«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ақ халатты Аққағаз

1357 0
Ақ халатты Аққағаз
Қазақтың даңқты қызы, алғашқы әйел дәрігерлердің бірі Аққағаз Досжанова жайлы көпшілік біле бермейді

А. Досжанованың медицинадағы ерліктері туралы ара-тұра мәліметтер қылаң беріп жатса да, оның өмір жолы әлі күнге дейін жүйеленбеген. Отандық медицинаның алғашқы қарлығаштарының бірі – Аққағаз Досжанова

Азамат соғысы жылдарында империядағы ірі бес жоғары оқу орындарының бірі – Том медицина университетінде оқыған. Томдғы оқуы кезінде ол медицинаның клиникалық мектебін ұйымдастырушылардың бірі Андрей Савиныхпен, гематология, химиотерапия мен ревматология саласындағы ірі советтік маман Иосиф Кассирскиймен, ревматологтардың советтік мектебін қалаушы Анатолий Нестеровпен, көрнекті клинист дәрігер Дмитрий Яблоковпен бірге оқиды.

Томнан кейін А.Досжанова Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқуын жалғастырып, дәрігер-ординатор лауазымында тәжірибен өтеді. Аққағаз Досжанова 1893 жылы Орынбор губерниясы Торғай облысы Ақтөбе уезінің Бөрті болысында өмірге келген. Қазір ол туған ауыл Бөрте (Мәртөк ауданы) деп аталады.

Әке-шешеден ерте айырылған Аққағаз ағасы Сағындықтың тәрбиесінде болады. Аққағаздың болашақ мамандығын таңдауға бұл кісінің зор ықпалы болған. Сағындық Досжанов сауатты білімді адам болған. Оның Орынбордағы орыс-қазақ училищесін және мұғалімдер даярлау курсын бітіргендігін мұрағат құжаттары растайды.

Еңбек жолын Орынбор мен Ақтөбеден бастаған Сағындық сол жерлерде мектептер ашып, ағартушылықпен айналысқан. Сағындық ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсариннің жолын қайталаған деуге болады. Бұдан басқа, ол Алашорда партиясының Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар басқарған батыс қанатының мүшесі болған.

С. Досжанов сол кездегі жергілікті қыздарды оқуға беруге болмайды деген стереотипке қарсы шығып, кішкентай Аққағазды мектепке береді. С.Досжановтың бұл қылығы ақ халат киген қазақтың тұңғыш қызына биікке өрлер баспалдақтың алғашқы сатысы іспетті болды. 1914 жылы Орынбор қыздар гимназиясын үздіктер қатарында бітірген алғыр да пысық қыз Мәскеудегі медицина курсына түседі.

Ол жай ғана оқып қоймай, өз отандастарының мүддесі үшін түрлі шараларға да қатысады.  Оның Жетісудың қазақ-қырғыздарына қаржы жинауға мұрындық болғаны, жиналған қаржыны сол кездегі Көмек көрсету комитетінің төрағасы М. Тынышпаевқа (суретте сол жақта) табыстағаны да белгілі. Мәскеудегі қазақтың белгілі қоғам қайраткерлерінің ақыл-кеңесімен ол Мұсылмандардың бүкілресейлік съезіне (1917 жылдың 1-8 мамыры) қатысып, биік мінберден мұсылман әйелдердің арын арлап, сөз сөйлеп, төрт делегаттың бірі болып сайланады. Ірі қоғамдық іс-шараларға қатысып жүріп, жас бойжеткен өз денсаулығына қарамаған сияқты.

1918 жылы ол денсаулық жағдайына байланысты Мәскеудегі фельдшерлер курсын тастап, «Сестра милосердия» куәлігін алып, елге оралады. Бірақ туған елге оралу оңай болған жоқ: Азамат соғысы, колчактықтар мен тұтқын. Таныстарының көмегінің арқасында ол тұтқыннан босап, елге оралады. Туған елдің салқын самалы, балдай саумал оның жағдайын жақсартып, бір жарым жылдан кейін ол Мәскеуге оралады.

