«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Төлеңгіт, төлес – екі ру

5247 0
Төлеңгіт, төлес – екі ру
Қазақ құрамындағы тарихынан байырғы тайпаларды қарастырсақ, бауырлас төлестер мен төлеңгіттер шығар еді

Төлеңгіттер

Төлеңгіттердің арғы тегі – ғұн заманынан аты әйгілі деңлеңдер. Деңлеңдер кейін төлес, теле атанған. Түрік қағанатының қарсаңында телелер көшпенділердің ең үлкен бөлігін құрады. Көптеген руларға бөлінді.

Телеңгіттер туралы Таңнамада былай айтылған: 

«Теленгіт (多览葛) деп аталды, сір-енданың шығысында, Тоңыра суының бойында, соғысқа жарамды он мың адамы бар. Сір-енда жойылған соң, оның ағаманы іркін телеңгіт Мәр құйғұрлармен бірге сарайға келіп, қол тапсырды. Оның жеріне онен тұтығы құрылды, телеңгіт Мәр оң тоқсауыл тай санғұн әрі тұтық болып тағайындалды. Ол өлген соң телеңгіт Себүк тай телтебер болып көтеріліп, мұрагерлік жолмен тұтық болды» (Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2- т.).

Төлеңгіттердің 50-60 мың халқы, 10 мыңнан аса әскері болған, мекені Сібірияның Саян, Алтай  таулары, Селенгі өзені бойы бойлап, шығыста тоңыралармен, батыста сыр-ендалармен көрші отырған, Мәр деген тайпа көсемі мен Себек атты оның мұрагері болған.

«Кезінде түріктер күшейіп телек ұлыстары тарыдай шашылып кеткен еді. Олар сыр-енда , ұйғұр, тыба, құрықан, телеңгіт, тоңыра, бұқыт, байырқы, сегет, хұн, қоқсыр, гет, едіз, қыбыт, ақ сеп деген он бес ұлыс маңғаз шөлдің солтүстігін мекендеді. Олардың тұрмыс салты негізінен түріктермен барандас» (Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-т.).

Түрік қағанатына бағынышты теле тайпалары кейін «тоғыз оғыз» атанған, тайпа саны тоғыздан көп болуына қарамастан тоғыз оғыз атанды. Осы  белді тайпалардың бірі төлеңгіттер еді.

«Тәйзүңнің 21 жылы оларды жер-су аттарына байланысты дуандар мен тұтықтарға бөлді, телеңгітке өнен тұтығын құрды».

Бұл деректе Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі аласапыран замандағы оқиғалар, түрік және оған бағынышты төлеңгіт қатарлы теле тайпалары уақытша бағынған. Бірақ арада елу жылдан кейін барлығы бүлік шығарып, тәуелсіздікке қол жеткізеді.

«662 жылы сегет, теленгіт қатарлы  ұлыстар Тәңіртауда бекінген еді, Жаң Рінтәйлар әскерімен келе жатыр дегенді естіп, алдарынан қарсы ала шығып бағынды. Жаң Рінтәйлар бұған қарамай жаппай шабуыл жасап, олардың мал-мүлкін талап, сыйлық ретінде шеріктеріне таратып берді. Лулар амалсыз қаша жөнелді, саңғұн Яң Жы оларды қууға қосын аттандырғанымен, олар лулардан жеңіліс тапты. Жаң Рінтәй оларды он төрт мың әскермен қуды, Дешті құмнан өтіп, Селегні өзеніне жетсе де лулардың қарасы көрінбеді. Ақырында азықтары таусылып, кері қайтқанда қалың қарға тап болып, аштық пен аяз салдарынан қару-жарақтарын тастады, мініс аттарын сойып тауысты, тіпті бірінің атын бірі жеді. Қорғанға небәрі 800 шерігі ғана оралды».

Бұл деректе Таң империясы, яғни табғаштар, тегі сәнбейлерден шыққан. Десе де олардың көшпенділерге жүргізген әділетсіз саясатының кесірінен барлығы біртіндеп жери бастаған. Еркіндік жолында күресуге көшіп  Таң әскерлерін шырғалап, қиыр солтүстікке апарып қырғынға ұшыратқаны айтылған, әрқашан өз жеңілістерін бүркемелесе де дәл осы жеңіліс тарих бетінде қалып отыр.

«Қоян жылы Жошыны оң қол шеріктерімен орман елдеріне аттандырды. Бұқа жол бастауға кетті. Ойраттың Құтұқа бегі түмен ойратын бастап бағынғалы келді. Жошыны бастап өзінің түмен ойратын қосып бурят, барғын, қабқанас, тубастарға жетті. Түмен қырғызға да таяды, қырғыздың нояны Еди инал алдыиер, Өребек тегін қырғыздың нояндарын бастап бағынып, ақ тұлпар, сұңқар, бұлғын терісімен Жошыға келіп тағзым етті.  Сібір, кестеим, байт, тоқас, төленг, төлес, тас (таз, байжігіт қатарлы орман елдері) Жошыға бағынды».

Бұл 1209  жылғы Жошы ханның Ресей Алтайындағы түрік тайпаларына жасаған жорығы, десе де бүкіл Сібір жұрты Жошыға еш қарсылықсыз бағынады. Кейін Жошы Алтын Орданың негізін қалаған шақта осы тайпалардың едәуір бөлігі батысқа көшеді.

Бұнда төленгіттерден басқа тас (таз), байжыгіт, байыс (байт), тоғас, төлес қатарлы рулар қазақ халқының құрамына кірді. Төлеңгіттер Қазақ құрамына Жоңғар соғысы заманында кірді. Тағы бір тобы сол атамекені Алтайда қала берді, қазақ төлеңгіттері қазақ хандарына адал қызмет етті, Абылай ханға соңына дейін адал болды. Кейінгі Кенесарының ең үлкен сүйеніші де осы төлеңгіттің мың ауылы болған.

