияның Орталық комитетіне полигонды жабу қажеттігі туралы жазылған хаттар мен ақпараттар, полигонда сынақтарды жүргізуге тыйым салу туралы қоғамдық ұйымдардың талаптарын ашып көрсететін құжаттар да енген. Құжаттардың келесі тобы Семей сынақ полигонының жабылған кезінен бастап Қазақстан аумағында қарусыздану, ядролық қаруды жою мәселелеріне арналған. Бұл жерде негізінен ядролық қарусыз ел мәртебесіне қол жеткізуге арналған шараларды жүзеге асыруға бағытталған Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты құжаттар ұсынылған. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау мәселелеріне арналған халықаралық форумдарда, сессияларда сөйлеген сөздері, сонымен қатар қауіпсіз әлем құруды қолдау мәселелеріндегі Елбасының жетекші рөлін ашып көрсететін материалдар енген. Бұдан басқа Президенттің ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтуды ұсынған бастамаларына айтылған пікірлер мен полигонды жапқаны үшін адамдардың келіп түскен алғыстар да жинақтан орын алған.

Сонымен бірге, ҚР Президенті Архиві 2014 ж. Семей қаласында «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысына 25 жыл толуына орай «Нұрсұлтан Назарбаев – ядролық қарусыздану әлемінің көшбасшысы» атты құжаттық көрме ұйымдастырды. Көрмеде Архивте сақтаудағы Семей полигонына қатысты құжаттар мен фотосуреттер қойылды.

Осылайша, Қазақстан іс жүзінде өзінің ядролық қаруға қарсы екенін бүкіл әлемге дәлелдеді. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан мемлекеттер арасында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің бірі болып табылады және бұдан әрі де дүние жүзінде ядролық қаруды таратпауға өз үлесін қосады.

С.М. ШАЙЖАНОВАҚР Президенті Архивінің сарапшысы

 

Әдебиеттер тізімі

  1. http://e-history.kz/kz/contents/view/2484
  2. Бозтаев Қ. Қайнар қасіреті, Алматы 1997 ж. 296 б.
  3. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Советінің ведомостары. 1990. №44. 3–7 бб.
  4. ҚР ПА. 7 қ.1 т. 172 іс. 79–80 п.
  5. Назарбаев Н. Эпицентр мира. Астана: Елорда, 2001. 238 с.
  6. Казахстан за безъядерный мир. Алматы, 2011. 285 б. 164-166, 207-208 бб.
  7. Токаев К. Дипломатия Республики Казахстан. Астана: Елорда, 2001. 552 с.
  8. ҚР ПА. 5-Н қ. 1 т. 5008 іс. 2-4 п.
  9. Казахстанская правда, 1996. 1 қазан.

[1] Рентгеннің биологиялық эквиваленті

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English