Мәскеудегі оқуын бітірген Аққағаз Бірінші Дүниежүзілік соғыстың тап ортасынан бір-ақ шығады. Батыл мейірбике Аққағаз шайқас даласына аттанып, госпитальде жұмыс істейді. Жаралыларға көмек көрсете жүріп, Польша шекарасына дейін табан тірейді. Сол жерден ол істейтін госпиталь Томскіге ауысады да, Аққағаз қолындағы куәлігінің арқасындағы медицина факультетінің екінші курсына қабылданады.

Том мен Ташкенттегі оқу орнын үздік бітірген Аққағаз 1922 жылы кәсіби маман атанады. Бұл оқиға еленбей қалмайды: сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары С.Қожановтың шаңырағында алаштың арда ұлдары Т. Рысқұлов, Ә. Омаров, С. Асфендияров, Б. Сүлеев, С. Айзунов, Н. Төреқұлов, М. Тынышбаев, М. Әуезов, Х. Досмұхамедов, т.б. бас қосып, атап өткені жөнінде ақпарат бар. Бұл А. Досжанованың зиялы қауым ортасындағы абырой-беделін анық байқатады.

Университетті бітірген соң Аққағаз Ташкентте дәрігер болып жұмыс істейді, жетімдерді емдеп, қоғамдық жұмыстармен айналысады. 1921 жылы 11 қыркүйекте «Степная правда» газетінде ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы «Түркістан» деген мақаласы жарық көрген. Медицина тақырыбындағы еңбектерінен бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» тәрізді журналдарда жазбалары жарияланып тұрған.

Ол жиналыс, митингтерде жиі сөз сөйлеп, лекциялар оқыған. Қазақ, татар, өзбек, қырғыз, орыс тілін еркін меңгерген Аққағаз лекцияларын тыңдаушыларының ұлттық құрамын ескере отырып оқитын. Оның қоғамдық жұмысы туралы айтқан кезде оның еңбекқорлығын атап өту керек.

Бірінші Дүниежүзілік соғыс пен Азамат соғысы жүз мыңдаған адамның өмірін қиып, мыңдаған бала жетім қалды. Аққағаз Досжанова осы оқиғалардың тап ортасында болды. Бұдан басқа, ол ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Еділ бойы мен Оралдың аш балаларын Қазақстанға эвакуациялау мен орналастыру жөніндегі комиссияның мүшесі болған. Ол жетімдерді балалар үйлеріне орналастырып қана қоймай, оларды емдеумен де айналысқан, өйткені балалардың арасында көпшілігі тері ауруына ұшырағандары болды. Тіпті ауылдарда жылаған немесе ауырған балаға Аққағаз келіп, емдеп-жазады деп бесік жырын айтқан деседі.

Осы жұмыста жүріп Аққағаз болашақ жары Әділгерей Ершинмен танысады. Ә. Ершин Азамат соғысы жылдары кезінде басқа да семинаршылармен бірге Ақтөбеден Ташкентке ауыстырылған еді. Мамандардың жетіспеуіне байланысты Т. Рысқұлов әлі оқуын бітірмеген Ә. Ершинге өңірде балалар мекемелерін ұйымдастыруға тапсырма береді.

1920 жылдың көктемінде Ә. Ершин оқуын тәмамдап, жеті интернатты меңгерген, осыған байланысты жолдастары оған қалжыңдап «Жетібасты» деген ат қояды. Әділгерей мен Аққағаз 1921 жылдың күзінде танысады. Әріптестерінің арасында ең үлкендері екеуі болғандықтан, жастар жағы қалжыңдап «құдандастырып» отыратын деп еске алады Ә. Ершин өз естеліктерінде. Олардың қалжыңдары орындалып, 1925 жылы Әділгерей мен Аққағаз шаңырақ құрады.

1931 жылы Аққағаз күйеуімен Ташкенттен көшіп, Алматыға келеді. Астанада Аққағаз қалалық ауруханалардың бірінде жұмыс істейді. Қазақ даласын аштық айлағанда Аққағаз бар күшін адамдарды құтқаруға жұмсады. Жан аямай еңбек етіп жүріп, денсаулығы нашарлаған соң, отбасы Шымкентке көшеді, сол жерде 1932 жылдың 29 қаңтарында А. Досжанова өмірден өтеді.

Бар болғаны 39 жыл ғана өмір сүрген Аққағаз Досжанованың өмірінің әр секунды туған халқына арналды.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English