Төлестер

Төлестер туралы Орхон-Енисей бітіктасында өте көп айтылған. Бұнда тек бірнешеуін ғана көрсеттік.

Күлтегін бітіктасында: «Тәңірі күш берген үшін әкем Қағанның әскері бөрі сияқты еді. Жаулары қой сияқты еді. Ілгері, кейін шапқылап [қол] жинады, [халықты] көтерді. Барлығы жеті жүз ер болды. Жеті жүз ер Жиналып елсіреген, қағансыраған халықты, Түрік Төрінен айырылған 
12. Халықты ата-бабам төрінше орнатты, үйретті. Төлес, тардуш халқын сонда құрды, Ябғу, шад [атағын] сонда берді. Алдағы табғач халқы жау еді. Сыртта бәз-қағанның Тоғыз-оғыз халқы жау еді. Қырғыз, құрықан, отыз-татар, қытай (кидан), татабы- Бәрі жау еді. Әкем-қаған мұнша. . . [. . . . . ]. . . . Халықты. . . . . Қырық 
13. Жеті жолы жорыққа аттанды. Жиырма рет соғысты. Тәңірі жарылқағаны үшін елді Елсіретпеді, қағандықты қағансыратпады. Жауын бәз қылды. Тізеліні бүктірді, Бастыны жүгіндірді».

Төлестер туралы Мойынчор бітіктасында:

«Теңірде болмыш ел етміш білге қаған, б төлес өтукен елі өгірес елі екін ара олұрмыш сұсы селеңе ерміш, ... анта ел ...ерміш ...бармыш».

«Тәңіріде болған ел едік, білге қаған. . . Төлес өтүкен төңірегі елі тау арасында отырған, суы селенгі еді, онда елі өсті, өмір сұрды. . . Көшті. . . Екі ұлыма Ябғұ және шад деген ат бердім. Тардұш, төлес халқын бердім. Онан соң барыс жылы (750 жылы) чыкке қарсы аттандым» деген жолдары бар. 

«Ұлұқ өз инанчұ ұрұңұ иүз башы ұлұқ ұрұңұ төлес беглер оғұлы , бың башы төлес күлүг ерін» ( Ел Етміш білге қаған бітіктасы).

«Ұйғұр ханым тұтұлмыш, тақаұ иыл... Ақаным яшы тегді ұчды, оғұл ябғұм қаған болты, олұрты,  оғұлы тардұш ябғұ , төлес чад олұрты...» (Тэсин бітіктасы).

«Иеті иүз ер болмыш, иеті иүз ер болып  елсіреміш, қағансырамыш, бодұнығ, Түрік төрүсін ічғанмыш, бодұнығ ечүм апам төрүсүнче яратмыш, босұғ ұрмыш, Төлес, Тардұш бодұны анта едіміш» (Күлтегін).

«Түрік емті беглер, кісіре тардүш беглер, күл чор башлаю чад апыт беглер, өңіре Төлес беглер апа тарқан, башлаю ұлаю чад апыт беглер, бұйрұқ... таман тарқан тниұқұқ бойла баға тарқан ұлаю, бұйрұқ... Ічі бұйрық Себек күл еркін, башлаю, ұлаю бұйрұқ бұнша емті, беглер апаңым  ертүңү...» (Білге қаған).

Абақан (48-E) бітіктасында: «Ердемлік елінте бөкімеді, төлес алып тұтық ішіңе бөкімеді» Делінген, осы VIII-X ғасырдың куәсі болған Енисей бітіктастарының дерегі төлестердің сол замандағы қарағастардың бір ұлысына айналғанын дәлелдейді. 

Аңғарарымыз бұл кездері төлестер бұрынғы құдіретінен айырылып түпкі төлестер ғана төлес атын ұстанып қалғанда, қатардағы тайпаның біріне айналған. Осы беті кейінгі құйғұр қағанатының одан кейінгі қарағас қағанатының құрамына кірген. Кейін саны да кеми бере Шыңғыс хан заманында шағын тайпаға айналады. Жоңғар заманының ар жақ-бер жағында бір тобы батысқа кеткен сыңайлы, өйтетіні қазақтың кіші жүзіндеде төлес, тілес атты рулар бар. Қазірде төлестер қазақтың Кіші жүз алшынның ішінде мына тайпалардың құрамында бар: 
Әлім ұлы-шекті-қабақ-төлес, 
Әлім ұлы-қаракесек-тобыл-төлес, 
Әлім ұлы-шөмекей-аспан-төлес. 
Төлестер жетірудің ішінде де бар: Жетіру-рамадан-балғалы-төлес.

Арғын арасында бәсентин ішінде ақ толыс, сүйіндік дортуыл ішінде төліс руыда ежелгі төлестердің бұтақ тармақтары саналады. 

Бір тобы қырғыздармен бірге Алатауға келген, олар қырғыз арасында дөөлес атанады. Мекені Алтайда қалғандары әлі күнге алтайлар арасында төлес атымен белгілі. 

Орыстың әйгілі етнограф-ғалымы г. Грумм-Гржимайло өткен ғасырдың басында сойот-ұраңқайлардың рулық құрамын зерттеген. Олардың арасында алшындардың төлес (сайын-ноян қосынында, жадана, жәкөл, үлікем, темірсұқ, Арторқалық өзендерінің аңғарында), Қаракесек (ойнар сумынында), Кете (алаш пен мәнжүрек өзендерінің бойында), Адай (Ақсу өзенінің аңғарында), Масқар (урунгу өзенінің жағасында) сияқты руларының сақталып қалғанын көреміз.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English